
Аддис-Абеба, 2026 жылғы 13 тамыз – Қазақстан Республикасының Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасындағы Елшісі Жалғас Әділбаев Гана Республикасының Эфиопиядағы жаңа тағайындалған Елшісі Макриос Аканбенаб Аканбонгпен кездесу өткізді.
Сұхбат барысында тараптар Қазақстан-Гана ынтымақтастығын жаңа деңгейге шығару жолдарын талқылап, екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға деген өзара мүдделіліктерін атап өтті.
Атап айтқанда, тараптар шарттық-құқықтық базаны жетілдіру үшін бірқатар құжаттарға қол қою, елдер арасындағы құрметті консулдық институтын дамыту, өзара сапарлар және саяси және консулдық консультациялар ұйымдастыру мәселелерін көтерді.
Кездесу қорытындысы бойынша қос тарап серіктестікті одан әрі тереңдетуге және бірлескен бастамаларды тиімді ілгерілетуге бағытталған тұрақты әрі сенімді диалогты жалғастыруға ниеттілігін растады.