
2020 жылғы 26 қазанда Қазақстанның Эфиопиядағы елшісі Барлыбай Садықов Эфиопияның Инвестициялар жөніндегі комиссарының орынбасары Темесген Телахун мырзамен кездесті.
Кездесу барысында Б.Садықов Қазақстанның экономикалық әлеуеті және Эфиопиямен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту перспективалары, қазақстандық тауарларды Африка нарықтарына өткізу және өзара инвестициялар туралы хабардар етті. "Астана" халықаралық қаржы орталығының қызметі және Қазақстанның Эфиопиямен және жалпы Африка елдерімен ынтымақтастықты кеңейтудің негізі ретінде "Белдеу және жол" бастамасына қатысуы туралы ақпарат егжей-тегжейлі ұсынылды.
Темесген Телахун ынтымақтастықты дамытуға деген қызығушылықты құптады және Эфиопиядағы экономикалық реформалар, соның ішінде елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту туралы толық ақпарат берді. Ол Эфиопиялық инвестициялық комиссияның Қазақстан тарапына екіжақты ынтымақтастықты, оның ішінде инвестициялар саласындағы ынтымақтастықты дамытуда жан-жақты көмек көрсетуге дайын екендігіне сендірді. Сұхбаттасушы шетелдік инвесторлармен жұмыс істеудің қазақстандық тәсілін өте тиімді деп таныды және инвестициялар тарту тәжірибесімен алмасуға қызығушылық танытты.