
Ағымдағы жылы 25 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Эфиопиядағы Елшісі Б.Садықов Эфиопияның бұрынғы Президентіжәне Эфиопияның Қазақстандағы алғашқы Елшісі (2012-2013 жж.) Мулату Тешоме мырзамен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстан-Эфиопия қатынастарының барлық спектрін тереңдету мәселелері талқыланды. Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың келешегі туралы сындарлы пікір алмасу өтті. Тараптар ынтымақтастықтың өзара тиімді жағдайларына қол жеткізу мақсатында үлкен әлеует пен күш-жігер салу қажеттігіне назар аударды.
М.Тешоме мырзаға Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Қ.Тоқаевтың ү.ж. 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бастамалары, сондай-ақ ү.ж. 22 қыркүйекте өткен Мемлекет басшысының БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында сөйлеген сөзі, оның ішінде, инвестициялар мен сауда туралы кешенді халықаралық келісім жасасу, БҰҰ және Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігінің қамқорлығымен Ауруларды бақылау және биологиялық қауіпсіздік жөніндегі аймақтық орталықтар желісін құру туралы хабардар етілді.
Елшіліктің іс-шараларының жоспарлары талқыланды (ұлы ақын Абайдың 175 жылдығын және «екінші ұстаз» - әл-Фарабидің 1150 жылдығын өткізу, сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі вебинар, Елбасы феномені туралы, теңізге шыға алмайтын елдер бойынша семинарлар және т.б.).
М.Тешоме қазіргі уақытта Эфиопия инвестициялық тобын басқаратынын және АХҚО қызметіне, екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың дамуына қызығушылық білдіретіндігін жеткізді. Ол Қазақстан туралы және біздің елде ұйымдастырылған маңызды іс-шараларға қатысу туралы, оның ішінде Эфиопия Президенті ретінде 2015 жылы Нұр-Сұлтанда өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне қатысуы туралы жылы лебізін білдірді.
Кездесу достық пен өзара құрмет ахуалында өтті.