
Қазақтың ұлы ақыны және ағартушысы Абайдың туғанына 175 жыл толуына, сондай-ақ әлемге әйгілі ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына орай, Қазақстан Республикасының Эфиопиядағы Елшілігінде Абай мен әл-Фараби бұрышы ашылды.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында көрсетілген Абай шығармаларын насихаттау мақсатында Елшілік Эфиопияның ресми және академиялық топтары өкілдерінің қатысуымен Абай мен әл-Фарабидің шығармашылығы мен мұралары туралы семинар өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен бірге, «Абай әлемі» атты кітап, фотокөрме, Абай және әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығы туралы фильмдердің көрсетілімі ұйымдастырылуда.
2020 жылдың ақпан айында болу еліндегі дипломатиялық корпустың қатысуымен Аддис-Абеба университетінде өткен «Тіл күні» шеңберінде Елшілік қызметкерлері Абай шығармасын қазақ тілінде орындады.