GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Байланыс ақпарат
Консулдық мәселелер
Елшілік туралы
Екіжақты ынтымақтастық
Все материалы
10 сентября 2026
Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXIV отырысы өтеді

2026 жылғы 7 қазанда Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXIV отырысы өтеді. Диалог алаңында әлемдік және дәстүрлі діндер – ислам, христиан, иудаизм, индуизм, буддизм, даосизм, синтоизм және бахаи діндерінің лидерлері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың басшылары, мемлекет қайраткерлері және әлемнің 20 елінен жетекші сарапшылар жиналады.

XXIV Хатшылық отырысының күн тәртібіндегі негізгі мәселе Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінде бастамашылық еткен және қатысушылар қолдаған екі халықаралық құжатты қарау және қабылдау. Олар: «Жасанды интеллектті діни салада пайдаланудың этикалық кодексі» және «Діндердің климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі рөлі».  

 Жеке мәселе ретінде Жазылмайтын дертке шалдыққан балалардың құқықтар хартиясы таныстырылады. Құжатта баланың қадір-қасиетін қорғауға, оған ізгілікпен қарауға басымдық беріліп, сондай-ақ қажетті медициналық және психологиялық көмек алу құқығы бекітіледі. Сонымен қатар, тиісті сұраныс болған жағдайда баланың діни және дүниетанымдық қажеттіліктерін ескере отырып қолдау көрсету көзделген. 

XXIV Съезд Хатшылығының ақпараттық сүйемелдеу жұмыстарын қамтамасыз ету үшін қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін аккредиттеуден өтуге шақырамыз. Аккредиттеуден өту үшін communications@iciid.org  электрондық пошта мекенжайына хабарласуыңызды сұраймыз.

Өткізілетін күні: 2026 жылғы 7 қазан.

Өткізілетін орны: Астана қаласы, Тәуелсіздік даңғылы, 57, Бейбітшілік және келісім сарайының баспасөз орталығы.

Іс-шараның басталуы: сағат 10:00.

10 сентября 2026
Қазан айында Астанада Қазақстан мен Қасиетті Тақтың балаларды қорғау мәселелері жөніндегі II бірлескен коллоквиумы өтеді

2026 жылғы 2–3 қазанда Астанада Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі дикастериясы мен Орталықтың II бірлескен коллоквиумын өткізеді. Коллоквиумның басты тақырыбы осал топтарға жататын балалардың құқықтары мен қадір-қасиетін қорғау.  

Коллоквиум Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасындағы 2024 жылғы сәуірде басталған диалогтың жалғасы болмақ. Аталған диалог Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Ватиканға жасаған сапары аясында өткен алғашқы бірлескен кездесуден бастау алған. 

Коллоквиум жұмысына Қазақстан мен Қасиетті Тақтың ресми өкілдері, дін қайраткерлері, педиатрия, биоэтика және теология саласындағы мамандар, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысады. Іс-шараға Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы және Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі дикастериясының префекті кардинал Джордж Джейкоб Кувакад тең төрағалық етеді.

Бағдарлама үш негізгі бағытты қамтиды: балаларға қамқорлық көрсетудің адамгершілік негіздері және дінаралық ынтымақтастық, науқас балалардың құқықтары мен қадір-қасиетін қорғау, медициналық, ғылыми және институционалдық ынтымақтастықты дамыту. Сонымен қатар педиатриядағы жасанды интеллекттің мүмкіндіктері мен оны қолданудың этикалық қағидаттарына ерекше назар аударылады.

Талқылаудың негізгі бағдарларының бірі адам қадір-қасиетін құрметтеу, балаға кешенді көмек көрсету және отбасын қолдау қағидаттарына негізделген Жазылмайтын дертке шалдыққан балалардың құқықтар хартиясы болады. Қазақстан тарапы сондай-ақ күрделі жағдайға тап болған балаларға көмек көрсетудің практикалық үлгісі ретінде «Жусан» гуманитарлық операциясының тәжірибесін таныстырады.

Коллоквиумды ақпараттық сүйемелдеу мақсатында қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдерін 2026 жылғы 20 қыркүйекке дейін аккредиттеуден өтуге шақырамыз.

Аккредиттеуден өту үшін communications@iciid.org электрондық пошта мекенжайына хабарласуды сұраймыз.

Өткізілетін күні: 2026 жылғы 2–3 қазан

Өткізілетін орны: Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, 1қабат

Іс-шараның басталуы: сағат 10:30.

08 сентября 2026
Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толуына орай Шартқа мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің БІРЛЕСКЕН МӘЛІМДЕМЕСІ (2026 жылғы 8 қыркүйек)

Біз, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің Cыртқы істер министрлері (бұдан әрі – ОАЯҚАА туралы шарт), Семейде ОАЯҚАА туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толуына орай,

адамзаттың ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі ортақ мақсатына деген бейілдігімізді растай отырып және ядролық қаруды кез келген қолданудың немесе сынаудың апатты гуманитарлық салдарын сезіне отырып,

ядролық қарудан азат аймақтарды құру ядролық қарудың таралуының алдын алудың және жаһандық қарусыздану процесін нығайтудың ең күшті әмбебап құралдарының бірі екенін атап көрсетіп,

Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы ХХІ ғасырда Орталық Азияда даму мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарттың өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту ісіндегі маңыздылығын атап өтіп,

Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру идеясы алғаш рет Өзбекстан Республикасы тарапынан 1993 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 48-сессиясында ұсынылғанын еске сала отырып,

Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру өңір елдерінің күш-жігерін шоғырландырудың табысты үлгісі екеніне сенімді бола отырып және бұл ядролық қаруды таратпау режимі мен ядролық қарусыздану процесін, өңірлік және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолындағы, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану және радиоактивті ластанудан зардап шеккен аумақтарды экологиялық сауықтыру саласындағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болғанын атап көрсетіп,

Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына отыз бес жыл толуын және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың қол қою үшін ашылғанына отыз жыл толуын құптай отырып, сондай-ақ планетаның барлық өңірлеріндегі ядролық жарылыстар мен олардың салдарынан зардап шеккен көптеген құрбандардың рухына тағзым ете отырып, төмендегіні мәлімдейміз:                                                                                 

  1. 2006 жылғы 8 қыркүйекте Семей қаласында Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы қол қойған өзінің тарихи маңызы зор ОАЯҚАА туралы шартқа деген бейілділігімізді тағы да растаймыз. Өңірде қауіпсіздікті, тұрақтылықты және бейбітшілікті қамтамасыз етуге ұмтылған Орталық Азияның барлық бес мемлекетінің ұжымдық күш-жігерінің нәтижесі бола отырып, сондай-ақ Солтүстік жарты шарда толығымен орналасқан және ядролық қаруға ие екі мемлекетпен тікелей шектесетін алғашқы әрі жалғыз осындай аймақ болып қала отырып, Семей шарты жаһандық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуда маңызды рөл атқаруын жалғастырып, Орталық Азияның бір кездері ядролық қару белсенді түрде сыналған және орналастырылған өңірден ядролық қарусыздандыру жөніндегі жаһандық күш-жігер көшбасшыларының біріне айналуының символдық үлгісі ретінде қызмет етеді.                                        
  2. 2. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) ядролық қарудың таралуын болдырмауға және түптеп келгенде оны толық жоюға бағытталған халықаралық күш-жігердің іргетасы ретіндегі шешуші рөлін растаймыз. Осыған байланысты ЯҚТШ-ға қатысушы мемлекеттердің Он бірінші шолу конференциясының мазмұнды қорытындылар қабылдамай аяқталғанына өкініш білдіреміз. Бұл ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы сақталып отырған келіспеушіліктер мен сенім тапшылығын көрсетеді. ЯҚТШ-ның барлық қатысушыларын өзара байланысты және бірін-бірі толықтыратын үш тірек – ядролық қарусыздану, таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша міндеттемелерді тиімді жүзеге асыру жөніндегі келіссөздерді адал ниетпен жалғастыруға шақырамыз.
  3. Жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатер төндіретін шұғыл және бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер тұрғысында ЯҚТШ-ның 6-бабына сәйкес ядролық қарусыздану саласында айтарлықтай ілгерілеудің болмауына, сондай-ақ ядролық арсеналдарды жаңғыртуға бағытталған алаңдатарлық үрдіспен ұштасқан қару-жарақты бақылау саласындағы негізгі келісімдердің қолданылуының тоқтатылуына қатты алаңдаушылық білдіреміз. Бұл ретте ядролық қаруға ие мемлекеттердің ядролық қарусыздану жөніндегі келіссөздерді жүргізудегі ерекше жауапкершілігін атап өтеміз және ядролық қару-жарақ жарысының алдын алу мақсатында тексеруге болатын қару-жарақты бақылаудың жаңа тетіктерін шұғыл әзірлеуге шақырамыз.
  4. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) ЯҚТШ ережелерін іске асыру, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесу және Агенттікке мүше мемлекеттердегі ядролық бағдарламаларға кепілдіктер мен бақылауды қолдану жөніндегі қызметін міндетті түрде қолдайтынымызды мәлімдейміз.
  5. 2026 жылғы 24 қыркүйекте қол қою үшін ашылғанына тура отыз жыл толатын Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) мүмкіндігінше тезірек күшіне ену қажеттігін нық қолдаймыз. Осыған байланысты ядролық сынақтар өткізуге қарсы халықаралық норманы сақтау және одан әрі нығайту қажеттігін атап өтеміз және осы норманы бұзуы мүмкін кез келген әрекеттерден қалыс қалуға шақырамыз.

Қарусыздану және таратпау мәселелері бойынша ақпараттандырудың бейбітшілік, сенім және жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудағы маңызды рөлін атап көрсетеміз және жастарды қарусыздану мен халықаралық қауіпсіздік мәселелерін талқылауға тартудың ерекше маңыздылығын атап өтеміз. Қырғыз Республикасы бастамашылық еткен, жыл сайын 5 наурызда – ЯҚТШ күшіне енген күні символдық түрде атап өтілетін Қарусыздану және таратпау мәселелері жөніндегі ақпараттандырудың халықаралық күнін, сондай-ақ онымен байланысты өңірлік білім беру бастамаларын одан әрі ілгерілетуді қолдаймыз.

Осыған байланысты БҰҰ-ның Қарусыздану және таратпау саласындағы ақпараттандыру мәселелері жөніндегі зерттеуінде, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының қарусыздану саласындағы «Біздің ортақ болашағымызды қамтамасыз ету: қарусыздану саласындағы күн тәртібі» (Securing Our Common Future: An Agenda for Disarmament) атты күн тәртібінде қамтылған ұсынымдардың өзектілігін атап өтеміз.

  1. 2014 жылғы 6 мамырда ядролық қаруға ие мемлекеттердің ОАЯҚАА туралы шартқа Теріс қауіпсіздік кепілдіктері жөніндегі хаттамаға қол қоюын және оның төрт ядролық держава тарапынан ратификациялануын құптаймыз және Америка Құрама Штаттарының Хаттаманы ратификациялау процесін мүмкіндігінше тезірек аяқтайтынына үміт білдіреміз.
  2. Жаһандық ядролық қаруды таратпау режимін нығайту және бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық күш-жігерді біріктіру мақсатында ОАЯҚАА туралы шартты институционалдық дамытуға және ядролық қарудан азат қазіргі аймақтармен әріптестікті одан әрі кеңейтуге мүдделілік білдіреміз. Осы тұрғыда Африканың атом энергиясы жөніндегі комиссиясымен (АФКОНЕ) және Латын Америкасы мен Кариб бассейніндегі ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі агенттікпен (ОПАНАЛ) Өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылуын, сондай-ақ 2024 жылғы 28–29 тамызда Астанада Қазақстанның төрағалығымен ядролық қарудан азат барлық қазіргі аймақтар өкілдерінің екінші кездесуінің өткізілуін оң бағалаймыз.
  3. Орталық Азиядағы орнықты даму мен тұрақтылықтың негізгі факторы ретінде өңірлік қауіпсіздікті нығайтудың жоғары маңыздылығын атап өтеміз, сондай-ақ ортақ сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы күресте бұдан әрі де тығыз өзара іс-қимыл жасау ниетімізді растаймыз.
  4. Қазіргі уақытта ядролық қарудан азат аймақтар жоқ өңірлерде, соның ішінде Таяу Шығыста осындай жаңа аймақтарды құру жөніндегі күш-жігерді қолдаймыз.
  5. БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясында «Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарт» қарарының қабылдануын, сондай-ақ 2024 жылғы 5 желтоқсанда Түрікменстанның төрағалығымен Ашғабат қаласында Шартқа қатысушы мемлекеттердің ядролық қарудан азат басқа да қазіргі аймақтардың және халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен мерейтойлық кеңестің өткізілуін құптаймыз.
04 сентября 2026
VII «АЛТЫН ДОМБЫРА» халықаралық күй байқауы

2026 ж. 29 қазанда Атырау қаласында қазақтың дәстүрлі күй өнерін дәріптейтін VII «АЛТЫН ДОМБЫРА» халықаралық күй байқауы өтеді.

«Алтын Домбыра» халықаралық күй байқауы – ұлттық музыкалық мұраны насихаттауға, күй өнерінің дамуына үлес қосуға және дәстүрлі музыка орындаушылары арасында шығармашылық байланыстарды нығайтуға бағытталған мәдени жоба.

Байқау Н. Жантөрин атындағы облыстық филармонияда ұйымдастырылады.

31 августа 2026
Тіл мен мәдениет саласындағы диалог

Абу Даби, 2026 жылғы 31 тамыздағы – Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшісі Р.Жұмабек Абу Даби араб тілі орталығының төрағасы доктор Әли бен Тамиммен кездесті.

Сұхбат барысында Қазақстан мен БАӘ арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ араб тілін оқыту және ілгерілету саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқыланды.

Тараптар араб және қазақ тілдеріндегі әдеби және ғылыми еңбектерді аудару, бірлескен мәдени-ағартушылық жобаларды іске асыру, сондай-ақ екі елдің ғылым мен білім беру мекемелері арасындағы байланыстарды кеңейту перспективаларына ерекше назар аударды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар мәдениет, тіл және әдебиет салаларындағы практикалық ықпалдастықты одан әрі нығайтуға өзара мүдделілігін білдіріп, Қазақстан мен БАӘ арасындағы достық байланыстарды тереңдетуге ықпал ететін бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға дайындықтарын растады.

 

31 августа 2026
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне арналған үндеуі

Құрметті отандастар!

Бүгін әлем қауымдастығы Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бекіткен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін атап өтіп жатыр.

Осыдан 35 жыл бұрын халықаралық ахуал күрделі болғанына қарамастан, Семей ядролық полигоны жабылды. Ондаған жыл бойы жасалған жарылыстар азаматтарымыздың денсаулығына және қоршаған ортаға орасан зор зардабын тигізіп, халқымызға орны толмас қасірет әкелді. Бұл ядролық сынақтардың салдары күллі адамзат баласы үшін аса ауыр болғанын ұғындыратын, сондай-ақ әлем жұртшылығын мұндай алапат апатқа жол бермеуге шақыратын айрықша маңызды күн саналады.

Қазақстан дүние жүзінде қуаты жағынан төртінші орындағы ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Еліміз бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты даму жолын таңдап, тарихи шешім қабылдады. Соның арқасында халқымыздың ұзақ жылдар бойы аңсаған арман-тілегі орындалды. Бұл қадам мемлекетіміздің өскелең ұрпақ алдындағы терең жауапкершілігін паш еткені сөзсіз.

Жаңа Конституция преамбуласында еліміздің бейбітшілікке ұмтылып, барлық мемлекетпен достық қарым-қатынас орнататыны айқын жазылды. Осы ұстаным сыртқы саясатымыздың мызғымас қағидаты болып қала береді. Халықаралық антиядролық қозғалыс көшбасшыларының бірі ретінде еліміздің ұстанымы өзгермейді: біз ядролық державалар арасында кикілжің емес, келіссөздер болуын қолдаймыз, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың күшіне енуін тездетуге және ядролық қаруды қолдануға қатысты қауіп-қатерлерді жою үшін бірлесіп батыл қадамдар жасауға шақырамыз.

Біз атом энергиясын жасампаз мақсатта ғана пайдаланған жөн деп санаймыз. Халқымыз жалпыұлттық референдумда ядролық энергетиканы дамытудың стратегиялық бағыт-бағдарын бірауыздан қолдап, Қазақстанның ондаған жылдарды қамтитын экономикалық және ғылыми-техникалық өрлеуінің берік негізін қалады.

Осы стратегиялық таңдау ауқымды өзгерістерге жол ашып, мемлекетіміздің тұрақты өсіп-өркендеуіне айрықша серпін беретіні анық. Қазіргі таңда барлық салада жасалып жатқан түбегейлі реформалардың мақсаты – бір. Біз Әділетті, Озық және Таза Қазақстанды құрып жатырмыз.

Бәріміз бір ел болып, биік мақсатымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін.

28 августа 2026
Халық Кеңесі Қазақстанның жаңа саяси архитектурасы үшін маңызды

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заңға қол қойды.

Бұл – конституциялық реформаны нақты институттар арқылы жүзеге асыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Қазақстан Халық Кеңесін кезекті консультативтік алаң ретінде емес, қоғамдық диалогты ұйымдастырудың жаңа деңгейі ретінде қабылдау қажет. Енді оның конституциялық мәртебесі, өкілдіктің айқын жүйесі және ауқымды өкілеттіктері бар.

Бұл бастаманың Қазақстан үшін тарихи маңызы зор. Ол өткеннің тәжірибесі мен болашақтың сұранысын өзара сабақтастырып отыр.

Қазақтың саяси дәстүрінде кеңесу мәдениеті әрдайым ерекше орын алған. Кеңес құру, құрылтай өткізу, ақсақалдардың бәтуалы сөзіне жүгіну, түрлі мүдделердің арасында тепе-теңдік табу – мемлекеттік басқару тәжірибесінің ажырамас бөлігі болды. Дала дипломатиясының өзегі де күрделі мәселелерді бөліну арқылы емес, ортақ мәмілеге келу арқылы шешуде жатқан еді.

Бүгінде осы тарихи дәстүр заманауи құқықтық сипатқа ие болып отыр.

Халық Кеңесінің жаңа құрылымындағы негізгі ерекшеліктер қандай?

Біріншіден, өкілдік қағидаты. Кеңес құрамы үш тең квота негізінде қалыптастырылады: этномәдени бірлестіктерден – 42 өкіл, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардан – 42 өкіл, өңірлік мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден – 42 өкіл.

Бұл кездейсоқ іріктелген құрам емес. Негізгі мақсат – өңірлердің, азаматтық қоғамның және этномәдени қауымдастықтардың үнін бір алаңға тоғыстыру.

Екіншіден, қалыптастыру тәртібі. Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы Хатшылық арқылы жасақталып, Мемлекет басшысының бекітуіне ұсынылады. Кеңес Төрағасы Сессия барысында жасырын дауыс беру арқылы төрт жыл мерзімге сайланады. Бір адам бұл лауазымды қатарынан екі мерзімнен артық атқара алмайды.

Үшіншіден, өкілеттіктері. Халық Кеңесі қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылап қана қоймай, Құрылтай қарауына заң жобаларын енгізуге, сондай-ақ республикалық референдум өткізу бастамасын көтеруге мүмкіндік алады. Яғни бұл жай ғана пікір алмасу алаңы емес, қоғамдық ұсыныстардың заң шығару деңгейіне дейін жетуіне жол ашатын нақты тетік.

Төртіншіден, нәтижелілік қағидаты. Халық Кеңесінің мемлекеттік органдарға жолданған ұсынымдары мен ұсыныстары міндетті түрде қаралуға тиіс. Бұл қоғамдық диалогтың тек пікір білдірумен шектелмей, нақты институционалдық жалғасын табуына мүмкіндік беретін маңызды норма.

Қазақстан Халық Кеңесінің құзыретіне Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін өткізу мәселесі де беріледі.

Съезд – Қазақстанның гуманитарлық дипломатия саласындағы ең танымал халықаралық бастамаларының бірі. Ол еліміздің жұмсақ күш (soft power) әлеуетін арттыратын және орта держава (middle power) ретіндегі орнын нығайтатын маңызды құрал саналады. Бұл алаң арқылы Қазақстан конфессияаралық және дінаралық диалогты, сондай-ақ жауапты дипломатия қағидаттарын халықаралық деңгейде ілгерілетіп келеді.

Съезі жаңа институционалдық құрылым аясында дамыту – жай ғана техникалық шешім емес. Бұл ішкі келісім саясаты мен сыртқы диалог саясатының өзара сабақтас әрі біртұтас жүйе ретінде қарастырылатынын көрсетеді.

Мұның барлығы конституциялық реформаның ішкі логикасымен үндеседі. Мемлекет тек билік институттарын жетілдіріп қана қоймай, қоғамдық қатысуды, қоғамдық келісімді және гуманитарлық дипломатияны нығайтатын тетіктерді де күшейтіп отыр.

Қысқаша айтқанда, Халық Кеңесі – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан кеңесу мәдениетін заманауи мемлекеттік институт деңгейіне көтеруге бағытталған бастама болса, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі оның халықаралық деңгейдегі маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.

Сондықтан бұл заңды кезекті мемлекеттік органның құрылуы ретінде емес, қоғамдық диалогтың нақты мәртебесі, рәсімдері және шешім қабылдау үдерісіне ықпал ету мүмкіндігі бар жаңа саяси архитектураның маңызды элементі ретінде бағалау қажет.

 

Авторы: Гүлсана Қожабай

10 августа 2026
Қазақстанның Елшісі «Абай әлемі – мәңгілік мұра» атты конференцияға қатысты

Абу Даби, 2026 жылғы 10 тамыз – Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшісі Рауан Жұмабек қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туған күніне орай ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ұйымдастырған «Абай әлемі – мәңгілік мұра» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты.

Қазақ дипломаты құттықтау сөзінде хәкім Абай қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлға екенін атап өтті. Оның мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау арқылы ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетіміз дәріптелетінін айтты.

Осы орайда, Р.Жұмабек ұлы ақынның 175 жылдығына орай 2020 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен Абай шығармалары әлемнің 10 тіліне аударылғанын, оның ішінде  «Абай мұрасы бүкіл адамзатқа ортақ құндылық» деген атпен ақынның туындылары жинақталған кітап араб тілінде жарыққа шыққанын жеткізді.

Сонымен қатар, Қазақстанның Абу Дабидегі Елшілігінде «Абай» мәдени-танымдық залы жұмыс істейтініне, онда ұлы ойшыл туралы отандық және шетелдік ғалымдардың араб және ағылшын тілдеріндегі кітаптары жинақталғанына назар аударды.

Елші сөзін түйіндей келе, ұлы ақынды шетелде белсенді насихаттау жұмыстарының нәтижесінде келешекте шетелдіктер қазақты Абайдың халқы деп айтатын дәуірге жететініне сенім білдірді.

Екіжақты ынтымақтастық
06 августа 2026
Су дипломатиясы мәселелері Абу Дабиде талқыланды

Абу-Даби, 2026 жылғы 6 тамыз – Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшісі Рауан Жұмабек БАӘ Сыртқы істер министрінің энергетика және орнықты даму мәселелері жөніндегі орынбасары Абдалла Ахмед Балалаамен кездесті.

Кездесу барысында тараптар халықаралық су күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылап, су ресурстарын ұтымды пайдалану мен сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Р.Жұмабек сұхбаттасушыға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «UN80» БҰҰ жүйесі реформасы аясында Халықаралық су ұйымын құру туралы бастамасы туралы мағлұмат беріп, оның жаһандық су ресурстарын басқаруды жетілдірудегі және осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты ілгерілетудегі маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде А.Балалаа ү.ж. 8-10 желтоқсанда Абу Дабиде өтетін БҰҰ Су ресурстары жөніндегі III конференцияға дайындық барысы туралы ақпарат берді. Сондай-ақ, ол Конференция Тұрақты даму мақсаттарының №6 мақсатына қол жеткізуді жеделдету, әріптестіктерді нығайту, инвестицияларды жұмылдыру және су қауіпсіздігі саласындағы практикалық шешімдерді ілгерілету жөніндегі негізгі халықаралық алаңға айналатынын жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен БАӘ су саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қатысты ұстанымдары өзара үндес әрі бірін-бірі толықтыратынын атап өтті. Осы орайда, тараптар бұл бағыттағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және халықаралық алаңдардағы өзара іс-қимылды үйлестіруге дайын екендерін растады.

06 августа 2026
Қазақстан мен Мұсылман ақсақалдар кеңесі ынтымақтастықты нығайтуда

Абу Даби, 2026 жылғы 5 тамыз – Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елші Рауан Жұмабек Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Әбделсаламмен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Мұсылман ақсақалдар кеңесі арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.

Р.Жұмабек Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі қызметіне көрсетіп жатқан тұрақты қолдауы үшін М.Әбделсаламға алғыс білдіріп, биылғы 7 қазанда Астанада өтетін Съез Хатшылығының ХХІV отырысының маңыздылығын атап өтті және Бас хатшыны аталған іс-шараға белсенді қатысуға шақырды.

Сұхбат барысында қазақ дипломаты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған саяси реформалар туралы, сондай-ақ
ү.ж. 23 тамызда өтетін бір палаталы Құрылтай сайлауы жөнінде ақпарат берді. Елші жүргізіліп жатқан өзгерістердің мемлекеттің егемендігін нығайтуға,
адам капиталын дамытуға және өкілді билік институттарын жаңғыртуға бағытталғанын атап өтті.

Өз кезегінде М.Әбделсалам Қазақстан мен Мұсылман ақсақалдар кеңесі арасындағы өзара іс-қимылдың жыл сайын нығайып келе жатқан жоғары бағалап, Қазақстанның дінаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілетудегі бастамаларына қолдау білдірді. Сондай-ақ, ол Съез Хатшылығының ХХІV отырысына қатысатынын растады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы кезеңге жоспарланған бірлескен іс-шараларды талқылап, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге өзара дайын екендерін растады.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары