
Әбу Даби, 2024 жылғы 12 қыркүйек. Қазақстанның БАӘ-дегі Елшісі Нажмедин Мұхаметәліұлы Әбу Даби қаласындағы Нью-Йорк-Әбу Даби университетінің студенттерімен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстан дипломаты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған ауқымды мәселелерге, оның ішінде білім, ғылым салаларына кеңінен тоқталып, еліміздің кадрлық әлеуетін арттыруға, болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау ісіне назар аударылғанын жеткізді.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының әлемдегі жетекші жоғары оқу орындарында білім алып жатқан азаматтарға үлкен үміт артатынын және Мемлекет тарапынан тиісті қолдау шаралары жасалып жатқанын атап өткен Қазақстан Елшісі жастардың жаңа, Әділетті Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосатынына сенім білдірді.
Сонымен қатар Нажмедин Мұхаметәліұлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен биыл 6 қазанда Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты референдум өтетінін атап өтіп, бұл шараның стратегиялық мән-маңызына тоқталды. Осы ретте Қазақстан дипломаты еліміздің болашағына қатысты осынау маңызды сәтте өз таңдауларын жасау үшін студенттерді ҚР БАӘ-дегі Елшілігі жанындағы сайлау учаскесіне келіп, дауыс беруге шақырды.
Өз кезегінде студенттер әртүрлі мәселе бойынша өздерінің ой-пікірлерін ортаға салып, сұрақтарын қойды. Олардың барлық сауалдарына нақты жауап беріліп, Елшілік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетіні айтылды.