Қазақстан Президенті Жолдауының мән-маңызы Әбу Даби қаласының басшылығына түсіндірілді

Қазақстан Президенті Жолдауының мән-маңызы Әбу Даби қаласының басшылығына түсіндірілді

Әбу Даби, 2024 жылғы 5 қыркүйек. Қазақстанның БАӘ-дегі Елшісі Нажмедин Мұхаметәліұлы Әбу Даби муниципалитеті басшысының орынбасары Сайф Сұлтан әл-Насримен кездесті.

Кездесу барысында Астана – Әбу Даби және Алматы – Әбу Даби қалалары арасындағы ынтымақтастыққа қатысты мәселелер талқыланды.

Сонымен қатар, Қазақстан дипломаты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауының мән-маңызына назар аудара отырып, осы бағдарламалық құжаттағы елімізді орнықты дамытуға бағытталған іс-шаралар жөнінде жан-жақты мәлімет берді.

Өз кезегінде Сайф Сұлтан әл-Насри Біріккен Араб Әмірліктері мен Қазақстан арасында берік ынтымақтастық орнағанын атап өтіп, екі елдің тығыз қарым-қатынасын одан әрі дамытуға ниетті екенін жеткізді. Сондай-ақ Әбу Даби – Астана және Әбу Даби – Алматы қалалары арасындағы байланыстарды өркендетуге, әсіресе ақылды қала, көлік және инфрақұрылым салалары бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін айтты.

Кездесу соңында тараптар қалааралық байланыстарды өркендетуге уағдаласты.