
Абу Даби, 2024 жылғы 27 тамыз, Қазақстанның БАӘ-дегі Елшісі Нажмедин Мұхаметәліұлы Абу Даби даму қорының бас директоры Мұхаммед Саиф әл-Суейдимен кездесті. Кездесу барысында екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Қазақстан дипломаты өзара экономикалық ынтымақтастықты дамытудың маңызы зор екенін атап өтіп, Қордың орнықты дамуға және экономикалық өсімді ынталандыруға бағытталған жобаларды қаржыландыру ісінде ерекше рөл атқаратынына назар аударды.
Өз кезегінде Мұхаммед Саиф әл-Суейди халықаралық ынтымақтастыққа, оның ішінде экономикалық белсенділікті ынталандыру жөніндегі Стратегиялық жобаларды іске асыру шеңберінде Қазақстанмен арадағы ықпалдастықты қолдайтынын растады.
Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және тығыз байланыстарды жалғастыруға уағдаласты.