2024 жылғы 27 мамырда Абу Дабиде Astana International Exchange («AIX», «Биржа») кросс-биржалық сауда-саттық үшін Абу Даби биржасы (ADX) құрған Tabadul цифрлық биржалық хабына қосылғанына орай «қоңырау соғу» салтанатты рәсімі өтті. Бұл ынтымақтастық AIX және ADX-тегі бағалы қағаздарға қолжетімділікті қамтамасыз етіп, өтімділікті арттырады және инвесторлар үшін сауда механизмдерін жеңілдетеді. Tabadul қосылған биржалардың брокерлік компанияларына қашықтан қолжетімділікті қамтамасыз етеді, бұл Tabadul серіктестерінің іскерлік қарым-қатынастарды кеңейтуге және ынтымақтастықты нығайтуға деген ұмтылысын растайды.
ADX Tabadul хабын 2022 жылдың шілдесінде нарыққа өзара қол жеткізу моделі бойынша жұмыс істейтін өңірдегі алғашқы цифрлық биржалық сервис ретінде іске қосты. Платформа қатысушы биржалар арасында өңірлік және жаһандық деңгейде сауда-саттық үшін, сайып келгенде, ынтымақтастықты нығайтуға және қатысушы нарықтардағы өтімділікті арттыруға бағытталған цифрлық биржа желісін құрады.
Tabadul биржалық хабына AIX-тің қосылуымен платформаның ауқымы мен мүмкіндіктері одан әрі кеңейіп, сауда-саттыққа қатысушылар мен инвесторлар үшін үздіксіз және тиімді сауда-саттық пен есеп айырысуды қамтамасыз етеді.
Аталған рәсімде AIX Басқарма төрайымы Әсел Мұқажанова келесіні атап өтті:
«ADX және AIX арасындағы сауда-саттықты қалыптастыру AIX мақсаттарына сәйкес келеді және Қазақстан мен Шығанақ мемлекеттерінің нарықтары арасындағы байланысты кеңейтуге ықпал етеді. Tabadul цифрлық платформасына қосылу қазақстандық инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады және нарық қатысушыларына қолжетімді құралдар ауқымын кеңейтеді».
Іс-шараға Астана халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Ренат Бектұров, Қазақстанның Әмірліктердегі Елшісі Нажмедин Мұхаметәліұлы және ADX басшылығы қатысты.