
2023 жылғы 27 қыркүйекте Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Жоғары аудит институты өзара түсіністік меморандумына қол қойды. Меморандумның жасалуына екі елдің мемлекеттік аудит органдары басшылығының ынтымақтастықты одан әрі дамыту мен тереңдетуге деген өзара күш-жігерінің арқасында қол жеткізілді.
Меморандумның қол қойылған мәтіндерімен алмасу Жоғары аудиторлық палатасы мүшесі Р.Рахимов бастаған Қазақстан делегациясының Әбу Дабиге жұмыс сапары аясында орын алды. Р.Рахимовтың айтуынша, Меморандумды жүзеге асыру аясында тараптар мемлекеттік аудиттің әдістері мен әдістемелері, тәуекелдерді бағалау және аудиторлық қызметті жоспарлау, аудиторлық реттеудің ұлттық ережелері мен қағидаттары бойынша өзара тәжірибе және білім алмасатын болады.
Өз тарапынан БАӘ Жоғары аудит институтының төрағасы Хумейд Обеид Халифа Абушибс ҚР Жоғары аудиторлық палатасымен тығыз серіктестікті атап өтіп, Қазақстандық әріптестерімен ынтымақтастық әлеуетін іске асыруға дайын екенін мәлімдеді. Оның ойынша, екі елдің аудиторлық органдарының тәжірибесінде сала мамандарының арнайы зерттеуіне тұрарлық ұқсастықтар да, ерекшеліктер де жетерлік.
Қазақстанның Әбу Дабидегі Елшісі М.Меңілбеков тараптарды Меморандум жасасуымен құттықтап, Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы тығыз саяси диалог, бауырластық қарым-қатынастар мен стратегиялық серіктестік рухы екі елдің мемлекеттік органдары мен ұйымдарына жемісті ынтымақтастықты нығайту және кеңейту үшін барлық мүмкіндіктер беріп отырғанын баса айтты.
Тараптар болашақта техникалық ынтымақтастықты дамыту, аудиторлық тәжірибелер мен процедуралар, IТ аудиті және басқа да тексеру түрлері бойынша білім мен тәжірибе алмасуды тереңдетуге келісті. Бірлесіп кадрларды кәсіби даярлау мен олардың біліктілігін арттыру туралы уағдаластыққа да қол жеткізілді.
Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасының делегациясы Әмірліктердегі әріптестерін Астанаға жауап сапармен келуге шақырды.