Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігінің қолдауымен Қазақстанның туристік компаниялары Әмірліктердің туроператорлары үшін Дубай және Әбу Даби қалаларында роуд-шоулар өткізді.
Жиынға Алматы қаласының туризм басқармасы, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы, Skyway, Kompas, Itour LLP Fun&Sun және Air Astana әуекомпаниясы құрамындағы қазақстандық делегация жергілікті нарықтың сұраныстарына бейімделген арнайы турларды таныстырды.
Кездесуде БАӘ туроператорлары атап өткендей, Қазақстанға саяхат қысқы орындарға бару тұрғысынан қызықты, әсіресе Алматыда ұсынылатын люкс және эксклюзивті турлар ұнады.
«Біздің компанияның клиенттері жоғары жайлылықтағы демалысты жақсы көреді. Біз олар үшін қабылдаушы ел ұсынатын ең жақсы турларды арнайы таңдаймыз. Қазақстаннан келген әріптестеріміздің презентациясында біз керемет көріністері бар ірі желілік қонақүйлерді көрдік. Біздің клиенттерге осындай демалыс ұсынысы ұнайтынына сенімдімін», - деп бөлісті Voyage tours директоры Аднан Ариди.
БАӘ-ден туристерді қабылдау үшін біздің еліміз қажетті жағдайлар жасады, оның ішінде елдер арасында екіжақты визасыз режим бар, ол бойынша БАӘ азаматтары Қазақстанда 30 күнге дейін визасыз бола алады.
Өз кезегінде Air Astana Дубай қаласынан Алматыға әуе рейстерінің жиілігі аптасына 7 рейске дейін артқаны туралы хабарлады.
Пандемияға дейін БАӘ-ден туристер ағыны жеделдетілген қарқынмен өсті. Айқын динамиканы жылдар бойынша байқауға болады: 2016 жылы БАӘ – ден Қазақстанға 1 493 адам келді, 2017 жылы – 3 503, 2018 жылы – 5 253, 2019 жылы – 8100. Биыл туристік ағын біртіндеп қалпына келтірілуде.