Абай Құнанбайұлының 175-жылдығына орай Әбу Дабидің «Манарат ас-Саадият» мәдени орталығы кинотеатрында Ш.Айманов атындағы белгілі «Қазақфильмнің» туындысы «Абай. Өмірбаяны мен шығармашылығы» атты деректі фильмі және «Құнанбай» көркем фильмінің көрсетілімі аяқталды. Үш күн бойы жалғасқан қазақ киносының күндері аясында араб жұртшылығы Абайдың шығармашылық мұрасымен танысып, қазақтың ұлы ойшылының даналығына тәнті болды.
Мәдени шараға Әбу Даби қаласының Мәдениет және туризм департаменті, Әмірліктердің Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрлігі, дипломатиялық корпус өкілдері мен қоғам қайраткерлері, сондай-ақ қала тұрғындары, соның ішінде осы елде тұратын қазақстандықтар шақырылды.
Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшісі Мадияр Меңілбеков қазақ әдебиетіне, Абайдың өмірбаянына қызығушылық танытып, қазақстандық киноны тамашалауға келген қауымға алғысын білдірді. Оның айтуынша, бұл іс-шара көпшілікке қазақ халқының тарихы мен мәдениетін біліп-тануға, екі халық арасын әрі қарай жақындастыруға зор ықпал етіп, Абай дәріптеген жоғары құндылықтар мен мұрасын шетелдік жұртшылыққа киноның тілімен жеткізді.
Сондай-ақ, қазақ киносының күндері аясында «Қазақ биі» (реж. А. Садықова, Ғ. Насыров), «Қазақ хандығы. Алтын тақ» және «Алмас қылыш» (реж. Р. Әбдірашев), «Елбасы жолы. Астана» (реж. А. Сатаев), «Әміре» (реж. Дж.Веспа) фильмдері Әмірліктер көрерменіне жол тартты.