Қазақстанның ЭКСПО-2020 Дубай дүниежүзілік көрмесіне дайындық шаралары жоғары бағаланды

Қазақстанның ЭКСПО-2020 Дубай дүниежүзілік көрмесіне  дайындық шаралары жоғары бағаланды

Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшісі Мадияр Меңілбеков Біріккен Араб Әмірліктері Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі мемлекеттік министрі, ЭКСПО - 2020 Дубай дүниежүзілік көрмесінің Бас директоры Рим әл-Хашимимен кездесті. Сұхбат барысында Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы, сондай-ақ жоспарланған бірқатар іс-шараларға байланысты ұйымдастырушылық мәселелер талқыланды.

Атап айтқанда, биыл 1-қазанда келушілерге өз есігін ашатын ЭКСПО-2020 Дубай дүниежүзілік көрмесіне еліміздің қатысуы талқыланды. Елші Қазақстанның ұлттық павильонының мазмұны "Ақылды біріктіре отырып, болашақты бірге құру" атты көрменің тақырыбына толығымен сәйкес келетінін және ол еліміздің тарихы мен болашағына қатысты сыр шертетін туындылармен толықтырылып, қазақ даласының құнды жәдігерлері мен экономикалық мүмкіндіктерін жаңа технологиялар арқылы әлем жұртшылығына таныстырылатыны туралы хабарлады.

Өз кезегінде, Рим әл-Хашими Қазақстан мен Әмірліктер арасында халықаралық сахнадағы ынтымақтастық деңгейіне жоғары баға беріп, еліміздің Дүниежүзілік көрмеге қатысуы бойынша жүргізіліп жатқан дайындық шараларына ризашылығын білдірді. Өз сөзінде Әмірліктер мемлекеттік министрі «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің үздік тәжірибесін ескере отырып Дубай қаласында өтетін дүниежүзілік көрмеге Қазақстанның қатысуы елдің мол әлеуетін халықаралық қоғамдастыққа кеңінен таныстырып, заманауи сын-тегеуріндерді бірлесіп еңсеруде көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға зор мүмкіндік беретінін мәлімдеді.