
Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшісі Мадияр Меңілбеков Әмірліктер Премьер-Министрінің орынбасары, Президент істері жөніндегі министрі шейх Мансұр бен Заид Әл Нахаянмен кездесті. Сұхбат барысында қазақстандық дипломат «Үміт» жасанды жер серігінің Марс ғаламшары орбитасына жетуіне орай Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Араб Әмірліктерінің басшылығына құттықтаулар жолдағанын хабарлады.
Кездесуде тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайын қарастырып, қос мемлекет басшылығының қатысуымен өтетін іс-шаралар жоспарын талқылады. Елші М.Меңілбеков сауда-экономикалық әрі инвестициялық әріптестікке серпін беру мақсатында жоғары деңгейде өзара сапарлардың жоспарланғандығын жеткізді. Осы ретте, ауыл шаруашылғы, тау-кен өнеркәсібі, туризм, әуе қатынастары және құрылыс салаларындағы өзара тиімді инвестициялық жобалардың мол әлеуетке ие екендігі айтылды.
Өз кезегінде шейх Мансұр бен Заид Әл Нахаян Әбу Дабидің Қазақстанмен ынтымақтастықты арттыруға мүдделі екендігін растап, әлемде қалыптасқан күрделі жағдайға қарамастан, екі ел арасындағы өзара әріптестік барлық сала бойынша қарқынды дамып келе жатқандығын ризашылықпен атап өтті. Сондай-ақ, шейх Мансұр бен Заид Әл Нахаянның айтуынша, «биыл желтоқсан айында Қазақстан Республикасында тәуелсіздіктің 30 жылдық, ал Әмірліктерде бірігудің 50 жылдық мерейтойларының тұспа-тұс келуі екі ел дамуының жаңа кезеңіне аяқ басқан сәтінде қос мемлекет басшылары қойып отырған биік мақсаттарға сәйкес тараптарды екіжақты қарым-қатынастар күн тәртібін өзара тиімді жаңа жобалармен толықтыруға ынталантырады».
Кездесу осы күндері Әбу Даби қаласында ұйымдастырылып отырған «IDEX-2021» халықаралық қорғаныс көрмесі алаңында өтті. Төрт күнге созылатын іс-шараға Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Р.Шпекбаев пен Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Т.Жанжүменов бастап келген делегация қатысуда.