
Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшісі Мадияр Меңілбеков Әмірліктер Федералды ұлттық кеңесінің төрағасы Сақр Ғобашпен кездесіп, екі ел арасындағы әріптестіктікті нығайту жолдарын талқылады. Кездесу барысында Федералды ұлттық кеңес төрағасы Қазақстан Парламенті Мәжілісі сайлауының сәтті өтуі елдің тұрақты дамуына жаңа серпін беретінін атап өтті.
Осы ретте, екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты нығайтудың жолдары талқыланды. Атап айтқанда, Қазақстан Парламенті мен Әмірліктер Федералды ұлттық кеңесі арасындағы достық тобының отырысын өткізу, сондай-ақ екі ел парламенттері мүшелерінің өзара сапарларын ұйымдастыру ұсынылды.
Сонымен қатар, коронавирус індетіне қарсы күрес барысында екі ел арасында гуманитарлық салада орнатылған тығыз байланыстардың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Бұл ретте, Федералды ұлттық кеңес төрағасы түрлі сын-тегеуріндерді қос тарап бірлесе отырып абыроймен еңсеретініне сенімділігін білдірді.