Қазақстан делегациясының БАӘ-ге сапары туралы

Қазақстан делегациясының БАӘ-ге сапары туралы

Ү.ж. 9-10 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Төрағасының орынбасары Ж.Мәдиев бастаған қазақстандық делегация Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапарымен барды. Делегация құрамына Ұлттық экономиканың вице-министрі М.Юсупов, Ауыл шаруашылығының вице-министрі Н.Дайырбеков, "Астана" халықаралық қаржы орталығы мен "Kazakh Invest" ҰК АҚ өкілдері кірді.

Сапар аясында БАӘ энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейл Әл-Мазруимен, Әбу Даби Әмірлігінің Сауда-Өнеркәсіп палатасының басшылығымен, "Mubadala", "ADQ", "Abu Dhabi Investment Authority" және Әбу Даби бағалы қағаздар биржасы сияқты БАӘ ірі инвестициялық қорлары мен қаржы ұйымдарының алғашқы тұлғаларымен екіжақты жекелеген кездесулер өтті.

Бұл сапар ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің ү. ж. қазан айында Әмірліктерге жұмыс сапары барысында қол қойған ҚР және БАӘ үкіметтері арасындағы инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі меморандумды іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды.

Жоғарыда аталған инвестициялық және қаржы ұйымдарымен келіссөздер барысында елде жүргізіліп жатқан реформалар, атап айтқанда, заңнамалық шарттардың тұрақтылығын және преференциялардың кең пакетін беруді көздейтін стратегиялық инвестициялық келісім шеңберінде ірі инвестициялық жобаларды қолдаудың жаңа құралдары ұсынылды.

Келіссөздер барысында тараптар 5 млрд. АҚШ долларынан асатын экономиканың негізгі секторларында қосылған құны жоғары және экспорттық әлеуеті зор жаңа өндірістер құруды көздейтін инвестициялық жобаларды жүзеге асыру перспективаларын қарастырды.

Осылайша, келіссөздер барысында араб инвесторларына Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешендері саласындағы шамамен 1,5 млрд. АҚШ долларына жобалар ұсынылды. Ұсынылған жобалар БАӘ-нің 2051 жылға дейінгі азық-түлік қауіпсіздігінің қабылданған стратегиясы шеңберінде негізгі азық-түлік тауарлары тобына енгізілген жоғары сапалы өнімдерді өндіруге бағытталғанын атап өткен жөн.

Жобаларды бірлесіп іске асыру Қазақстанға БАӘ-нің азық-түлік қауіпсіздігі стратегиясының маңызды буынына айналуға мүмкіндік береді және екі ел арасындағы тауар айналымын одан әрі арттыруға ықпал ететін болады.

Сонымен қатар, тараптар бірлескен жобаларды іске асырудың неғұрлым перспективті бағыттарын айқындау бойынша, Әмірліктер тарапының Қазақстан нарығында қатысуын кеңейту, осыған қоса, тау-кен өндіру, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіптік және фармацевтикалық салалардағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту жөнінде пікір алмасты.

Қазақстандық делегацияның жұмыс сапары еліміздің экономикасының басым салаларына шетелдік инвестицияларды тарту және қазақстандық тауарлардың экспортын шетелдік нарықтарға жылжыту жөніндегі міндеттер аясында өтті. Жалпы, Әмірліктер бизнесі Қазақстанмен сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды тереңдетуге өзінің дайындығы мен мүдделілігін көрсетіп отырғанын атап өткен жөн.