Аршалы ауданының Қоғамдық кеңесі туралы ереже

1 тарау. Жалпы ережелер

  1. Осы Аршалы ауданының қоғамдық кеңесі туралы үлгі ереже (бұдан әрі – ереже) «Қоғамдық кеңестер туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 2-1-бабы 2-тармағының 4) тармақшасына (бұдан әрі-Заң), Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2021 жылғы 26 ақпандағы № 69 бұйрығына сәйкес әзірленді. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 26 ақпанда № 22264 болып тіркелді.
  2. Аршалы ауданының қоғамдық кеңесі-Аршалы аудандық мәслихаты (бұдан әрі – аудандық мәслихат) өз құзыреті мәселелері бойынша коммерциялық емес ұйымдармен, азаматтармен бірлесіп құрған консультативтік-кеңесші, байқаушы орган.
  3. Қоғамдық кеңес өз қызметінде Конституцияны, оған сәйкес келетін заңдарды, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, үлгілік ережені, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2021 жылғы 26 ақпандағы № 69 бұйрығын басшылыққа алады. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 26 ақпанда № 22264 болып тіркелді.

 

2 тарау. Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастыру

Параграф 1. Азаматтық қоғамнан Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының мүшелерін іріктеу.

  1. Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының құрамы (бұдан әрі-жұмыс тобы) мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің өкілдері қатарынан және конкурстық негізде коммерциялық емес ұйымдардың, азаматтардың өкілдері қатарынан қалыптастырылады.
  2. Жұмыс тобының сандық құрамын жергілікті деңгейде - жұмыс тобының мүшелерін іріктеу жөніндегі конкурс өткізілгенге дейін мәслихат хатшысы айқындайды.

Жұмыс тобы құрамындағы аудандық мәслихаттан өкілдік ету жұмыс тобы мүшелерінің жалпы санының үштен бірінен аспауға тиіс.

Жергілікті деңгейде жұмыс тобының құрамында азаматтық қоғамнан өкілдік ету жұмыс тобы мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісін құрайды және коммерциялық емес ұйымдар мен азаматтардың ұсыныстары негізінде қалыптастырылады.

  1. Аудандық мәслихат бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды және (немесе) өзінің интернет-ресурсында мемлекеттік органдар мен коммерциялық емес ұйымдар өкілдерінің қатарынан жұмыс тобының сандық құрамын, азаматтарды, құжаттарды тапсыру мерзімдерін, сондай-ақ құжаттар жіберілетін почта және электрондық мекенжайларды көрсете отырып, жұмыс тобының мүшелерін іріктеу бойынша конкурс өткізу туралы хабарландыруды орналастырады.
  2. Конкурсты өткізу мерзімі конкурс туралы хабарландыру жарияланған күннен кейін он жұмыс күнін құрайды.
  3. Конкурсқа қатысуға ниет білдірген азаматтар, коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері жұмыс тобының мүшелерін іріктеу жөніндегі конкурс өткізу туралы хабарландыру орналастырылған күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде қолма-қол береді немесе хабарландыруда көрсетілген мемлекеттік органның, квазимемлекеттік сектор субъектісінің немесе жергілікті өкілді органның электрондық мекенжайына мынадай құжаттарды жібереді:

1) азаматтың осы Үлгілік ережеге 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жұмыс тобының құрамына кандидатура ұсыну туралы өтініші;

2) жұмыс тобының мүшелігіне кандидатура (бар болса) ұсыну туралы Коммерциялық емес ұйымның жазбаша ұсынысы;

3) кандидаттың кәсіптік және (немесе) қоғамдық қызметі туралы мәліметтер;

4) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің көшірмесі.

  1. Құжаттарды қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде жұмыс тобына кандидаттардың тізімі қалыптастырылады.
  2. Кандидаттар тізімін қалыптастыру аяқталғаннан кейін күнтізбелік бес күн ішінде жұмыс тобына кандидаттардың қатысуымен жұмыс тобының отырысы өткізіледі. Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Қоғамдық кеңес мүшелігіне сайлау үшін конкурсқа жіберілмейді.
  3. Жұмыс тобының отырыстарына үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болып табылатын дауыс беру құқығы жоқ байқаушылар қатысуға жіберіледі.

Аудандық мәслихат жұмыс тобының мүшелерін іріктеу бойынша конкурс өткізу туралы хабарландырумен бір мезгілде бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды және (немесе) өзінің интернет-ресурсында құжаттарды беру мерзімдерін, сондай-ақ құжаттар жіберілетін пошта және электрондық мекенжайларды көрсете отырып, байқаушылардың тізімін қалыптастыру бойынша іріктеу өткізу туралы хабарландыруды орналастырады.

Байқаушы болуға ниет білдірген адам байқаушы ретінде жұмыс тобының отырысына қатысу үшін аудандық мәслихатқа өтініш береді не осы Үлгілік ережеге 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының мүшелерін іріктеу жөніндегі конкурсқа байқаушы ретінде қатысу үшін электрондық поштаға өтініш жібереді.

  1. Жұмыс тобының отырысын өткізу уақыты мен орны туралы жұмыс тобының мүшелігіне кандидаттарды, байқаушыларды отырыс өткізілгенге дейін кемінде үш жұмыс күні бұрын аудандық мәслихат хабардар етеді.
  2. Аудандық мәслихат жұмыс тобының отырысын дайындау мен өткізудің ұйымдастырушылық мәселелерін шешуді қамтамасыз етеді.
  3. Жұмыс тобының бірінші отырысын аудандық мәслихаттың хатшысы өткізеді.

Жұмыс тобының кейінгі отырыстарын жұмыс тобының басшысы өткізеді.

  1. Жұмыс тобының құрамына мүшелерді іріктеу коммерциялық емес ұйымдардан және ашық дауыс беруге қатысатын азаматтардан жұмыс тобының мүшелігіне кандидаттардың көпшілік дауысымен жүзеге асырылады. Коммерциялық емес ұйымнан Кандидат, азамат өз кандидатурасы үшін дауыс беруге қатыспайды.
  2. Жұмыс тобының құрамын аудандық мәслихаттың хатшысы бекітеді.
  3. Жұмыс тобының бірінші отырысында көпшілік дауыспен азаматтық қоғам өкілдерінің арасынан Жұмыс тобының басшысы сайланады.
  4. Жұмыс тобының шешімі мемлекеттік органның, квазимемлекеттік сектор субъектісінің немесе жергілікті өкілді органның ресми интернет-ресурсында отырыс аяқталғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде жарияланады.
  5. Жұмыс тобының отырысында жұмыс тобының басшысы айқындайтын жұмыс тобының мүшесі хаттама жүргізеді, оған жұмыс тобының басшысы қол қояды.
  6. Жұмыс тобы мыналарды жүзеге асырады:

1) Қоғамдық кеңес мүшелерін сайлау туралы конкурс туралы халықты хабардар етеді;

2) бірінші отырыста Қоғамдық кеңес мүшелерінің сандық құрамын айқындайды;

3) Қоғамдық кеңес мүшелерін сайлау рәсімін жүргізеді;

4) Қоғамдық кеңеске кандидаттардың резервтік тізімін қалыптастырады;

5) Қоғамдық кеңес туралы ереженің жобасын әзірлейді.

  1. Жұмыс тобының отырысы жұмыс тобының басшысын ескере отырып, оған жұмыс тобы мүшелерінің жалпы құрамының кемінде үштен екісі қатысқан кезде заңды деп есептеледі.
  2. Жұмыс тобының және оның басшысының өкілеттігі Қоғамдық кеңес Қоғамдық кеңес туралы ережені бекіткеннен кейін тоқтатылады.
  3. Қоғамдық кеңесті мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің өкілдері қатарынан және конкурстық негізде – коммерциялық емес ұйымдардың, азаматтардың өкілдері қатарынан жұмыс тобы қалыптастырады.

Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидатураларды коммерциялық емес ұйымдар, азаматтар, оның ішінде өзін-өзі ұсыну арқылы ұсынады. Қоғамдық кеңестің өкілеттік мерзімі үш жылды құрайды.

  1. Қоғамдық кеңестердің жаңа құрамын қалыптастыру рәсімі Заңның 8 және 9-баптарында белгіленген тәртіпке сәйкес қоғамдық кеңестердің қолданыстағы құрамының өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін екі ай бұрын басталады.
  2. Жұмыс тобы Қоғамдық кеңес мүшелерін сайлау жөніндегі конкурс туралы хабарландыруды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды және (немесе) аудандық мәслихаттың интернет-ресурсында орналастырады.
  3. Хабарландыруда көрсетіледі:

1) мемлекеттік органның, квазимемлекеттік сектор субъектісінің немесе жергілікті өкілді органның атауы;

2) Заңның 10-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес құжаттар жіберілетін пошталық және электрондық мекенжайлар, беру мерзімдері, конкурсқа қатысу үшін құжаттардың тізбесі және кандидаттарға қойылатын талаптар;

3) мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдар, азаматтар өкілдерінен тұратын Қоғамдық кеңестің сандық құрамы.

  1. Конкурсқа қатысуға ниет білдірген азаматтар, коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланған күннен кейін он жұмыс күні ішінде қолма-қол береді немесе аудандық мәслихаттың электрондық мекенжайына, хабарландыруда көрсетілген қажетті құжаттарды қоса бере отырып, қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидатуралар бойынша ұсыныстар жібереді.
  2. Жұмыс тобы құжаттарды қабылдау аяқталған күннен кейін он жұмыс күні ішінде отырыста Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидаттардан келіп түскен құжаттарды талқылайды, әрбір кандидатпен әңгімелесу және әрбір кандидат бойынша ашық дауыс беруді өткізеді. Ең көп дауыс жинаған кандидаттар қоғамдық кеңестің құрамына сайланды деп есептеледі. Бірдей дауыс санын жинаған кандидаттар бойынша жұмыс тобының басшысы шешуші дауыс құқығын өзіне қалдырады.
  3. Қоғамдық кеңестің қазіргі мүшелері конкурсқа қатысу үшін өз өтініштерін Заңның 10-бабында көзделген жалпы негіздерде береді.
  4. Жұмыс тобының мүшелері ұсынылған құжаттар негізінде жұмыс тобы белгілеген нысан бойынша кандидаттарды бағалау парағын толтырады.
  5. Талқылау қорытындысы бойынша жұмыс тобының мүшелері кандидаттарды бағалаудың жиынтық балдарын ескере отырып, Қоғамдық кеңестің құрамын ашық дауыс беру арқылы қалыптастырады.
  6. Мемлекеттік органның, квазимемлекеттік сектор субъектісінің Қоғамдық кеңеске өкілдігін мемлекеттік органның басшысы, мәслихат хатшысы конкурс өткізбей бекітеді.
  7. Қоғамдық кеңестің қалыптастырылған құрамы аудандық мәслихаттың шешімімен бекітіледі және Қоғамдық кеңестің құрамы бекітілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға және (немесе) мемлекеттік органның интернет-ресурсында орналастырылуға тиіс.
  8. Қоғамдық кеңестің шығып қалған мүшелерін кейіннен ауыстыру мақсатында жұмыс тобының шешімімен Қоғамдық кеңестің құрамына кірмеген азаматтық қоғам өкілдерінің арасынан қоғамдық кеңеске кандидаттардың резервтік тізімі қалыптастырылады.
  9. Резервтік тізімнен кандидат Қоғамдық кеңеске мүше болудан бас тартқан және қоғамдық кеңеске кандидаттардың резервтік тізімінде басқа кандидаттар болмаған жағдайларда, Қоғамдық кеңес Қоғамдық кеңестің құрамына қосымша конкурс өткізу туралы шешім қабылдайды.
  10. Қоғамдық кеңес қосымша конкурс өткізу үшін бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық кеңес мүшелерін сайлау жөніндегі конкурс туралы хабарландыруды жариялайды және (немесе) мемлекеттік органның интернет-ресурсында орналастырады,
  11. Хабарландыруда көрсетіледі:

1) мемлекеттік органның, квазимемлекеттік сектор субъектісінің немесе жергілікті өкілді органның атауы;

2) Заңның 10-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес құжаттар жіберілетін пошталық және электрондық мекенжайлар, беру мерзімдері, конкурсқа қатысу үшін құжаттардың тізбесі және кандидаттарға қойылатын талаптар;

3) мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдар, азаматтар өкілдерінен тұратын Қоғамдық кеңестің сандық құрамы.

  1. Конкурсқа қатысуға ниет білдірген азаматтар, коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланған күннен кейін он жұмыс күні ішінде Заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес пошта немесе электрондық мекенжайға қажетті құжаттарды қоса бере отырып, ұсыныстар береді.
  2. Қоғамдық кеңес құжаттарды қабылдау аяқталған күннен кейін он жұмыс күні ішінде отырысқа қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидаттар бойынша келіп түскен құжаттарды талқылауды және әрбір кандидат бойынша ашық дауыс беруді жүргізеді. Ең көп дауыс жинаған кандидаттар қоғамдық кеңестің құрамына сайланды деп есептеледі. Бірдей дауыс санын жинаған кандидаттар бойынша Қоғамдық кеңестің төрағасы шешуші дауыс құқығын өзіне қалдырады.
  3. Қоғамдық кеңестің жаңа мүшелері Қоғамдық кеңес мүшелерінің өкілеттігін тоқтатқан қалған өкілеттік мерзіміне сайланады (тағайындалады).

 

Параграф 2. Қоғамдық кеңестің жұмыс органдарын ұйымдастыру

  1. Қоғамдық кеңес тұрақты және (немесе) уақытша жұмыс органдарын: комитеттерді, сараптамалық топтарды құрады.
  2. Қоғамдық кеңес тұрақты жұмыс органдары - комитеттер құрады. Комитеттердің сандық құрамын Қоғамдық кеңес дербес айқындайды, бұл ретте кемінде үш адамды құрайды.
  3. Комитеттер Қоғамдық кеңестің құзыретіне жатқызылған тиісті саланың немесе тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің қоғамдық маңызды мәселелерін зерделеу үшін Қоғамдық кеңестің шешімімен құрылады.
  4. Комитеттердің құрамы Қоғамдық кеңес мүшелерінен, коммерциялық емес ұйымдардың, ғылыми, Кәсіподақ және басқа ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, сарапшылардың өкілдерінен құралады, Қоғамдық кеңестің өзі айқындайды және оның отырысында бекітіледі.
  5. Комитеттердің қызметі Қоғамдық кеңестің шешімі бойынша тоқтатылады.
  6. Қоғамдық кеңестер уақытша жұмыс органдарын – сараптамалық топтарды құрады, олар Қоғамдық кеңестің құзыретіне жатқызылған тиісті саланың немесе әкімшілік-аумақтық бірліктің нақты мәселелерін зерделеу үшін Қоғамдық кеңестің шешімімен құрылады.
  7. Сараптама топтарының құрамы Қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік органдардың, коммерциялық емес ұйымдардың, ғылыми, Кәсіподақ және мүдделі ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сарапшылар қатарынан қалыптастырылады.
  8. Қоғамдық кеңестің сараптамалық топтары:

1) Зерттелетін мәселелер бойынша материалдармен алдын ала танысуды және қарау қорытындылары бойынша мәселелерді оның бағытына сәйкес Қоғамдық кеңес комиссиясының отырысында қарауға дайындауды жүзеге асырады; және оларды қоғамдық кеңестер комиссияларында оның бағытына сәйкес қарау үшін ұсынады;

2) зерттелетін мәселелер бойынша сараптамалық қорытындылардың жобаларын дайындайды және оларды қоғамдық кеңестердің комиссияларында оның бағытына сәйкес қарау үшін ұсынады.

  1. Нақты мәселе бойынша материалдарды зерделеу қорытындысы бойынша сараптама тобы қорытынды жасайды және оның бағытына сәйкес Қоғамдық кеңестің тиісті комиссиясына қарау үшін жібереді.

Зерттелетін мәселелер бойынша сараптама тобының қорытынды материалдарын Қоғамдық кеңес тиісті комиссияның ұсынуы бойынша Қоғамдық кеңес қарайды.

 

3-тарау. Қоғамдық кеңестердің өкілеттіктері

  1. Аршалы ауданының Қоғамдық кеңесі өз өкілеттіктерін Заңның 5-бабына, қоғамдық кеңестерге сәйкес жүзеге асырады .
  2. Заңның 5-бабының 1-тармағында және 5-1-бабының 1-тармағында көзделген өкілеттіктерді іске асыру үшін қоғамдық кеңестер отырыстар өткізеді.
  3. Қоғамдық кеңестің отырысы оның мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде заңды деп есептеледі.

Қоғамдық кеңестің отырыстарын бейнеконференц байланыс режимінде өткізуге жол беріледі.

  1. Қоғамдық кеңестің отырыстарына мүдделі мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының, ғылыми, Кәсіподақ және басқа да ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ сарапшылар мен өзге де мамандар шақырылады.
  2. Мәселелерді қарау нәтижелері бойынша Қоғамдық кеңес Заңның 5-бабының 2-тармағында, 5-1-бабының 2-тармағында көзделген мерзімдерде мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қарауы және шешімдер қабылдауы үшін міндетті болып табылатын ұсынымдарды қабылдайды.
  3. Қоғамдық кеңес орталық мемлекеттік органдар, жергілікті өкілді немесе жергілікті атқарушы органдар жіберген азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қарайды.
  4. Нормативтік құқықтық актінің жобасын алған сәттен бастап Қоғамдық кеңестің хатшысы ұсыныстар енгізу үшін бір жұмыс күні ішінде Қоғамдық кеңес мүшелеріне қағаз немесе электрондық жеткізгіште не электрондық пошта арқылы жіберуді ұйымдастырады.
  5. Қоғамдық кеңестің мүшелері екі жұмыс күні ішінде нормативтік құқықтық актінің жобасын қарайды және Нормативтік құқықтық актінің жобасын қарау не Нормативтік құқықтық актінің жобасын қараусыз қалдыру жөнінде қабылданған шешім туралы Қоғамдық кеңестің хатшысын хабардар етеді.
  6. Қоғамдық кеңестің хатшысы түпкілікті шешім қабылдау үшін Қоғамдық кеңес мүшелерінің келіп түскен ұсыныстарын Қоғамдық кеңес төрағасының қарауына енгізеді.
  7. Нормативтік құқықтық актінің жобасын қарау не қараусыз қалдыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің шешімі Қоғамдық кеңес мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған кезде Қоғамдық кеңес төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
  8. Қоғамдық кеңес шешім қабылдағаннан кейін бір жұмыс күні ішінде Қоғамдық кеңестің хатшысы Орталық мемлекеттік органдарды, жергілікті өкілді немесе жергілікті атқарушы органдарды қоғамдық кеңестің қабылданған шешімі туралы хабардар етеді.
  9. Қоғамдық кеңес нормативтік құқықтық актінің жобасын қарау туралы шешім қабылдағаннан кейін бір жұмыс күні ішінде нормативтік құқықтық актінің жобасы оның мүшелерінің қатысуымен Қоғамдық кеңестің отырысына қарау үшін енгізіледі.
  10. Нормативтік құқықтық актінің жобасын қарау қорытындысы бойынша шешім Қоғамдық кеңес мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған кезде Қоғамдық кеңес төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
  11. Дауыс беру қорытындыларын ескере отырып, Қоғамдық кеңестің хатшысы қаралып отырған Нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша Қоғамдық кеңестің ұсынымдарының жобасын дайындайды және қоғамдық Кеңестің Төрағасына қол қоюға енгізеді.
  12. Қоғамдық кеңестің төрағасы қол қойған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қоғамдық кеңестің ұсынымдарын Қоғамдық кеңестің хатшысы қарауға нормативтік құқықтық актінің жобасын қағаз немесе электрондық жеткізгіште не электрондық пошта арқылы ұсынған мемлекеттік органдарға, жергілікті өкілді немесе жергілікті атқарушы органдарға жібереді.
  13. Өтініштерді қарау нәтижелері бойынша Қоғамдық кеңес мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

1) құзыреті бойынша тиісті мемлекеттік органға немесе жергілікті мемлекеттік басқару органына өтінішті жіберу туралы;

2) осы өтінішті Қоғамдық кеңестің отырысында қарау туралы;

3) келіп түскен өтінішті қарау бойынша қоғамдық бақылау нысандарының бірін жүргізу туралы.

  1. Қоғамдық кеңестің хатшысы заңнамада көзделген мерзімдерде өтініш берушіге жолдануға дайындалған жауапты жібереді.
  2. Өз өкілеттігі шеңберінде Қоғамдық кеңестің төрағасы:

1) Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырады;

2) отырыстарда төрағалық етеді;

3) Қоғамдық кеңестің атынан құжаттарға қол қояды;

4) Қоғамдық кеңестің шешімдерін іске асыру жөніндегі қызметті үйлестіреді;

5) кеңесші дауыс құқығымен республикалық мемлекеттік органның, жергілікті мемлекеттік басқару органының, квазимемлекеттік сектор субъектісінің отырыстарына қатысады;

6) ол болмаған уақытта төрағаның міндеттерін атқаруды Қоғамдық кеңес төралқасы мүшелерінің біріне береді.

  1. Ұйымдастыру мәселелерін шешуді қамтамасыз ету, Қоғамдық кеңестің отырыстарын дайындау және өткізу, қоғамдық кеңесте іс жүргізуді ұйымдастыру және жүргізу мақсатында Қоғамдық кеңестің хатшысы:

1) Қоғамдық кеңестің отырыстарын дайындау мен өткізудің ұйымдастырушылық мәселелерін шешуді қамтамасыз етеді;

2) Қоғамдық кеңесте іс жүргізуді ұйымдастырады және жүргізеді, сондай-ақ Қоғамдық кеңес шешімдерінің орындалу мерзімдерін бақылайды.

  1. Қоғамдық кеңестің хатшысы Қоғамдық кеңестің мүшесі болып табылмайды.

 

 

 

Дата публикации
13 декабря 2022