GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Байланыс ақпараты
Мәслихат туралы
Құжаттар
Қызметі
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
Все материалы
22 октября 2026
Өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешені: Ақмола және Ленинград облыстары ынтымақтастықты дамытады

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен Ресей Федерациясының Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко өңіраралық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат іскерлік байланыстарды дамытуға, тәжірибе алмасуға және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, логистика мен басқа да салалардағы өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған. Құжатқа Астана қаласында екі өңір өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстел аясында қол қойылды.

Кездесу барысында тараптар сауда байланыстарын кеңейту, өндірістік кооперацияны дамыту және бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады. Әсіресе агроөнеркәсіп кешеніне, машина жасау саласына және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге басымдық берілді.

Марат Ахметжанов Ақмола облысының Ленинград облысымен әріптестікті нығайтуға және кәсіпорындар арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға мүдделі екенін атап өтті.

«Біздің мақсатымыз – өңірлеріміздің кәсіпорындарына сенімді серіктестер табуға, өткізу нарықтарын кеңейтуге және өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік беретін нақты жобаларды жүзеге асыру. Агроөнеркәсіп кешенінде бұл – астық пен майлы дақылдарды терең өңдеу, ұн және құрама жем өндіру. Ал өнеркәсіп саласында машина жасау бағытындағы кооперацияны дамыту, қосалқы бөлшектер жеткізу, технологиялар алмасу және өндірісті оқшаулау маңызды. Келісімдеріміз нақты жобаларға ұласып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етуі керек», – деді облыс әкімі.


Александр Дрозденко екі өңірдің де агроөнеркәсіп кешені жақсы дамығанын және өзара тиімді байланыстарды кеңейтуге әлеуеті зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, ынтымақтастық экономиканың түрлі салаларын қамтып, іскерлік байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.

«Ақмола және Ленинград облыстарының ортақ тұстары көп. Екі өңір де агроөнеркәсіп кешені, өнеркәсіп және экономиканың басқа да салаларында елеулі әлеуетке ие. Тәжірибе алмасу, іскерлік байланыстарды дамыту және перспективалы бастамаларды бірлесіп пысықтау әріптестігімізді нығайтып, екі өңірдің кәсіпорындары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп сенемін», – деді губернатор.


Дөңгелек үстелге қатысушылар білім беру және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ жастар алмасуын дамыту перспективаларын да талқылады.

Қол қойылған меморандум өзара тиімді байланыстарды дамытуға, іскер топтар мен мүдделі ұйымдар арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесуге, бірлескен іс-шаралар өткізуге және өзара қызығушылық тудыратын бағыттар бойынша ақпарат алмасуға мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта тараптар ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын айқындау және екі өңір арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге бағытталған бірлескен бастамаларды пысықтау жұмыстарын жалғастырады.

📱 t.me/Aqmola_region

21 октября 2026
Ақмола облысында Республика күні қарсаңында ішкі туризмді дамытуға бағытталған жаңа экопарк ашылды

Өңірде Астана агломерациясының тұрғындары мен қонақтарына арналған демалыс орындарын көбейту және туристік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда.

Целиноград ауданының Аққайың ауылында Dara Resort экопаркі ашылды. Жаңа нысан табиғат аясында демалуды және отбасылық уақыт өткізуді ұнататындар үшін тартымды орынға айналмақ. Ашылу салтанатына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов қатысты.

Техникалық ашылуынан бері экопаркке шамамен 1,5 мың адам келген. Бұл елорда маңындағы табиғат аясында демалуға деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.

Экопарк аумағында демалыс орындары, күркелер мен шолу алаңдары жабдықталған. Жалпы ұзындығы 2,4 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер бағыттары салынған. Сонымен қатар 200 ағаш отырғызылған. Алдағы уақытта мұнда арқанды саябақ ұйымдастыру және жаяу жүргіншілер бағыттарын ұзарту жоспарланып отыр.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірдің туристік инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Экопарктер құру жөніндегі жобалар табиғат аясында демалу мүмкіндіктерін кеңейтуге, соның ішінде Астана агломерациясының тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Адамдардың отбасымен бірге уақыт өткізіп, қала қарбаласынан тынығуына арналған қолжетімді әрі абаттандырылған орындар көп болуы маңызды», – деді Ернар Жаркешов.


Dara Resort – өңірде экологиялық туризмді дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстың бір бөлігі. Жалпы, Ақмола облысында жеті экопарк құру жоспарланған. 2026 жылдың басында Зерендіде осындай нысан ашылды. Сонымен қатар Ақкөл қаласында Wyndham резиденциясының аумағында тағы бір ірі экопарк құрылып жатыр. Осылайша, жыл соңына дейін өңірде үш экопарк жұмыс істейтін болады.

2027 жылы Аршалы және Целиноград аудандарында тағы екі экопарк ашу жоспарланған. Ал 2028 жылы облыс орталығында тағы бір экопарк пайдалануға беріледі деп көзделіп отыр.

📱 t.me/Aqmola_region

16 октября 2026
Ақмола облысының ауылдарында жеке инвестиция есебінен байланыс мұнаралары салынады

«Ауыл Телеком» ЖШС Ақмола облысында ұялы байланыс операторларының базалық станцияларын орналастыруға арналған антенна-діңгекті құрылыстарды өз қаражаты есебінен салуды жоспарлап отыр. Бұл шалғайдағы ауылдарды қоса алғанда, ауылдық елді мекендерде интернетке қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Осы бағыттағы ынтымақтастық туралы меморандумға «Ауыл Телеком» ЖШС мен Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасы қол қойды.

Тараптар ауылдық жерлердегі байланыс сапасын жақсарту және тұрғындардың цифрлық қызметтерді пайдалану мүмкіндіктерін кеңейту бағытында бірлесіп жұмыс істейді.

Кездесу барысында компания өкілдері жобаны таныстырып, оны іске асырудың негізгі бағыттарын баяндады. Сондай-ақ тараптар инвестиция тарту және алдағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

«Біз цифрландыру ең алдымен адамдар мен тең мүмкіндіктер туралы екеніне сенімдіміз. Елді мекенде қанша адам тұратынына қарамастан, бірде-бір ауыл назардан тыс қалмауы керек. Мемлекет басшысы айқындаған міндеттер аясында ауылдық елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырып келеміз. Ауыл қаншалықты шалғай орналасса да, байланыс желілерін тарту қаншалықты қиын болса да, ауыл баласының білім алу мүмкіндігі қаладағы құрдасымен бірдей болуы тиіс. Сапалы интернет балаларға заманауи білім алуға, жастарға жаңа мамандықтарды меңгеруге, ал кәсіпкерлерге жаңа нарықтарға шығуға жол ашады. Цифрлық инфрақұрылымды дамыту арқылы өңір тұрғындарына жаңа мүмкіндіктер ұсынамыз», – деді Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Мағжан Ержан.


Компания өкілдерінің айтуынша, ауылдарды интернетпен қамту кезінде аумақтың ерекшелігі мен халық саны ескеріледі. Осыған байланысты қолданылатын технологиялар да әртүрлі болуы мүмкін. Негізгі бағыттардың бірі – FWA технологиясы арқылы сымсыз кеңжолақты интернет ұсыну. Бұл шешім әр үйге жеке кабель тартпай-ақ интернетке қосылуға мүмкіндік береді.

«Біз ауылдық жерлерде заманауи цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге ұмтыламыз. Нақты жоспарларымыз бар, алайда олардың жүзеге асуы көбіне қажетті инфрақұрылымның болуына байланысты. Елімізде мыңдаған отбасы тұратын елді мекендермен қатар, бірнеше ондаған үйден тұратын шағын ауылдар да бар. Сондықтан жұмыстың негізгі бағыттарын айқындадық. Соның бірі – FWA технологиясы арқылы сымсыз интернетті дамыту», – деді «Ауыл Телеком» ЖШС бас директоры Амирали Сейлов.


Меморандум аясындағы жұмыс ауыл тұрғындарының мемлекеттік онлайн-қызметтерді пайдалануына, қашықтан білім алуына, өз кәсібін дамытуына және заманауи цифрлық сервистерге қол жеткізуіне жол ашады.

Бұл жоба өңірдегі телекоммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі басқа да бастамаларды толықтырады. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 281 ауылға жоғары жылдамдықты талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жоспарланған. Ал Starlink және OneWeb жүйелерін қоса алғанда, жаңа буын спутниктік терминалдары қазірдің өзінде 80 ауылдық елді мекенде жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар негізгі автомобиль жолдарының бойында жаңа байланыс мұнаралары салынуда.

Өңірде байланыс сапасы төмен немесе байланыс мүлде жоқ деп анықталған 90 учаскенің 71-інде мәселе шешімін тапты.

📱 t.me/Aqmola_region

Депутаттар
14 октября 2026
Қазақстанда мәдениет және өнер қайраткерлеріне арналған жаңа мемлекеттік наградалар енгізіледі

Құрылтай депутаттардың бастамасымен әзірленген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, үшінші оқылымда қабылдады.

Түзетулер Мемлекет басшысының Құрылтайдың бірінші шақырылымының бірінші сессиясының ашылуында мәдениет және өнер саласындағы мемлекеттік наградалар туралы заңнаманы жетілдіру жөнінде берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді.

Заңда отандық музыка өнері мен ән шығармашылығын дамытудағы жемісті қызметі және ерекше еңбегі үшін азаматтарды марапаттауға арналған «Шәмші Қалдаяқов» медалін тағайындау қарастырылған.

Сонымен қатар, бейнелеу өнеріндегі үздік туындыларымен ерекшеленген және отандық көркем мәдениетті дамытуға ерекше еңбек сіңірген қайраткерлер үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағы енгізіледі.

t.me/quryltairesmi

Мәслихат сессиялары
13 октября 2026
Мәдениет пен өнердің үш өкіліне «Ақмола облысының құрметті азаматы» атағы берілді

Ұлттық өнерді дамытуға және мәдени мұраны сақтауға елеулі үлес қосқан үш мәдениет және өнер өкілі «Ақмола облысының құрметті азаматы» атағына ие болды.

Бұл атақ өңір алдындағы ерекше еңбегі, көпжылдық жемісті қызметі және облыстың дамуына қосқан үлесі үшін беріледі. Тиісті кандидатураларды облыстық мәслихат депутаттары кезекті 33 сессияда бекітті.

Құрметті атаққа ие болғандардың бірі – Зеренді ауданының тумасы Қапаш Құлышева. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, профессор әрі ұстаз.

1978 жылы Гаванада өткен XI Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалі аясындағы халықаралық байқауда Гран-при иеленген. Өнер иесі көп жылдан бері қазақ ән өнерін халықаралық деңгейде насихаттап келеді. 2010 жылдан бастап Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде сабақ береді. Еңбегі «Құрмет» орденімен бағаланған.

Құрметті атаққа ақын, жазушы, драматург, айтыскер ақын, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжанов та ие болды.

Степняк қаласының тумасы әдебиеттің түрлі жанрында қалам тербеп, театр мен кино өнерінің дамуына үлес қосып келеді. 2006 жылы оның бастамасымен «Паң Нұрмағамбет» киностудиясы ашылды. Қазақстандағы бірден-бір манасшы ретінде танылған Баянғали Әлімжанов Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың қолынан «Достық» орденін алған.

Үшінші марапат иегері – Қазақстанның халық әртісі, Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының актрисасы Жібек Бағысова.

Шығармашылық жолында сахнада сан алуан образдарды сомдап, Көкшетаудағы театр өнерінің дамуына елеулі үлес қосты. Актриса «Парасат» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен, сондай-ақ көптеген алғыс хаттар мен құрмет грамоталарымен марапатталған.

09 октября 2026
Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы 80 жылдығын атап өтті

Көкшетауда Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының 80 жылдығына арналған мерекелік кеш өтті.

Сексен жыл ішінде филармония кәсіби өнерді дамытуға, ұлттық музыкалық дәстүрлерді сақтауға және талантты өнерпаздарды қолдауға зор үлес қосып, өңірдің мәдени өміріндегі маңызды өнер ордасына айналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтау сәлемін ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбаев жеткізді. Аймақ өнерпаздары Мемлекет басшысы атынан «Құрмет» грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталды.

Салтанатты шарада филармония әртістері мен кеш қонақтарын Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов құттықтады.

Мерейтойлық кешке белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері, шығармашылық сала өкілдері, филармонияның ардагерлері мен жас өнерпаздар қатысты.

«Үкілі Ыбырай атындағы филармония Ақмола облысының мәдени өмірінде айрықша орын алады. «Өнер – ұлттың жаны» деген сөз осы шығармашылық ұжымның миссиясын дәл сипаттайды. Филармония ұжымы талай жылдан бері өңір тұрғындарына музыкалық және хореографиялық өнердің үздік үлгілерін ұсынып, ұлттық дәстүрлерді дәріптеп, жаңа есімдердің танылуына жол ашып келеді», – деді облыс әкімі.


Аймақ басшысы Филармония ұжымына мерейтойға орай шағын автобус кілтін табыстады.

Мерекелік кешке жиналған көрерменге филармония ұжымы арнайы концерттік бағдарлама ұсынды. Кеш барысында халық әндері мен күйлері, классикалық шығармалар және эстрадалық туындылар орындалды.

«Мен үшін филармония – жай ғана жұмыс орны емес, туған сахна, шығармашылық отбасы, өмірімнің үлкен бөлігі. Осында біз өнер арқылы көрерменге қуаныш сыйлап, музыка жасап, халқымыздың үздік дәстүрлерін жалғастырып келеміз. Ұжымға шығармашылық табыс, жаңа жеңістер, жарқын концерттер мен әрдайым өнерді бағалайтын көрермен тілеймін. Музыка әрдайым шырқалып, шабыттандырып, баршамызды біріктіре берсін», – деді филармонияның солисі Сарсенбай Хасенов.


Бүгінде филармония құрамында Кенжебек Күмісбеков атындағы Қазақ халық аспаптар оркестрі, симфониялық және эстрадалық-үрмелі оркестрлер, «Гәкку» би ансамблі және жеке орындаушылар өнер көрсетеді.

Сегіз онжылдық тарихында филармония көптеген танымал өнерпаздар мен музыканттар үшін үлкен сахнаға бастар жол болды.

Бүгінде ұжым кәсіби өнерді насихаттап қана қоймай, халықаралық мәдени байланыстарды да белсенді дамытып келеді.

Мәслихат сессиялары
07 октября 2026
Көкшетауда Ақмола облыстық мәслихатының кезектен тыс 34-сессиясы өтті

Көкшетау қаласында Бейбіт Жүсіповтың төрағалығымен Ақмола облыстық мәслихатының кезектен тыс 34-сессиясы өтті. Сессия жұмысына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова, облыстық басқармалардың басшылары және мәслихат депутаттары қатысты.

Сессияның күн тәртібінде өңір тұрғындарын әлеуметтік қолдау, қоршаған ортаны қорғау және облыстық мәслихаттың бұрын қабылдаған шешімдеріне өзгерістер енгізуге қатысты бірқатар маңызды мәселе қаралды.

Алғашқы мәселе - Ақмола облысының жекелеген санаттағы азаматтарына амбулаториялық емделу кезінде кепілдік берілген тегін медициналық көмектің қосымша түрлерін ұсыну туралы. Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Нариман дәрілік заттармен, мамандандырылған емдік өнімдермен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету мәселесі бойынша сөз сөйледі.

«Аталған өзгерістерді енгізу қажеттілігі, ең алдымен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің қолданыстағы тетіктері жеткіліксіз болып отырған ауыр, сирек және созылмалы аурулары бар пациенттерді қажетті дәрілік препараттармен қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты», – деп атап өтті Ермек Нариман.

Шешім жобасында нақты пациенттерді дәрілік препараттармен қамтамасыз етуге арналған жаңа позициялар енгізіліп, қаржыландыру жүйесіндегі өзгерістерге сәйкес қолданыстағы тізбе өзектендіріледі.

Қазіргі уақытта «Гипофосфатемиялық рахит» диагнозы бар пациенттерге арналған препараттарды сатып алу жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Жаңа медициналық стандарт пен қолданыстағы қағидаларға сәйкес дәрілік препараттармен қамтамасыз ету әр пациенттің медициналық құжаттамасы негізінде жүзеге асырылады.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе Ақмола облысы бойынша Тексеру комиссиясының мүшесін қызметінен босатуға қатысты болды. Сондай-ақ «Ақмола облыстық мәслихатының кейбір шешімдерінің күшін жою туралы» мәселе қаралды. Бұл бағыттағы ақпаратты Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Джанет Микишев ұсынды.

Талқылау барысында депутат Айдын Төребаев қоршаған ортаға келтірілетін теріс әсер үшін төлемақы мөлшерлемелерінің артуына қатысты мәселені көтерді.

Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова депутаттарға азаматтардың, оның ішінде балалардың қажетті дәрілік заттарға қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы бастамаларды қолдағаны үшін алғысын білдірді.

Сессия барысында қаралған барлық шешім жобалары депутаттардың қолдауына ие болды.

 

Мәслихат төрағасы
06 октября 2026
Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды

Ақмола облысының педагогикалық қауымдастығында Бейбіт Айтымұлы Жүсіповті білмейтін жан кемде-кем. Оның қырық жылдан астам уақытты қамтитын еңбек жолы білім беру саласы мен мемлекеттік қызметпен тығыз байланысты.

Бейбіт Жүсіпов 1961 жылы Зеренді ауданының Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Білімі бойынша - математика және физика пәндерінің мұғалімі.

Оның өмірінде мамандық таңдауына бағыт-бағдар беріп, еңбекке деген көзқарасының қалыптасуына ықпал еткен ұстаздардың орны ерекше. Бейбіт Айтымұлы бүгінде де өзіне білім мен тәрбие берген ұстаздарын ерекше ықыласпен еске алады.

Болашақ мамандығына жол ашқан ұстазы ретінде сынып жетекшісі Тұрсын Естайқызын атайды. Оның математика пәніне деген қызығушылығын оятып, осы бағытқа бет бұруына ықпал еткен де осы ұстазы. Сондай-ақ орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шолпан Мұратқызын да зор құрметпен еске алады. Бейбіт Айтымұлының айтуынша, олар - шәкірт тәрбиесі мен біліміне бар ғұмырын арнаған, өз ісіне шын берілген ұстаздар.

Өмір жолында айрықша із қалдырған жанның бірі - Тиыштық Мұқатовна Ахметова.

«Сондай-ақ өміріме жаңа серпін беріп, үлкен өмір жолына бағыттаған, дұрыс шешім қабылдауыма үнемі қолдау көрсеткен Ахметова Тиыштық Мұқатовнаның орны ерекше. Ол кісінің әр сөзі мен кеңесі – жүрекке жылы, өмірлік мәні зор еді», — деп еске алады Бейбіт Айтымұлы.

Еңбек жолын ұстаздықтан бастаған Бейбіт Жүсіпов кәсіби білімі мен біліктілігінің, ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлігінің арқасында білім беру жүйесінің түрлі сатыларынан өтіп, жауапты қызметтер атқарды. Қай қызметте де оны бастамашылдығы, стратегиялық ойлау қабілеті, өзіне де, өзгеге де қоятын талабы және ең бастысы - өз ісіне деген адалдығы мен ел мүддесіне деген жауапкершілігі ерекшелендірді.

Оның кәсіби қызметіндегі маңызды кезеңдердің бірі - Ақмола облысының білім басқармасын басқарған жылдары. Бұл кезеңде білім беру саласын дамытуға бағытталған бірқатар жүйелі жұмыстар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы нығайтылып, білім сапасын арттыруға, инклюзивті оқытуды дамытуға, білім беру инфрақұрылымын жетілдіруге және педагог мәртебесін көтеруге бағытталған жұмыстар жүргізілді.

Бейбіт Айтымұлының басшылығымен өңірдегі білім беру саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылды.

Сонымен қатар педагогикалық қауымдастықпен ашық диалог орнатуға ерекше мән берілді. Бейбіт Айтымұлы саладағы өзекті мәселелер бойынша тікелей эфирлер өткізіп, білім басқармасының Telegram-арнасы мен колл-орталығының жұмысын жолға қойды. Бұл тетіктер педагогтерден, ата-аналардан және қоғам өкілдерінен кері байланысты жедел алуға, оларды толғандырған мәселелерге дер кезінде назар аударуға мүмкіндік берді.

Бүгінде Бейбіт Айтымұлы өңір игілігі жолындағы еңбегін Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы ретінде жалғастырып келеді. Бұл қызметте ол облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, азаматтық қоғамды нығайтуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамаларды жүзеге асыруға белсенді атсалысуда.

Әріптестері мен қоғам өкілдері оны принципшіл, талапшыл әрі әділ басшы ретінде бағалайды. Оған жүктелген міндеттерге әрдайым жоғары жауапкершілікпен қарап, маңызды мәселелер бойынша байыпты шешім қабылдай біледі. Жылдар бойы жинақтаған мол кәсіби тәжірибесі, басқарушылық білімі мен өмірлік ұстанымы өңірдің одан әрі дамуына қатысты маңызды шешімдер қабылдауға мүмкіндік беріп келеді.

2026 жыл Бейбіт Айтымұлы үшін ерекше жыл болды. Биыл Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Құрмет» орденімен марапатталды. Ал Ұстаздар күнінде оның көп жылғы еңбегі «Еңбек ардагері» медалімен атап өтілді.

Бұл марапаттар - Бейбіт Айтымұлының ұзақ жылғы еңбегіне берілген жоғары баға ғана емес, білім беру саласына, өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен болашағына және туған өңірінің дамуына ғұмырын арнаған азаматқа көрсетілген зор құрметтің белгісі.

Мәслихат төрағасы
05 октября 2026
Құрметті ұстаздар, педагогикалық еңбек ардагерлері!

Ақмола облыстық мәслихатының депутаттық корпусы және өз атымнан сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Ұстаздық - жай ғана мамандық емес, жоғары кәсібилікті, зор шыдамдылықты, парасаттылықты және өз ісіне деген шынайы сүйіспеншілікті талап ететін абыройлы мамандық әрі үлкен жауапкершілік жүктейтін қасиетті жол.

Әрбір шәкірттің жетістігі мен өмірдегі жеңісінің артында ұстаздың ерен еңбегі бар. Сіздердің білімдеріңіз, тәжірибелеріңіз бен тағылымды ақыл-кеңестеріңіз өскелең ұрпақтың қалыптасуына, ал оның негізінде қоғамымыздың болашағына тікелей ықпал етеді.

Бүгінде білім беру жүйесінің алдында жаңа міндеттер тұр. Сапалы білім берумен қатар, заман талабына сенімді жауап бере алатын, дербес шешім қабылдайтын, жауапты әрі бастамашыл тұлға тәрбиелеу - маңызды міндеттердің бірі.

Педагогикалық еңбек ардагерлеріне айрықша алғысымды білдіремін. Сіздердің сан жылдар бойғы еңбектеріңіз, мамандыққа деген адалдықтарыңыз бен мол педагогикалық тәжірибелеріңіз - жас ұстаздар үшін өнегелі үлгі. Сіздер Ақмола өңірінің білім беру саласын дамытуға және бірнеше буын өкілін тәрбиелеуге зор үлес қостыңыздар.

Өңіріміздің барлық педагогтеріне кәсібилігі, өз ісіне деген адалдығы және балалардың болашағы жолындағы күнделікті еңбегі үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Мемлекет білім беру жүйесін дамытуға, педагогтерге лайықты жағдай жасауға және ұстаз мәртебесін арттыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз, жауапкершіліктеріңіз бен өз мамандықтарыңызға деген адалдықтарыңыздың арқасында бұл міндеттер алдағы уақытта да өз нәтижесін береді деп сенемін.

Сіздерге зор денсаулық, сарқылмас күш-қуат, шығармашылық шабыт, шәкірттеріңіздің алғысы мен құрметін, жаңа кәсіби жетістіктер және еңбектеріңіздің лайықты бағалануын тілеймін!

Отбасыларыңызға амандық, береке-бірлік, бейбітшілік пен бақ-береке тілеймін!

 

Б.Жүсіпов,

Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы

 

Мәслихат сессиялары
Мәслихат төрағасы
04 октября 2026
Ақмола облыстық мәслихатының депутаттары мен облыс тұрғындарының назарына!

Белгілі себептерге байланысты 2026 жылғы 5 қазанында сағат 15. 00-де Көкшетау қаласында (Абай көшесі, 83) сегізінші шақырылған Ақмола облыстық мәслихатының кезектен тыс отыз төртінші сессиясының уақыты сағат 11.00-ге ауыстырылатынын хабарлаймын.

Сессия қарауына «Ақмола облысының жекелеген санаттағы азаматтарына амбулаториялық емделу кезінде кепілдік берілген тегін медициналық көмектің, оның ішінде дәрілік заттардың, мамандандырылған емдік өнімдердің, медициналық бұйымдардың қосымша берілуі туралы» сұрағы енгізіледі.

Сессияның онлайн-трансляциясы Ақмола облыстық мәслихатының Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми аккаунтында жүргізіледі https://www.facebook.com/share/1CcGSdzvH4/?mibextid=wwXIfr

 

 

Ақмола облыстық

мәслихатының төрағасы Б. Жүсіпов

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы