
Тәжірибе алмасу аясында Ақмола облыстық мәслихатының бірқатар депутаттары мен аппараттың жауапты қызметкерлері Астана қаласының мәслихатына барып қайтты.
Тұрақты комиссиялардың төрайымы мен төрағалары Айнагүл Балташева, Марат Қойшыбаев, Павел Безвербный, Саят Сыздықов, депутаттар Руслан Шамкенов, Айдын Төребаев, Анар Аяпбергенова Астана қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысына қатысты. Елордалық депутаттар 2023 жылға арналған бюджетті нақтылау жөніндегі бағдарлама әкімшілерінің бюджеттік өтінімдерін қарады.
Мәслихат төрағасы Ерлан Қанәлімов бастаған қабылдаушы тарап елордадағы жұмыстың ерекшеліктері, жергілікті атқарушы органдармен және сайлаушылармен өзара іс-қимыл, енгізіліп жатқан инновациялар туралы айтып берді.
Сондай-ақ, Ақмола облыстық мәслихатының делеагациясы мәслихатқа қала тұрғындарының ең өзекті мәселелері мен өтініштері бойынша жедел ақпарат беретін елордалық i-Komek ахуалдық орталығына барып, фронт-офис, қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмысымен және орталықтың басқа да жобаларымен танысты.
Сонымен қатар, депутаттар Қосшы қаласында болып, проблемалық әлеуметтік нысандарды – өткен жылы тапсырылған жаңа емхананы және 1200 орындық салынып жатқан мектепті қарап шықты. Екі нысан да мұқият назар аударуды талап етеді, жақын арада депутаттар оларды тұрақты комиссияда қарауға ниетті.
Жалпы, сапарға қатысушылардың айтуынша, елордалық әріптестердің оң жұмыс тәжірибесі облыстық мәслихат жұмысына жаңашылдық енгізуге шабыттандырды.