
Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіпов Қостанайда өткен идеологиялық жұмыстың негізгі аспектілері мен ішкі саясаттың өзекті міндеттері қаралған көшпелі өңірлік кеңеске қатысты.
ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаеваның төрағалығымен өткен іс-шараға облыстық және қалалық мәслихаттардың төрағалары, облыс әкімдерінің орынбасарлары, әкімдіктер аппараттарының басшылары, Қоғамдық кеңестердің төрағалары, басқармалар мен департаменттердің, жоғары оқу орындарының, партиялар филиалдарының, кәсіподақ ұйымдарының, жастар және басқа да қоғамдық ұйымдардың басшылары, БАҚ өкілдері мен блогерлер қатысты.
Екі күн бойы қатысушылар ішкі саясат саласындағы менеджмент пен басқару сапасын арттыру, тиімді коммуникациялар құру, ағымдағы қоғамдық-саяси процестер мен әлеуметтік көңіл-күйді бағалау құралдары, геосаяси процестер жағдайындағы этноәлеуметтік шиеленістің факторлары мен тәуекелдері және басқа да маңызды тақырыптар мәселелерін талқылады. Жиналғандар алдында ҚР Президенті Әкімшілігінің, Қоғамдық даму министрлігінің, Орталық коммуникациялар қызметінің және бірқатар зерттеу институттарының сарапшылары сөз сөйледі. Панельдік сессиялар мен тренингтер өтті.