Аграрлық мәселелер және өңірді индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясы отырысының қаулысы 2025 жылғы 18 маусым

Аграрлық мәселелер және өңірді индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясы отырысының қаулысы

Көкшетау қ.                                                                    2025 жылғы 18 маусым

Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысы Н.Б. Бадыраков мен Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы С.С.Садвакасованың баяндамаларын тыңдап, өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің қазіргі жай-күйі туралы ақпаратты қарастыра келе, тұрақты комиссия келесіні атап өтеді.

Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді орындау үшін өңірде агроэкспорттың шикізат моделінен қосылған құны жоғары өнімдерді, оның ішінде астық пен майлы дақылдарды терең өңдеу өнімдерін өндіруге және экспорттауға көшу бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл бағыт азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру және өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту үшін стратегиялық маңызға ие.

Бүгінгі таңда Ақмола облысында өсімдік шаруашылығы өнімдерін терең өңдеумен айналысатын 36 кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде жылына 1 млн тоннаға дейін астық өңдейтін 28 диірмен өндірісі және жалпы өндірістік қуаты жылына 138 мың тонна болатын 8 май өңдеу кәсіпорны бар.

2024 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу кәсіпорындары өндірген азық-түлік өнімдерінің көлемі 251,9 млрд теңгені құрады, бұл 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 3,7%-ға жоғары. Өндіріс құрылымында ет өңдеу саласының үлесі – 46,1%, сүт өнімдері – 21,4%, өсімдік шаруашылығы өнімдерін өңдеу – 32,5%, оның ішінде:

  • өсімдік майын өндіру – 11,6%;
  • астық өңдеу – 9,8%;
  • наубайхана өнімдері – 1,9%;
  • басқа өнімдер – 9,2%.

Алайда жекелеген салаларда өңдеу қуаттарының жүктемесі жеткіліксіз деңгейде қалып отыр. 2024 жылы диірмен кәсіпорындарының жүктемесі небәрі 22,3%-ды құрады (2023 ж. – 21,4%). Ұнның ұсақ тартылған түрінің өндірісі 230,8 мың тоннаны құрады (4,5%-ға өсу), оның ішінде экспорт – 175,9 мың тонна. Экспорттың негізгі бағыттары – Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресей.

Өсімдік майын өндіру көлемі 72,9 мың тоннаға жетіп, 23,6%-ға артты. Орташа жүктеме – 57,5% (2023 ж. – 55,7%). Май экспорты – 39,6 мың тонна.

2025 жылдың қаңтар–сәуір айларында ұн өндірісі 67,2 мың тоннаны құрады (4,8%-ға өсу), экспорт – 40,6 мың тонна, жүктеме – 19,5%-ға дейін төмендеді. Өсімдік майын өндіру – 28,7 мың тонна, экспорт – 16,3 мың тонна, жүктеме – 61,9%.

Осылайша, кейбір көрсеткіштер бойынша оң серпінге қарамастан, өндірістік қуаттардың жүктемесінің жеткіліксіздігі, экспорт географиясының тарлығы және жоғары қосылған құны бар өнім түрлерінің аздығы мәселелері сақталуда.

Келесі мәселе - байытылған (фортификацияланған) ұн өндірісін кеңейту және оны тамақ өнеркәсібі, қоғамдық тамақтану, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінде пайдалану мәселелері қаралды. Негізгі тағам өнімдерін фортификациялау - халық арасында микронутриенттік тапшылықтың алдын алуда тиімді құрал бола алады.

Ұнды байытуға балама ретінде басқа да өнімдерді фортификациялау тәсілдері ұсынылды. Мысалы, тұзды йодтау йод тапшылығының алдын алуда өзінің тиімділігін көрсетті. Сол сияқты, тағам өнімдеріне кальций мен D дәруменін қосу, сусындарды дәрумендермен байыту маңызды микронутриенттер тапшылығын толықтыруда тиімді шаралар болуы мүмкін.

Ақмола облысы - йод және D дәрумені тапшылығы бар эндемиялық аймақтардың бірі болғандықтан, фортификация мәселесі ерекше өзектілікке ие және оны шешуде жүйелі көзқарасты талап етеді.

Мемлекеттік органдардың ақпараты мен депутаттардың ескертулері мен ұсыныстарын назарға ала отырып, Ақмола облыстық мәслихатының аграрлық мәселелер және өңірді индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

  1. Ақмола облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ақпараттары назарға алынсын.
  2. Ақмола облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына ұсынылсын:
  • агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін кредиттеу кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау ережелеріне, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын, техникасын және технологиялық жабдықтарын лизингке алу бойынша өзгерістер енгізу туралы ұсыныспен салалық министрлікке хат жобасын дайындау (жас малды бордақылау алаңдарына тапсыру кезінде шаруашылықтарға есептік нөмір беру талабын енгізу бөлігінде);
  • бордақылау алаңдары өнімдерінің өткізілуіне мониторинг жүргізу;
  • облыстық мәслихатпен бірлесіп өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қызметіне қатысты мәселелерді шешуге бағытталған іс-шаралар жоспарын әзірлеу;
  • өнімді қабылдай алатын қолжетімді элеваторлар мен астық сақтау қоймаларының жиынтық тізілімін өзектендіріп, оны ресми сайтта және қолданыстағы ақпараттық арналар арқылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қолжетімділігі үшін жариялау;
  • ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қызметіне әсер ететін нормативтік құқықтық актілер жобаларын қоғамдық талқылаудан міндетті түрде өткізу тәртібін белгілеудің орындылығы туралы ұсынысты ауыл шаруашылығы министрлігіне енгізу (салалық қауымдастықтар, сарапшылар, ғылыми қауымдастық және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін тарта отырып);
  • фортификацияланған ұн өндірісін кеңейту және оны тамақ өнеркәсібі, қоғамдық тамақтану, білім беру, денсаулық сақтау және медициналық-әлеуметтік мекемелерде пайдалану бойынша жұмыс жүргізу;
  • санитарлық-гигиеналық нормалар мен тұтынушылар сұранысын ескере отырып, тұз мөлшері төмен және тұзсыз нан-тоқаш өнімдерін өндіру мен ынталандыруға қатысты ұсыныстар әзірлеу;
  • облыс аудандары мен қалаларының әкімдіктерімен төмендегі бағыттар бойынша нан-тоқаш өнімдерін өндірушілерімен әріптестік келісімдер жасау мәселесін пысықтау:
    • нан-тоқаш өнімдеріндегі тұз мөлшерін кезең-кезеңімен азайту;
    • тұзсыз нан шығару және оны ілгерілету (келісім үлгісі қоса беріледі).
  1. Ақмола облысының денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, мемлекеттік сатып алулар мен коммуналдық мүлік басқармаларына ұсынылсын:
  • денсаулық сақтау, мектепке дейінгі, орта білім беру және медициналық-әлеуметтік мекемелерге арналған мемлекеттік сатып алуларда тұз мөлшері төмен және тұзсыз өнімдердің болуын міндетті талап ретінде енгізу мәселесін қарау;
  • денсаулық сақтау, білім беру және медициналық-әлеуметтік мекемелер аумағында тұз мөлшері жоғары өнімдердің (тұзды тіскебасарлар, ет деликатестері және т.б.) сатылуына тыйым салу мәселесін қарастыру және пысықтау.
  1. Ақмола облысының ревизиялық комиссиясына (келісім бойынша) ұсынылсын:
  • облыстағы бордақылау алаңдарына бөлінген субсидияларды пайдалану мәселесі бойынша аудит жүргізу жөнінде ұсыныстар енгізілсін.
  1. Осы қаулының орындалуы бойынша қабылданған шаралар туралы ақпаратты 2025 жылғы 16 шілдеден кешіктірмей ұсыну.
  2. Осы қаулының орындалуын бақылау аграрлық мәселелер және өңірді индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі тұрақты комиссияға жүктелсін.

 

Аграрлық мәселелер және өңірді

индустриялық-инновациялық дамыту

 жөніндегі тұрақты

комиссия төрағасы                                                                Ә. Ошақбаев

 

Дата публикации
30 июня 2025