Ақмола облысының қоғамдық кеңесі туралы
ЕРЕЖЕ
1 тарау. Жалпы ережелер
- Осы Ақмола облысының Қоғамдық кеңесі туралы ереже (бұдан әрі –ереже) «Қоғамдық кеңестер туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 2-1-бабы 2-тармағының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді.
- Қоғамдық кеңес коммерциялық емес ұйымдармен, азаматтармен бірлесіп Ақмола облыстық мәслихаты (бұдан әрі – мәслихат) құрған консультативтік-кеңесші, байқаушы орган болып табылады.
2 тарау. Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастыру
1-параграф. Азаматтық қоғамнан Қоғамдық кеңесті қалыптастыру бойынша жұмыс тобының мүшелерін іріктеу
- Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының (бұдан әрі - жұмыс тобы) құрамы мемлекеттік органдардың өкілдері қатарынан және конкурстық негізде - коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, азаматтар қатарынан қалыптастырылады.
- Жұмыс тобының сандық құрамын жұмыс тобының мүшелерін іріктеу жөніндегі конкурс өткізілгенге дейін мәслихат хатшысы айқындайды.
Жұмыс тобының құрамында мемлекеттік органнан өкілдік ету жұмыс тобы мүшелерінің жалпы санының үштен бірінен аспайды. Осы өкілдіктің дербес құрамын мәслихат хатшысы дербес айқындайды.
Жергілікті деңгейде жұмыс тобының құрамында азаматтық қоғамнан өкілдік ету жұмыс тобы мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісін құрайды және коммерциялық емес ұйымдар мен азаматтардың ұсыныстары негізінде қалыптастырылады.
- Мәслихат мемлекеттік органдар мен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, азаматтар қатарынан жұмыс тобының сандық құрамын, құжаттарды тапсыру мерзімдерін, сондай-ақ құжаттар жіберілетін почталық және электрондық мекен-жайларды көрсете отырып, жұмыс тобының мүшелерін іріктеу жөніндегі конкурсты өткізу туралы хабарландыруды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды және (немесе) өзінің интернет-ресурсында орналастырады.
- Конкурсты өткізу мерзімі конкурс туралы хабарландыру жарияланған күннен кейін он жұмыс күнін құрайды.
- Конкурсқа қатысуға ниет білдірген азаматтар, коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері жұмыс тобының мүшелерін іріктеу бойынша конкурс өткізу туралы хабарландыру орналастырылған күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде келесідей құжаттарды қолма-қол береді немесе хабарландыруда көрсетілген мәслихаттың электрондық мекен-жайына жібереді:
1) осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жұмыс тобының құрамына кандидатураны ұсыну туралы азаматтың өтініші;
2) коммерциялық емес ұйымның жұмыс тобының мүшелігіне кандидатура (болған жағдайда) ұсыну туралы жазбаша ұсынысы;
3) кандидаттың кәсіптік және (немесе) қоғамдық қызметі туралы мәліметтер;
4) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің көшірмесі.
- Құжаттарды қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін мәслихат бір жұмыс күні ішінде жұмыс тобына кандидаттардың тізімін қалыптастырады.
- Кандидаттардың тізімін қалыптастыру аяқталғаннан кейін күнтізбелік бес күн ішінде жұмыс тобына кандидаттардың қатысуымен жұмыс тобының отырысы өткізіледі. Жұмыс тобының мүшесі Қоғамдық кеңес мүшелігіне сайлау үшін конкурсқа жіберілмейді.
- Жұмыс тобының отырыстарына қатысуға үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері болып табылатын, дауыс беру құқығы жоқ байқаушылар жіберіледі.
Мәслихат жұмыс тобының мүшелерін іріктеу бойынша конкурс өткізу туралы хабарландырумен бір мезгілде құжаттарды тапсыру мерзімдерін, сондай-ақ құжаттар жіберілетін почта және электрондық мекен-жайларды көрсете отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында және (немесе) өзінің интернет-ресурсында байқаушылар тізімін қалыптастыру бойынша іріктеу өткізу туралы хабарландыруды жариялайды.
Байқаушы болуға ниет білдірген адам байқаушы ретінде жұмыс тобының отырысына қатысу үшін осы Ережеге 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жұмыс тобының мүшелерін іріктеу жөніндегі конкурсқа байқаушы ретінде қатысу үшін мәслихатқа өтініш береді не электрондық почтасына жібереді.
- Жұмыс тобының отырысын өткізу уақыты мен орны туралы жұмыс тобының мүшелігіне кандидаттарды, байқаушыларды мәслихат отырыс өткізілгенге дейін кемінде үш жұмыс күні бұрын хабардар етеді.
- Мәслихат жұмыс тобының отырысын дайындау мен өткізудің ұйымдастырушылық мәселелерін шешуді қамтамасыз етеді.
- Жұмыс тобының бірінші отырысын мәслихат хатшысы өткізеді.
Жұмыс тобының келесі отырыстарын жұмыс тобының басшысы өткізеді.
- Жұмыс тобының құрамына мүшелерді іріктеу коммерциялық емес ұйымдардан және ашық дауыс беруге қатысатын азаматтардан жұмыс тобының мүшелігіне кандидаттардың көпшілік дауысымен жүзеге асырылады. Коммерциялық емес ұйымнан кандидат, азамат өз кандидатурасы үшін дауыс беруге қатыспайды.
- Жұмыс тобының құрамын мәслихат хатшысы бекітеді.
- Жұмыс тобының бірінші отырысында көпшілік дауыспен азаматтық қоғам өкілдері қатарынан жұмыс тобының басшысы сайланады.
- Жұмыс тобының шешімі отырыс аяқталғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде мәслихаттың ресми интернет-ресурсында жарияланады.
- Жұмыс тобының отырысында жұмыс тобының басшысы айқындайтын жұмыс тобының мүшесі хаттама жүргізеді, оған жұмыс тобының басшысы қол қояды.
- Жұмыс тобы келесілерді жүзеге асырады:
1) халықты Қоғамдық кеңес мүшелерін сайлау жөніндегі конкурс туралы хабардар етеді;
2) бірінші отырыста Қоғамдық кеңес мүшелерінің сандық құрамын Заңның 2-1-бабы 2-тармағы 7) тармақшасының ережелерін ескере отырып айқындайды;;
3) Қоғамдық кеңес мүшелерін сайлау рәсімін жүргізеді;
4) Қоғамдық кеңеске кандидаттардың резервтік тізімін қалыптастырады;
5) Қоғамдық кеңес туралы ереженің жобасын әзірлейді.
- Жұмыс тобының отырысы жұмыс тобының басшысын ескере отырып, жұмыс тобы мүшелерінің жалпы құрамының кемінде үштен екісі қатысқан кезде заңды деп есептеледі.
- Жұмыс тобының және оның басшысының өкілеттіктері Қоғамдық кеңес туралы ережені Қоғамдық кеңес бекіткеннен кейін тоқтатылады.
- Қоғамдық кеңесті мемлекеттік органдардың өкілдері және конкурстық негізде – жергілікті өкілді органның басшысы басқаратын коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, азаматтар қатарынан жұмыс тобы қалыптастырады.
Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидатураларды коммерциялық емес ұйымдар, азаматтар ұсынады, оның ішінде өзін-өзі ұсыну арқылы ұсынады. Қоғамдық кеңес өкілеттігінің мерзімі үш жылды құрайды.
- Қоғамдық кеңестердің жаңа құрамын қалыптастыру рәсімі Заңның 8 және 9-баптарында белгіленген тәртіпке сәйкес Қоғамдық кеңестердің қолданыстағы құрамының өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін екі ай бұрын басталады.
- Жұмыс тобы Қоғамдық кеңес мүшелерін сайлау жөніндегі конкурс туралы хабарландыруды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды және (немесе) мәслихаттың интернет-ресурсына орналастырады.
- Хабарландыруда келесілер көрсетіледі:
1) мәслихаттың атауы;
2) Заңның 10-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес құжаттар жіберілетін почталық және электрондық мекен-жайларды, беру мерзімдерін, конкурсқа қатысу үшін құжаттар тізбесін және кандидаттарға қойылатын талаптар;
3) мемлекеттік органдардың және коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, азаматтар қатарынан Қоғамдық кеңестің сандық құрамы.
- Конкурсқа қатысуға ниет білдірген азаматтар, коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланған күннен кейін он жұмыс күні ішінде Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидатуралар бойынша ұсыныстарды хабарландыруда көрсетілген қажетті құжаттарды қоса бере отырып, қолма-қол береді немесе мәслихаттың электрондық мекен-жайына жібереді.
- Жұмыс тобы құжаттарды қабылдау аяқталған күннен кейін он жұмыс күні ішінде отырыста Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидаттардан келіп түскен құжаттарды талқылайды, әрбір кандидатпен әңгімелесу және әрбір кандидат бойынша ашық дауыс беру өткізеді. Ең көп дауыс жинаған кандидаттар Қоғамдық кеңестің құрамына сайланды деп есептеледі. Бірдей дауыс санын алған кандидаттар бойынша жұмыс тобының басшысы шешуші дауыс құқығын өзіне қалдырады.
- Қоғамдық кеңестің жұмыс істеп жүрген мүшелері конкурсқа қатысу үшін өз өтініштерін Заңның 10-бабында көзделген жалпы негіздерде береді.
- Жұмыс тобының мүшелері ұсынылған құжаттардың негізінде жұмыс тобы белгілеген нысан бойынша кандидаттарды бағалау парағын толтырады.
- Жұмыс тобының мүшелері талқылау қорытындылары бойынша кандидаттарды бағалаудың жиынтық балдарын ескере отырып, ашық дауыс беру арқылы Қоғамдық кеңестің құрамын қалыптастырады.
- Қоғамдық кеңестегі мемлекеттік органдардан өкілдік конкурсты өткізбей, мәслихат хатшысының өкімімен бекітіледі.
- Қоғамдық кеңестің қалыптастырылған құрамын мәслихат бекітеді және ол Қоғамдық кеңестің құрамы бекітілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға және (немесе) оның интернет-ресурсында орналастырылуға тиіс.
- Мемлекеттік органның атынан өкілдік ететін Қоғамдық кеңес мүшесінің өкілеттігі тоқтатылған кезде, өкілеттігін тоқтатқан мүшенің орнына Қоғамдық кеңестің жаңа мүшесін қосу туралы шешімді мәслихат хатшысы қабылдайды.
- Қоғамдық кеңестің шығып қалған мүшелерін кейіннен алмастыру мақсатында жұмыс тобының шешімімен Қоғамдық кеңестің құрамына кірмеген азаматтық қоғам өкілдері қатарынан Қоғамдық кеңеске кандидаттардың резервтік тізімі қалыптастырылады.
- Резервтік тізімнен кандидат Қоғамдық кеңеске мүшелікке қатысудан бас тартқан және Қоғамдық кеңеске кандидаттардың резервтік тізімінде басқа кандидаттар болмаған жағдайларда, Қоғамдық кеңес Қоғамдық кеңестің құрамына қосымша конкурс өткізу туралы шешім қабылдайды.
- Қоғамдық кеңес қосымша конкурс өткізу үшін Қоғамдық кеңес мүшелерін сайлау жөніндегі конкурс туралы хабарландыруды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды және (немесе) мәслихаттың интернет-ресурсына орналастырады.
- Хабарландыруда келесілер көрсетіледі:
1) мәслихаттың атауы;
2) Заңның 10-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес құжаттар жіберілетін почталық және электрондық мекен-жайларды, беру мерзімдерін, конкурсқа қатысу үшін құжаттар тізбесін және кандидаттарға қойылатын талаптар;
3) мемлекеттік органдардың коммерциялық емес ұйымдар өкілдері, азаматтар қатарынан Қоғамдық кеңестің сандық құрамы.
- Конкурсқа қатысуға ниет білдірген азаматтар, коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланған күннен кейін он жұмыс күні ішінде қажетті құжаттарды қоса бере отырып, Заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес почталық немесе электрондық мекен-жайға ұсыныстар береді.
- Қоғамдық кеңес құжаттарды қабылдау аяқталған күннен кейін он жұмыс күні ішінде отырыста Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидаттар бойынша келіп түскен құжаттарды талқылауды және әрбір кандидат бойынша ашық дауыс беруді жүргізеді. Ең көп дауыс жинаған кандидаттар Қоғамдық кеңестің құрамына сайланды деп есептеледі. Бірдей дауыс санын алған кандидаттар бойынша Қоғамдық кеңестің төрағасы шешуші дауыс құқығын өзіне қалдырады.
- Қоғамдық кеңестің жаңа мүшелері өкілеттіктерін тоқтатқан Қоғамдық кеңес мүшелерінің қалған өкілеттік мерзіміне сайланады (тағайындалады).
2-параграф. Қоғамдық кеңестің жұмыс органдарын ұйымдастыру
- Қоғамдық кеңес тұрақты және (немесе) уақытша жұмыс органдарын: комиссияларды, сараптама топтарын құрады.
- Қоғамдық кеңес тұрақты жұмыс органдары - комитеттер құрады. Комитеттердің сандық құрамын Қоғамдық кеңес дербес айқындайды, бұл ретте кемінде үш адамды құрайды.
- Комитеттер Қоғамдық кеңестің шешімімен Қоғамдық кеңестің құзыретіне жатқызылған тиісті саланың немесе тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің қоғамдық маңызы бар мәселелерін зерделеу үшін құрылады.
- Комитеттердің құрамы Қоғамдық кеңес мүшелерінің, коммерциялық емес ұйымдардың, ғылыми, кәсіподақ ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен, сарапшылардан құралады, оны қоғамдық кеңестің өзі айқындайды және оның отырысында бекітіледі.
- Комитеттердің қызметі Қоғамдық кеңестің шешімі бойынша тоқтатылады.
- Қоғамдық кеңестер уақытша жұмыс органдарын – сараптама топтарын құрады, олар Қоғамдық кеңестің құзыретіне жатқызылған тиісті саланың немесе әкімшілік-аумақтық бірліктің нақты мәселелерін зерделеу үшін Қоғамдық кеңестің шешімімен құрылады.
- Сараптамалық топтардың құрамы Қоғамдық кеңес мүшелерінің, мемлекеттік органдардың, коммерциялық емес ұйымдардың, ғылыми, кәсіподақ және мүдделі ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен, сарапшылардан құралады.
- Қоғамдық кеңестің сараптамалық топтары:
1) зерделенетін мәселелер бойынша материалдармен алдын ала танысуды және қарау қорытындылары бойынша мәселелерді оның бағытына сәйкес Қоғамдық кеңес комиссиясының отырысында қарауға дайындауды жүзеге асырады; оларды Қоғамдық кеңестер комиссияларының жолдамаларына сәйкес қарау үшін ұсынады;
2) зерделенетін мәселелер бойынша сараптама қорытындыларының жобаларын дайындайды және оларды Қоғамдық кеңестер комиссияларында қарау үшін олардың жолдамасына сәйкес ұсынады.
- Нақты мәселе бойынша материалдарды зерделеу қорытындылары бойынша сараптама тобы қорытынды жасайды және оның жолдамасына сәйкес Қоғамдық кеңестің тиісті комиссиясына қарау үшін жібереді.
Қоғамдық кеңес зерделенетін мәселелер бойынша сараптама тобының қорытынды материалдарын Қоғамдық кеңестің тиісті комиссиясының ұсынуы бойынша қарайды.
3 тарау. Қоғамдық кеңестердің өкілеттіктері
- Қоғамдық кеңестің басшылығы мен мүшелері Қазақстан Республикасы азаматының барлық құқықтары мен бостандықтарына ие болады.
- Қоғамдық қызметті жүзеге асыру кезінде Қоғамдық кеңес мүшелерінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға және кемсітуге жол берілмейді.
- Қоғамдық кеңес мүшелерінің атына қорлайтын сөздер айтуға жол берген адамдар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарына сәйкес әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа тартылуға тиіс.
- Қоғамдық кеңестің мүшелері өз қызметін жүзеге асыру кезінде қоғам белгілеген мінез-құлық нормалары мен ережелерін сақтауға, азаматтармен, қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен, мемлекеттік органдар мен мекемелердің қызметкерлерімен қарым-қатынаста сыпайы және әдепті болуға міндетті.
- Жергілікті мемлекеттік басқару органдары құратын Қоғамдық кеңестер өз өкілеттіктерін Заңның 5-бабына сәйкес жүзеге асырады.
- Заңның 5-бабының 1-тармағында көзделген өкілеттіктерді іске асыру үшін Қоғамдық кеңестер отырыстар өткізеді.
- Заңның 5-бабының 1-тармағында көзделген өкілеттіктерді іске асыру үшін Қоғамдық кеңестер отырыстар өткізеді.
- Қоғамдық кеңестің отырысы оның мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде заңды деп есептеледі.
Қоғамдық кеңестің отырыстарын бейнеконференцбайланыс режимінде өткізуге жол беріледі.
- Қоғамдық кеңестің отырыстарына мүдделі мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының, ғылыми, кәсіподақ және басқа да ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ сарапшылар мен өзге де мамандар шақырылады.
- Мәселелерді қарау нәтижелері бойынша Қоғамдық кеңес Заңның 5-бабының 2-тармағында, 5-1-бабының 2-тармағында көзделген мерзімдерде мемлекеттік органдардың қарауы және шешімдер қабылдауы үшін міндетті болып табылатын ұсынымдарды қабылдайды.
- Қоғамдық кеңес азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты мемлекеттік органдар, жергілікті өкілді немесе жергілікті атқарушы органдар жіберген нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қарайды.
- Қоғамдық кеңестің хатшысы нормативтік құқықтық актінің жобасын алған кезден бастап ұсыныстар енгізу үшін бір жұмыс күні ішінде Қоғамдық кеңес мүшелеріне қағаз немесе электрондық жеткізгіште не электрондық почта арқылы таратуды ұйымдастырады.
- Қоғамдық кеңестің мүшелері екі жұмыс күні ішінде нормативтік құқықтық актінің жобасын қарайды және Қоғамдық кеңестің хатшысына нормативтік құқықтық актінің жобасын қарау не нормативтік құқықтық актінің жобасын қараусыз қалдыру жөнінде қабылданған шешім туралы хабарлайды.
- Қоғамдық кеңестің хатшысы Қоғамдық кеңес мүшелерінің келіп түскен ұсыныстарын түпкілікті шешім қабылдау үшін Қоғамдық кеңес төрағасының қарауына енгізеді.
- Қоғамдық кеңестің нормативтік құқықтық актінің жобасын қарау не қараусыз қалдыру жөніндегі шешімі Қоғамдық кеңес мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда Қоғамдық кеңес төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
- Қоғамдық кеңес шешім қабылдағаннан кейін бір жұмыс күні ішінде Қоғамдық кеңестің хатшысы мәслихатты немесе жергілікті атқарушы органдарды Қоғамдық кеңестің қабылдаған шешімі туралы хабардар етеді.
- Қоғамдық кеңес нормативтік құқықтық актінің жобасын қарау туралы шешім қабылдағаннан кейін нормативтік құқықтық актінің жобасы қарау үшін Қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен оның отырысына енгізіледі.
- Нормативтік құқықтық актінің жобасын қарау қорытындылары бойынша шешім Қоғамдық кеңес мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда Қоғамдық кеңес төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
- Дауыс беру қорытындыларын ескере отырып, Қоғамдық кеңестің хатшысы қаралатын нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша Қоғамдық кеңес ұсынымдарының жобасын дайындайды және қоғамдық Кеңестің төрағасына қол қоюға енгізеді.
- Қоғамдық кеңестің төрағасы қол қойған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қоғамдық кеңестің ұсынымдарын Қоғамдық кеңестің хатшысы нормативтік құқықтық актінің жобасын қарауға ұсынған мәслихатқа немесе жергілікті атқарушы органдарға қағаз немесе электрондық жеткізгіште не электрондық почта арқылы жібереді.
- Заңның 5-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес жергілікті мемлекеттік басқару органдары құратын Қоғамдық кеңес мемлекеттік органның немесе тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік өңірінің тиісті қызмет саласындағы қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды.
- Қоғамдық кеңес өтініштерді қарау нәтижелері бойынша келесідей шешімдердің бірін қабылдайды:
1) өтінішті құзыреті бойынша тиісті мемлекеттік органға немесе жергілікті мемлекеттік басқару органына жолдау туралы;
2) осы өтінішті Қоғамдық кеңестің отырысында қарау туралы;
3) келіп түскен өтінішті қарау бойынша қоғамдық бақылау нысандарының бірін жүргізу туралы.
- Қоғамдық кеңестің хатшысы өтінішке дайындалған жауапты өтініш берушіге заңнамада көзделген мерзімде жібереді.
- «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестер қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 3 қаңтардағы № 406-VI ҚРЗ 5-бабы 1-тармағының 4-1) тармақшасына сәйкес жергілікті мемлекеттік басқару органдары құратын Қоғамдық кеңестердің өкілеттіктеріне келесілер жатады:
1) квазимемлекеттік сектор субъектілерін қоспағанда, мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің даму жоспарларының іске асырылу мониторингінің нәтижелері туралы есептерді талқылау;
2) 13) тармақшамен - мемлекеттік құпияларды не Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, жергілікті деңгейде тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде құқық қорғау органдары басшыларының заңдылықты қамтамасыз ету және адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сақталуы мәселелері жөніндегі ақпаратын тыңдау.
3) 7-баптың 1-тармағының 8) тармақшасына сәйкес ерекше тәртіп қолданыла отырып жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алуды қоспағанда, тиісті мемлекеттік органның мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстық комиссияларына қатысуға құқығы бар.
- Қоғамдық кеңестің төрағасы өз өкілеттіктері шеңберінде:
1) Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырады;
2) отырыстарда төрағалық етеді;
3) Қоғамдық кеңес атынан құжаттарға қол қояды;
4) Қоғамдық кеңестің шешімдерін іске асыру жөніндегі қызметті үйлестіреді;
5) кеңесші дауыс беру құқығымен жергілікті мемлекеттік басқару органының отырыстарына қатысады;
6) өзі болмаған уақытта төрағаның міндетін атқаруды Қоғамдық кеңес төралқасы мүшелерінің біріне береді.
- Ұйымдастыру мәселелерін шешуді қамтамасыз ету, Қоғамдық кеңестің отырыстарын дайындау мен өткізу, Қоғамдық кеңесте іс жүргізуді ұйымдастыру және жүргізу мақсатында Қоғамдық кеңестің хатшысы:
1) Қоғамдық кеңестің отырыстарын дайындау мен өткізудің ұйымдастырушылық мәселелерін шешуді қамтамасыз етеді;
2) Қоғамдық кеңесте іс жүргізуді ұйымдастырады және жүргізеді, сондай-ақ Қоғамдық кеңес шешімдерінің орындалу мерзімдеріне бақылау жасайды.
- Қоғамдық кеңестің хатшысы Қоғамдық кеңестің мүшесі болып табылмайды.