Ақмола облысының жер
қатынастары басқармасы басшысының
жер қатынастарын реттеу саласындағы
мемлекеттік саясатты іске асыру
жөніндегі есебі туралы
Ақмола облыстық мәслихаты Ақмола облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Алмагүл Аманжолқызы Қадыралинаның жер қатынастарын реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі есебін тыңдап және талқылай отырып, Мемлекет басшысының жер ресурстарын пайдаланудың тиімділігін қамтамасыз етуге байланысты тапсырмаларын іске асыру бойынша жұмыстың белгілі бір нәтижелері бар екенін атап өтті.
Жалпы, Ақмола облысының жер қатынастары басқармасы (бұдан әрі – басқарма) өз күш-жігерін өз қызметінің негізгі бағыттарына: ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге космомониторинг жүргізуге, жер учаскелерін беруге және құзыретіне сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсетуге, сауда-саттық (конкурстар, аукциондар) өткізу мәселелерін үйлестіруге, елді мекендердің әкімшілік шекараларын белгілеуге және басқарманың тұрақты бақылауындағы басқа да көрсеткіштерге шоғырландырды.
QOLDAU.kz порталында қалыптастырылған деректерге сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді космомониторингтеу нәтижесінде облыс бойынша барлығы 3 млн. га пайдаланылмайтын және ұтымды пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы алқаптары қалыптасты, оның ішінде егістік – 316,8 мың га, жайылым – 2 млн. 752 мың га.
Барлық жер пайдаланушыларға жерді пайдалану қажеттілігі туралы хабарлама жіберілді. Бұл жұмыстың оң нәтижелері бар.
767,9 мың га (егістік – 155,5 мың га, жайылым – 612,4 мың га) пайдаланылуға кірісті;
48,1 мың га (егістік – 6,8 мың га, жайылым – 41,2 мың га) мемлекеттік меншікке қайтарылды.
Сонымен қатар, Басқарма жүргізген талдау құқық белгілейтін құжаттарға сәйкес веб-портал бойынша деректердің нақты деректермен сәйкессіздігін көрсетті.
Пайдаланылмайтын алаңды айқындау кезінде басқа аудандарда және тіпті облыстарда орналасқан жер пайдаланушыға тіркелген алқаптардың аудандары да ескеріледі.
Осы және басқа да проблемалық мәселелер туралы орталық уәкілетті органға және портал әзірлеушісіне хабарланды.
Цифрлық технологиялардың кең мүмкіндіктері жер учаскелерін беру тәртібіне де енгізілуде.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер кодексіне жер учаскелерін Бұқаралық цифрлық картасы, Мемлекеттік жылжымайтын мүліктің бірыңғай кадастры (МЖМБК), Өңірлік геоақпараттық жүйе (ӨГАЖ) арқылы беру тәртібін және жер комиссиясы институтын алып тастауды белгілейтін түзетулерді көздейтін заң жобасын әзірледі.
Осы заң жобасын қолданысқа енгізудің жоспарлы мерзімі 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап белгіленген.
Көрсетілген мерзімге дейін жергілікті атқарушы органдардың алдында Өңірлік геоақпараттық жүйелерді енгізу үшін қажетті тиісті деректермен ақпараттық жүйелерді толықтыру, оның ішінде облыстың елді мекендерінің әкімшілік шекараларын белгілеу жөніндегі міндет тұр. Бүгінгі күні 605 елді мекеннің 246 шекарасы бар. Жергілікті атқарушы органдарға аталған жұмыстарды жүргізуге қаражат бөлу жөнінде шаралар қабылдау туралы тиісті тапсырма берілді.
Жалпы Басқарма алдына міндеттер қойылды, басымдықтар айқындалды, жерді ұтымды пайдалану тиімділігін арттыру, жер қатынастары жөніндегі аудандық (қалалық) уәкілетті органдардың жұмысын үйлестіру жөніндегі жұмыс жалғасуда.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде, Ақмола облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
- жер заңнамасының нормаларын сақтау мақсатында жүйелі негізде алдын алу, ұйымдастыру іс-шараларын жүргізу;
- ҚР жер заңнамасына енгізілген жаңалықтарды түсіндіру бойынша іс-шараларды жалғастыру;
- шағын бизнес субъектілерін тексеруге мораторийді ескере отырып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмайтын жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару бойынша жұмысты жалғастыру;
- жеке ауладағы жануарларды жаю үшін халықтың жайылымдық алқаптарға қажеттілігін қанағаттандыру бойынша барлық шараларды қабылдау;
- сауда-саттық (конкурстар, аукциондар) арқылы жер учаскелерін беру бойынша жұмысты жүйелендіру және жоспарлау бойынша шаралар қабылдай отырып, оны уақтылы жүргізу;
- елді мекендердің әкімшілік шекараларын белгілеу, соның ішінде осы мақсаттарға ақшалай қаражат бөлу бойынша жұмысты жандандыру;
- жер қатынастары саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бойынша шаралар қабылдау.
|
Ақмола облыстық мәслихаты сессиясының төрағасы
______________ Ж. Әміржанов |
Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы
____________ М. Балпан |