Қазақстан Республикасының Республика күні қарсаңында аудандық Мәдениет үйінде қоғам өкілдері мен аудан тұрғындарының басын қосқан салтанатты іс-шара өтті.
Салтанатты рәсімнің маңызды сәттерінің бірі – Жарқайың аудандық мәслихаты аппаратының бас маманы Дина Нұрланқызы Бердіғалиеваның мемлекеттік қызметке қабылданған кезде ант беруі болды. Бұл маңызды оқиға жоғары жауапкершілікті сезіну, қызметтік борышқа адал болу және мемлекет пен халық игілігі жолында адал еңбек етуге дайын екендігінің белгісі болып табылады.
Мерекелік іс-шара аясында ауданның дамуына қосқан елеулі үлесі мен адал еңбегі үшін Жарқайың аудандық мәслихаты аппаратының ұйымдастыру жұмысы бөлімінің басшысы Аслан Бақытжанұлы Шакиров Жарқайың ауданы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Көп жылғы адал еңбегі мен туған өлкенің дамуына қосқан ерекше үлесі үшін Жарқайың ауданының Құрметті азаматы Асылхан Қапашұлы Альжановқа және Жарқайың ауданының Қоғамдық кеңесінің төрағасы Дулат Әбілқасымұлы Шакировқа «Қазақстан Республикасы Парламентіне 30 жыл» мерейтойлық медальдары табысталды.
Сонымен қатар, Жарқайың ауданының Құрметті азаматы Олег Петрович Решетнев Жарқайың ауданының 60 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен марапатталды.
Мерекелік іс-шара өз қызметі мен өмір жолы жауапкершіліктің, өз ісіне адалдықтың және туған жерге деген сүйіспеншіліктің үлгісі болып табылатын азаматтарға алғыс білдіруге тағы бір мүмкіндік берді. Республика күні – тәуелсіздіктің қадірін, халық бірлігін және Қазақстанның болашағы үшін ортақ жауапкершілікті еске салатын маңызды мереке.
22 қазанда Жарқайың аудандық мәслихатының аппаратында Жарқайың ауданы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілінің қатысуымен түсіндіру кездесуі өтті.
Кездесу барысында қызметтік әдеп нормаларын сақтау, тәртіпті нығайту, қарым-қатынас мәдениеті және мемлекеттік қызметшілердің сыртқы келбетіне қойылатын талаптар мәселелері қаралды. Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі мінез-құлық қағидаларына, лудоманияның алдын алуға және оның кері салдарына ерекше назар аударылды.
Кездесуге қатысушыларға қызметтік міндеттеріне жауапкершілікпен қараудың, жалпыға ортақ әдеп нормаларын сақтаудың және мемлекеттік қызметшінің қызмет барысында да, күнделікті өмірде де лайықты имиджін қалыптастырудың маңыздылығы түсіндірілді.
Мұндай кездесулер қызметкерлердің құқықтық және әдептік сауаттылығын арттыруға, қызметтік тәртіпті нығайтуға және жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттырудың және азаматтардың сенімін нығайтудың маңызды шарты болып табылады.
Ағымдағы жылдың 21–22 қазан күндері Жарқайың аудандық мәслихаты аппаратының қызметкерлері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында және Республика күніне орай шырша мен өзге де ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстарына қатысты.
Іс-шара аумақты абаттандыру мен көгалдандыруға, экологиялық жағдайды жақсартуға және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Ағаш отырғызу – табиғи ресурстарды сақтауға, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға және экологиялық мәдениетті арттыруға қосылған маңызды үлес.
Осындай игі бастамалар тұрғындарды ортақ мақсатқа біріктіріп, туған өлкені таза, жасыл әрі жайлы етуге, оны бүгінгі және келешек ұрпақ үшін сақтауға ықпал етеді.
Жарқайың аудандық мәслихаты аумақты абаттандыруға және туған өлкенің табиғи байлығын сақтауға бағытталған экологиялық бастамаларды қолдайды.
Қарин Шынболат Айтқалиұлы — № 3 сайлау округі бойынша Жарқайың аудандық мәслихатының депутаты (Гастелло, Далабай, Тассуат ауылдары).
Шынболат Айтқалиұлы жоғары білімді. 2016 жылы Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтын «Педагогика және психология» мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазіргі таңда «Балдырған» балабақшасында психолог болып жұмыс істейді. Ол балалардың қабілеттерін ашуға көмектесіп, әрқайсысына көңіл бөліп, қолдау көрсетуге ерекше мән береді.
Денсаулығына байланысты мүмкіндіктері шектеулі болғанына қарамастан, Шынболат Айтқалиұлы белсенді өмір салтын ұстанып, спортта жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Ол Жарқайың ауданының құрама командасының тұрақты мүшесі және мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы облыстық жарыстардың бірнеше мәрте жүлдегері. Щучинск қаласында өткен «Үміт» облыстық жазғы спартакиадасында бірінші орын алып, туған ауданына алтын медаль сыйлады.
Оның шығармашылық қабілеті де ерекше. Шынболат Айтқалиұлы — ақын әрі ән авторы. Алғашқы өлеңдерін үшінші сыныпта оқып жүрген кезінде жазған. Бүгінде оның шығармашылық қоржынында өлеңдер, авторлық әндер және рэп жанрындағы туындылар бар. Ана тіліне деген сүйіспеншілігі мен оның сұлулығын шығармашылығы арқылы жеткізуге деген ұмтылысы, әсіресе, жас ұрпаққа жақын.
Қоғамдық белсенділік те оның өмірінде маңызды орын алады. 2022–2025 жылдары Шынболат Айтқалиұлы Жарқайың ауданының Қоғамдық кеңесінің мүшесі болды. Қазіргі уақытта аудандық мәслихат депутаты ретінде сессияларға және тұрақты комиссиялардың жұмысына қатысып, азаматтардың өтініштерін қарайды, округ тұрғындарын толғандыратын мәселелерді көтереді.
Депутат халықпен тікелей байланыс орнатуға ерекше көңіл бөледі. Ауылдарды абаттандыру, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, жастарды қолдау, білім беру және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру — оның назарындағы негізгі мәселелер.
Шынболат Айтқалиұлының басты тірегі — отбасы. Ол үйленген, төрт баланы тәрбиелеп отыр. Отбасылық құндылықтар, кәсіби қызмет, спорт, шығармашылық және қоғамдық жұмыс оның белсенді өмірлік ұстанымының негізін құрайды.
Бүгінде Шынболат Айтқалиұлы депутаттық қызметін жалғастырып, сайлаушылардың сенімін ақтауға және өз еңбегімен Жарқайың ауданының дамуына үлес қосуға ұмтылып келеді. Оның өмір жолы — қайсарлық, еңбекқорлық және туған жерге деген сүйіспеншілік адамның өз қабілетін жүзеге асырып, қоғамға пайдасын тигізуіне жол ашатынын көрсететін өнегелі үлгі.
Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Жарқайың ауданының зейнеткерлері мен ерекше қажеттіліктері бар жандар арасында дәстүрлі аудандық «Жігер» спартакиадасы өтті.
Спорттық додаға ауданның ауылдық округтері мен Державинск қаласынан келген спортшылар қатысып, шахмат, дойбы және үстел теннисі бойынша өзара бақ сынасты. Қатысушылар әр сайыста белсенділік танытып, спортқа деген қызығушылықтары мен шеберліктерін көрсетті.
Жарыста Жарқайың аудандық мәслихатының төрағасы А. Әлжанов та белсенді қатысып, жақсы нәтиже көрсетті. Үстел теннисінен II орын, ал дойбыдан I орын иеленді. «Жігер» спартакиадасы – аға буын өкілдері мен ерекше қажеттіліктері бар жандардың бос уақытын тиімді өткізуіне, салауатты өмір салтын ұстануына және қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік беретін маңызды шаралардың бірі.
Барлық қатысушыларға мықты денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй, сергектік және жаңа спорттық жетістіктер тілейміз!
1 қазан – Қарттар күні қарсаңында Жарқайың аудандық мәслихатының төрағасы А. Әлжанов ауданымыздың ардақты азаматтары Куделюк Владимир Ивановичті және Сыздықов Сейфулла Қажығалиұлын мерекемен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасыларына амандық тіледі.
Сондай-ақ аудандық мәслихаттан зейнетке шыққан ардагерлерге арнайы дастархан жайылып, құрмет көрсетілді.
Іс-шара барысында аға буын өкілдерінің ел дамуына қосқан үлесі, мол өмірлік тәжірибесі мен кейінгі ұрпаққа берген өнегесі атап өтілді.
Ардагерлерге деген құрмет – ұрпақ парызы.
Барша қазыналы қарттарымызға мықты денсаулық, баянды ғұмыр, отбасыларына береке мен амандық тілейміз!
Жарқайың аудандық мәслихатының төрағасы А. Әлжанов аудандық мәслихат депутаттарымен бірге І топтағы мүгедектігі бар, көпбалалы ана, «Алтын алқа» төсбелгісімен наградталған Черкезова Тансұлу Худайбергенқызының шаңырағына арнайы барып, сый-сияпат табыс етті.
Кездесу барысында аудандық мәслихат депутаттары Тансұлу Худайбергенқызына құрмет пен ілтипат білдіріп, ана еңбегіне және бала тәрбиесіне қосқан үлесіне ризашылықтарын жеткізді. Сонымен қатар, арнайы сыйлық табыстап, оған зор денсаулық, отбасына амандық, бақ-береке және толағай табыс тіледі.
Осындай кездесулер – өмірдің түрлі қиындықтарына қарамастан, рухы мықты болып, отбасының береке-бірлігін сақтап, қоғамның дамуына өз үлесін қосып жүрген жандарға деген қамқорлық пен құрметтің айқын көрінісі.
2026 жылғы 28 қыркүйекте Жарқайың аудандық мәслихатының VIII шақырылымының кезектен тыс 74-сессиясы аудандық мәслихат төрағасы Асылхан Әлжановтың төрағалығымен өтті.
Сессия жұмысына Жарқайың ауданының әкімі Е. Жүсіпбеков, аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық ұйымдар мен мекемелердің басшылары, қала әкімі, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессия барысында күн тәртібі бекітіліп, төмендегі мәселелер қаралды:
Аталған мәселе бойынша Жарқайың ауданының экономика және қаржы бөлімінің басшысы Б.А. Ахметова баяндама жасады.
Екінші мәселе бойынша Жарқайың ауданы әкімі аппаратының құқықтық жұмыс және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы О.А. Гуменная баяндама жасады.
Күн тәртібіндегі мәселелерді қарау қорытындысы бойынша аудандық мәслихат депутаттары тиісті шешімдер қабылдады.
24 қыркүйек күні «Мемлекеттік тілді оқыту: әдіс, тәжірибе, инновация» тақырыбында облыстық семинар-кеңес өтті.
Іс-шараға Жарқайың аудандық мәслихатының төрағасы А. Әлжанов қатысты.
Семинар барысында мемлекеттік тілді оқытудағы заманауи әдіс-тәсілдер, озық тәжірибелер мен инновациялық бағыттар талқыланды.
Сондай-ақ «Абай – дара, Абай – дана қазақта» атты көркемсөз оқу шеберлері мен өнерпаздардың қатысуымен мазмұнды мәдени бағдарлама ұсынылды. Қатысушылар Абай шығармаларын мәнерлеп оқып, ән мен күйден шашу шашты.
Шара соңында қонақтар Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына экскурсия жасап, орталықтың жұмысымен және жүзеге асырылып жатқан жобаларымен танысты.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, оны оқыту мен қолданудың тиімді жолдарын жетілдіру – баршамызға ортақ міндет.
2026 жылдың 22 қыркүйегінде «Әділет» партиясының Жарқайың аудандық филиалында «Жас аналар клубы» жобасы аясында кездесу өтті.
Кездесуге Жарқайың аудандық мәслихатының бас маманы М.М. Жүсіпбекова қатысты. Іс-шара жылы әрі достық атмосферада өтті. Бағдарламаның ерекше пайдалы тұсы – жас аналардың психологпен және педиатрмен тілдесу мүмкіндігі болды.
Әрбір отбасыға – береке, әрбір анаға – күш-қуат, ал әрбір балаға бақыт пен амандық тілейміз!