"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабына сәйкес»
1. Мәслихат сессиясы жалпы отырыс нысанында өткізіледі.
2. Мәслихаттың бірінші сессиясын тиісті сайлау комиссиясының төрағасы ашады және мәслихат сессиясының төрағасы сайланғанға дейін жүргізеді. Одан әрі мәслихат сессиясын мәслихат сессиясының төрағасы жүргізеді.
3. Егер мәслихаттың сессиясына мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, ол заңды болады.
Шешімдер мәслихат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.
4. Сессия жұмысында мәслихат шешімі бойынша мәслихат белгілеген он бес күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге үзіліс жасалуы мүмкін.
5. Сессияның ұзақтығын мәслихат айқындайды.
6. Мәслихат сессиялары, әдетте, ашық сипатта болады. Мәслихат сессиясы төрағасының немесе мәслихат сессиясына қатысып отырған депутаттар санының үштен бірінің ұсынысы бойынша қабылданатын мәслихат шешімі бойынша, егер қатысып отырған депутаттардың жалпы санының көпшілігі осы үшін дауыс берсе, жабық сессиялар өткізуге жол беріледі.
7. Мәслихат сессиясы төрағасының шақыруы бойынша жергілікті атқарушы органдардың басшылары, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында орналасқан ұйымдардың басшылары мен өзге де лауазымды адамдары мәслихаттың құзырына жататын мәселелер бойынша ақпарат беру үшін мәслихат сессиясына келуге міндетті.