Мәслихаттың сессиялары

Мәслихаттың сессиясын өткізу тәртібі

Мәслихат қызметінің негізгі нысаны сессия болып табылады, онда Қазақстан Республикасының заңнамасымен оның қарауына жатқызылған мәселелер шешіледі.

       Мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан Мәслихат сессиясы құзырлы болып табылады. Осы тармақтың бесінші бөлігінде көрсетілген жағдайларды қоспағанда, сессия интернет-ресурстарда онлайн-трансляция ұйымдастырыла отырып жалпы отырыстар нысанында өткізіледі. Онлайн-трансляциялар

Мәслихаттың техникалық мүмкіндіктері ескеріле отырып жүзеге асырылады.

       Мәслихат шешімі бойынша сессияның жұмысында күнтізбелік он бес күннен аспайтын үзіліс жасалуы мүмкін. Сессияның ұзақтығы Мәслихатпен айқындалады.

       Мәслихат отырысының алдында қатысып отырған депутаттарды тіркеу жүргізіледі, оның нәтижелері Мәслихат төрағасымен отырыс басталардан бұрын жария етіледі.

       Мәслихат сессиясы, әдетте, ашық сипатта болады. Мәслихат төрағасының немесе сессияға қатысып отырған депутаттар санының үштен бірінің ұсынысы бойынша, қатысып отырған депутаттардың жалпы санының көпшілік дуысымен қабылданған Мәслихат шешімі бойынша жабық сессияларды өткізуге жол беріледі.

       Төтенше жағдай режимі жарияланған немесе төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жою кездегі шектеу шараларын, оның ішінде карантин енгізу кезеңінде, сессия бейне-конференц байланыс немесе өзге де байланыс құралдары арқылы өткізілуі мүмкін.

Мәслихат үшін айқындалған депутаттар санының кемінде төрттен үш бөлігі сайланған кезде, жаңадан сайланған Мәслихаттың бірінші сессиясы Мәслихат депутаттары тіркелген күннен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде Жаңақорған ауданының аумақтық сайлау комиссиясының (бұдан әрі – Сайлау комиссиясы) төрағасымен шақырылады.

Сайлау комиссиясының төрағасы Мәслихаттың бірінші сессиясын ашады және оны Мәслихат төрағасы Регламенттің 20, 45, 46 және 57 тармақтарына сәйкес сайланғанға дейін жүргізеді.

Мәслихаттың кезекті сессиялары кемінде жылына төрт рет өткізіледі. Мәслихаттың кезекті сессиясы Мәслихат төрағасымен шақырылады және жүргізіледі.

      Мәслихаттың кезекті сессияларын өткізу жоспары Мәслихат шешімімен бекітіледі.

Мәслихаттың кезектен тыс сессиясы осы Мәслихатқа сайланған депутаттар санының кемінде үштен бірінің ұсынысы бойынша, сондай-ақ Жаңақорған ауданы әкімінің (бұдан әрі – аудан әкімі) өтініші бойынша Мәслихат төрағасымен шақырылады және жүргізіледі.

       Кезектен тыс сессия оны өткізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей шақырылады. Кезектен тыс сессияда оны шақыруға негіз болған мәселелер ғана қаралады.

Мәслихат сессиясын шақыру уақыты мен өткізілетін орны, сондай-ақ оның қарауына енгізілетін мәселелер туралы Мәслихат депутаттары, жергілікті халық және аудан әкімі тиісті ақпаратты Мәслихаттың ресми интернет-ресурсында орналастыру арқылы хабардар етіледі.

       Ақпарат Мәслихаттың интернет-ресурсында кезекті сессияға дейін кемінде он күн қалғанда, ал кезектен тыс сессия шақырылған жағдайда – кемінде үш күн бұрын орналастырылуға тиіс.

       Мәслихат төрағасы сессияның қарауына енгізілетін мәселелер бойынша қажетті материалдарды депутаттарға және аудан әкіміне кезекті сессияға дейін кемінде бес күн қалғанда, ал кезектен тыс сессия шақырылған жағдайда кемінде үш күн бұрын қағаз немесе электрондық түрде ұсынады.

Мәслихат сессияларын, тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының отырыстарын өткізу кезеңінде, депутаттық өкілеттіктерді жүзеге асыру уақытында және Мәслихат депутаттарының депутаттық өкілеттіктерді жүзеге асыруға байланысты біліктілігін арттыру кезеңінде депутат қызметтік міндеттерін орындаудан босатылады, оған жергілікті бюджет қаражаты есебінен негізгі жұмыс орны бойынша, бірақ көрсетілген лауазымда бір жылға дейінгі жұмыс өтілі бар аудан әкімі аппараты басшысының жалақысынан аспайтын мөлшерде орташа жалақысы және жолдағы уақыты ескеріліп, Мәслихат сессиялары, тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының отырыстары өтетін, біліктілігі арттырылатын мерзімге іссапар шығыстары өтеледі.

Сессияның күн тәртібі Мәслихаттың жұмыс жоспары және Мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарымен, депутаттық бірлестіктерімен, депутаттармен және аудан әкімімен енгізілетін мәселелер негізінде Мәслихат төрағасымен қалыптастырылады.

       Мәслихат төрағасына сессияның күн тәртібі бойынша ұсыныстар жергілікті қоғамдастықтың жиналыстар мен қоғамдық бірлестіктермен ұсынылуы мүмкін.

       Сессияның күн тәртібі оны талқылау барысында толықтырылуы және өзгертілуі мүмкін.

Сессияның күн тәртібі Мәслихат шешімен бекітіледі. Күн тәртібі бойынша дауыс беру әрбір мәселе бойынша жеке өткізілуі мүмкін.

Сессияға енгізілетін мәселелерді сапалы дайындау үшін Мәслихат төрағасы сессияны дайындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіте алады. Қажет болған жағдайда іс-шаралар жоспары аудан әкімімен келісіледі.

Сессия күн тәртiбiнің соңғы жобасы және оған енгізілген мәселелердi қараудың реттілігі әдетте сессия алдында өткізілетін Мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында қаралады және қатысып отырған депутаттардың жалпы санының көпшiлiк дауысымен ашық дауыс беру арқылы бекiтiледi.

        Сессия алдында Мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өткізілмеген жағдайда, күн тәртібі сессияда қалыптастырылады.

Мәслихат сессияларына ауданның, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері, жұмысы сессияда қаралатын ұйымдардың басшылары мен өзге де лауазымды тұлғалар шақырылуы мүмкін. Сессияларға бұқаралық ақпарат құралдары, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуына жол беріледі.

       Мәслихат аппараты шақырылған тұлғаларды олардың отырыс залында қатысып отыру қажеттiлігi туралы және қарауға жататын мәселелер туралы алдын ала хабардар етедi.

Мәслихаттың отырысына шақырылған тұлғалар үшін отырыс залында арнайы орындар бөлінеді. Шақырылған тұлғалардың Мәслихат сессиясының жұмысына араласуына, Мәслихат сессиясының шешімдерін мақұлдайтынын немесе мақұлдамайтынын білдіруіне жол берілмейді.

       Шақырылған тұлға тәртіпті өрескел бұзған жағдайда, Мәслихат төрағасының немесе сессияға қатысып отырған депутаттардың көпшілігінің талабы бойынша отырыс залынан шығарылуы мүмкін.

Мәслихат сессиясы өткізілетін уақыт Мәслихатпен белгіленеді.

       Мәслихат төрағасы өз бастамасы немесе депутаттардың уәжді ұсынысы бойынша үзіліс жариялай алады. Жалпы отырыстың соңында депутаттардың қысқа мәлімдемелері мен хабарламаларына уақыт беріледі, олар бойынша жарыссөз ашылмайды.

Сессияның отырыстарында баяндамалар үшiн – он бес минутқа дейiн, қосымша баяндамалар үшiн - он минутқа дейiн, жарыссөзде сөз сөйлеу үшiн - жеті минутқа дейiн, жарыссөзде қайта сөз сөйлеу үшiн - бес минутқа дейiн, кандидатураларды талқылау кезiнде - үш минутқа дейiн, рәсiмдiк мәселелер бойынша сөз сөйлеу үшiн, анықтамалар мен сұрақтар үшiн екi минутқа дейiн уақыт берiледi. Қажет болған жағдайда төрағалық етушi екi минуттан аспайтын қосымша уақыт беруi мүмкiн.

       Сұрақтар қою және оларға жауап беру үшiн – отыз минуттан аспайтын, ал жарыссөз үшiн жиырма минуттан аспайтын уақыт бөлiнедi. Жарыссөз аяқталғаннан кейiн баяндамашы мен қосымша баяндамашының бес минут шегiнде қорытынды сөз сөйлеуге құқығы бар.

       Мәслихат қатысып отырған депутаттардың жалпы санының көпшiлiк даусымен өзге уақыт белгiлей алады.

      Мәслихат депутаты бір мәселе бойынша екі реттен артық сөйлей алмайды. Депутаттық сауалдар, сұрақтарға түсініктер мен жауап беру үшін сөйлеу жарыссөздерде сөз сөйлеу деп есептелмейді. Сөйлеу құқығын басқа депутатқа беруге жол берілмейді.

       Жарыссөз Мәслихат төрағасының ұсынысы бойынша қатысып отырған депутаттардың көпшілік дауысымен ашық дауыс беру арқылы тоқтатылады. Жарыссөзді тоқтату туралы мәселе қойылған кезде, Мәслихат төрағасы сөз сөйлеуге жазылған және сөйлеген депутаттардың саны туралы хабарлайды, кімнің сөз алуды талап ететіндігін анықтайды, және қатысып отырған депутаттардың көпшiлiгi келiскен жағдайда оған сөз бередi.

        Жарыссөздiң тоқтатылуына байланысты сөз сөйлей алмай қалған депутаттар өз сөздерiнiң қол қойылған мәтiндерiн жалпы отырыстың хаттамасына тiркеп қоюға құқылы.

Отырысты жүргізу тәртібі бойынша сөз депутатқа кезекті сөз аяқталған кейін кезектен тыс беріледі. Мәслихат төрағасы анықтама, депутаттық сауал, сұраққа жауап және талқыланып отырған мәселе бойынша түсіндірме беру үшін кезектен тыс сөз бере алады.

        Баяндамашыларға сұрақтар жазбаша немесе ауызша түрде беріледі. Жазбаша сұрақтар Мәслихат төрағасына беріледі және сессияда жария етіледі.

Рәсiмдiк мәселелер бойынша шешiмдер қатысып отырған депутаттардың көпшiлiк даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады және Мәслихат шешімдері ретінде рәсімделмей, жалпы отырыстардың хаттамаларына енгізіледі.

        Бұндай рәсiмдiк мәселелерге:

        1) отырысты жүргізу тәртібі туралы;

        2) мәселелердi талқылау кезектiлiгi туралы;

        3) жарыссөздi тоқтату немесе жалғастыру туралы;

        4) сұрақ қоюды тоқтату туралы;

        5) дауыс беру тәсілдері туралы;        

        6) кворумды куәландыру туралы;

        7) жасырын дауыс беруді өткізу туралы;

        8) сөз сөйлеу уақытын шектеу немесе ұзарту туралы;

        9) дауыстарды қайта санау туралы;

        10) қаралатын мәселелер бойынша бұрын қабылданған шешімдерге және (немесе) қайта дауыс беруге оралу туралы;

       11) Мәслихат төрағасының немесе сессияға қатысып отырған депутаттардың көпшілігінің талабы бойынша шақырылған тұлғаны мәжіліс залынан шығарыу туралы мәселелер жатады.

Мәслихаттың сессиялары
Дата публикации
14 марта 2023