Мәслихаттың тұрақты және уақытша комиссиялары
Мәслихат бірінші сессияда өз өкілеттігінің мерзіміне Мәслихаттың қарауына жататын мәселелерді алдын ала қарау және дайындау, оның шешімдерін жүзеге асыруға ықпал ету және өз құзыреті шегінде функцияларды жүзеге асыру үшін тұрақты комиссияларды құрады. Тұрақты комиссиялардың мүшелері Мәслихатпен депутаттар қатарынан ашық дауыс беру арқылы сайланады.
Тұрақты комиссиялардың сандық және дербес құрамы Мәслихат төрағасының ұсынысы бойынша Мәслихатпен айқындалады.
Тұрақты комиссиялардың саны жетіден аспауға тиіс.
Тұрақты комиссиялар жұмыс топтарын құра алады.
Тұрақты комиссиялардың қызметін ұйымдастыру, функциялары мен өкілеттіктері Заңмен және Регламентпен айқындалады.Мәслихаттың қарауына жатқызылған жекелеген мәселелерді сессияларда қарауға дайындау мақсатында Мәслихат немесе Мәслихат төрағасы уақытша комиссияларды құра алады. Уақытша комиссиялардың құрамдары, міндеттері, өкілеттік мерзімдері мен құқықтары оларды құру кезінде тиісінше Мәслихатпен немесе Мәслихат төрағасымен айқындалады.Тұрақты комиссиялар өз бастамасы немесе Мәслихаттың шешімі бойынша көпшілік тыңдаулар өткізе алады.
Көпшілік тыңдаулар тұрақты комиссиялардың қарауына жатқызылған өте маңызды және қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылау мақсатында, осы комиссиялардың депутаттары, атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, азаматтар қатысатын кеңейтілген отырыстары нысанында өткізіледі.
Көпшілік тыңдауларды өткізу үшін депутаттар қатарынан жұмыс тобы құрылады. Тыңдауларды дайындау үшін өзге мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мамандары тартылуы мүмкін.
Тұрақты комиссия көпшілік тыңдаулар өткізілерден бір ай бұрын бұқаралық ақпарат құралдары мен (немесе) Мәслихаттың ресми интернет-ресурсы арқылы алда болатын көпшілік тыңдаулардың тақырыбын халықтың назарына жеткізеді.
Тұрақты комиссия көпшілік тыңдауларға мүдделі мемлекеттік органдардың, жұртшылықтың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін шақырады. Көпшілік тыңдауларға басқа тұрақты комиссиялардан Мәслихат депутаттары қатыса алады.
Көпшілік тыңдауларда тұрақты комиссияның депутаты сөйлегеннен кейін сұрақтарға жауап беру үшін уақыт бөлінеді.
Тұрақты комиссия депутатының сөз сөйлеу қорытындылары бойынша келіп түскен ұсыныстар мен ескертулер көпшілік тыңдаулар хаттамасына енгізіледі.
Көпшілік тыңдаулардың хаттамасын Мәслихат аппаратының қызметкері дайындайды және оған көпшілік тыңдауларда төрағалық еткен Мәслихат депутаты қол қояды.
Қаралатын мәселелер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік немесе қызметтік құпияға жатқызылған жағдайларды қоспағанда, тұрақты комиссиялардың отырыстары, әдетте, ашық болады.
Тұрақты комиссиялардың отырыстары қажеттілігіне қарай шақырылады және олардың мүшелерінің жалпы санының жартысынан астамы қатысқан жағдайда құзырлы болып есептеледі.
Тұрақты комиссияның қаулысы комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.
Тұрақты комиссияның қаулысы мен отырыстың хаттамасына оның төрағасы, ал бірнеше тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өткізілген жағдайда, тиісті комиссиялардың төрағалары қол қояды.
Мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы
Тұрақты комиссияның төрағасы лауазымына кандидатуралар депутаттар қатарынан Мәслихат депутаттарымен Мәслихат сессиясында ұсынылады.
Мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы ашық дауыс беру арқылы Мәслихат депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен сайланады және лауазымнан босатылады.
Мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы лауазымына екеуден көп кандидатуралар ұсынылып, олардың бірде-бірі сайлану үшін талап етілетін дауыс санын жинай алмаған жағдайда, неғұрлым көп дауыс жинаған екі кандидатуралар бойынша қайтадан дауыс беру жүргізіледі.
Қайтадан дауыс беру кезінде осы кандидатуралардың бірде-бірі депутаттардың жалпы санының жартысынан көбінің даусын жинай алмаған жағдайда, қайтадан сайлау өткізіледі.
Комиссия отырысында дауыс беру кезінде депутаттардың дауыстары тең бөлінген жағдайда, тұрақты комиссияның төрағасы шешуші дауыс құқығын пайдаланады.
Мәслихаттың тұрақты комиссиялары бірінің төрағасы болмаған кезде, Мәслихат төрағасының шешімі бойынша оның өкілеттіктерін осы тұрақты комиссияның мүшесі болып табылатын депутат немесе Мәслихаттың басқа тұрақты комиссияның төрағасы уақытша жүзеге асырады.
Мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы өз өкілеттігін Қазақстан Республикасының заңнамасына, Регламентке және Мәслихат шешіміне сәйкес жүзеге асырады.