Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің 2025 жылы атқарған қызметтері туралы ЕСЕБІ

ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына сәйкес Қоғамдық кеңестер азаматтық қоғамның қоғамдық маңызды мәселелер бойынша пікірін білдіру мақсатын көздейді.

Қоғамдық кеңестердің міндеттері:

1) азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру және республикалық және жергілікті деңгейлерде шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру;

2) орталық атқарушы органдар мен жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын дамыту;

3) қоғамдық бақылауды ұйымдастыру және орталық атқарушы органдар мен жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады.

«Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің құрамын бекіту туралы» Жамбыл облыстық мәслихатының 2025 жылғы 11 наурыздағы №20-ө өкіміне сәйкес қалыптастырылған Қоғамдық кеңестің 31 мүшесі  Заңмен белгіленген Қоғамдық кеңестердің өкілеттіктерін іске асыру  мақсатында құқықтары мен міндеттерін орындап келеді.

ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының 16-бабына сәйкес Қоғамдық кеңес қоғамдық бақылауды мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шешімдер қабылдау процесіне азаматтық қоғамның қатысу мүмкіндігін кеңейту мақсатында жүзеге асырады. Қоғамдық бақылау объектісі болып табылатын жергілікті деңгейлердегі мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының қызметіне қоғамдық бақылау қоғамдық мониторинг, қоғамдық тыңдау, қоғамдық сараптама және мемлекеттік орган жұмысының нәтижелері туралы есепті тыңдау нысандарында жүзеге асырылады. Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің 4-ші құрамының қызметі 2025 жылдың 4-сәуірінен басталуына байланысты есепті кезеңде жұмыс жоспарына сәйкес қоғамдық бақылау қоғамдық сараптама, қоғамдық мониторинг және есептік тыңдау нысандарында жүзеге асырылды.

Қызмет бағыттары бойынша құрылған 6 комиссия және тұрақты жұмыс органдары болып табылатын комитеттер қоғамдық бақылау нысандарын жүзеге асыруда. 

Қоғамдық бақылау - мемлекеттік органдардың қызметінде тазалық пен ашықтықты қамтамасыз етудегі тиімді және пәрменді құралдардың бірі.

Кеңес мүшелері  жұмыс жоспарына сәйкес қоғамдық бақылауды қоғамдық сараптама, қоғамдық мониторинг және есептік тыңдау нысандарында жүзеге асыруда.

Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, дене шынықтыру және спорт, цифрландыру және архивтер басқармаларының жұмыс нәтижелері туралы есепті тыңдауы өткізіліп, басқарма басшыларының есептері тыңдалды.

Сонымен қатар, облыс әкімі аппаратының мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді мониторингілеу бөлімінің жалпы көрсеткіштер, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша бағалау көрсеткіштері, қоғамдық мониторинг қорытындысы, мерзім бұзу фактілер, ішкі бақылау жұмыстары, мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнаманың сақталуы бойынша бақылау шаралары, «сервистік әкімдіктер», профилактикалық жұмыстар жөніндегі есебі тыңдалды, мемлекеттік қызметтердің сапасын жетілдіру жөніндегі ұсынымдар берілді.

Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының 5-бабы 1-тармағы 13) тармақшасына сәйкес жергілікті деңгейде заңдылықты қамтамасыз ету және адам мен азаматтың құқықтарын және бостандықтарын сақтау мәселелері бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде құқық қорғау органдары басшыларының ақпаратын тыңдау жатады.

Осыған байланысты, облыстық Қоғамдық кеңес Жамбыл облысының Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Жанаев Бауыржан Даулетханұлының жергілікті деңгейде заңдылықты қамтамасыз ету және адам мен азаматтың құқықтарын және бостандықтарын сақтау мәселелері туралы ақпаратын тыңдады.  

Есепті кезеңде жұмыс жоспары бойынша облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, ауыл шаруашылығы, мәдениет және тілдерді дамыту, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту, ветеринария басқармаларына қоғамдық мониторинг жүргізілді. Аталған басқармаларда жүргізілген қоғамдық мониторинг нәтижелері бойынша жасалған қорытындыда мемлекеттік қызметтер көрсету нәтижесінде азаматтар үшін анықталған жағымсыз салдарлар туралы және қоғамдық мүдделерге қысым жасалғаны туралы ақпарат көрсетіліп, Қоғамдық кеңес қабылдаған ҚР Заңнамасының бұзушылықтарына қоғамдық мониторинг барысында анықталған себептер мен жағдайларды жою жөнінде ауыл шаруашылығы басқармасы, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, мәдениет және тілдерді дамыту, кәсіпкерлік және индустриалды- инновациялық дамыту, ветеринария  басқармасына барлығы  60 ұсыным жіберілді.

Оның ішінде мәдениет және тілдерді дамыту басқармасында мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге жүргізілген қоғамдық мониторинг қорытындысы бойынша қабылданған ұсынымдар а.ж. 14 қазанда Жамбыл облысы тұрғындарымен өткізілген кездесуде ҚР Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаеваға тапсырылды.

Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережеге сәйкес мемлекеттік органның немесе өңірдің тиісті қызмет саласының қоғамдық маңызы бар мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары қаралуда. Азаматтардың коммуналдық қызметтер, қоғамдық көлік, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау саласы бойынша 43 жолданымы қабылданып, оның ішінде 35 жолданым тиісті мемлекеттік органдардың қарауына жіберілсе, ал 8 жолданым Қоғамдық кеңеспен дербес қаралды. 

«Құқықтық актілер туралы» ҚР Заңына сәйкес кеңес мүшелері азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын талқылауға қатысты. НҚА жобалары бойынша қоғамдық сараптама облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, білім басқармасы, денсаулық басқармасы, дене шынықтыру және спорт басқармасы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, мәдениет және тілдерді дамыту, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, экономика және бюджеттік жоспарлау, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы, ветеринария басқармасы, құрылыс басқармасы, жер қатынастары басқармасы әзірлеген барлығы 56 нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына жүргізіліп, облыс әкімдігінің білім басқармасына 8 ұсыным жолданды.

Мысалы, білім басқармасы әзірлеген «2025-2026 оқу жылына арналған техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту туралы» қаулы жобасын бірнеше рет талқылау барысында жұмысқа орналасқан түлектердің үлесі төмен болуы (2024 жылы 72% орнына 31% құраған), еңбек нарығында талап етілетін мамандықтар бойынша колледждерде тегін оқытумен қамту, жұмысқа орналастыру міндеттемесімен қоса кәсіпорындардың өтінімдері бойынша кадрлар даярлауға қажеттіліктің төмен болуы анықталды. Нәтижесінде мемлекеттік тапсырыс көлемі 936 орынға қысқартылып, бюджеттен бөлінетін қаражат шамамен 1,6 млрд.теңге азайтылды.

Заңға сәйкес Қоғамдық кеңестердің өкілеттіктеріне нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және талқылауға қатысу жатады.

Алайда, осы уақытқа дейін кеңесте тек басқармалар әзірлеген НҚА жобалары талқылануда, ал кеңес мүшелерінің жобаларды әзірлеу кезеңіне қатыспауы талқылау барысында қиындықтар туғызуда. Бұл өз кезегінде Қоғамдық кеңестің мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыру міндетін орындауына кедергі келтіреді.

2015 жылғы 2 қарашада қабылданған ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына биыл 10 жыл толды. Заң аясында Қоғамдық кеңестер барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдауына азаматтардың кеңінен қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған қызметін ұйымдастырып келеді.

Сонымен қатар, Заңның 5-бабында қоғамдық кеңестердің өкілеттіктеріне ашық бюджеттер интернет-порталында бюджеттік бағдарламалардың паспорттарын жария талқылау қорытындылары бойынша есептерді, бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша түсімдері мен шығыстары жоспарларының орындалуы туралы есептерін, қайырымдылықтан түсетін ақшаның түсуі мен жұмсалуы туралы есептерді талқылау жататыны белгіленген.

Ал, 7-бабында Қоғамдық кеңестер мүшелерінің өз өкілеттіктерін іске асыру мақсатында тиісті мемлекеттік органның мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстық комиссияларына қатысуға құқығы бар екендігі атап көрсетілген. Алайда, басқармалар тарапынан аталған комиссияларға кеңес мүшелерін қатыстыру туралы ұсыныстар берілмей келеді.

Қоғамдық кеңестің қызметін ақпараттық сүйемелдеу Facebook желісіндегі Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесі парақшасы, Kazkenes.kz сайты,  JAMBYL облыстық телеарнасы, БАҚ көздері арқылы жүзеге асырылады.

Есептік кезеңде JAMBYL TV облыстық телеарнасы арқылы 26 сюжет көрсетіліп, Kazkenes.kz сайтында 50 жазба, әлеуметтік желіде 170 жазба, облыстық баспасөз құралдарында 35 мақала жарияланды.

Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Жолдауында Қазақстанның одан әрі қарқынды дамуы үшін баршамызға ортақ айрықша маңызды міндеттерді жариялады. Президент Жарлығымен бекітілген «Ішкі саясаттың негізгі қағидаттары, құндылықтары және бағыттары» ауқымды қоғамдық диалог жағдайында ұлтты одан әрі ұйыстыруды көздейді.

Басты идея - баршаға бірдей мүмкіндік беретін ашық, қуатты және дамыған ел, жауапты әрі өркениетті қоғам - Әділетті Қазақстанды құру.  Өркениетті әрі озық елдің заңы - әділ, билігі - білікті, ал азаматтары саналы және белсенді болары анық.

Алдағы уақытта Қоғамдық кеңес мүшелері өз құзыреттері мен өкілеттіктері аясында ел дамуының келешегіне қатысты мемлекет пен қоғамның ортақ көзқарасын қалыптастыру мақсатында қызмет ететін болады. 

 

 

Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Д.Бықыбаев

Дата публикации
31 декабря 2025