ЖАЛАҒАШ АУДАНЫНДА ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
29 қыркүйек күні Жалағаш аудандық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, күн тәртібінде мына мәселелер қаралды:
1. «Жалағаш аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» Жалағаш аудандық мәслихатының шешім жобасын талқылау.
2. Аққұм ауылдық округі әкімі аппаратында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бағытында қабылданған шаралар туралы.
3. Еңбек ауылдық округі әкімі аппаратында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бағытында қабылданған шаралар туралы.
4. «Жалағаш кентінде көркейту-көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыстарына байланысты Қоғамдық кеңес отырысында айтылған ұсыныстардың орындалу барысы туралы».
Отырыс барысында «Жалағаш аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» шешім жобасы талқыланды. Бұл мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қ.Бөлембаев баяндама жасап, ауылдық елді мекендерде тұратын және жұмыс істейтін бірқатар сала мамандарына көрсетіліп келген коммуналдық шығындарды өтеуге қатысты берілетін көмекті тоқтатуға байланысты тиісті шаралар қабылдау тапсырылғандығы жөнінде хабарлады.
Сондай-ақ, Аққұм және Еңбек ауылдық округтерінде мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар қаралды.
Аққұм ауылдық округінің әкімі А.Асанбеков пен Еңбек ауылдық округінің әкімі Б.Балханов тұрғындардың мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету, өтініштерді уақытылы қарау, қызмет көрсету мерзімдерін сақтау және электрондық қызметтерді пайдалануға практикалық көмек көрсету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Төртінші мәселе бойынша кент әкімі Қ.Жапбасбаев 2026 жылы атқарылған жұмыстар және алда атқарылатын жобалар туралы хабарлады.
Қоғамдық кеңес мүшелері көтерілген мәселелер бойынша пікір алмасып, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, тұрғындардың өтініштерін уақытылы қарау, санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу, аяқ су және көше жарығы мәселелерін шешу бағытында ұсыныстарын білдірді. Жиын қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар қабылданып, көтерілген мәселелердің орындалуын бақылауда ұстау қажеттілігі атап өтілді.
КЕЗЕКТЕН ТЫС СЕССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Ағымдағы жылдың 28 қыркүйек күні аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессия отырысы мәслихат төрағасы Ө.Елеусіновтың төрағалығымен өтті. Сессия отырысына мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, кент және шақырылған ауылдық округ әкімдері, бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Сессияның күн тәртібіне 3 мәселе ұсынылып, қаралды:
1) «2026-2028 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» Жалағаш аудандық мәслихатының 2025 жылғы 19 желтоқсандағы №37-2 шешіміне өзгерістер енгізу туралы.
2) «Жалағаш ауданы әкімдігінің дербес құрамына келісім беру туралы» Жалағаш аудандық мәслихатының 2024 жылғы 19 желтоқсандағы №14-5 шешіміне өзгерістер енгізу туралы.
3) «Жалағаш ауданының құрметті азаматы» атағын беру туралы.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша хабарлама жасаған аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Н.Маратқызы Қызылорда облыстық мәслихатының 2025 жылғы 9 желтоқсандағы «2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» 2025 жылғы 9 желтоқсандағы №199 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» Қызылорда облысы әкімдігінің 2025 жылғы 12 желтоқсандағы №233 қаулысына өзгерістер енгізу туралы облыс әкімдігінің 2026 жылғы 2 қыркүйектегі №187 қаулысына сәйкес және Қызылорда облыстық мәслихатының 2025 жылғы 9 желтоқсандағы «2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне 2026 жылғы 25 қыркүйектегі шешіміне сәйкес аудан бюджетіне енгізілген өзгерістер туралы, сонымен қатар ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органының резервiнен қысқартылатын және бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне бағытталатын қаржылар туралы хабарлады.
Екінші мәселе бойынша аудан әкімі аппарат басшысының міндетін атқарушы Б.Мұқашев аудан әкімдігінің дербес құрамына енгізілген өзгеріспен таныстырып, келісім беруді сұрады.
Үшінші мәселе бойынша хабарлама жасаған аудан әкімінің орынбасары Ғ.Сүлейменов «Жалағаш ауданының құрметті азаматы» атағын беруге байланысты аудандық марапаттау комиссиясының шешімімен таныстырып өтті.
Сессияның күн тәртібіне ұсынылған барлық мәселелер бойынша депутаттар бірауыздан келісімдерін берді.
Аудан әкімінің орынбасары Ә.Байнахатов сессия отырысында қаралған мәселелер бойынша шешім жобаларына қолдау білдірген депутаттарға алғысын жеткізді.
Сессия жұмысын аудандық мәслихат төрағасы Ө.Елеусінов қорытындылады.
КЕНТ ЖӘНЕ АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕР БЮДЖЕТТЕРІ НАҚТЫЛАНДЫ
2026 жылдың 26 тамызында аудандық мәслихат төрағасы Ө.Елеусіновтың төрағалығымен Жалағаш аудандық мәслихатының кезектен тыс 47-сессия отырысы өтті.Сессияға аудан әкімінің орынбасары Ә.Байнахатов, кент, ауыл округі әкімдері, тиісті бөлім басшылары қатысты.
Күн тәртібінде келесі мәселелер қаралды:
1) «2026-2028 жылдарға арналған Жалағаш кенті және ауылдық округ бюджеттері туралы» Жалағаш аудандық мәслихатының 2025 жылғы 19 желтоқсандағы шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы.
2) «Жалағаш аудандық мәслихат аппараты» мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Н.Маратқызы хабарлама жасады.
Бюджет Кодексінің 116-бабы 7 тармағында осы баптың 5 және 6-тармақтарында көзделген мақсаттарға бөлгеннен кейін қалған жыл басындағы бюджет қаражатының қалдықтары бюджет қаражатының бос қалдықтары болып табылады және бюджетті нақтылау арқылы ағымдағы қаржы жылының шығыстарын қаржыландыруға жіберіледі деп көрсетілген.
I.2025 жылдың қорытындысымен кент, ауылдық округі әкімі аппараттарының бюджетінде қалыптасқан бос қалдықтан 4894,5 мың теңге шығыстарға бағыттау жоспарлануда.
III. 2026 жылға кент, ауылдық округтердің бекітілген өз кірістерінің жылдық болжамын ағымдағы жылдың 1 тамызына артық орындаған Еңбек, Мақпалкөл, М. Шәменов ауылдық округтерінің түсімдерін 3653,0 мың теңгеге ұлғайту көзделуде.
Өзгерістерге сәйкес, кент, ауылдық округтері бюджетін барлығы 16292,5 мың теңгеге нақтылап, сәйкесінше тиісті шығыстарына бағыттау жоспарланды. Бұдан бөлек кент, ауылдық округтер бойынша 23653,0 мың теңгеге ішінара өзгерістер енгізілді.
Депутаттар Ө.Елеусінов, Ғ.Дүйсекбаев, Қ.Досымов өз кірістерінің жылдық болжамын артық орындаған ауылдық округтерінің түсімдеріне байланысты орындалатын жұмыстар туралы, ішінара өзгерістерге байланысты ауылдан кентке ауыстырылып жатқан штат бірлігі туралы сұрақтарын қойды.
Екінші мәселе бойынша аудандық мәслихат аппаратының ұйымдастыру-құқықтық бөлімінің басшысы Э.Құттымбетова хабарлама жасады.
Хабарламашы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 14 шілдедегі Заңымен «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, мәслихат аппараты басшысының өкілеттіктері кеңейтілгендігін жеткізді. Осыған сәйкес, «Жалағаш аудандық мәслихат аппараты» мемлекеттік мекемесінің Ережесін қайта бекітуді ұсынды.
Сессия жұмысын аудандық мәслихат төрағасы Ө.Елеусінов қорытындылады.
КЕЗЕКТІ СЕССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Ағымдағы жылдың 21 тамыз күні аудандық мәслихаттың кезекті сессия отырысы мәслихат төрағасы Ө.Елеусіновтың төрағалығымен өтті. Сессия отырысына мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, кент және ауылдық округ әкімдері және арнайы шақырылған сала басшылары қатысты.
Сессияның күн тәртібіне 4 мәселе ұсынылып, қаралды:
1) Жалағаш ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсетудің жайы және оны жақсарту шаралары туралы.
2) Таң ауылдық округі әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерінің орындалуы туралы есебі.
3) «2026-2028 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» Жалағаш аудандық мәслихатының 2025 жылғы 19 желтоқсандағы № 37-2 шешіміне өзгерістер енгізу туралы.
4) Жалағаш аудандық мәслихатының кейбір шешімдеріне сайлау комиссияларын сайлау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Ғ.Сүлейменов баяндама жасады.
Жалағаш ауданында әлеуметтік қызмет көрсетудің жай-күйі, халықты әлеуметтік қолдау бағытында мемлекеттік әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Әлеуметтік саланың негізгі бағыттары-азаматтарға әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік әлеуметтік көмектер көрсету, мүгедектігі бар адамдарды қолдау, арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын қабылдау болып табылады.
Әлеуметтік әріптестік бағыты бойынша әлеуметтік және еңбек қатынастары саласындағы мәселелер аудандық үшжақты комиссияның отырыстарында тұрақты түрде қаралып, тиісті шаралар қабылданып келеді.
Отырыстар барысында еңбек заңнамасының сақталуы, еңбек дауларының алдын алу, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы өзара тиімді қарым-қатынасты қалыптастыру, әлеуметтік әріптестікті дамыту және еңбек қатынастарын жетілдіру мәселелері қаралған.
2026 жылға Жалағаш ауданы бойынша Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 13 жоба бекітіліп, 126 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. 2026 жылдың 1 тамызына 9 жоба бойынша 111 адам жұмыспен қамтылып, жоспардың 88,1 пайызы орындалған.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің 10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орнын құру бойынша тапсырмасына сәйкес 2026 жылға Жалағаш ауданы бойынша бекітілген жоспарға сәйкес 447 жаңа жұмыс орны құрылу керек болса, ү.ж. 1 тамызына 653 жұмыс орындары құрылған немесе 146,1 пайызға орындалған.
2026 жылға әлеуметтік қолдаудың жекелеген бағыттарына 15 569,0 мың теңге қаралып, оның ішінде туберкулезден емделу сатысындағы 31 азаматқа қосымша тамақтануға 5 874,1 мың теңге төленген.
«Отан», «Даңқ» ордендерімен наградталған, республикалық құрметті атағына ие болған 2 азаматқа 115,0 мың теңге төленген.
Сонымен қатар, тыл ардагерлеріне, Чернобыль апаты мен ядролық сынақтарға қатысушыларға, Семей ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға, Ауған және Тәжік-Ауған оқиғаларына қатысқан азаматтарға, Таулы Қарабақтағы қақтығыстарға қатысушыларға және басқа да жеңілдік санаттарына жалпы 2026 жылы 32264,8 мың теңге әлеуметтік төлемдер мен көмектер көрсетілген.
25 қазан-Республика күніне орай барлық санаттағы мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларға 3 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетуге облыстық бюджеттен 1 447 адамға 18 006,0 мың теңге қарастырылып отыр.
Атаулы әлеуметтік көмек- 2026 жылдың 1 тамызына 63 отбасының 410 мүшесіне 27,5 млн. теңге төленген.
Сонымен бірге АӘК алатын отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі 125 балаға 4,0 млн. теңге төленген.
2026 жылы тұрғын үй көмегі 7 отбасының 14 мүшесіне 141,1 мың теңге тұрғын үй көмегі төленген.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер бойынша:
2026 жылғы наурыз айынан бастап Отбасын қолдау орталығына қосымша 41 штат бірлігі беріліп, қарттар мен мүгедектігі бар 85 азаматқа және мүгедектігі бар балалар мен 18 жастан асқан психоневрологиялық аурулары бар 99 азаматқа арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілуде.
Жалпы, 184 қызмет алушыға 37 әлеуметтік қызметкер қызмет көрсетілуде.
Мемлекеттік қызметтердің электрондық форматқа көшуі бойынша жақсы көрсеткіштер қалыптасқан.
2024 жылы электрондық қызметтердің үлесі 82,7 пайыз болса, 2025 жылы 89,9 пайызға, ал 2026 жылдың 1 тамызына 98,3 пайызға жетті.
Есепті кезеңде барлығы 1510 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның 1485-і электрондық үкімет порталы арқылы ұсынылған.
Ауданда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша аудан бойынша 1041 мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның 257-сі - 18 жасқа дейінгі балалар.
Мүгедектерді жеке оңалту бағдарламалары бойынша 2026 жылы 1529 өтініш түсіп, оның 1381-і немесе 90,3 пайызы орындалған.
Жыл басынан бері 811 азамат міндетті гигиеналық құралдармен, 50 азамат кресло-арбамен, 113 азамат санаторий-курорттық жолдамамен, 80 азамат тифлотехникалық, 35 азамат сурдотехникалық және 184 азамат протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз етілген.
Жүріп-тұруы қиын І топтағы 95 азаматқа жеке көмекші, есту қабілеті бұзылған 6 азаматқа ымдау тілі маманы қызмет көрсетуде.
Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға байланысты шығындарды өтеу үшін 2026 жылы аудандық бюджеттен 7,6 млн. теңге қаралған. 1 тамыздағы жағдай бойынша 49 баланың ата-анасына 3,2 млн. теңге төленген.
Мүгедектігі бар азаматтардың қоғамдық және әлеуметтік нысандарға кедергісіз қатынауын қамтамасыз ету мақсатында ауданда 3 «Инватакси» автокөлігі жұмыс істейді.
2026 жылға бұл қызметке аудандық бюджеттен 16,3 млн. теңге қаралып, мемлекеттік сатып алу қорытындысымен аталған қызмет «Тұран-Шах Қызылорда» мүгедектер қоғамдық бірлестігімен көрсетіліп келеді.
Депутаттар Г.Курманбаева, Л.Шөменова, Ө.Елеусінов, Ғ.Дүйсекбаев инватакси қызметін көрсетуге байланысты ауданның жергілікті қоғамдық бірлестіктерінде стандартқа сәйкес автокөлік мәселесінің бірнеше жылдан бері шешімін таппауы, облыс әкімінің оқу грантымен оқыған түлектердің жұмыспен қамтылмауы, басқа өңірге қоныс аударған немесе оқуды тастап кеткен балаларға төленген қаржының қайтарылуы, атаулы әлеуметтік көмек алушылар санының жылдан жылға азаюының негізгі себебі, Отбасын қолдау орталығы бойынша қанша отбасыға қолдау көрсетілгені және басқа да жекелеген санаттағы азаматтарға берілетін әлеуметтік төлемдер туралы сұрақтарын қойып, тиісті сала басшылары жауаптарын берді.
Осы мәселе бойынша жарыссөзге шыққан депутат Ғ.Дүйсекбаев атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, инватакси қызметіне жергілікті бюджеттен автокөлік алып беруге және жалғыз басты қарттарға санаторлы-курорттық жолдама беруге байланысты бөлімге заңдылықтарын жан-жақты зерделеуді ұсынды. Сонымен қатар тұрақты жұмыс орындарын көбейту және цифрлық сауаттылықты арттыру бағытында азаматтарға жеке консультациялық сүйемелдеу қызметін үздіксіз жүргізу қажеттігін жеткізді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселеге байланысты Таң ауылдық округ әкімі Қ.Сейдахметов баяндады.
Таң ауылдық округінің 2026 жылға бекітілген бюджет кірістері 121,4 млн. теңге құраса, шығыстары 121,8 млн. теңге. 1 тамызға бюджеттің жалпы орындалуы 99,9 пайызды құраған.
2026 жылға салық түсімдерінің жоспары 9,5 млн. теңгеге бекітіліп, 7 айда 6,4 млн. теңгеге орындалған.
Округтің салықтық базасын кеңейтіп, жергілікті бюджетті толықтыру мақсатында өзге өңірлерде тіркелген және қызмет атқаратын 2 ЖШС тіркелген. Қазіргі таңда қосымша 3 ЖШС-ны тіркету бағытында жұмыстар атқарылуда.
Ауылда тіркелген 125 кәсіпкерлік субъектісінің 122-сі нақты жұмыс жасауда. «Ауыл аманаты» жобасы аясында мал шаруашылығын дамыту бағытында жалпы құны 11,2 млн теңгені құрайтын 2 жоба мақұлданып, толығымен қаржыландырылған.
Өңірлік карта шеңберінде округте 13 жаңа жұмыс орындары ашылған.
Ауылдағы жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында 22 адам тұрақты жұмыс орындарына, 18 адам қоғамдық жұмыстарға тартылып, жастар тәжірибесі мен әлеуметтік жұмыс орындары арқылы 8 азамат жұмыспен қамтылған.
Қоғамдық тәртіпті сақтау мен санитарлық тазалық талаптарын орындау мақсатында учаскелік полиция инспекторымен бірлесіп жүргізілген рейдтер нәтижесінде ауыл әкімі атынан 5 әкімшілік хаттама толтырылып, 32437 теңге айыппұл салынып, толық өндірілген. Сонымен қатар, учаскелік полиция инспекторымен бірлесе отырып жалпы 23 хаттама толтырылған.
Депутаттар, Ө.Елеусінов, Г.Курманбаева ауылдық округке тіркелген мекемелердің айналысатын бағыты, «Ауыл Аманаты» жобасы аясында мақұлданған жобалардың жұмыс жасауы, ауылдағы жеке балабақшаның салықтық түсімдерінің уақытылы аударылуы туралы сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.
Осы мәселе бойынша жарыссөзге шыққан депутат Л.Шөменова ауыл округі әкімімен біршама жұмыстардың атқарылып жатқандығын жеткізіп, ауыл әкімінің жұмысына оң баға берді.Сонымен қатар, ауылдық Мәдениет үйінде жұмыс жасайтын қызметкерлер саны бойынша талдау жасап, қосымша штат бірліктерін қарастыруды ұсынды.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша хабарлама жасаған аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Н.Маратқызы Қызылорда облыстық мәслихатының 2025 жылғы 9 желтоқсандағы «2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» 2025 жылғы 9 желтоқсандағы №199 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» Қызылорда облысы әкімдігінің 2025 жылғы 12 желтоқсандағы №233 қаулысына өзгерістер енгізу туралы облыс әкімдігінің 2026 жылғы 8 шілдедегі №136 қаулысына сәйкес, сонымен қатар ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органының резервiнен қысқартылатын және бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне бағытталатын қаржылар туралы айтып өтті.
Мәслихат төрағасы Ө.Елеусінов ауданның құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне бағытталып отырған қаржыға байланысты 4 жобаның ішінде жоба сметалық құжаттама мерзімінің аяқталуына байланысты мердігерді анықтап үлгеру мүмкіндігі туралы, орталықтандырылған кәріз жүйесі құрылыстарының жайы, Ақсу ауылындағы жөнделіп жатқан М.Әуезов, Ақбөгет, Қожағұлов көшелері құрылысының аяқталуы және С.Дәулетбеков, Ақарық, Алғабас көшелерінің жоба сметалық құжаттамаларына түзетулер енгізілуі туралы сұрақтарын қойып, тиісті сала басшылары жауап берді.
Төртінші мәселе бойынша аудандық мәслихаттың сайлау комиссияларын қалыптастыру жөніндегі жұмысшы топ төрағасы Қ. Досымов хабарлама жасап, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының 19-бабына сәйкес аудандық сайлау комиссиясының қаулыларымен кейбір сайлау комиссияларының құрамынан босатылған мүшелердің орнына ұсынылған кандидатуралар туралы айтып өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Ә.Байнахатов сессия отырысында қаралған мәселелердің маңыздылығына тоқталып, шешім жобаларына қолдау білдірген депутаттарға алғысын жеткізді және алдағы саяси науқанға бір кісідей қатысуға шақырды.
Сессия жұмысын аудандық мәслихат төрағасы Ө.Елеусінов қорытындылады.
КЕЗЕКТЕН ТЫС СЕССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
2026 жылдың 10 маусымында Жалағаш аудандық мәслихатының кезектен тыс 44-сессия отырысы аудандық мәслихат төрағасы Ө.Елеусіновтың төрағалығымен өтті. Сессияға аудан әкімінің орынбасары Ә.Байнахатов, бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Күн тәртібінде келесі мәселелер қаралды:
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық мәслихаттың сайлау комиссияларын қалыптастыру жөніндегі жұмысшы топ төрағасы Қ.Досымов хабарлама жасады.
Хабарламашы «ҚР Сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына сәйкес түрлі себептермен учаскелік сайлау комиссиялары мүшелігінен шығып қалған азаматтардың орнына жаңадан енгізілетін сайлау комиссия мүшелерін атап өтіп, ашық дауыс беру арқылы сайлауды ұсынды. Депутаттар бір ауыздан ұсынысты қолдап, шешім жобасы бекітілді.
Екінші мәселелер бойынша аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Ж.Айбосынов аудан әкімдігінің дербес құрамына енгізілетін өзгерістермен таныстырып, келісім беруді сұрады. Депутаттар тарапынан қолдау тапты.
Соңғы мәселеге байланысты мәслихат төрағасы Ө.Елеусінов депутаттарды мәслихаттың 2026 жылдың екінші жартыжылдығына арналған жұмыс жоспарымен таныстырып өтті.
Күн тәртібіне ұсынылған мәселелер бірауыздан депутаттармен бекітілді.
Сессия жұмысын аудандық мәслихат төрағасы Ө.Елеусінов қорытындылады.
Жалағаш аудандық Қоғамдық кеңесінің
кезекті отырысы өтті
2026 жылғы 29 мамыр күні Жалағаш аудандық мәслихатының мәжіліс залында Жалағаш аудандық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Кеңес отырысына қоғамдық кеңес мүшелері қатысып, күн тәртібіндегі екі мәселе қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша аудандық қоғамдық даму бөлімінің сектор меңгерушісі Н.Бектібаев аудандағы үкіметтік емес ұйымдармен атқарылып жатқан жұмыстар мен өзара іс-қимыл нәтижелері туралы баяндады. Баяндамада мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар, қоғамдық ұйымдардың белсенділігі және алдағы жоспарлар кеңінен таныстырылды.
Екінші мәселе бойынша аудандық «Мансап» орталығының директоры Ғ.Телібаев халықты жұмыспен қамту, мемлекеттік қолдау шараларының орындалуы және көрсетілетін қызметтердің сапасы туралы есеп берді. Сонымен қатар, жұмыспен қамту бағдарламалары, атаулы әлеуметтік көмек көрсету және жастарды еңбекке тарту бағытындағы жұмыстар жөнінде ақпарат ұсынылды.
Отырыс барысында қоғамдық кеңес мүшелері баяндамашыларға сұрақтар қойып, ұсыныстарын білдірді. Қаралған мәселелер бойынша берілген ақпараттар назарға алынып, тиісті жұмыстарды жалғастыру жөнінде шешім қабылданды.
Жалағаш аудандық Қоғамдық кеңесі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылау жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастырады.
ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
2026 жылдың 14 мамырында аудандық Қоғамдық кеңестің отырысы өткізілді. Кеңес отырысына тиісті бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Қоғамдық кеңес төрағасы Қ.Құлмаханның төрағалығымен болған отырыста келесі мәселелер қаралды:
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің бөлімінің басшысы Н.Маратқызы хабарлама жасады.
«Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 156-бабының 2-тармағына сәйкес жергілікті атқарушы орган коммуналдық қазыналық кәсiпорын өндiретiн және өткiзетiн тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) бағаларын белгілейді.
Осыған орай «2026 жылы коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындар өндіретін және өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын белгілеу туралы» Жалағаш ауданы әкімдігінің қаулы жобасы әзірленген. Қаулы қабылданған жағдайда коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындар өндіретін және өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағалары белгіленіп, ақылы қызметтердің көрсетілуі реттелетін болады.
Кеңес мүшелері Қ.Құлмахан, А.Ахметжамиев, Ө.Аманов ауданға қарасты мекемелердің шара өткізуге қаражат төлеу қажеттігі туралы, асабаны жалдауға байланысты, бассейннің ақылы қызметінің бағасы туралы сұрақтарын қойып, тиісті бөлім басшылары жауаптарын берді.
Екінші мәселе бойынша хабарлама жасаған Н.Маратқызы аудандық экономика және қаржы бөлімінің резервінен 167,8 млн. теңгені бюджеттік бағдарламаларға, олардың ішінде: Бұхарбай батыр ауылындағы 11 көшенің техникалық паспортын әзірлеуге, Н.Сермаханов, Келмембет батыр, Ш.Уалиханов көшелерінің жарық шамдарын қалпына келтіру жұмыстарына, Қ.Қазантаев мәдениет үйі ғимаратының қасбетіне жәй жөндеу жұмыстарын жүргізуге, ауылдық клубтарға сахналық киімдер тіккізуге, Аламесек ауылдық округі теңгеріміндегі бос тұрған ғимаратты сату жұмыстары қызметіне, кенттегі апаттық жағдайда деп танылған Т.Қыстаубаев көшесі №2 көп қабатты тұрғын үйдің тұрғындарына тұрғын үйлер сатып алуға, Жалағаш кентінде қоқысқа арналған полигон салуға (сұрыптау пункті) ЖСҚ әзірлеуге және экспертиза жасатуға, сондай-ақ, кейбір бағдарлама әкімшілерінің ағымдағы және күрделі шығыстарына бағыттауды ұсынды.
Қоғамдық кеңес мүшелері Қ.Құлмахан, Ө.Аманов, Б.Құрақбаев, Ғ.Дүйсекбаев Дәуімбай учаскесіндегі көшелердің жарықтандырылуы, террористік тұрғыдан осал объекті ретінде танылған аудандық мәдениет Үйіне сұратылған қаржының қашан берілетіндігі, Аламесек ауылдық округіндегі сатылатын бос ғимараттар туралы сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.
Үшінші мәселеге байланысты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғ.Ербол хабарлама жасап, ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, Жалағаш ауданының барлық білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысаны бойынша білім алушылар мен тәрбиеленушілеріне қоғамдық көлікте (таксиден басқа) жеңілдікпен жол жүрулері туралы Жалағаш аудандық мәслихатының шешім жобасына келісім беруді сұрады. Шешім жобасы қабылданған жағдайда Жалағаш ауданының барлық білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысаны бойынша білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне аудан аумағында қоғамдық көлікте (таксиден басқа) 30 пайыз жеңілдікпен жол жүруге құқық берілетін болады.
Кеңес мүшелері Қ.Құлмахан, Ө.Аманов, Ж.Қорғанбаев, Ғ.Дүйсекбаев кенттегі 2 бағыт бойынша ұйымдастырылған жолаушылар тасымалының маршруттарын өзгерту, жаңадан қосылған Наурыз, Дәуімбай учаскелеріндегі жаңа көшелерді қамту, жүретін көлік саны мен бөлінетін қаржысы туралы сұрақтары мен ұсыныстарын айтты.
Төртінші мәселе бойынша аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің бас инспекторы Б.Сығайбаев «Жалағаш ауданы әкімдігінің кейбір қаулыларының күші жойылды деп тану туралы» Жалағаш ауданы әкімдігінің қаулысын қабылдауға колдау көрсетуді сұрады.
Отырысқа ұсынылған мәселелерге байланысты Қоғамдық кеңес мүшелері бірауыздан келісімдерін берді.
Қоғамдық кеңес жұмысын кеңес төрағасы Қ.Құлмахан қорытындылады.
ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК КӨРСЕТУ ҚАҒИДАСЫНА
ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ
2026 жылдың 28 сәуірінде Жалағаш аудандық мәслихатының кезектен тыс 42-сессия отырысы аудандық мәслихат төрағасы Ө.Елеусіновтың төрағалығымен өтті. Сессияға аудан әкімінің орынбасары Ғ.Сүлейменов, бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Күн тәртібінде келесі мәселелер қаралды:
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы М.Құрақбаев хабарлама жасады.
Хабарламашы «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №523 қаулысына сәйкестендіру және әлеуметтік төлемдерді біріздендіру мақсатында аудандық қағидаға енгізілетін өзгерістерді айтып өтті.
Депутаттар Ғ.Дүйсекбаев, Ө.Елеусінов, С.Жанашев, Қ.Ахетов осы кезге дейін үйі өртенген отбасыларынан әлеуметтік көмек алғандар саны, қандай жағдайда осы көмектің төленетіндігі, құжаттары мен комиссия мүшелері туралы сұрақтарын қойып, хабарламашы жауаптарын берді.
Екінші, үшінші және төртінші мәселелер бойынша аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Б.Сығайбаев аудандық және аудан әкімдігі жанындағы комиссиялардың құрамдарына енгізілетін өзгерістермен таныстырып өтті.
Күн тәртібіне ұсынылған мәселелер бірауыздан депутаттармен бекітілді.
Сессия жұмысын аудандық мәслихат төрағасы Ө.Елеусінов қорытындылады.
ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
2026 жылдың 28 сәуірінде аудандық Қоғамдық кеңестің отырысы өткізілді. Кеңес отырысына тиісті бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Қоғамдық кеңес төрағасы Қ.Құлмаханның төрағалығымен болған отырыста келесі мәселелер қаралды:
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғ.Ербол хабарлама жасады.
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабына сәйкес аудан әкімдігі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен тұрғын үй сертификаттарын береді.
Тұрғын үй сертификаты – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама шеңберінде және «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тұрғынжай сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін Қазақстан Республикасының азаматтарына берілетін жергілікті атқарушы органның ақшалай міндеттемесінің нысаны.
«Жалағаш ауданы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы» Жалағаш аудандық мәслихатының шешім жобасы қабылданған жағдайда халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын азаматтардың тұрғын үйге қолжетімдігі артады, яғни заңнамада белгіленген тәртіппен 2026 жылы мұқтаж азаматтарға тұрғынжай сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қаржылай көмек көрсетіледі.
Қоғамдық кеңес мүшелері Қ.Құлмахан, Б.Ибраева тұрғын үй сертификатының берілу тәртібі, мерзімі, реттілігі туралы сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.
Екінші мәселеге байланысты «Жалағаш қызметі» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Б.Дүйсенбиев баяндады.
«Жалағаш қызметі» кәсіпорны 2025 жылы ақпан айында құрылып, сәуір айында өз жұмысын бастаған.Сол уақыттан бері Жалағаш кенті мен 14 ауылдық округтеріне санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілген.
Оның ішінде Жалағаш кенті бойынша 2025 жылы 13,0 млн теңгеге келісім шарт жасалып, 23 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылған. Қазіргі таңда Жалағаш кенті әкімімен ағымдағы жылы 20,0 млн теңгеге келісім шарт жасалып, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Сонымен қатар, Жалағаш кентіндегі жеке кәсіпкерлермен және тұрғындармен тұрмыстық қалдықтарды шығаруға келісім шарт жасалынып, Kaspi.kz банк қосымшасы арқылы төлем жасау мүмкіндігі қарастырылуда.
Жалағаш кентіндегі орталық алаң, саябақтар, балалар ойын алаңдары және спорт алаңдарына ағымдағы жөндеу (сырлау, әктеу, жабдықтарды дәнекерлеу) жұмыстары және күнделікті қоқыстарды тиеу, кенттің оңтүстік-шығыс бөлігіндегі Ақсу жолы бойындағы арнайы қоқыс төгетін орынға тасымалдау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы кент бойынша жыл басынан бері 4915,5 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылған.
Кент орталығындағы барлық бөлім, мекеме ұжымдарының қатысуымен ақпан айында болған табиғи құбылыстың салдарынан сынған талдар мен бағаналарды кесу, тазалау, сыртқа шығару жұмыстары атқарылған.
Қазіргі уақытта Жалағаш кентінде аяқ су ағатын арықтарды механикалық тазалау, құбырларды ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Көркейту-көгалдандыру жұмыстары барысында 6 тонна (200 қап) әк сатып алынып, барлығы 5000-нан астам ағаш талдарын ақтау жұмыстарына жұмсалуда.
Кент ішіндегі аяқ су көтерілмейтін жерлерге демеушілік есебінен 9 насос орнатылған. Сондай-ақ, Жалағаш кенті көше жолдарына жолақтар сызу жүргізілуде.
Кеңес мүшелері Қ.Құлмахан, Ғ.Дүйсекбаев, Б.Ибраева, А.Тауыпбаев тұрмыстық қалдықтарды шығаруға келісім шартқа байланысты, кәсіпорындағы техникалардың жағдайы мен жеткіліксіздігі, егілген талдарды қоршау, арықтарды қазу, насостарды ауыстыру туралы сұрақтары мен ұсыныстарын айтты.
Қоғамдық кеңес жұмысын кеңес төрағасы Қ.Құлмахан қорытындылады.
КЕЗЕКТІ СЕССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Ағымдағы жылдың 18 ақпан күні аудандық мәслихаттың кезекті сессия отырысы өтті. Сессия отырысына мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, кент және ауылдық округ әкімдері және арнайы шақырылған сала басшылары қатысты.
Сессия отырысын мәслихат төрағасы Ө.Елеусінов ашып жүргізді.
Сессияның күн тәртібіне мәселе ұсынылып, қаралды:
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Ә.Байнахатов баяндама жасады.
Ауданның жалпы жер көлемі 2 873 640 гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер – 298 828 гектар, оның ішінде егістігі – 21 685 гектар, жайылымы – 210 000 гектар. Суармалы жерлердің жалпы көлемі 45 654 гектарды құрайды. 2025 жылы ауданда 504 шаруа қожалығы мен 43 заңды тұлға ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысуда.
1960-1970 жылдары салынған инженерлік жүйелердің тозуына байланысты реконструкциялау жұмыстары жүруде.
ИДЖЖ-2 жобасы аясында Аққұм, Бұқарбай батыр, Таң және Мәдениет округтерінде 15 123 гектар суармалы жер қалпына келтірілген.
ИДЖЖ-3 жобасы аясында Ақсу, Аламесек, Мақпалкөл, Жаңаталап, Шаменов және Еңбек округтеріндегі 14 049 гектар жерді жөндеу үшін құжаттар рәсімделіп, 147 су нысаны коммуналдық меншікке алынған.
Мақсатына сай пайдаланылмаған 11 775 гектар (46 учаске) бойынша шара көру үшін тиісті департаментке құжаттар жолданған.
2025 жылы 11 600 гектар жер (24 учаске) мемлекетке қайтарылған. Бұл көрсеткіш 2024 жылы 5 335 гектар, ал 2023 жылы 44 106 гектар болған.
2025 жылы 31 шаруашылықтың 1 750 гектар жерінде егіс ротациясын сақтамау фактілері анықталып, нұсқамалар берілген.
2025 жылы конкурс арқылы 5 135 гектар (9 учаске) пайдалануға беріліп, жер учаскелерін сатудан жергілікті бюджетке 14 989,5 мың теңге қаржы түскен.
Өткен жылы азаматтарға қосалқы шаруашылық үшін 1,7 гектар (17 учаске) берілген. Жалағаш кентінде «Ақтерек», «Дәуімбай» және «Наурыз» учаскелерінде инженерлік инфрақұрылым тарту және жобалау жұмыстары жүргізілуде.
Ауданда 2025-2029 жылдарға арналған жайылымдарды басқару жоспары бекітілген. Мал жайылымына жетіспейтін 456 мың гектар жер көршілес облыстар мен босалқы жерлер (Қарақұм, Қызылқұм) есебінен толық қамтамасыз етілген.
Депутаттар Г.Курманбаева, Е.Боранбаев, Ө.Елеусінов, Ғ.Дүйсекбаев жерлердің қайта қалпына келтірілуі, мал жайылымдарының жетіспеушілігі, егістік жерлерде қалған сабандарын өртемеу туралы, «Дәуімбай» учаскесінде бөлек су ұңғымасын қазу мүмкіндігі, «Дәуімбай» учаскесіндегі 68 гектар және «Наурыз» учаскесіндегі 110 гектарға егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бойынша жасалған ЖСҚ-лардың мерзімдері, мерзімінде пайдаланылмаған жерлердің қайтып алынып, қайта табысталғаны, жер кезегінде тұрған адамдар туралы сұрақтарын қойып, тиісті жауаптары алынды.
Осы мәселе бойынша жарыссөзге шыққан депутат Ғ.Дүйсекбаев атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселеге байланысты аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі М.Баймағанбетов баяндады.
Тіркелген қылмыстардың жалпы саны өткен жылмен салыстырғанда 11,5%-ға (113-тен 100-ге) төмендеген.
Тіркелген 100 қылмыстың ішінде: 20-сы ауыр, 34-і орта, 14-і онша ауыр емес және 32-сі қылмыстық теріс қылық.
Қылмыстардың ашылу көрсеткіші 83,8%-ға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 1,2%-ға жақсарған.
Профилактикалық шаралардың нәтижесінде келесі қылмыс түрлері азайған: ұрлық: 25-тен 13-ке, пәтер ұрлығы: 9-дан 5-ке, есірткі қылмысы: -19-дан 10-ға, денсаулыққа ауыр зиян келтіру: 2-ден 1-ге, мас күйіндегі қылмыстар: 20-дан 9-ға, жасөспірімдер қылмысы: 4-тен 3-ке.
Алайда, алаяқтық 19-дан 35-ке өскен, интернет-алаяқтық 200%-дық өсім көрсетіп, 8-ден 24-ке артқан, отбасылық қарым-қатынас саласындағы қылмыстар 2-ден 6-ға дейін өскен.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 98 азаматқа қорғау нұсқамасы беріліп, 60 тұлғаға сотпен ерекше талаптар белгіленген. Ортақ пайдалану орындарын ластап, белгіленбеген орындарға коммуналдық қалдық тастаған 271 азаматқа айыппұлдар салынған.
«Қарасора-2025» іс-шарасы аясында «ДРОН» аппаратымен 28 мәрте далалық зерттеу жүргізілген.
Аудан көлеміндегі 9 ауылда (Таң, Еңбек, Есет батыр, Т.Жүргенов, Жаңаталап, Мырзабай ахун, М.Шәменов, Аққұм, Ақсу) алкоголь сату толығымен тоқтатылған.
Сонымен қатар, баяндамашы М.Баймағамбетов қоғамдық қауіпсіздікті, жол қауіпсіздігін және қылмыстардың алдын алу бағытында бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Ұсыныстар бойынша аудан әкімінің орынбасары Ә.Байнахатов жауап беріп, төраға Ө.Елеусінов әр ұсыныс бойынша зерттеп көруді ұсынды.
Депутаттар Г.Курманбаева, Б.Абдреева, Г.Айтжанова, Ө.Елеусінов мал ұрлығы жайлы, қараусыз жүрген малдарды қамау орындары туралы, малдарды таңбалау, сырғалау жұмыстары туралы сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.
Осы мәселе бойынша жарыссөзге шыққан депутат Л.Шөменова 2025 жылғы 30 желтоқсанда қабылданған «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» жаңа Заңның ерекшеліктері туралы айта келе, полиция бөлімімен біршама жұмыстардың атқарылып жатқандығын жеткізді.
Үшінші мәселеге байланысты аудан әкімінің орынбасары Ғ.Сүлейменов Жалағаш ауданы әкімдігінің жанындағы консультациялық-кеңесші органның жұмысы туралы есебін берді.
2026 жылдың 1 қаңтарына сәйкес есепте барлығы 45 азамат тұр, оның 41-і пробация қызметінде, 4-уі полиция бөлімінде.
Олардың 27-сі Жалағаш кентінен, 18-і ауылдық елді мекендерден.
Бас бостандығынан босатылған 10 адамға 589,8 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек төленген. 11 адамға 202,0 мың теңгеге азық-түлік, 10 баласына мектепке қажетті заттары мен сумкалар алынып берілген.
2025 жылы «Мансап» орталығына 25 адам тіркеліп, 12 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған (оның ішінде 6-уы арнайы квотамен), 9 адам ақылы қоғамдық жұмысқа жолданған. 2 адам мемлекеттік грант алып, өз кәсібін ашқан.
Жыл бойы жүзу, дойбы, қол күрес және кір тасын көтеруден жарыстар, сондай-ақ психологиялық семинар-тренингтер мен дөңгелек үстелдер өткізілген.
Пробация есебіндегілерді бақылау үшін бюджеттен 2 млн теңге бөлініп, электронды құралдар (браслеттер) сатып алынған.
2026 жылға әлеуметтік көмекке 10 адамға 649,0 мың теңге қарастырылған. Сондай-ақ, 2026 жылға «Жалағаш қызмет» мекемесінде 3 адамды жұмысқа орналастыру үшін квота бекітілген.
Төртінші мәселе бойынша аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Ж.Есенов Жалағаш ауданы бойынша 2026 жылға хостелдерді, қонақжайларды, жалға берілетін тұрғын үйлерді қоспағанда, туристерді орналастыру орындарындағы шетелдіктер үшін туристік жарнаның мөлшерлемелері болу құнының 0 (нөл) пайызы мөлшерінде бекітуді ұсынды.
Сессия жұмысын қорытындылаған аудандық мәслихат төрағасы Ө.Елеусінов 2026 жылдың 15 наурызында өткізілетін республикалық референдумға байланысты атқарылатын жұмыстарға тоқталып, депутаттарды саяси науқанды абыроймен атқаруға шақырды және 19 ақпаннан басталатын қасиетті Рамазан айымен құттықтады.