Жақсы аудандық мәслихатының №9 сайлау округі бойынша депутаты М. Ж. Мейрамовтың 2025 жылға арналған есебі
Қазақстан Республикасындағы «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның 21-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес мәслихат депутаттары жыл сайын өз сайлаушылары алдында атқарылған жұмыстар туралы есеп береді.
Мен, Жақсы аудандық мәслихатының №9 сайлау округі бойынша депутатымын. Аталған округ құрамына Жаңа-Қийма және Лозовое ауылдары кіреді. Жаңа-Қийма ауылында сайлаушылар саны – 1458 адам, жалпы халық саны – 2264 адам. Лозовое ауылында сайлаушылар саны – 411 адам, жалпы халық саны – 574 адам.
Аталған ауылдар аумағында жалпы білім беретін мектептер, балабақша, мәдениет үйлері, ауылдық дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт, пошта бөлімшесі, дәріхана, тігін ательесі, наубайхана, мейрамхана, өнеркәсіптік және азық-түлік дүкендері, сондай-ақ жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен шаруа қожалықтары жұмыс істейді.
Сайлауалды бағдарламам сайлаушылардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Осы бағытта Ғ. Әбдірахманов атындағы мектепке күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, облыстық бюджеттен қаржы бөлу мәселесі бойынша тиісті өтінім жолданды. Сонымен қатар, Жаңа Қийма ауылдық дәрігерлік амбулаториясына күрделі жөндеу жүргізу қажеттілігі бақылауда тұр.
2025 жылы аудандық мәслихаттың барлық кезекті және кезектен тыс сессияларына қатыстым. Сессияларда аудандық бюджет пен ауылдар және ауылдық округтер бюджеттерін бекіту, нақтылау және игеру мәселелері қаралды. Сонымен қатар, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, әлеуметтік қамсыздандыру және ветеринария салаларының мамандарына коммуналдық қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу үшін әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері бекітілді.
Мен аудандық мәслихат жанындағы бюджеттік саясат, коммуналдық инфрақұрылым және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесімін. Комиссия шеңберінде Жақсы ауданының Ветеринарлық станциясы ШЖҚ МКК-ның қаңғыбас иттерді аулау бойынша жұмысы қаралды. Сондай-ақ мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысушы кәсіпкерлік субъектілеріне мониторинг жүргізіліп, Жақсы ауданының және 2026–2028 жылдарға арналған ауылдық округтер бюджеттерінің жобалары талқыланды. Халықтың осал топтарын әлеуметтік қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Аудан көлемінде, сондай-ақ Жаңа-Қийма және Лозовое ауылдарында өткізілетін мәдени, спорттық және қоғамдық іс-шараларға тұрақты түрде қатысамын.
2025 жылы бекітілген кестеге сәйкес азаматтарды 19 рет жеке қабылдадым. Қабылдаулар барысында мал шаруашылығын жем-шөппен қамтамасыз ету, ауылды абаттандыру және санитарлық тазалау, қыс мезгілінде жолды арнайы техникамен қардан тазалау, қаңғыбас иттерді аулау, жұмысқа орналастыру мәселелері көтерілді. Аталған өтініштердің барлығы бойынша тиісті шаралар қабылданып, оң шешімін тапты.
Жергілікті атқарушы органдарға Жақсы–Қийма автомобиль жолын жөндеу, Қийма №2 мектебіне күрделі жөндеу жүргізу және Қийма–Терісаққан көпіріне қатысты депутаттық сауалдар жолданды. Барлық сауалдарға ресми жауаптар беріліп, кейбір мәселелер орындалу сатысында.
Әлеуметтік нысандардың жұмысын бақылау аясында мектептер, балабақшалар және ауылдық клубтардағы қазандықтардың жұмысын, қатты отынмен қамтамасыз етілуін және жылу режимінің сақталуын тұрақты түрде бақылап отырамын.
Еңбек ұжымдарында Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы Жолдауларын түсіндіру, интернет-алаяқтықтың алдын алу, Бюджет және Салық кодекстеріндегі өзгерістер, сондай-ақ жаңадан қабылданған заңдар бойынша ақпараттық-түсіндіру кездесулері өткізілді.
«Мектепке жол», Қарттар күніне арналған қайырымдылық акцияларына, мұқтаж азаматтарға материалдық көмек көрсетуге және өзге де әлеуметтік маңызы бар іс-шараларға белсенді қатысамын. Ауыл тұрғындарын мал азығымен қамтамасыз етуге, спорттық және қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыруға қолдау көрсетемін.
Депутаттық қызмет аясында өткізілген барлық іс-шаралар әлеуметтік желілерде және аудандық мәслихаттың ресми сайтында жарияланып отырады.
Алдағы уақытта сайлаушылардың өмір сүру сапасын арттыруға және сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын іске асыруға бағытталған жұмыстарды жалғастыра беремін.