Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының
2016 жылғы 29 маусымдағы №3/37-VІ шешімімен бекітілген
2017 жылғы 11 желтоқсандағы №18/216-VІ
2018 жылғы 3 шілдедегі №26/301-VІ
2021 жылғы 9 қыркүйектегі №9/89-VІІ
2022 жылғы 14 наурыздағы №14/164-VІІ
2022 жылғы 13 желтоқсандағы №19/248-VІІ
2023 жылғы 11 қыркүйектегі №5/75-VІІІ өзгертулер және толықтырулармен
Түркістан облыстық мәслихатының регламенті
1-тарау. Жалпы ережелер
2-тарау. Облыстық мәслихаттың сессиясын өткізу тәртібі
Егер облыстық мәслихаттың сессиясына облыстық мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, оның құқықтық күші бар болады. Осы тармақтың бесінші бөлігінде көрсетілген жағдайларды қоспағанда, сессия мәслихаттың техникалық мүмкіндіктері ескеріліп, интернет-ресурстарда онлайн-трансляция ұйымдастырыла отырып жалпы отырыстар нысанында өткізіледі.
Сессияның жұмысында облыстық мәслихаттың шешімі бойынша мәслихат белгілеген, бірақ күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімге үзіліс жасалуы мүмкін. Сессияның ұзақтығын мәслихат айқындайды.
Облыстық мәслихаттың әрбір отырысының алдында қатысып отырған депутаттарды тіркеу жүргізіледі, оның нәтижелерін облыстық мәслихат төрағасы отырыс басталардан бұрын жария етеді.
Облыстық мәслихат сессиясы, әдетте, ашық сипатта болады. Егер бұған қатысып отырған депутаттардың жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, облыстық мәслихат төрағасының немесе облыстық мәслихат сессиясына қатысып отырған депутаттар санының үштен бірінің ұсынысы бойынша қабылданатын облыстық мәслихат шешімі бойынша жабық сессияларды өткізуге жол беріледі.
Төтенше жағдай режимі жарияланған кезде немесе төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жою кезінде, шектеу шараларын, оның ішінде карантин енгізу кезеңінде сессия бейне-конференц байланыс немесе өзге де байланыс құралдары арқылы өткізілуі мүмкін.
Сайланғаннан кейін мәслихаттың жалпы отырысын одан әрі мәслихат төрағасы жүргізеді.
6-1. Мәслихаттың сессиясын мәслихаттың төрағасы шақырады және сессияға төрағалық етеді.
6-2. Мәслихат төрағасы сессияда:
1) мәслихаттың сессиясын ашады, жүргізеді және жабады;
2) сөз сөйлеу үшін кезектілік тәртібімен сөз береді;
3) сөйлеуші Регламентті бұзған жағдайда – оған ескерту жасауға,
ал қайталап бұзған жағдайда сөзден айыруға құқылы;
4) рәсімдік мәселелер бойынша кезектен тыс сөз береді;
5) Мәслихат шешімдерінің жобалары, депутаттардың сессияда қаралатын мәселелер бойынша ұсыныстары бойынша дауыс беруді ұйымдастырады және дауыс беру нәтижелерін жариялайды;
6) сессияда осы Регламентпен белгіленген тәртіппен қамтамасыз етеді.
Дауыс беру:
1) бар болса, дауыстарды санаудың электрондық жүйесі пайдаланылып;
2) қол көтеру арқылы;
3) бюллетеньдер пайдаланылып жүзеге асырылады.
Дауыс беруді өткізу үшін депутаттардың қажетті саны болмаған кезде мәслихат төрағасы не оны алмастыратын адам кворумды қамтамасыз ету шараларын қабылдайды. Кворумды қамтамасыз ету мүмкін болмаған кезде төрағалық етуші дауыс беруді мәслихаттың келесі отырысына ауыстырады.
Өткізілген дауыс беру рәсімі мен техникасында қателер анықталған жағдайда, мәслихаттың шешімі бойынша қайта дауыс беру өткізіледі.
Барлық мәселелер бойынша дауыс беру нәтижелерін облыстық мәслихат төрағасы немесе оны алмастыратын адам дауыс беруге қатысқандардың, «жақтап», «қарсы» дауыс бергендердің, қалыс қалғандардың санын және дауыс беру қорытындысын көрсете отырып жария етеді. Деректер мәслихат отырысының хаттамасына енгізіледі.
Облыстық мәслихаттың бұрын қабылданған шешімдерінің күшін жою, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу олар қабылданған кездегідей дауыс беру арқылы жүргізіледі.
Кезектен тыс сессияны өткізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей кезектен тыс сессия шақырылады. Кезектен тыс сессияда оны шақыруға негіз болған мәселелер ғана қаралады.
Ақпарат облыстық мәслихаттың интернет-ресурсында сессияға дейін кемінде он күн қалғанда, ал кезектен тыс сессия шақырылған жағдайда – кемінде үш күн бұрын орналастырылуға тиіс.
Облыстық мәслихат төрағасы сессияның қарауына енгізілетін мәселелер бойынша қажетті материалдарды депутаттарға және әкімге сессияға дейін кемінде бес күн қалғанда, ал кезектен тыс сессия шақырылған жағдайда кемінде үш күн бұрын қағаз немесе электрондық түрде ұсынады.
Сессияның күн тәртібін талқылау кезінде ол толықтырылуы және өзгертілуі мүмкін. Облыстық мәслихат сессияның күн тәртібін бекіту туралы шешім қабылдайды.
Күн тәртібі бойынша дауыс беру әрбір мәселе бойынша жеке өткізіледі. Егер мәселеге облыстық мәслихат депутаттарының көпшілігі дауыс берсе, ол күн тәртібіне енгізілді деп есептеледі.
Шақырылған адам тәртіпті өрескел бұзған жағдайда, мәслихат төрағасының шешімі немесе сессияға қатысып отырған депутаттардың көпшілігінің талабы бойынша отырыс залынан шығарылуы мүмкін.
Мәслихат төрағасы өз бастамасы немесе депутаттардың уәжді ұсынысы бойынша үзіліс жариялай алады. Жалпы отырыстың соңында депутаттардың қысқа мәлімдемелер мен хабарламалар жасауы үшін уақыт беріледі, олар бойынша жарыссөз ашылмайды.
Баяндамалардың уақыты - 30 минуттан, қосымша баяндамалар - 20 минуттан, ақпараттар – 15 минуттан, қорытынды сөздер -10 минуттан аспауы тиіс.
Жарыссөздерде сөйлегендерге - 10 минутке дейін, жарыссөздерде қайталап сөйлегені үшін, сондай-ақ облыстық мәслихат шешімдерінің жобасын талқылау кезінде сөйлегені үшін – 5 минутке дейін, мәжілісті жүргізу тәртібі бойынша, дауыс беру рәсімі бойынша, кандидатураларды талқылау, арыз, ұсыныстар, өтініштер, сұрақтарға жауаптар, анықтамалар үшін – 3 минутке дейін беріледі.
Баяндамашылар мен қосымша баяндамашыларға сұрақтарға жауап беру үшін уақыт бөлінеді. Егер сөз сөйлеуші бөлінген уақыттан асып кетсе, мәслихат төрағасы оның сөзін тоқтатады немесе отырысқа қатысып отырған депутаттардың көпшілігінің келісімімен сөз сөйлеу уақытын ұзартады.
Облыстық мәслихат депутаты бір мәселе бойынша екі реттен артық сөйлей алмайды. Депутаттық сауалдар, сұрақтарға түсініктер мен жауап беру үшін сөйлеу жарыссөздерде сөз сөйлеу деп есептелмейді. Сөйлеу құқығын басқа депутатқа беруге жол берілмейді.
Жарыссөздер сессияға қатысып отырған депутаттардың көпшілігінің ашық дауыс беруімен тоқтатылады. Жарыссөздерді тоқтату туралы мәселе қойылған кезде мәслихат төрағасы сөз сөйлеуге жазылған және сөйлеген депутаттардың саны туралы хабарлайды, кімнің сөз беруді талап ететінін анықтайды.
Мәслихаттың жалпы отырысында барлық сөз сөйлеу бекітілген сөйлеу тәртібіне сәйкес не мәслихат төрағасы сөз бергеннен кейін жүргізіледі.
Баяндамашыларға сұрақтар жазбаша немесе ауызша түрде беріледі. Жазбаша сұрақтар облыстық мәслихат төрағасына беріледі және облыстық мәслихат отырысында жария етіледі.
18-1. Мәслихат сессиясының отырысына немесе мәслихат органдарының отырыстарына келе алмайтыны туралы депутат, себебін көрсете отырып, алдын ала отырысқа дейін екі күн бұрын мәслихат төрағасына не өзі мүше болып табылатын тұрақты комиссияның төрағасына отырысқа келе алмайтыны туралы алдын ала хабарлауға міндетті.
Депутат өз мiндеттерiн жүйелi түрде орындамаса, оның iшiнде мәслихат сессиясының немесе құрамына өзі сайланған мәслихат органдарының отырыстарына дәлелдi себептерсiз қатарынан үш реттен артық қатыспаса, мәслихат депутатының өкiлеттiгi мерзімінен бұрын тоқтатылады.
Осы тармақтың екінші абзацында көрсетілген негіздер орын алған жағдайда, әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы депутаттың өз мiндеттерiн жүйелi түрде орындамау немесе депутаттың мәслихат сессиясының отырыстарына немесе органдарының отырыстарына қатыспау себептерін жан-жақты және толық қарауды жүзеге асырады.
Қарау нәтижесі бойынша әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы жазбаша қорытынды шығарады. Депутаттың өз мiндеттерiн жүйелi түрде орындамау немесе депутаттың мәслихат сессиясының немесе мәслихат органдарының отырыстарына дәлелдi себептерсiз қатарынан үш реттен артық қатыспау фактілері расталған жағдайда маслихат төрағасы, әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы жазбаша қорытындысы негізінде Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясына (бұдан әрі – аумақтық сайлау комиссиясы) хабарлама хат жібереді.
Аумақтық сайлау комиссиясымен мəслихат депутатының өкілеттіктерін тоқтатуға əкеп соғатын негіздердің басталу фактісі көрсетілетін шешім қабылданады жəне мəслихатқа мəслихат депутатының өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыну енгізу туралы шешім қабылданады.
Мәслихат депутаты мәслихат сессиясының жалпы отырыстарында немесе мәслихат органдарының отырыстарында қатарынан екі рет дәлелсіз себептермен болмаған жағдайда, мәслихат төрағасы саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) басшы органына және аумақтық сайлау комиссиясына хабарлама хат жібереді.
Мəслихат аумақтық сайлау комиссиясының осы тармаққа сəйкес енгізілген ұсынуы негізінде мəслихат сессиясына қатысып отырған депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен мəслихаттың тиісті депутатының өкілеттіктерін тоқтатады.
3-тарау. Облыстық мәслихат актілерін қабылдау тәртібі
Облыстық мәслихаттың төрағасы қарауға қабылданған шешімдердің жобаларын барлық қажетті материалдармен қоса қарау және ұсыныстар дайындау үшін тұрақты комиссияларға жолдайды. Бір мезгілде тұрақты комиссиялардың біріне мәслихат актісінің жобасы бойынша қорытынды, сессияға қосымша баяндама дайындау, қосымша ақпарат жинау мен талдауды жүргізу тапсырылуы мүмкін.
Облыс бюджеті туралы шешімнің жобасын дайындау осы Регламенттің 29-тармағында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
Шешімдердің жобаларымен жұмыс істеу және басқа да мәселелерді дайындау үшін тұрақты комиссиялар жұмыс топтарын құра алады. Қажет болған жағдайда, жұмыс тобының құрамына басқа тұрақты комиссиядан депутаттар тартылуы мүмкін. Жұмыс тобының жұмысына кез келген депутат қатыса алады.
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, облыс әкімдігінің ұсынуы бойынша облыстық мәслихат онымен бірлескен шешім қабылдайды.
Шешімдердің жобаларына жауапты комиссияның (жұмыс тобының) немесе депутаттық фракцияның баяндамасында шешімдердің жобаларына енгізілген және қабылданбаған ұсыныстар көрсетіледі, түзетулерді қабылдаудың немесе қайтарудың себептері дәлелденеді.
Шешімдердің жобалары бойынша қосымша баяндаманың ережелерімен немесе қорытындылармен келіспейтін тұрақты комиссиялар, комиссиялардың және жұмыс топтарының жекелеген мүшелері өз пікірлерін қаралатын мәселе бойынша жалпы жарыссөздер басталғанға дейін баяндай алады.
Рәсімдік мәселелер бойынша мәслихаттың шешімдері жеке шешім қабылдамай, отырысқа қатысып отырған депутаттардың көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы хаттамамен қабылданады және отырыс хаттамасында тіркеледі.
Мына: отырысты жүргізу тәртібі, мәселелерді талқылау кезектілігі, жарыссөздерді тоқтату, сөз сөйлеу уақытын шектеу немесе ұзарту, дауыс беру тәсілдері, кворумды куәландыру және дауыстарды қайта санау, қаралатын мәселелер бойынша бұрын қабылданған шешімдерге және (немесе) қайта дауыс беруге оралу туралы мәселелер рәсімдік болып табылады.
Шешімдердің енгізілген барлық жобалары дауысқа қойылады. Жобалардың бірі негізге алынғаннан кейін депутаттар оған түзетулерді қабылдау рәсіміне кіріседі.
1) мәслихат шешімінің ұсынылған (пысықталған) жобасы негізге алынады, ал ол қабылданбаған жағдайда, түзетулер бойынша одан әрі дауыс беру тоқтатылады;
2) негізге алынған жобаға енгізілмеген түзетулер кезекпен дауысқа қойылады;
3) сессия шешімі қабылданған түзетулер ескеріліп, тұтастай дауысқа қойылады. Шешімдердің қабылданбаған жобалары және оларға түзетулер бойынша ағымдағы сессияда қайта дауыс беруге жол берілмейді.
Мәслихат шешімдеріне өзгерістер оларды қабылдау үшін белгіленген тәртіппен енгізіледі.
Сессиялардың хаттамалары сессиядан кейін бір айдан кешіктірілмей басылып, заңнамада белгіленген тәртіппен сақталады.
Облыстық мәслихаттың облыстық бюджеттің шығыстарын ұлғайтуды немесе кірістерін қысқартуды көздейтін шешімдерінің жобалары облыс әкімінің оң қорытындысы болған кезде ғана облыстық мәслихаттың қарауына енгізілуі мүмкін.
Облыстық мәслихат төрағасы бюджет жобасы келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде тиісті комиссиялардың атына бюджет жобасы бойынша қорытынды дайындауға қажетті мерзімдерді көрсетіп, тапсырма жібереді.
Тұрақты комиссиялар мәслихаттың уақытша комиссиясының пікірін ескере отырып, облыстық бюджеттің жобасы бойынша тиісті негіздемелері, есеп-қисаптары бар ұсыныстарды тұжырымдайды және оларды облыстық бюджеттің жобасы бойынша ұсыныстарды жинақтау мен қорытынды дайындауды жүзеге асыратын бейінді тұрақты комиссияға жібереді.
Бюджеттік жоспарлау жөніндегі облыстық жергілікті уәкілетті орган сессия басталғанға дейін кемінде екі апта бұрын бюджет туралы шешім жобасының түпкілікті нұсқасын барлық қажетті материалдармен қоса облыстық мәслихат төрағасына ұсынады.
Қазақстан Республикасының Президенті республикалық бюджет туралы заңға қол қойғаннан кейін екі апта мерзімнен кешіктірмей, облыстық мәслихаттың сессиясында облыстық бюджет бекітіледі.
4-тарау. Есептерді тыңдау тәртібі
Облыстық мәслихат төрағасының не оны алмастыратын адамның сөзінен кейін сөз облыс әкіміне беріледі.
Облыс әкімінің баяндамасында облыстың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы, облысты дамыту бағдарламаларының түйінді көрсеткіштеріне қол жеткізу, облысты одан әрі дамытудың міндеттері мен негізгі бағыттары, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын айқындау бөлігінде облыстық бюджеттің жобаларын қалыптастыру процесі туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
Есеп беруден кейін депутаттар сұрақтар қоюға және оларға жауаптар алуға, өз пікірін айтуға құқылы.
Облыс әкімінің (оның міндетін атқарушы адамның) өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есебі және ол бойынша шешімнің жобасы тиісті сессиядан үш апта бұрын мәслихаттың қарауына енгізіледі.
1) Облыс әкімнің (оның міндетін атқарушы адамның) есебін бекіту туралы;
2) есепті қабылдамау және оны қайта тыңдау қажеттігі туралы мәселені дауысқа қояды.
Облыс әкімінің (оның міндетін атқарушы адамның) есебін қайта тыңдау есеп қабылданбаған күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірмей жүзеге асырылады.
Облыс әкімінің (оның міндетін атқарушы адамның) пысықталған есебі ол қабылданбаған күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей мәслихатқа енгізіледі.
Облыстық мәслихат төрағасы жылына бір реттен сиретпей облыстық мәслихаттың кезекті сессияларында мәслихаттың қызметін ұйымдастыру бойынша атқарылған жұмыс, депутаттық сауалдар мен депутаттық жолданымдардың қаралу барысы, сайлаушылардың жолданымдары және олар бойынша қабылданған шаралар, мәслихаттың өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен өзара іс-қимыл жасауы, мәслихат аппаратының қызметі туралы есеп береді.
Мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының төрағалары жылына бір реттен сиретпей мәслихаттың кезекті сессияларында жүктелген функциялар мен өкілеттіктердің орындалуы туралы есеп береді.
Мәслихатта жылдық есеп беруді Тексеру комиссиясының төрағасы жүзеге асырады.
Жылдық есеп:
1) облыстық бюджеттің негізгі параметрлерін орындауды;
2) жергілікті бюджеттің түсімдері мен шығыстарын;
3) жергілікті мемлекеттік органдардың өздерінің бюджеттік бағдарламаларында көзделген тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізуін, аумақтарды дамыту бағдарламаларын, оның ішінде өткен кезеңдер үшін және жергілікті бюджеттік бағдарламаларды іске асыруын;
4) жергілікті бюджет қаражатын, оның ішінде нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттерді, байланысты гранттарды, жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын пайдалану, жергілікті бюджеттік инвестициялық жобаларды және мемлекет активтерін бірлесіп қаржыландыруды;
5) бақылау объектілерінің есепке алу мен есептілікті жүргізуінің анықтығы мен дұрыстығын бағалауды қамтиды.
Жылдық есепте жергілікті атқарушы органның жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есебі бойынша қорытынды беріледі, Тексеру комиссиясы қызметінің есепті жылдағы негізгі көрсеткіштері, анықталған қаржылық бұзушылықтардың құрылымы, сондай-ақ есепті жылы қаулылар мен ұсынымдардың орындалуы туралы сандық деректер және олардың орындалуы туралы ақпарат көрсетіледі.
37-1. Мәслихат бақылау объектілерін Тексеру комиссиясының жұмыс жоспарына енгізу үшін Тексеру комиссиясына ұсыныстар енгізуге құқылы.
Мәслихат Тексеру комиссиясының төрағасын және мүшелерін қызметке бес жыл мерзімге тағайындайды, сондай-ақ оларды Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен қызметтен босатады. Тексеру комиссиясы мен Түркістан облыстық мәслихатының өзара іс-қимыл мәселелері бойынша тікелей басшылықты мәслихат тарапынан мәслихат төрағасы, Тексеру комиссиясы тарапынан Тексеру комиссиясының төрағасы жүзеге асырады.
Тексеру комиссиясының құзыретіне кіретін және Түркістан облыстық мәслихатының отырысына шығарылатын барлық мәселелер бойынша Тексеру комиссиясы алдын ала мәслихат төрағасын хабардар етеді. Тексеру комиссиясы ақпарат үшін мәслихатқа лауазымды тұлғалардың Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін сақтамауының анықталған фактілері бойынша, сондай-ақ тиімділікті бақылау нәтижелері бойынша бақылау актілерін, қаулыларды (ұсынымдарды) енгізеді. Бұл мәселе Түркістан облыстық мәслихатының тиісті тұрақты комиссиясының отырысында талқыланғаннан кейін мәслихат сессиясында қаралуы мүмкін.
Тұрғындар алдында облыстық мәслихат төрағасын не оны алмастыратын адамды, не тұрақты комиссияның төрағасын тыңдау тиісті аудан, қала әкімінің күн тәртібі бойынша қысқаша кіріспе сөзімен басталады.
Тиісті аудан, қала әкімінен кейін сөз облыстық мәслихат төрағасына, не оны алмастыратын адамға, не тұрақты комиссияның төрағасына беріледі.
Есеп беруден кейін тұрғындар сұрақтар қоюға және оларға жауап алуға, өз пікірін айтуға құқылы, олар хаттамаға енгізіледі.
Есеп беру кездесулерінің хаттамаларын облыстық мәслихат аппаратының басшысы дайындайды және оған облыстық мәслихат төрағасы не оны алмастыратын адам, не тұрақты комиссияның төрағасы қол қояды.
5-тарау. Депутаттық сауалдарды қарау тәртібі
Депутаттың депутаттық сауалға берілген жауап бойынша өз пікірін білдіруіне мүмкіндік беріледі. Прокурорға жолданған депутаттық сауалдар қылмыстық қудалауды жүзеге асыруға байланысты болмауға тиіс.
6-тарау. Облыстық мәслихаттың лауазымды адамдары, тұрақты комиссиялары және өзге де органдары, облыстық мәслихаттың депутаттық бірлестіктері
1-параграф.
Облыстық мәслихат төрағасы
Ұсынылатын кандидатуралардың санына шек қойылмайды. Кандидаттар өздерінің алдағы қызметінің үлгі бағдарламаларымен таныстырады. Егер ашық немесе жасырын дауыс беру нәтижесінде облыстық мәслихат депутаттарының жалпы санының көпшілік даусын алса, кандидат облыстық мәслихат төрағасы лауазымына сайланды деп есептеледі.
Егер облыстық мәслихат төрағасының лауазымына екіден көп кандидат ұсынылса және олардың бірде-бірі сайлану үшін талап етілетін дауыс санын жинай алмаса, неғұрлым көп дауыс жинаған екі кандидатура бойынша қайтадан дауыс беру жүргізіледі.
Егер қайтадан дауыс беру кезінде осы кандидаттардың бірде-бірі депутаттардың жалпы санының жартысынан көбінің даусын жинай алмаса, қайтадан сайлау өткізіледі.
Облыстық мәслихат төрағасы облыстық мәслихаттың өкілеттігі мерзіміне сайланады.
Облыстық мәслихат төрағасы өкілеттіктерін Заңға және осы Регламентке сәйкес жүзеге асырады.
2-параграф. Облыстық мәслихаттың тұрақты және уақытша комиссиялары
Әрбір тұрақты комиссияның тізбесі, саны және құрамы дауысқа жеке-жеке қойылады. Олардың сандық және дербес құрамын облыстық мәслихат төрағасының ұсынысы бойынша облыстық мәслихат айқындайды.
Тұрақты комиссиялардың саны жетіден аспауға тиіс.
Тұрақты комиссиялар жұмыс топтарын құра алады.
Жария тыңдаулар тұрақты комиссиялардың қарауына жатқызылған өте маңызды және қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылау мақсатында, осы комиссиялардың депутаттар, атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, азаматтар қатысатын кеңейтілген отырыстары нысанында өткізіледі.
Жария тыңдауларды өткізу үшін депутаттар қатарынан жұмыс тобы құрылады. Тыңдауларды дайындау үшін өзге мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мамандары тартылуы мүмкін.
Тұрақты комиссия жария тыңдаулар өткізілерден бір ай бұрын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы алдағы жария тыңдаулардың тақырыбын, өткізілетін күні мен уақытын халықтың назарына жеткізеді.
Тұрақты комиссия жария тыңдауларға мүдделі мемлекеттік органдардың, жұртшылықтың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін шақырады. Жария тыңдауларға басқа тұрақты комиссиялардан мәслихат депутаттары қатыса алады.
Жария тыңдауларда тұрақты комиссияның депутаты сөйлегеннен кейін сұрақтарға жауап беруге уақыт бөлінеді.
Сөз сөйлеу қорытындылары бойынша комиссия депутатының баяндамасына келіп түскен ұсыныстар мен ескертулер жария тыңдаулар хаттамасына енгізіледі.
Жария тыңдаулардың хаттамасын облыстық мәслихат аппаратының қызметкері дайындайды және оған жария тыңдауларда төрағалық еткен депутат қол қояды.
Тұрақты комиссиялардың отырыстары қажеттілігіне қарай шақырылады және мүшелерінің жалпы санының жартысынан астамы қатысса, құқықтық күші бар деп есептеледі.
Тұрақты комиссияның қаулысы комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.
Тұрақты комиссияның қаулысы мен отырыстың хаттамасына оның төрағасы, ал бірнеше тұрақты комиссияның бірлескен отырысы өткізілген жағдайда, тиісті комиссиялардың төрағалары қол қояды.
3-параграф. Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы
Егер облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы лауазымына екеуден көп кандидатура ұсынылса және олардың бірде-бірі сайлану үшін талап етілетін дауыс санын жинай алмаса, неғұрлым көп дауыс жинаған екі кандидатура бойынша қайтадан дауыс беру өткізіледі.
Егер қайтадан дауыс беру кезінде осы кандидаттардың бірде-бірі депутаттардың жалпы санының жартысынан көбінің даусын жинай алмаса, қайтадан сайлау өткізіледі.
Егер комиссияның отырысында дауыс беру кезінде депутаттардың дауыстары тең бөлінген жағдайда, тұрақты комиссияның төрағасы шешуші дауыс құқығын пайдаланады.
4-параграф. Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының қызметін тұрақты негізде жүзеге асыратын төрағасы
Тұрақты комиссияның тұрақты негізде жұмыс істейтін төрағасы осы Регламенттің 53-тармағына сәйкес сайланады.
Облыстық мәслихат сессияда тұрақты комиссияның тұрақты негізде жұмыс істейтін төрағалары басқаратын екіден аспайтын тұрақты комиссияны айқындайды.
Бір саяси партияның мүшелері болып табылатын депутаттар тұрақты комиссиялардың тұрақты негізде жұмыс істейтін төрағалары бола алмайды.
1) мәслихаттың тұрақты комиссиясының жұмысына басшылық етеді;
2) сессиялар арасында тұрақты комиссияның атына келіп түскен азаматтар мен ұйымдардың жолданымдарын мүдделі органдар мен ұйымдарға жіберуді қамтамасыз етеді және олардың қаралуын бақылайды;
3) мәслихаттың сайлаушылармен өзара қарым-қатынасын қолдау, оларды мәслихаттың қызметі туралы жүйелі түрде хабардар ету, төтенше және кезек күттірмейтін мәселелерге ден қою үшін халықпен, үкіметтік емес ұйымдармен, мемлекеттік органдармен және ұйымдармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесулерді қамтамасыз етеді;
4) өзі құрамына кірмейтін мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырыстарына кеңесші дауыс беру құқығымен қатысады;
5) өзінің қарауындағы мәселелер бойынша мәслихаттың басқа тұрақты комиссияларының, мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми мекемелердің, мамандардың пікірлерін сұратады;
6) мәслихат депутаттары енгізген мәселелер мен ұсыныстарды қарайды, олар бойынша шешімдер қабылдайды, қабылданған шешімдердің орындалуын ұйымдастырады, сондай-ақ олардың орындалуын бақылайды;
7) тұрақты комиссияның отырысын және оның қарауына енгізілетін мәселелерді дайындауды ұйымдастырады, хаттама жасалуын қамтамасыз етеді және тұрақты комиссияның отырысында қабылданған қаулыларға, өзге де құжаттарға қол қояды;
8) мәслихат депутаттарының өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына жәрдемдеседі, оларды тұрақты комиссия қызметінің мәселелері бойынша қажетті ақпаратпен қамтамасыз етеді;
9) тұрақты комиссияның депутаттық сауалдары мен тұрақты комиссияның атына келіп түскен депутаттық жолданымдардың қаралуын бақылайды;
10) мәслихаттың тұрақты комиссиясы қаулыларының мәслихаттың интернет-ресурсында жариялануын қамтамасыз етеді, олардың орындалуын бақылау жөніндегі шараларды айқындайды;
11) Заңға және осы Регламентке сәйкес өзге де функциялар мен өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Облыстық мәслихаты төрағасының өкілеттіктерін уақытша жүзеге асырған кезде, егер мәселені қарауға өзі төрағасы болып табылатын тұрақты комиссия жауапты болған жағдайда, тұрақты комиссияның тұрақты негізде жұмыс істейтін төрағасының шешуші дауыс құқығы болмайды.
Тұрақты комиссиялардың бірінің тұрақты негізде жұмыс істейтін төрағасы болмаған кезде оның өкілеттіктерін басқа тұрақты комиссияның тұрақты негізде жұмыс істейтін төрағасы немесе мәслихат төрағасының шешімі бойынша мәслихаттың осы тұрақты комиссиясының мүшесі болып табылатын депутат уақытша жүзеге асырады.
5-параграф. Облыстық мәслихаттың есеп комиссиясы
Мәслихат есеп комиссиясының тақ саннан тұратын құрамын ашық дауыс беру арқылы депутаттар қатарынан сайлайды.
Мәслихат осы комиссияның құрамына облыстық мәслихат аппаратының, мемлекеттік органдардың және басқа да ұйымдардың жұмыскерлерін қосуға құқылы.
Есеп комиссиясы өз құрамынан комиссияның төрағасы мен хатшысын сайлайды, оның шешімдері ашық дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен қабылданады.
Ашық дауыс беру басталар алдында мәслихат төрағасы дауысқа қойылатын ұсыныстардың санын көрсетеді, олардың мазмұнын оқып береді.
Жасырын дауыс берудің уақыты мен орнын, оны өткізу тәртібін есеп комиссиясы белгілейді және оны есеп комиссиясының төрағасы хабарлайды.
Бюллетеньдерді беру тікелей дауыс беру алдында жүргізіледі, олар есеп комиссиясының бақылауымен, ол белгілеген нысан бойынша отырысқа қатысып отырған депутаттардың санына тең мөлшерде дайындалады және оларға есеп комиссиясының төрағасы қол қояды.
Әрбір депутатқа есеп комиссиясының төрағасы қол қойған бір бюллетень беріледі. Бюллетеньдердің жалпы саны мәслихат депутаттарының тізімдік құрамының санынан аспауға тиіс.
Жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдер мәслихат депутаттарына олар депутат куәлігін көрсеткен кезде беріледі.
Белгіленбеген нысандағы бюллетеньдер есептеу кезінде есепке алынбайды.
Белгіленбеген нысандағы бюллетеньдер, ал лауазымды адамдарды сайлау кезінде бір лауазымға біреуден артық кандидатура белгіленген бюллетеньдер де жарамсыз деп есептеледі. Дауыстарды санау кезінде бюллетеньде қосымша жазылған тектер есепке алынбайды. Біреуден артық шешім жобасы белгіленген бюллетеньдер жарамсыз деп есептеледі.
Толтырылмаған бюллетеньдер және барлық кандидаттардың тектері белгіленбеген бюллетеньдер жарамды деп танылады, бірақ дауыстарды санау кезінде есепке алынбайды.
Есеп комиссиясы дауыс беру аяқталған соң дауыс беруге арналған жәшікті ашуға тиіс. Дауыс беру аяқталғанша жәшікті ашуға тыйым салынады.
Есеп комиссиясы жасырын дауыс беру нәтижелері туралы хаттама жасайды, оған есеп комиссиясының барлық мүшелері қол қояды.
Өткізілген дауыс беру рәсімі мен техникасында қателер анықталған жағдайда, мәслихаттың шешімі бойынша қайтадан дауыс беру өткізіледі.
Дауыс беру кезінде болмаған мәслихат депутаты кейіннен дауыс беруге құқылы емес.
6-параграф. Облыстық мәслихаттағы депутаттық бірлестіктер
1) мәслихаттың күн тәртібі, талқыланатын мәселелерді қарау тәртібі және олардың мәні бойынша ескертулер мен ұсыныстар енгізе алады;
2) мәслихат сайлайтын немесе тағайындайтын лауазымды адамдардың кандидатуралары бойынша пікірлерін айта алады;
3) мәслихат шешімдерінің жобаларына түзетулер ұсына алады;
4) депутаттық бірлестіктің қызметіне қажетті материалдар мен құжаттарды сұрата алады.
7-тарау. Депутаттық әдеп қағидалары
1) бір-біріне және облыстық мәслихат сессияларының, облыстық мәслихат комиссиялары мен оның жұмыс органдарының жұмысына қатысатын барлық басқа да адамдарға құрметпен қарауға;
2) өздері сөз сөйлегенде облыстық мәслихат депутаттарының және басқа да адамдардың ар-ұжданы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін негізсіз айыптауларды, дөрекі, қорлайтын сөздерді қолданбауға;
3) заңсыз және зорлық-зомбылық әрекеттерге шақырмауға;
4) облыстық мәслихаттың, оның тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының қалыпты жұмысына кедергі келтірмеуге;
5) сөйлеушілердің сөзін бөлмеуге;
6) өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауға, сынағаны үшін қудалауға жол бермеуге, орынды сынды кемшіліктерді жою үшін пайдалануға;
7) адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға;
8) іскерлік әдепті және ресми мінез-құлық қағидаларын сақтауға;
9) сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруға;
10) жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларды ұстануға, қоғамға жат мінез-құлық жағдайларына жол бермеуге;
11) қарапайымдылық танытуға, өзінің өкілеттік жағдайын баса көрсетпеуге және пайдаланбауға;
12) өз тарапынан қоғамдық имандылыққа, тәртіп пен қауіпсіздікке қолсұғушылықпен ұштасқан заңнама талаптарын бұзуға жол бермеуге және басқа азаматтарды құқыққа қарсы, қоғамға жат іс-әрекеттер жасауға тартпауға;
13) жасағаны үшін заңнамада әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық көзделген құқық бұзушылықтар мен теріс қылықтарды жасауға жол бермеуге;
14) Түркістан облыстық Мәслихаты мен Мәслихат депутатының беделіне нұқсан келтіретін жанжалды жағдайларға жол бермеуге;
15) депутаттық қызмет барысында алынған «Қызмет бабында пайдалану үшін» (ҚБП) белгісі бар материалдарды таратпауға;
16) мәслихат депутатының қызметтік міндеттерін орындау кезінде сыртқы келбеті іскерлік стильмен, ұстамдылықпен, ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпы қабылданған іскерлік талаптарына сай болуы тиіс.
8-тарау. Облыстық мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыру
9-тарау. Облыстық мәслихат аппаратының жұмысын ұйымдастыру
Облыстық мәслихат аппараты облыстық бюджеттің қаражаты есебінен қамтылатын мемлекеттік мекеме болып табылады.
Облыстық мәслихат аппараты туралы ережені облыстық мәслихат бекітеді.
Облыстық мәслихаттың өкілеттік мерзімі аяқталғанда, облыстық мәслихат өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған және оның депутаттарының жаңа құрамы сайланған жағдайларда, облыстық мәслихат аппараты мемлекеттік қызметшілерінің қызметі тоқтатылмайды.