Қазығұрт аудандық Қоғамдық кеңес отырысының
ХАТТАМАСЫ №10
Қазығұрт ауылы 22.12.2023 ж
Қатысқан Қоғамдық кеңес мүшелері: Р.Айтубай, А.Жылқыбаев, Г.Каюпов, Б.Махсутов, Ж.Сабитов, Д.Кулимов, А.Көшкінбай, , Ж.Сүйеубеков, А.Сманов, Б.Ысмайыл, М.Ахметов, Ж.Сәрсен.
Қатыспағандар: 4 адам.
Төрағалық етуші: А.Жылкыбаев.
Аудандық Қоғамдық кеңестің 2023 жылғы 22 желтоқсандағы отырысын Қоғамдық кеңестің төрағасы А.Жылкыбаев ашып, отырыс регламентін бекітіп алуды сұрады. Баяндамашыға – 25 минутқа дейін, жарыссөздерге – 5 минутқа дейін деп регламент бекітілді.
Күн тәртібінде:
1) Сабыр Рахымов ауыл округі әкімінің есебі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарып жатқан жұмыстары жайлы есебі;
2) Қазығұрт ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының есебі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарып жатқан жұмыстары жайлы есебі;
3)Қазығұрт аудандық қоғамдық кеңесінің 2024 жылдың жылдық жоспарын бекіту туралы;
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша, Сабыр Рахымов ауыл округі әкімі Сапар Мақұлбаев жан-жақты баяндама жасады. Баяндама аяқталғаннан кейін сұрақ- жауап болды.
Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан сұрақтар қойылды. Атап айтқанда: Ж.Сүйеубеков- ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді игеру, кәсіпкерлерге берілетін несие туралы, А.Жылқыбаев- Қызылата мектебінің жылыту жүйесі туралы, ауыз сумен толық қамтылу мәселесі, Ж.Сәрсен- атаулы әлеуметтік көмек туралы, А.Сманов-ветеринария пунктінде интернеттің жұмыс істемеуі, елді мекенде қаңғыбас ит –мысықтарды тұрақты аулау мәселесі, Д.Кулимов- 2024 жылға ірі инвертициялық жобалар туралы және тағы басқа көптеген мәселелер төңірегінде сұрақ қойылып, жауап алынды. Ауыл әкімі С.Мақұлбаев барша сұрақтарға толыққанды жауап беріп, сын-ескертпелер бойынша алдағы уақытта жұмыстар жүргізілетінін айтты.
Қоғамдық кеңестің төрағасы бұл мәселе бойынша қанағаттанарлық деген баға беріп, оң шешім шығаруды ұсынды. Барша кеңес мүшелері қарсы-қалыссыз бұл ұсынысты қолдап, баға берді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық кірістер басқармасы басшысының орынбасары Оспанов Батырхан Ұласұлы баяндама жасады. Баяндама аяқталғаннан кейін сұрақ-жауап болды.
Қоғамдық кеңестің мүшелері Б.Махсутов, Ж.Сәрсен, Ж.Сүйеубеков, А.Жылкыбаевтар Көлік салығының берешектерінің 50 пайызға көбейгендігі жөнінде, декларация тапсыру,әлеуметтік аударымдар туралы, ЖШС,ӨК, жеке кәсіпкерлердің төлейтін салықтары,сауда орындарын қайта бағалау, қазіргі құнын есептеу т.б мәселе төңірегінде сұрақтар қойылып, бөлім басшысының орынбасары тарапынан тиісті жауаптар беріліп, ұсыныстар ескерілетінін айтты. Кеңес мүшесі А.Сманов тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай іс шаралар жүргізіп жатқандығы туралы сұрақ қойылып, Батырхан Ұласұлы мекемеде сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер мемлекеттік кірістер органдарында да қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Жемқорлықты жоюдың негізгі шарттарының бірі, салықтық қызмет көрсетуді электронды түрге көшіру арқылы салық төлеушілермен тікелей кездесуді азайтып, көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру болып табылады.
“Жаңабазар ардагерлері” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сүйеубеков Жоребек Маханұлы, бірлестік мүшесі Қожахан Әбілқасым Өмірбайұлының қатысуымен 28.11.2023 жылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау бойынша жиын өтті. Жиында Ж.М.Сүйеубеков Сыбайлас жемқорлық - заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі екенін айтып өтті. Сонымен қатар «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет деп атап өтті.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу мақсатында 03.03.2022 жылы “Мемлекет басшысы Қ.Ж. Тоқаевтың 2022 жылғы 2 ақпандағы №802 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасына түсінік» және Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру жоспарының 49 тармағына сәйкес» сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында 16 дөңгелек үстел, 2 брифинг, 6 ашық есік күні және 3 семинар өткізілді.
Ағымдағы жылдың маусым айында Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерімен бірге кірістер басқармасының қызметкерлері ауыл әкімшілігінің қызметкерлері, бизнес қоғамдық өкілдер, діни бірлестік, жастар ресурстық орталығы және жергілікті БАҚ өкілдері қатысуымен үлкен жиын өткізілді. Аталған жиында Мемлекет басшысы Қ.Ж. Тоқаевтың 2022 жылғы 2 ақпандағы №802 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын және оның жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарымен таныстырып сыбайлас жемқорлық қылмыстары туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеу бойынша ақпарат беріп, мемлекеттік қызметшілерді ел игілігі жолында адал қызмет етуге керектігі атап өтілді.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша техникалық сабақтар және семинарлар, ашық есік күндері жөніндегі мәліметтер мен фотосуреттер Қазығұрт ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының Инстаграм және Фейзбук парақшасында жарияланып тұрады. Сонымен қатар, Мемлекеттік кірістер басқармасында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бойынша құралған жұмысшы топ құрамы ішкі талдау жүргізілді.Нәтижесінде, басқарманың қызметін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа ықпал ететін фактілер анықталмады. Сонымен қатар басқарманың мемлекеттік қызметшінің жеке басының мүдделері өзінің лауазымдық өкілеттіктерін орындамауына немесе тиісінше орындамауына әкеп соғуы мүмкін болатын кездегі мемлекеттік қызметшінің жеке басының мүдделері оның лауазымдық өкілеттіктері арасындағы қайшылықтар орын алмаған. Қорыта айтқанда, Мемлекеттік кірістер органдарымен бүгінгі таңда атқарылып жатқан жемқорлық әрекеттерін болдырмау мақсатындағы нақты істер мен насихаттау жұмыстары мемлекеттік қызметтің беделін арттырып, салық төлеушілер сенімінің толықтай ақталуын қамтамасыз ету үшін жасалып жатқан пәрменді істер болып табылады.
А.Жылқыбаев: Құрметті кеңес мүшелері баяндама, сұрақ-жауап барлығы бітті. Баға беруіміз керек. Жұмыс бар. Жоспар артығымен орындалған.
Кездесуді жүргізіп отырған қоғамдық кеңес төрағасы А.Жылқыбаев күн тәртібіндегі бұл мәселе бойынша қойылған сұрақтарға толық жауап бергенін тілге тиек етіп, қанағаттанарлық деп қорытынды беруді сұрады. Қоғамдық кеңес мүшелері бір ауыздан ұсынысты қолдап, Б.Оспановтың баяндамасына қанағаттанарлық деп қорытынды берілді.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша, Қоғамдық кеңес төрағасы түсінік беріп, төралқа мүшелерімен келісілген түрде жасалғанын тілге тиек етті және Қоғамдық кеңес мүшелері бірауыздан келісім берді.
Күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқылана келе, Қазығұрт аудандық Қоғамдық кеңесі ШЕШІМ ЕТЕДІ:
1) Сабыр Рахымов ауыл округі әкімінің есебі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарып жатқан жұмыстары жайлы есебіне қанағаттанарлық деген баға берілсін;
2) Қазығұрт ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының есебі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарып жатқан жұмыстары жайлы есебіне қанағаттанарлық деген баға берілсін;
3)Қазығұрт аудандық қоғамдық кеңесінің 2024 жылдың жылдық жұмыс жоспары бекітілсін.
Аудандық Қоғамдық кеңес
төрағасы: А.Т.Жылкыбаев
Аудандық Қоғамдық кеңес
хатшысы: Ж.Ә.Әблахан