Төлеби аудандық Қоғамдық кеңесі өткен 2023 жылы өз жұмысын Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2021 жылғы 26 ақпандағы Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережені бекіту туралы №69 бұйрығының негізінде және аудандық Қоғамдық кеңестің жұмыс жоспарына сәйкес атқарды.
Қоғамдық кеңестің құрамы ардагер зейнеткерлер, қоғамдық ұйымның өкілдері, құрмет пен беделге ие болған зиялы қауым өкілдері, мекеме басшылары және кәсіпкерлерден жалпы 21 адамнан құралған.
Кеңес жұмысының басты мақсаты ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, халықтың тұрмыс-тіршілігін көтеруге, аудан халқынан түскен өтініш ой-пікірлерді талдап құзырлы мекемелер басшыларына жеткізу және орындалуын заң аясында қадағалау, қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша әлеуметтік ортаның пікіріне мониторинг жүргізу, аудандық бюджеттің жобаларына қоғам атынан баға беріп, олардың орындалуын, атқарушы органдардың нысаналы индикаторларға қол жеткізуі туралы есептерін тыңдау, аудан мәслихатының бекітуіне ұсынылатын нормативтік-құқықтық актілер жобасының азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне сәйкестігін зерделеп, келісімдерін беру немесе бермеу туралы шешімдер қабылду болып табылады.
Осыған сәйкес есепті жылда қоғамдық кеңес кез-келген мәселе бойынша азаматтық қоғамның ой-пікірлерін тыңдады. 2023 жылы жалпы 20 отырыс өткізілді онда көптеген өзекті мәселелер қаралды. Сонымен қатар арнайы қоғамдық мониторингтер, қоғамдық тыңдаулар өтті. Олардың нәтижелері жинақталып шешім қабылдау үшін тиісті мекемелерге жіберілді. Бұл іс-шаралары арқылы ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсаруына өз ықпалын тигізіп отырды.
Қоғамдық кеңес мүшелері 4 комиссияға бірігіп жұмыс жасады. Олар:
- Тұрғын үй қатынастары, құрылыс, сәулет және қала құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инфрақұрылым, инженерлік коммуникация мәселелері жөніндегі комиссия.
- Бюджет, әлеуметтік-экономикалық даму, әлеуметтік қамсыздандыру және білім беру, мәдениет пен спортты дамыту, денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі комиссия.
- Туризм, кәсіпкерік пен ауыл шаруашылығын дамыту, ветеринария, аумақтық инспеция саласы, экология, жер қатынастарын реттеу мәселелері жөніндегі комиссия.
- Сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы іс-қимыл мәселелері, қоғамдық бірлестіктер, халыққа қызмет көрсету саласы, құқық, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, мемлекеттік ақпараттандыру саясаты, өкілеттілік пен этика, діни ахуал, этно-мәдени қатынастар және жастар саясаты мәселелері жөніндегі комиссия.
Қоғамдық кеңестің ережесіне сәйкес ай сайынғы отырыста қаралатын мәселе бойынша есеп беретін мемлекеттік органдарға алдын ала хабарлама хат жіберіледі. Кейіннен тиісті комиссия мүшелері барып, алдымен өздерін және зерделеудің мақсатымен таныстырады. Атқарылып жатқан жұмыстарына қоғамдық мониторинг жүргізеді. Сонымен қатар қажетті мәлімет ақпараттарымен танысып, талдап жинақтайды.
Өткен жылы кеңестің жұмыс жоспарына сәйкес өткізілген отырыстарда, көптеген маңызды мәселелер қаралып шешімін тапты. Негізінен аудандағы мемлекеттік атқарушы органдардың өздеріне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындаулары бойынша есептері тыңдалып, кеңес мүшелері тарапынан атқарған жұмыстарына баға берілді. Мекемелердің аудан экономикасын көтеру мен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуда назар аударатын мәселелер басты назарда болды.
Қоғамдық кеңес аудандағы бірнеше өзекті мәселелердің оңды шешілуіне бастамашылық жасады. Атап айтсақ:
- Ленгір қаласы Төлеби көшесі бойындағы халық банкінің оң қапталындағы бос жатқан №215 жер учаскесі Еліміз тәуелсіздігін алғалы бері ешбір құрылыс жұмыстары жүргізілмей бос қаңырап тұрғандығы және халықтың қажеттілігі, игілігі үшін пайдалану керектігі жайында Ленгір қаласы тұрғындарынан түскен сұраныс, пікірлерін ескере Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Л.Серікбаевқа және Ленгір қаласы әкімі М.Жұмабаевқа аудандық жер қатынастар бөлімі тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілмегендігі, кәсіпкерлік мақсатына сәйкес ешбір құрылыс нысаны салынбағандығы, не мемлекетке қайтарылмағандығы, сондай-ақ осы уақытқа дейін ешбір шара қабылданбағандығы бойынша тиісті нақты жұмыстар жүргізу үшін кеңес мүшелері ұсыныстары мен пікірлерін жеткізіп, бақылауларында.
- Табиғаты әсем ауданымызда мемлекеттік бірде-бір аудандық балалар лагері жоқ. Бұл мәселені шешу мақсатында Киелітас ауылындағы бұрынғы «Спутник», лагері, кейіннен әскери бөліміне қарасты 9 гектар жер телімі бар аумақ, қазіргі таңда аудандық оқушылар үйі мекемесінің теңгерімінде. Осы жағдай ескеріліп, Төлеби ауданы әкімі Т.Телғараевқа және Түркістан облысының Білім басқармасы басшысы Ғ.Жұмашевке қазіргі кезде бос тұрған осы объектіні қалпына келтіру үшін қаржы қарастырып, лагер қолданысқа берілген жағдайда балаларымыздың жаз уақыттарында демалуына және аудан көлемінде жыл сайын өткізіліп тұратын оқушылардың алғашқы әскери дайындық пәнінің бағдарламасы бойынша оқу дала жиындарын өткізуге мүмкіндіктеріміз болар еді, - деген мазмұнда арнайы хат жолданды.
- Ленгір қаласының ауыз су жүйесіне күрделі құрылыс жұмыстары жүргізілген кезде №2 мөлтек ауданында 2 (екі) дана 3000 текше метрлік су жинау қоймасы салынған болатын. Бірақ 2018 жылы 1 (бір) 3000 текшелік су жинау қоймасы құрылыстың сапасыз жүргізілуіне байланысты қазіргі таңда жарамсыз халде, суы жоқ. Қала тұрғындары бүгінгі күндері 1 (бір) 3000 текшелік су қоймасынан ауыз су тұтынуда. Егерде қолданыстағы су қоймасы да жарамсыз халге түсетін болса Ленгір қаласының 60 пайыз тұрғындары ауыз су тапшылығын көретіндігі туралы аудан әкімі Т.Телғараевқа алдын алу және тиісті жұмыстарды жүргізу мақсатында ықпал жасау үшін ұсыным берілді.
- Төлеби ауданына қарасты 270,0 га суғармалы жер Ордабасы ауданындағы жер теңгерімі (зембаланс) шекара аймағында орналасқандығы бойынша мән жайды анықтау үшін аудандық жер қатынастары және қоғамдық кеңес мүшелерінен құрылған комиссия Ордабасы ауданына барып, ауданымызға қарасты жерлерді пайдаланып жатқан мақсаттары және құжаттарымен танысып, зерделеді.
- Ленгір қаласындағы №4 Қ.Сәтбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің кезінде бос тұрған бір ғимараты аудандық «Мансап» орталығы мекемесіне және Төлеби аудандық пробация қызметі бөліміне пайдалануға беріліп кеткен. Бірақ бүгінгі таңда оқушылар саны артуына байланысты оқу кабинеттерінің жетіспеуінен оқушыларды 3 ауысымда оқытуға мәжбүрлік туындау салдарын алдын алу және мектептің «Б» ғимаратында орналасқан мекемелерді басқа мекен жайға көшіру қажеттілігі туралы кеңестің отырысында бірауыздан шешім қабылдап, аудан әкімі Т.Телғараевқа және орынбасары С.Дүйсебаевқа ұсыныс хаттар жолданды. Бүгінгі күндері ғимарат меншік иесіне қайтарылып, бұл мәселе оң шешімін тапты.
- Шілде айында Бірінші Мамыр ауылдық округ мәдениет үйінде өткен кеңестің көшпелі отырысында «Адами және ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы ізгі қоғам қалыптастыру» тақырыбы жан-жақты зерделеніп аудан тұрғындарына бірауыздан Үндеу қабылданды. Үндеу БАҚ-на, әлеуметтік желілерге жарияланды.
- Ауданның әлеуметтік-экономикалық өркендеуі негізінен қаржылық түсімдерге байланысты болғандықтан, бұл мәселе қыркүйек айындағы кеңес отырысында талқыланып, салық базасын жасақтаудағы пайдаланылмаған мүмкіндіктерге мемлекеттік кірістер комитетінің аудандық бөлімшесі басшылығына ұсыныстар айтылды.
Кеңестің барлық отырыстары «facebook» әлеуметтік желі арқылы тікелей трансляция көрсетіліп «Қоғамдық кеңестер» туралы заңына сәйкес ашықтық пен жариялылығы сақталды. Отырыстарға қаралатын мәселеге байланысты тиісті салаға жауапты аудан әкімінің орынбасарлары қатысып келеді.
Жылдың басында азаматтарды жеке қабылдау кестесі түзіліп, комиссия төрағалары әр аптаның жұма күндері қоғамдық қабылдаулар жүргізіп отырады.
Қоғамдық кеңес мүшелері қайырымдылық акцияларынада белсене қатысып келеді. Абай облысында орын алған төтенше жағдай салдарын қалпына келтіру, марқұмдардың және зардап шеккендердің отбасыларына қайырымдылық көмегін көрсетті.
Мемлекеттің тұрақтылығы–халық пен биліктің бірлігінде. Бұл ұстаным кез келген мемлекеттік органдар үшін маңызды. Алдымызда көптеген жауапты міндеттер тұр. Қоғамдық кеңес атқарушы билікпен бірге ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына барынша үлес қоса беретіндігіне сенімдіміз.
Аудан орталығы Ленгір қаласы мен ауылдық округтер аумақтарында шешімін күткен көптеген мәселелер бар. Көркейту мен тазалық жұмыстары, ауыл шаруашылығын өркендету, шағын және орта бизнеске кеңінен жол ашу кезек күттірмейтін бұдан да жоғары көптеген міндеттер тұр.
Қорыта келе – қоғамдық дамуда, мемлекеттің өркендеуінде демократия принциптерін ұстанған ауданымыздың индустриялық-экономикалық, шаруашылық-өндірістік, тұрмыстық-әлеуметтік және мәдени-рухани жағынан дамуына, қоғамдық татулық пен келісімнің кемелденуіне, қоғамдық ішкі тәртіптің сақталуына бағытталған жұмыстарға әлеумет атынан азаматтық бақылау жасау институты Қоғамдық кеңестің атқарар жұмыстары жалғаса береді.
Төлеби аудандық Қоғамдық кеңесі.