Мәслихат депутаты жалпы мемлекеттiк мүдделердi ескере отырып, тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстегi халықтың еркiн бiлдiредi.
Мәслихат депутатының өкiлеттiгi тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы оны депутат ретiнде тiркеген кезден басталып, мәслихат өкiлеттiгi тоқтатылған кезден бастап тоқтайды.
Мәслихат депутаты өзі сайланған тиісті аумақтардың не округтің тұрғындарының еркін білдіреді.
Мәслихаттың әрбір депутатына оның құқықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға кепілдік беріледі. Қызметі мемлекеттік құпиялармен байланысты ұйымдарды қоспағанда, мәслихат депутаты депутаттық қызмет мәселелері бойынша тиісті мәслихат аумағында орналасқан мемлекеттік органдарға, қоғамдық бірлестіктерге және мемлекеттік ұйымдарға кедергісіз баруға құқылы.
Мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктер мен мемлекеттік ұйымдардың басшылары мен басқа да лауазымды адамдары мәслихат депутаттарын кедергісіз қабылдауға және оларға жүктелген өкілеттіктерді жүзеге асыруда қажетті көмек көрсетуге міндетті.