Талғар аудандық мәслихат төрағасының есебі туралы

Талғар аудандық мәслихат төрағасының есебі туралы

 

«Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 3 тармағының 1) тармақшасына сәйкес, аудандық мәслихат ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

Талғар аудандық мәслихатының төрағасы М.Алибековтың есебі назарға алынсын.

 

Талғар аудандық

мәслихатының төрағасы                                                           М. Алибеков

 

 

 Мәслихат төрағасының есебі: 

          Бүгінгі менің баяндамам 8-ші шақырылған мәслихат депутаттарының атқарған жұмыстары бойынша, яғни 23 депутатымыз бар, оның ішінде 4 тұрақты комиссия жұмыс істейді, сол комиссия төрағаларының бүгінгі күнге дейін жұмыстарының қорытындыларын қосымша баяндауға рұқсат етіңіздер. 

2023 жылы өткен Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауы жаңа аралас жүйе бойынша ұйымдастырылып, қазіргі уақытта Талғар аудандық мәслихатының 8-шақырылымның депутаттары өз өкілеттіктерін белсенді атқарып келеді, аудандық мәслихатта 4 тұрақты комиссия және «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясы жұмыс атқарады.

1) Бюджет, экономика, денсаулық сақтау, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет, депутаттардың этикасы, білім, ішкі саясат, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау, жастар ісі, бұқаралық ақпарат құралдары жөнiндегi тұрақты комиссия. Комиссия төрағасы - Байжұма Жандос Ескендірұлы.

Комиссияның басты назарында аудан бюджетін бекіту, тиімді атқарылуын қадағалау, сонымен қатар денсаулық сақтау, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, депутаттардың этикасы, білім, ішкі саясат, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау, жастар ісі, бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері қарау.

8-ші шақырылым жұмысының басынан бастап аталған сұрақтар бойынша тұрақты комиссияның 9 отырысы өтті. Тұрақты комиссия бюджет кодексіне сәйкес бюджет қаражатын тиімді және мақсатты атқару бойынша атқарушы органдардың жұмысын объективті бағалауды қамтып, қорытынды ұсыныстар жасады. 94 депутаттық суалдар жолданды, оның 51 шешімін тапты.

- «Аудандық денсаулық сақтау саласының атқарылған жұмыстары мен жоспарлары туралы» Талғар аудандық орталық ауруханасының басшысы О.Байұзақовтың есебі.

- Халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар саласында басшылықты жүзеге асыру мен әлеуметтік қолдау мәселелері туралы» Талғар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Г.Айтқожақованың есебі.

- «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын көрсету, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды ұйымдастыру мен орталықтың негізгі міндеттерінің сапалы орындалуы туралы» Талғар аудандық мансап орталығының директоры Э.Құрманованың есебі.

- Жастар саясатының аудан аумағында іске асырылуы мен қалыптасып отырған өзекті мәселелерді шешу бойынша атқарылған жұмыстары мен жоспарланған міндеттері туралы есебі.

- Талғар ауданы бойынша  Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы есептері тыңдалды.

2) Жер қатынастары, экология, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, өнеркәсіп, туризм жөніндегі тұрақты комиссия. Комиссия төрағасы - Абилхаирұлы Арыстанбек.

8-ші шақырылым жұмысының басынан бастап аталған сұрақтар бойынша тұрақты комиссияның 17 отырысы өтті. Комиссия отырыстарында көтерілген мәселелерді шешу мақсатында тиісті мемлекеттік мекемелерге 53 депутаттық саулдар жолданды, оның 34 шешімін тапты.

Талғар ауданында жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті сатып  алу туралы шарттарын қарастыру. Сонымен қатар комиссияның қарауына жататын сұрақтар бойынша Бірлік ауылының амбулаториясына жолдың кеңейтілуі туралы, Талғар ауданында қаңғыбас иттерге және иесіз қалған мысықтарға, үй жануарларына арналған баспана қарастыру, аудандағы ветеринария жағдайы, Талғар ауданында қоқыс тастау мәселесі туралы сұрақтар көтеріліп, қарастырылды.

          3) Заңдылық, азаматтар құқығын қорғау, құқық қорғау органдары, төтенше жағдайлар, қорғаныс істері, АХАЖ мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия. Комиссия төрағасы - Мединеев Нұрбек Бекжанұлы.

8-ші шақырылым жұмысының басынан бастап аталған сұрақтар бойынша тұрақты комиссияның 1 отырысы өтті. 71 депутаттық суалдар жолданды, оның 52 шешімін тапты.

Комиссия Талғар аудандық полиция басқармасының өзіне бекітілген салалар бойынша атқарылған жұмыстары мен туындаған өзекті мәселелерді шешу туралы кездесу өткізді.

4) Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, автомобиль жолдары, құрылыс, сәулет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия. Комиссия төрағасы - Игибаев Ержан Минимханович.

8-ші шақырылым жұмысының басынан бастап аталған сұрақтар бойынша тұрақты комиссияның 6 отырысы өтті. 35 депутаттық суалдар жолданды, оның 29 шешімін тапты.

Бесағаш ауылында орналасқан «Нурия» тұрғын үй кешеніндегі су, электр энергиясы, абаттандыру мәселелері бойынша отырыс өткізілді. Басқарушы компанияның жұмысы, атқарушы органдардың өкілдері және кешен тұрғындары тыңдалды.

Алматы-Талғар тас жолындағы жол кептелісі бойынша Бесағаш ауылына шығып қарау ұйымдастырылды. Ауылындағы «Болатбай» әмбебап базарының тұсында болатын кептелістің алдын алу бойынша облыстық, аудандық әкімшілік полиция өкілдеріне, жолға техникалық қызмет көрсететін компания «ҚазАвтоЖол» өкіліне тиісті ұсыныстар берілді. Бесағаш ауылындағы Ж.Аймауытов көшесіндегі кептелістің мәселесі көтеріліп, жергілікті атқарушы билік ауылдық округ әкімі мен аудандық автомобиль жолдары бөлімінің басшысына тиісті ұсыныстар берілді.

Тұрақты комиссияда ең қызу талқыланатын мәселелерінің бірі тұрғын ұй-коммуналдық шаруашылық пен инфрақұрылымға қатысты мәселелер, әлеуметтік нысандардың жылу беру кезеңіне дайындығы, елді мекендерді абаттандыру және санитарлық тазалау мәселелері.

Депутаттар ауылдық округ әкімдіктерінде азаматтарды қабылдап, сайлаушылармен кездесіп, атқарушы билікпен бірге әлеуметтік  жобаларды жүзеге асыруға атсалысып, сайлауалды бағдарламаларында берілген уәделерін іске асыруда, олардың орындалуын үнемі бақылауда ұстайды. Аудан әкімі мен ауылдық округ әкімдері өткізетін халықпен кездесулерге депутаттар міндетті түрде қатысып, халықтың мәселелерін тыңдап, шешу жолдарын іздестіріп, тұрақты комиссияның қарауына ұсынады.

Комиссия құзыретіне кіретін мәселелерді қарау нәтижесінде тұрақты комиссия тиісті ұсыныстар қабылдап, олардың орындалуын бақылауды қамтамасыз етті.

Талғар аудандық мәслихаты өз жұмысын Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының талаптарына сәйкес жүргізеді. Мәслихаттың жұмысы бекітілген жоспарға сай атқарылады. Мәслихат қызметінің негізгі нысаны сессия болып табылады. 8-ші шақырылым депутаттарының сайланған күнінен бастап осы күнге дейін барлығы 34 сессия өткізілді.

Сессиялардың жұмысына аудан әкімі және аудан әкімінің орынбасарлары, Талғар қаласы мен ауылдық округ әкімдері, мекеме, бөлім басшылары, аудандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сессия өткізілетіні туралы ақпараттар аудандық мәслихаттың сайтында жарияланып, аудандық мәслихаттың сессиялары ашық түрде өткізіліп, тікелей эфирде шығарылады.

Мәслихаттың сессияларында аудан үшін маңызды мәселелер қаралып, шешімдер қабылданды. Оның ішінде:

«Талғар ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы»,

          «Талғар ауданында мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібін және мөлшерін айқындау туралы»,

«Талғар ауданында тұрғын үй көмегiн көрсетудің мөлшерімен тәртібін айқындау туралы»,

«Талғар ауданы бойынша бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану кезінде мөлшерлеме мөлшерін төмендету туралы»,

«Талғар ауданының қала мен ауылдарын салудың бас жоспарларын бекіту туралы»,

«Талғар ауданының жерлерін нысаналы мақсаты мен пайдалану режимін белгілей отырып, оларды аймақтарға бөлу жобасын (схемасын) бекіту туралы»,  

«Талғар ауданы елді мекендерінің шекараларын (шектерін) өзгерту туралы»,

«Талғар ауданының жер комиссиясының құрамын және комиссия туралы ережені бекіту туралы»,

«Талғар ауданының және Талғар қаласы мен ауылдық округтерінің бюджеттері туралы»,

«Талғар қаласының құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау туралы» және тағы басқа маңызды шешімдер қабылданды.

Осы қабылданған шешімдер ауданда мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге, тұрғындардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталды.

Депутаттар аудан көлемінде салынып жатқан 20-дан астам құрылыс нысандарына зерделеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, депутаттар Алматы қаласының төңірегінде шоғырланған елді мекендерден Алматы қаласына қатынайтын көлік бағыттарын ашуға ықпал етті. Өңіріміздің автомобиль жолдарын орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті қаражаттың бөлінуіне де атсалысуда. Сондай-ақ, депутаттар тарапынан үнемі көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік аз қамтылған топтарға қаржылай және материалдық көмек көрсету мақсатында қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады. Көктемдегі су тасқынынан зардап шеккен көршілес облыстардың тұрғындарына ақшалай, заттай көмек көрсетілді. Оқу жылдары басталар алдында балаларды өз қаражаттары есебінен қажетті құрал-жабдықтармен  қамтамасыз етті.

Мәслихат депутаттары қоғамдық қабылдаулар өткізіп, тұрғындардың мәселелерін тыңдап, оларды шешуге көмектеседі. Бүгінгі күнге 250-ден астам депутаттық сауал жазылды, көптеген мәселелер өз шешімін тапты. Жергілікті билік пен мәслихаттар бірлесе отырып, ауданның әлеуметтік және экономикалық дамуына үлес қосуда.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен Астана қаласында «Аманат» партиясының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының Республикалық форумы өтті. Аталған форумға Талғар аудандық мәслихат депутаттары да қатысып, өңірлердегі өзекті мәселелерді көтеріп, атқарушы органдардан тікелей жауаптар мен маңызды ақпараттарға қол жеткізді. 

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның 21-3 бабына сәйкес, депутаттар 2024 жылғы 18 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен мәслихаттардың өзара іс-қимылын одан әрі жетілдіру жөніндегі іс-шаралар жоспары шеңберінде Семей қаласында мәслихат депутаттары мен мәслихат аппаратының қызметкерлеріне әдістемелік көмек көрсету және олардың біліктілігін арттыру мақсатында аймақтық оқыту-тренинг өткізілді. Бұл шараға аудандық мәслихат депутаттары онлайн форматта қатысты. 2024 жылғы 9-10 тамыз аралығында Қонаев қаласында «Тиімді коммуникациялар: практика және құқықтық кеңестер» тақырыбында депутаттар мен мәслихат аппараттарының қызметкерлеріне арналған тренингке аудандық мәслихат депутаттары мен аппарат қызметкерлері қатысты.

Мәслихат төрағасы ретінде мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, жергілікті өзін-өзі басқару және қоғамдық бірлестіктермен қарым-қатынаста болып, жедел кеңестердің жұмыстарына, аудан әкімінің халықпен кездесуіне, ауданның қоғамдық кеңесінің отырыстарына, облыс және аудан аумағында өткізілетін түрлі іс-шараларға қатысуды және бұл жөнінде ақпараттарды әлеуметтік желілерде тұрақты жариялау бойынша, қатысқан іс-шаралар туралы материалдарды тұрақты жариялауды ұсынамын.

Мәслихаттың негізгі мақсаты – аудан халқының қалауын білдіру, оларды жүзеге асыру шараларын анықтау және орындалуын қадағалау, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету.

 

 

 

 

 

 

 

Дата публикации
06 января 2025