Протокол публичного слушания Постоянной комиссии

Талдықорған қалалық мәслихатының

«Заңдылықты сақтау, қала құрылысы, тұрғын үй шаруашылығы және  жол-көлік инфрақұрылымы мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссияның

ХАТТАМАСЫ

 

 

Талдықорған қаласы, Өтенай ауылдық округі, Ынтымақ ауылы                                                                                                  21 қазан 2025 жыл,

сағат: 17:00

(№ 30 орта мектеп)

 

Көпшілік тыңдау отырысын жүргізген -  №18 сайлау округінің депутаты, «Заңдылықты сақтау, қала құрылысы, тұрғын үй шаруашылығы және  жол-көлік инфрақұрылымы мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссияның төрағасы Серік Максимұлы Жансеңгіров.

Хатшы: қалалық мәслихат аппаратының бас маманы – Әлібек Батырбекұлы Келдібек.  

Күн тәртібінде:

 

Талдықорған қаласының құрамдас бөліктеріне атау беру туралы

 

Қатысқандар:

Талдықорған қалалық мәслихаттың депутаттары, қала әкімінің орынбасары, қалалық әкімдіктің, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және қала, 3-бөлімше, «Береке» тұрғын үй алабының тұрғындары.

 

Талдықорған қалалық мәслихатының «Заңдылықты сақтау, қала құрылысы, тұрғын үй шаруашылығы және жол-көлік инфрақұрылымы мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссияның  көпшілік тыңдау отырысын   С. Жансеңгіров «ашық» деп жариялап, шақырылғандарды күн тәртібімен таныстырды.

 

Сөйлегендер:

 

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша алғашқы сөзді отырыс төрағасы Талдықорған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Эльмира Кенжеғалиқызы Мұқышеваға берді. Бөлім басшысы 2 көше бойынша баяндама жасады.

Талдықорған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Э. К. Мұқышева: Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай, жыл басынан бері Талдықорған қаласы және Өтенай ауылдық округі бойынша Республикалық ономастикалық комиссиясымен 20 ардагердің есімдері келісілген. Нәтижесінде жыл соңына дейін қаланың 13 көшесіне және Өтенай ауылдық округінің 7 көшесіне ҰОС ардагерлерінің есімдері берілетін болады.

Ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында Республикалық ономастикалық комиссиясына ҰОС ардагерлері – Серғали Күнчаев, Абдықадыр Болсамбеков, Кәкімбай Қожахметұлы және Тәңірберген Әлімбаевтың есімдері ұсынылып, келісім алынған.

Аталған есімдер бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық ономастика комиссиясының №211 бұйрығының 2-тарауына сәйкес, тиісті аумақ халқының пікірін ескере отырып, Талдықорған қаласының құрамдас бөліктеріне атау беру жұмыстары жүргізілуі тиіс.

Осыған байланысты, қаланың оңтүстік-батыс бөлігінде (3-бөлімше) орналасқан екі жаңа көшеге төмендегі атауларды беру ұсынылады:

  1. №4 жаңа көше (ұзындығы – 1,2 км) – «Абдықадыр Болсамбеков» көшесі.

Болсамбеков Абдықадыр (1923–2014 жж.) – Ұлы Отан соғысының ардагері. 1923 жылы Сарқан ауданының Қызыләскер ауылында дүниеге келген. 1942 жылы әскерге шақырылып, соғыс кезінде СМЕРШ қарсы барлау взводының командирі болған. 1947 жылы соғыстан оралып, Сарқан ауданында учаскелік қызмет атқарған. Кейін Текелі қаласында ішкі істер бөлімінің бастығы қызметін атқарды. Әскери маңызы бар Степногорск қаласына ауыстырылып, Мәскеудегі ІІМ жоғары мектебінде білім алған. Талдықорған қаласына оралып, генерал-майор атағын иеленді және облыстық милиция басқармасының бастығы қызметін атқарып, зейнеткерлікке шыққан.

2015 жылдан бастап Жетісу облысы полиция департаментінде Абдықадыр Болсамбеков атындағы мұражай жұмыс істейді (жұмысты қызы – Мадина Болсамбекқызы жүргізуде).

Марапаттары: ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Халықтар достығы» ордені, «Жапонияны жеңгені үшін» медалі және көптеген Құрмет грамоталары.

  1. №18 жаңа көше (ұзындығы – 995 м) – «Серғали Күнчаев» көшесі.

Күнчаев Серғали (1922–2000 жж.) – Ұлы Отан соғысының ардагері. 1922 жылы Ақсу ауданының Қапал ауылында дүниеге келген. 1941 жылы әскерге шақырылып, 1942–1945 жылдары Сталинград, Курск, Белгород, Харьков және Калининград бағыттарындағы шайқастарға пулемет бөлімшесінің командирі ретінде қатысқан. 1946–1948 жылдары Қапал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде бюджет бухгалтері қызметін атқарған. 1948–1969 жылдары Талдықорған қалалық сүт зауытының Көшкентал және Қоңыр сепараторлық бөлімшелерінің меңгерушісі, 1969–1985 жылдары Талдықорған қалалық кооперативтік сауда мекемесінде дайындаушы болып еңбек еткен.

Марапаттары: ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені, І дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін» және «Соғысқа қосқан ерлігі үшін» медальдары.

Құрметті қауым, аталған мәселе бойынша белсенді қатысып, өз ой-пікірлеріңізбен бөлісулеріңізді және қолдауларыңызды сұраймын!

Отырыс төрағасы, №18 сайлау округінің депутаты С. М. Жансеңгіров: Келесі сөз, Талдықорған қаласының тұрғыны Изатова Гульмира Сюбаевнаға беріледі.

Талдықорған қаласының тұрғыны Г. С. Изатова өз сөзінде Абдықадыр Болсамбековтің өмірбаянына тоқталып, оның ерліктері мен алған наградалары туралы, сондай-ақ қоғамдық қызметі туралы айтып өтті. Сондай-ақ ол Абдықадыр Болсамбековтің есімін көшеге беру жөніндегі ұсынысты қолдауды сұрады.

Отырыс төрағасы, №18 сайлау округінің депутаты С. М. Жансеңгіров: Келесі сөз Талдықорған қаласының тұрғыны, Серғали Күнчаевтың ұлы Күнчаев Бауыржан Серғалиұлына беріледі.

Талдықорған қаласының тұрғыны Б. С. Күнчаев сөзінде әкесі Серғали Күнчаевтың өмірбаяны, еңбектері мен қоғамдық қызметі туралы айтып өтті. Ол әкесінің атын еске алу мақсатында бір көшеге оның есімін беру жөніндегі ұсынысты қолдауды сұрады.

Отырыс төрағасы, №18 сайлау округінің депутаты С. М. Жансеңгіров: Құрметті көпшілік тыңдауға қатысушылар! Көшелерге беріліп отырған тұлғалар жайлы толық ақпарат берілді. Осымен дауыс беруге көшейік. Ол үшін осында қалалық мәслихат аппаратының бас маманы Келдібек Әлібек Батырбекұлы мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Рысбаева Сандуғаш Арнайқызы отыр. Осы азаматтар дауыс санауды жүзеге асырады. Құрметті қатысушылар, қалай дауыс береміз: екі көшеге бірден бе, әлде әр көшені жеке-жеке қараймыз ба?

Тұрғындар 2 көшеге бірден тізіммен дауыс беруді ұсынды.

Отырыс төрағасы, №18 сайлау округінің депутаты С. М. Жансеңгіров: Жақсы, аталған екі көшеге атау беруді кім қолдайды? Қарсы? Қалыс? Жоқ. Қабылданады.

Депутаттар мен тұрғындар бірауыздан бұл мәселені қолдап, дауыстарын берді.

Отырыс төрағасы, №18 сайлау округінің депутаты С. М. Жансеңгіров: Сөз, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Жеңіс Саятбекұлы Андабековке беріледі.

Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Ж. С. Андабеков: Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ұлы Отан соғысы жеңісінің 80 жылдығына орай, ардагерлердің есімдерін көшелерге беру жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Біз бұл бастаманы толық қолдаймыз. Әрбір ардагер өз ерліктері мен батылдығы үшін лайықты құрметке ие. Олардың көрсеткен ерліктері, Отанына деген адалдығы ешқашан ұмытылмайды. Біз барлық ардагерлерді еске алып, олардың қызметін жоғары бағалаймыз.

Сіздің де, біздің де ата-әжелеріміздің арасында соғыста ерлік көрсеткендер бар. Олар үшін бейбіт өмір, тыныш қала мен гүлденген көшелер – ең үлкен құрмет. Әрбір ардагердің ерен еңбегі, қаһармандық іс-әрекеттері, алған марапаттары мен медальдары біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.

Дегенмен, туыстары ардагерлердің есімдерін қала орталығына беруді сұрауда. Өкінішке орай, орталықта атаусыз көшелер жоқ, сондықтан жаңа шағын аудандарда ардагерлердің есімдерін беру үшін басымдық берілуде. Әрбір ардагер құрметке ие және олардың ерліктері ұрпаққа үлгі болып қала береді. Біз олардың есімдерін сақтап, ұрпаққа жеткізіп, мәңгі есте қалдырамыз.

Отырыс төрағасы, №18 сайлау округінің депутаты С. М. Жансеңгіров: Бүгінгі қаралған мәселе бойынша хаттама бұқаралық ақпарат құралдарында 7 жұмыс күн ішінде жарияланып, қалалық мәслихат пен әкімдіктің бірлескен шешімімен облыстық ономастикалық комиссияның қарауына ұсынылады.

Тұрақты комиссия төрағасы айтылған ұсыныс әлі де жергілікті атқарушы органмен бірлесе қаралатынын айтып,  отырысты «жабық» деп жариялады.

 

Отырыс төрағасы С. Жансеңгіров

 

Отырыс хатшысы Ә. Келдібек

Дата публикации
28 октября 2025