Талдықорған қалалық мәслихаты Тұрақты комиссиясының көпшілік тыңдау хаттамасы

Талдықорған қалалық мәслихатының

«Заңдылықты сақтау, қала құрылысы, тұрғын үй шаруашылығы және  жол-көлік инфрақұрылымы мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссияның

ХАТТАМАСЫ

 

 

Талдықорған қаласы, Өтенай ауылдық округі, Ынтымақ ауылы                                                                                                  23 қыркүйек 2025 жыл,

сағат: 17:00

(№ 30 орта мектеп)

 

Көпшілік тыңдау отырысын жүргізген -  №18 сайлау округінің депутаты, «Заңдылықты сақтау, қала құрылысы, тұрғын үй шаруашылығы және  жол-көлік инфрақұрылымы мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссияның төрағасы Серік Максимұлы Жансеңгіров.

Хатшы: қалалық мәслихат аппаратының бас маманы – Әлібек Батырбекұлы Келдібек.  

Күн тәртібінде:

 

Талдықорған қаласының құрамдас бөліктеріне атау беру туралы

 

Қатысқандар:

Талдықорған қалалық мәслихаттың депутаттары, қалалық әкімдіктің, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және қала, 3-бөлімше, «Береке» тұрғын үй алабының тұрғындары.

 

Талдықорған қалалық мәслихатының «Заңдылықты сақтау, қала құрылысы, тұрғын үй шаруашылығы және жол-көлік инфрақұрылымы мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссияның  көпшілік тыңдау отырысын   С. Жансеңгіров «ашық» деп жариялап, шақырылғандарды күн тәртібімен таныстырды.

 

Сөйлегендер:

 

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша алғашқы сөзді отырыс төрағасы Талдықорған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Сандағаш Арнайқызы Рысбаеваға берді. Бас маман 2 көше бойынша баяндама жасады.

Талдықорған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы С. А. Рысбаева: Бүгінгі таңда Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласындағы құрылыс жұмыстарының қауырт жүргізілуіне байланысты жаңадан шағын аудандар, проспект, көшелер мен объектілер қосылып жатыр. Аталған құрамдас бөліктерге уақытында  атау бермесек, тұрғындарға жедел жәрдем, полиция, төтенше жағдай қызметтерін, такси шақыруға, пошта қызметін пайдалануға, үйдің құжаттарын рәсімдеуге кедергі келтіреді. Сонымен қатар облыс және қала әкімдігіне көше және объектілер атауларына байланысты жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардан өтініштер үнемі түсуде.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің                  2024-2028 жылдарға арналған «Жол картасы» Жобасына Жетісу облысы Талдықорған қаласы бойынша 2024-2028 жылдары барлығы 1 елді мекен, 39 көше, 4 объектіге атау беру және қайта атау енгізілді. 2024 жылы 18 жаңа көшеге атау берілсе, 1 көшеге қайта атау берілді. 2025 жылы 6 жаңа көшеге атау беру жоспарланған. Оның 4 көшесіне атау берілді.

 2025 жылдың жоспарына енген келесі екі көшенің атауын ұсынып отырмыз. Олар:

  1. Талдықорған қаласының  «Береке»  тұрғын  үй  алабында орналасқан№23 жаңа көше – Әулиеағаш  көшесі (жер-су атауы, Жетісу облысындағы елді мекен атауы. Жеті ғасырлық тарихы бар алып ағаш.  Ауылдың аты осы ағашқа байланысты қойылған, ұзындығы 650 м);

2, Қаланың Оңтүстік-батысында орналасқан (3 бөлімше) №1 жаңа          көше – Кемеңгер көшесі. (дәстүрлі атау, данышпан, асқан ақылды, дана деген мағына, ұзындығы 470 м).

Бұл атаулар қаламыздың тарихи-мәдени мұрасын айшықтап, болашақ ұрпаққа өнеге болатынына сенім білдіреміз.

Құрметті қауым, аталған мәселе бойынша белсенді қатысып, өз ой-пікірлеріңізбен бөлісулеріңізді және қолдауларыңызды сұраймын!

Отырыс төрағасы, №18 сайлау округінің депутаты С. М. Жансеңгіров: Келесі сөз, Талдықорған қаласының тұрғыны Узембаева Рая Каниевнаға беріледі.

Талдықорған қаласының тұрғыны Р. К. Узембаева: Құрметті  қауым! Қазіргі таңда елімізде елді мекендер мен көшелерге тарихи, ұлттық, мағыналы атаулар беру үрдісі жүріп жатыр. Бұл – мемлекеттік деңгейде жүргізіліп жатқан, ұлттық сана мен тарихи жадыны жаңғыртуға бағытталған игі бастамалардың бірі.

Осыған орай  көшеге «Әулиеағаш» деген атау берілуіне байланысты, неліктен «Әулиеағаш»? деген сұраққа анықтама берейік.

«Әулиеағаш» – қазақ халқының мәдениеті мен дүниетанымында терең мағынаға ие ұғым. Бұл атау киелі, қасиетті ағаш деген мағынаны береді. Әулиеағаш – Жетісу облысында орналасқан киелі жер. Ата-бабалар рухына арналып тілек тілейтін, шырақ жағатын, дұға оқитын орын ретінде танымал. Мұндай жерлер еліміздің түрлі аймақтарында бар және олар халқымыздың рухани өмірінде ерекше орын алады.

«Әулиеағаш» атауы қазақ халқының рухани мұрасын насихаттап, ұрпақ тәрбиесіне оң әсер етеді, тұрғындардың ұлттық болмысына сай келіп, көшенің өзіндік ерекшелігін айқындайды және оңай есте қалатын әрі құлаққа жағымды атау болып табылады.

Сол сияқты көшеге  «Кемеңгер» деген атау беру жөнінде. Мен бұл ұсынысты толық қолдаймын. Ең алдымен, «кемеңгер» сөзі – халқымыздың даналыққа, терең ойға, көрегендікке берген бағасы. Кемеңгерлік – халықтың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесі мен парасатын білдіреді. Осындай атаудың көше бойында жазылып тұруы – жастарымызға өнеге, үлкендерге құрмет. Көшеге «Кемеңгер» деп ат қою – тек атау беру емес, ол – елді даналыққа, парасатқа шақыратын үлкен мағынасы бар қадам. Бұл атау біздің ұрпағымызға «ақыл-парасатты биік қоя біл» деген өсиет іспетті.

Сондықтан да жергілікті тұрғындар бұл бастаманы құптап, көшеге «Кемеңгер» атауын беруді қолдаймыз.

Отырыс төрағасы, №18 сайлау округінің депутаты С. М. Жансеңгіров: Құрметті көпшілік тыңдауға қатысушылар! Көшелерге беріліп отырған тұлғалар жайлы толық ақпарат берілді. Осымен дауыс беруге көшейік.

Ол үшін осында қалалық мәслихат аппаратының бас маманы Келдібек Әлібек Батырбекұлы мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Рысбаева Сандуғаш Арнайқызы отыр. Осы азаматтар дауыс санауды жүзеге асырады. Құрметті қатысушылар, қалай дауыс береміз: екі көшеге бірден бе, әлде әр көшені жеке-жеке қараймыз ба?

Тұрғындар 2 көшеге бірден тізіммен дауыс беруді ұсынды.

Отырыс төрағасы, №18 сайлау округінің депутаты С. М. Жансеңгіров: Жақсы, аталған екі көшеге атау беруді кім қолдайды? Қарсы? Қалыс? Жоқ. Қабылданады.

Депутаттар мен тұрғындар бірауыздан бұл мәселені қолдап, дауыстарын берді.

Отырыс төрағасы, №18 сайлау округінің депутаты С. М. Жансеңгіров: Бүгінгі қаралған мәселе бойынша хаттама бұқаралық ақпарат құралдарында 7 жұмыс күн ішінде жарияланып, қалалық мәслихат пен әкімдіктің бірлескен шешімімен облыстық ономастикалық комиссияның қарауына ұсынылады.

Тұрақты комиссия төрағасы айтылған ұсыныс әлі де жергілікті атқарушы органмен бірлесе қаралатынын айтып,  отырысты «жабық» деп жариялады.

 

Отырыс төрағасы С. Жансеңгіров

 

Отырыс хатшысы Ә. Келдібек

Протокол
Дата публикации
26 сентября 2025