Степногорск қаласында жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізу тәртібін бекіту туралы

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 39-3-бабына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қазандағы № 1106 «Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің үлгі қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес, Степногорск қалалық мәслихаты ШЕШТІ: 

1. Қоса беріліп отырған Степногорск қаласында жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізу тәртібі бекітілсін.

2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соңқолданысқа енгізіледі.

 

 

Степногорск қалалық

мәслихатының хатшысы                                                                О. Жағыпаров

 

 

 

 

Степногорск қалалық

мәслихатының

2022 жылғы 22 желтоқсандағы

№ 7С-22/5 шешімімен

бекітілген

 

 

Степногорск қаласында жергілікті қоғамдастықтың

бөлек жиындарын өткізу тәртібі

 

1-тарау. Жалпы ережелер

 

1. Осы Степногорск қаласында жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізу тәртібі «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 39-3-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленді және ауыл, кент, ауылдық округ, шағын аудан, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының жергілікті қоғамдастығының бөлек жиындарын өткізудің үлгі тәртібін белгілейді.

2. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің осы тәртібінде (бұдан әрі – Тәртіп) мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) жергілікті қоғамдастық – шекараларында жергілікті өзін-өзі басқару жүзеге асырылатын, оның органдары құрылатын және жұмыс істейтін тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс аумағында тұратын тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жиынтығы;

2) жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиыны – ауыл, шағын аудан, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін өкілдерді сайлауға тікелей қатысуы.

 

2-тарау. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізу тәртібі

 

3. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын өткізу үшін кенттің, ауылдың, ауылдық округтің аумағы учаскелерге (ауылдар, шағын аудандар, көшелер, көппәтерлі тұрғын үйлер) бөлінеді.

4. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарында жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін саны үш адамнан аспайтын өкілдер сайланады.

5. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі шақырады және ұйымдастырады.

6. Жергілікті қоғамдастықтың халқына жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарының шақырылу уақыты, орны және талқыланатын мәселелер туралы кент, ауыл, ауылдық округ әкімі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен олар өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей хабарлайды.

7. Ауыл, шағын аудан, көше, көппәтерлі тұрғын үй шегінде бөлек жергілікті қоғамдастық жиынын өткізуді кент, ауыл, ауылдық округ әкімі ұйымдастырады.

Шағын аудан немесе көше шегінде көппәтерлі үйлер болған жағдайда, көппәтерлі үйдің бөлек жиындары өткізілмейді.

8. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынының ашылуы алдында тиісті ауылдың, шағын ауданның, көшенің, көппәтерлі тұрғын үйдің қатысып отырған, оған қатысуға құқығы бар тұрғындарын тіркеу жүргізіледі.

Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиыны осы ауылда, шағын ауданда, көшеде, көппәтерлі үйде тұратын және оған қатысуға құқығы бар тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) кемінде он пайызы қатысқан кезде өтті деп есептеледі.

9. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын кент, ауыл, ауылдық округ әкімі немесе ол уәкілеттік берген тұлға ашады.

Кент, ауыл, ауылдық округ әкімі немесе ол уәкілеттік берген тұлға бөлек жергілікті қоғамдастық жиынының төрағасы болып табылады.

Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынының хаттамасын ресімдеу үшін ашық дауыс берумен хатшы сайланады.

10. Жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, шағын аудан, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің кандидатураларын Степногорск қалалық мәслихаты бекіткен сандық құрамға сәйкес бөлек жергілікті қоғамдастық жиынына қатысушылар ұсынады.

11. Дауыс беру ашық тәсілмен әрбір кандидатура бойынша дербес жүргізіледі. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынына қатысушылардың ең көп даусын жинаған кандидаттар сайланған болып есептеледі.

12. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынында хаттама жүргізіледі, оған төраға мен хатшы қол қояды және ол тиісті кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің аппаратына беріледі.

Степногорск қаласында жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізу тәртібін бекіту туралы
Дата публикации
05 января 2023