Сайлау халықтық егемендікті жүзеге асырудың, қоғамдық пікірді қалыптастыру мен білдірудің, мемлекеттік тетіктің тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз етудің негізгі құралы болып табылады.
Республикадағы сайлау Республика азаматының сайлау және сайлану құқығын еркiн жүзеге асыруына негiзделедi.
Республика Президентiн, Парламентi Мәжiлiсiнiң және мәслихаттарының депутаттарын, аудандар, облыстық маңызы бар қалалар, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерін (бұдан әрі осы Конституциялық заңның мәтіні бойынша – әкімдерді), өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру жағдайында өткiзiледi.
Республика Парламентi Сенатының депутаттарын сайлау жанама сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру жағдайында өткiзiледi.
Республика азаматтарының сайлауға қатысуы ерiктi болып табылады. Азаматты сайлауға қатысуға немесе қатыспауға мәжбүрлеуге, сондай-ақ оның еркiн бiлдiрудi шектеуге ешкiмнiң де құқығы жоқ.
Жалпыға бiрдей белсендi сайлау құқығы - Республиканың он сегiз жасқа жеткен азаматтарының тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге қатысу құқығы.
Сайлаушылар Президентті, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың депутаттарын сайлауға, сондай-ақ әкімдерді сайлауға тең негіздерде қатысады әрі олардың әрқайсысының бір сайлау бюллетеніне тиісінше бір дауысы болады.
Сайлаушылар Республиканың өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауға тең негiздерде қатысады әрi олардың әрқайсысының тең дауыс саны болады.
Кандидаттардың сайлауға тең құқықтармен және шарттармен қатысуына кепiлдiк берiледi.