Шахметов Е.Н.: Құрметті Төралқа! Құрметті депутаттар және сессияға қатысушылар!
Аудандық бюджеттің атқарылуы туралы есепті жыл сайын қарау және бекіту өкілетті органның бақылау өкілеттіктерін жүзеге асырудың маңызды нысандарының бірі болып табылады. Бюджетті орындау арқылы жергілікті деңгейде мемлекеттік саясатты іске асырудың тиімділігі, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізу дәрежесі және аудан халқының тіршілігін қамтамасыз ету мәселелерін шешу сапасы бағаланады.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес 2025 жылғы аудандық бюджеттің атқарылуы туралы есеп, сондай-ақ Ақмола облысы бойынша Тексеру комиссиясының қорытындысы аудандық мәслихаттың бюджет, әлеуметтік-экономикалық даму, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, кәсіпкерлік және экология мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында қаралып, Қоғамдық кеңес мүшелерімен бірлесіп талқыланды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Шортанды ауданында негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің орындалуы қамтамасыз етілді. Аудан негізгі бағыттардың көпшілігі бойынша дамудың оң динамикасын сақтап қалды.
Инвестициялық белсенділіктің едәуір өскенін ерекше атап өткен жөн. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 29,8 млрд теңгені құрады, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен екі есе артық. Бұл ретте инвестициялардың 70 пайызға жуығын жеке салымдар құрады, бұл ауданның қолайлы инвестициялық ахуалы туралы куәландырады.
Есепті жылы ауданды дамыту үшін стратегиялық маңызы бар ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жалғастырылды. Олардың ішінде «Қазақстан Орманы» және «Forest of Central Asia», «Бозайғыр» ЖШС және «NS Alua» ЖШС кірпіш зауыттарын салу, сабанды қайта өңдеу және целлюлозадан өнім өндіру жөніндегі «Pepper Prod» ЖШС жобасын іске асыру, «Quality Supply» ЖШС гидранттар мен бекіту арматурасын өндіру зауытын салу, «General Leasing» ЖШС минералды су және жеміс шырындарын өндіру зауыты, сондай-ақ туризм және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобалар.
Төңкеріс станциясында республикалық маңызы бар «Ақмола» индустриялық аймағын құру жөніндегі жұмыс жалғастырылды. Бидай өңдеу биотехнологиялық кешенін салу жөніндегі жобаны іске асыру едәуір инвестициялар тартуға және шамамен 960 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,2 пайызға өсіп, 175,4 млрд. теңгені құрады. Кен орындарының сарқылуына және кендегi қымбат металдар құрамының азаюына байланысты өңдеушi өнеркәсiптiң жекелеген сегменттерiнде өндiрiс көлемiнiң төмендеуiне қарамастан, кәсiпорын геологиялық барлау жұмыстарын жүргiздi және өндiрiстi жаңғырту жөнiндегi iс-шараларды жоспарлады, бұл келесi жылдары саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi.
Құрылыс және тұрғын үй саясаты саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 10,2 млрд. теңгені құрады, 12,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Азаматтардың әлеуметтік осал топтарына арналған 36 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталды.
Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 48,6 млрд. теңгеге жетті. Аграрлық секторды техникалық қайта жарақтандыру, қазіргі заманғы ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу және мал шаруашылығын дамыту жөніндегі жұмыстар жалғасуда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жаңа ауыл шаруашылығы өндірістерін құру бойынша жобалар іске асырылуда.
Инженерлік инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытуға ерекше көңіл бөлінді.
2025 жылы мынадай маңызды жобалар аяқталды және іске асырылды:
- Дамса ауылында орталық қазандық және жылу желілерін салу;
- ауданның коммуналдық меншігіндегі қазандықтарды күрделі жөндеу;
- Ключи ауылындағы су құбыры мен сумен жабдықтаудың таратушы желілерінің құрылысы;
- Бозайғыр ауылының жаңа учаскелерінде су құбыры желілерінің құрылысы;
- Шортанды кентінің су құбыры желілерін қайта жаңарту;
- Новокубанка және Төңкеріс ауылдарының электрмен жабдықтау желілерін қайта жаңарту;
- Жолымбет кентінің мәдениет үйін күрделі жөндеу;
- Бозайғыр ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын аяқтау;
- ауданның елді мекендерінде автомобиль жолдарын, тротуарларды және көше жарығын жөндеу жұмыстарын жүргізу.
Жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесі халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейін 97 пайызға дейін арттыру, жол инфрақұрылымы мен коммуналдық желілердің жай-күйін жақсарту болды.
Аудандық бюджеттің кіріс бөлігі толық көлемде орындалды. Ауданның меншікті кірісі 3 млрд. 147 млн. теңгені құрады, жоспар - 3 млрд. 75 млн. теңге. Жоспардың асыра орындалуы 80 млн. теңгеден асты. 2024 жылмен салыстырғанда салықтық түсімдердің 299 млн. теңгеге өскені байқалады.
Бюджеттің шығыс бөлігі іс жүзінде 100 пайызға орындалды. Шығыстардың негізгі көлемі дәстүрлі түрде әлеуметтік саланы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты, көлік инфрақұрылымын, мәдениет пен спортты дамытуға бағытталған.
Ауылдық округтер бюджеттерінің атқарылуы да оң динамика туралы куәландырады. Төртінші деңгейлі бюджеттер бойынша түсімдер 103,1 пайызға орындалды, асыра орындау 17,8 млн. теңгені құрады. 11 кент пен ауылдық округтің тоғызы бюджет қаражатының жүз пайыз игерілуін қамтамасыз етті.
Сонымен қатар, тұрақты комиссия атқарушы органдардың назарын одан әрі пысықтауды талап ететін жекелеген мәселелерге аудару қажет деп есептейді.
Бюджеттің меншікті кірістерінің үлесін ұлғайту және жоғары тұрған бюджеттердің трансферттеріне тәуелділікті азайту жөніндегі жұмысты жалғастыру, дебиторлық берешекке және бюджет қаражатының уақтылы игерілуіне бақылауды күшейту, даму бағдарламаларының барлық нысаналы индикаторлары мен көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету, мал шаруашылығын дамыту, салықтық әкімшілендіруді арттыру, инвестициялар тарту және жаңа жұмыс орындарын құру жөніндегі жұмысты жандандыру қажет.
Құрметті депутаттар және сессияға қатысушылар!
Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 128-бабына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабына сәйкес және Ақмола облысы бойынша Тексеру комиссиясының есептерін қарау нәтижелерін, ұсынымдарын, Қоғамдық кеңес мүшелерінің ұсыныстарын және тұрақты комиссияның қорытындыларын ескере отырып:
1. Шортанды ауданы әкімінің м.а. Ш.Х.Ахметованың «2025 жылға арналған аудандық бюджеттің атқарылуы туралы» баяндамасы назарға алынсын.
2. Ақмола облысы бойынша тексеру комиссиясының 2025 жылға арналған аудандық бюджеттің атқарылуын бағалау нәтижелері бойынша есебі - қорытындысы назарға алынсын.
3. Ақмола облысы бойынша тексеру комиссиясының ұсынымдарын және Қоғамдық кеңес мүшелерінің пікірін ескере отырып, ұсынылған аудандық мәслихат шешімінің жобасына сәйкес Шортанды ауданының 2025 жылға арналған аудандық бюджетінің атқарылуы туралы есеп бекітілсін.
4. Шортанды және Жолымбет кенттерінің, Дамса, Новокубан, Петровка, Андреев, Раев, Пригородный, Новоселов ауылдық округтерінің, Бозайғыр және Бектау ауылдық округтерінің 2025 жылға арналған бюджеттерінің атқарылуы туралы есептер аудандық мәслихаттың ұсынылған шешімдерінің жобаларына сәйкес бекітілсін.
Назарларыңызға рахмет!