ТҰРҒЫНДАР ӨТІНІШІ ЕСКЕРІЛЕДІ
Кеше өзіме бекітілген округ тұрғындарымен кезекті рет кездесу ұйымдастырдым. Сәйкесінше бұл кездесуге Сәтбаев қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің және тұрғын үй инспекциясының мамандары, «Сүйікті» қала коммуналдық қызмет өкілдері де келді. 1 жыл ішінде тұрғындар тарапынан келіп түскен шағымдар аз болған жоқ. Депутат ретінде келген өтініштердің басым көпшілігінің шешімін табуға тырыстым. Биылға келіп түскен өтініштер қатарында аялдама орнату, балалар үшін спорт алаңын салу, Бұлқышев көшесі 48-ші үйдің алдына демалыс орынын салу, көше шамдарын орнату, жылу мәселелері бар. Бұл мәселелер алдағы күні жауапты мекеме басшыларымен бірлесе шешімін табатын болады. Ал кешегі кездесуде МЖК шағын ауданының тұрғындары тарапынан қосымша құрттаған талдарды кесу, далада көліктеріне көлеңке жасау бойынша рұқсат, қоғамдық көліктерді жаңарту, көше ортасындағы қоқыстардың уақытылы тазаланбауы, тұрғын үйлердің төбесінен ағатын сулар , жаздың күні суық судың қысымының төмендеуі, коммуналдық қызметтер үшін жасалатын төлемдердің ай сайын өсуі сынды көптеген шағымдар айтылды. Өз кезегінде кездесуге келген мамандар әр тұрғынның сауалына тұщымды жауап беріп, мәселенің кейбірін сол жерде шешіп берсе, кейбірін өздеріне түртіп алып алдағы күннің еншісіне қалдырды. Бұл өзекті мәселелер менің тікелей бақылауымда болады және шешімін шығаруға әрекет жасайтын боламын.