"Алматы облысының (қаласының, ауданының) құрметтi азаматы" атағын беру Қағидалары
Осы "Алматы облысының (қаласының, ауданының) құрметтi азаматы" атағын беру Қағидалары "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзiрленген және "Алматы облысының (қаласының, ауданының) құрметтi азаматы" атағын (бұдан әрі - Атақ) беру тәртiбiн реттейді.
2. Атақтың берілуі марапатталушылардың облыстың (қаланың, ауданның) экономикалық, әлеуметтік және рухани даму саласындағы ерекше еңбектерін қоғамның мойындағанын білдіру және маңызды моральдық ынталандырудың бірі болып табылады.
3. Атақ азаматтарға, олардың:
1) облыстың (қаланың, ауданның) әлеуметтік-экономикалық дамуына;
2) қоғамды демократияландыруға, облыс (қала, аудан) халқын әлеуметтік қорғау шараларын жүзеге асыруға;
3) жаратылыс, техникалық және қоғамдық ғылымдардың маңызды бағыттары бойынша іргелі зерттеулер жүргізуге, тиімділігі жоғары жаңа техника мен технология әзірлеу мен енгізуге;
4) халықтар мәдениетін дамыту, өзара әрекет ету мен байытуға, өнер, әдебиет және журналистикада жоғарғы көркем туындылар жасауға;
5) жеткіншек ұрпаққа адамгершілік және патриоттық тәрбие беруге, оқытудың жаңа түрлерін практикалық іс жүзіне асыруға;
6) облыс (қала, аудан) тұрғындарының денсаулығын сақтауға, қоршаған табиғи ортаны сауықтыруға, дене тәрбиесі мен спортты дамытуға;
7) мемлекеттік және әскери қызметке;
8) заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға;
9) меценаттық және қайырымдылық қызметіне қосқан нақты және маңызды үлесі үшін беріледі.
Атаққа ұсыну және беру тәртібі
- Атақ жылына он азаматтан аспай беріледі.
5. Атақ облыс (қала, аудан) әкімінің ұсынысы бойынша тиісті мәслихаттың шешімімен беріледі.
6. Атақ беру туралы қолдаухатты мемлекеттік органдардың, мекемелердің, ұйымдардың, кәсіпорындардың, ведомстволардың, бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың және шығармашылық одақтардың басшылары облыс (қала, аудан) әкімінің қарауына ұсынады.
7. Атаққа ұсынылып отырған үміткер тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік органның, мекеменің, ұйымның, кәсіпорынның, ведомствоның, бірлестіктің, сондай-ақ қоғамдық ұйымның еңбек ұжымы жиналысында Атақ беру үшін ұсынылған кандидатура және оған берілетін мінездеме қаралып, бекітіледі.
8. Атаққа ұсынылушының әрқайсысына Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 8 қарашадағы № 90 өкімімен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтауға ұсынудың және оларды тапсырудың тәртібі туралы Нұсқаулыққа қоса берілген № 1 нысан бойынша награда қағазы толтырылады. Награда қағазында Атақ беруге ұсынылушының жеке басын куәландыратын құжаты бойынша тегі, аты, әкесінің аты, лауазымы, жұмыс істеп жүрген цехтың, бөлімнің, бірлестіктің, мекеменің, ұйымның толық атауы көрсетіледі.
9. Атаққа ұсынылушы ғалымдар, ғылым мен техника қайраткерлерінің награда қағазына ғылыми жұмыстарының тізімі, өнертапқыштардың енгізген өнертабыстарының тізбесі қоса беріледі.
10. Награда қағазына 3х4 сантиметр көлемді түрлі-түсті 2 фотосурет қоса беріледі.
11. Атақ беру туралы қолдаухат қолдау таппаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мерзімде оның себебі туралы түсіндірме беріледі.
12. Атақ берілген тұлғаларға куәлік, төсбелгі және лента тапсырылады.
13. Куәліктерді, төсбелгілерді және ленталарды дайындау облыс (қала, аудан) әкімінің аппаратына жүктеледі және дайындау шығынын қаржыландыру тиісті жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады.
14. Атаққа қоса берілетін куәлікті, төсбелгіні және лентаны облыс (қала, аудан) әкімі, облыстық (қалалық, аудандық) мәслихаттың хатшысы және уәкілетті ресми өкілдер салтанатты жағдайда тапсырады.
15. Куәліктің, төсбелгінің және лентаның тапсырылғаны туралы хаттама жасалып, оған тапсыруды жүзеге асырған лауазымды тұлға қол қояды.
16. Атаққа қоса берілетін төсбелгі немесе лента жоғалған жағдайда телқұжаты берілмейді.
17. Атаққа қоса берілетін куәлік жоғалған жағдайда, оның телқұжаты, марапатталған адамның жазбаша өтініші бойынша, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарындағы жоғалғандығына байланысты жарамсыз деп тану туралы жарияланған хабарлама ұсынылғанда облыс (қала, аудан) әкімінің келісімімен берілуі мүмкін.