
Мәслихат қызметінің негізгі нысаны сессия болып табылады, онда Қазақстан Республикасының заңдарымен оның қарауына жатқызылған мәселелер шешіледі.
Егер мәслихаттың сессиясына мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, оның құқықтық күші бар болады. Осы тармақтың бесінші бөлігінде көрсетілген жағдайларды қоспағанда, сессия мәслихаттың техникалық мүмкіндіктері ескеріліп, интернет-ресурстарда онлайн-трансляция ұйымдастырыла отырып жалпы отырыстар нысанында өткізіледі.
Мәслихат сессиясы, әдетте, ашық сипатта болады. Егер бұған қатысып отырған депутаттардың жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, мәслихат хатшысының немесе мәслихат сессиясына қатысып отырған депутаттар санының үштен бірінің ұсынысы бойынша қабылданатын мәслихат шешімі бойынша жабық сессияларды өткізуге жол беріледі.
Төтенше жағдай режимі жарияланған кезде немесе төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жою кезінде, шектеу шараларын, оның ішінде карантин енгізу кезеңінде сессия бейне-конференц байланыс немесе өзге де байланыс құралдары арқылы өткізілуі мүмкін.