29 наурыз 2024 жыл 13/77-VIII
Отырар аудандық мәслихаты
төрағасының 2023 жылы
атқарылған жұмыстары
туралы есебі
Қазақстан Республикасы Президентінің «Мәслихаттың үлгі регламентін бекіту туралы» 2013 жылғы 3 желтоқсандағы №704 Жарлығымен бекітілген регламенттің 36-тармағына сәйкес, Отырар аудандық мәслихаты төрағасының атқарылған жұмыстары туралы есебін тыңдап, талқылай келе Отырар аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
Отырар аудандық мәслихатының төрағасы У.Ұзақовтың 2023 жылғы атқарылған жұмыстары туралы есебі қабылдансын.
Отырар аудандық
мәслихатының төрағасы У.Ұзақов
Отырар аудандық мәслихатының төрағасы У.Ұзақовтың атқарған жұмыстары жайлы есебі
Қазақстан Республикасы Президентінің «Мәслихаттың үлгі регламентін бекіту туралы» № 704 Жарлығының 36 тармағына сәйкес мәслихат төрағасы жылына бір реттен сиретпей мәслихаттың кезекті сессияларында мәслихаттың қызметін ұйымдастыру бойынша атқарылған жұмыс, депутаттық сауалдар мен депутаттық жолданымдардың қаралу барысы, сайлаушылардың жолданымдары және олар бойынша қабылданған шаралар, мәслихаттың өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен өзара іс-қимыл жасауы, мәслихат аппаратының қызметі туралы есеп береді.
Аудандық мәслихат пен оның тұрақты комиссияларының жұмысы жылды жоспарлаудан басталады. Отырар аудандық мәслихатында екі тұрақты комиссиялары бар. Өздеріңізге белгілі олар:
Бюджет және экономикалық даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы. Құрамы – 7 депутат және Әлеуметтік мәдени даму және депутаттың этикасы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы. Құрамы – 4 депутаттан тұрады.
Мәслихаттың жұмысының негізгі нысаны – сессия болып табылса, сегізінші сайланған Отырар аудандық мәслихатының 2023 жылы 11 сессиясы өткізілді. Оның ішінде 3-сессиясы жоспарға сәйкес кезекті болса қалған 8-сессиясы аудан әкімінің ұсынысына сәйкес кезектен тыс сессиялар шақырылып, өткізілді.
Онда 55 шешім қабылданды. Оның ішінде 9 шешім нормативтік құқықтық актілер болып табылады. Бұл шешімдердің барлығы да облыстық Әділет департаментіне ұсынылып, заңдық сараптамадан өткізіліп, мемлекеттік тіркеуге енгізілді. Заң талаптарына сәйкес тиісті шешімдеріміз Республикалық құқықтық ақпарат орталығы Түркістан облыстық филиалына уақытылы жолданылып отырылды.
Мәслихат аппаратында нормативтік құқықтық актілерге ұдайы мониторинг жүргізіліп, жылына 2-рет Әділет департаментіне тиісті ақпараттар ұсынылып отырылды.
Алайда 2023 жылы аудандық прокуратура тарапынан мәслихатта қабылданған 1-шешімге ден қойылып, қолданыстағы заңнамалық актілерге сәйкестендіру жұмыстары жүргізілді.
Аудандық мәслихаттың 2023 жылғы сессияларында қаралған мәселелер бойынша қысқаша айтып өтсем:
- 2023 жылға арналған аудандық бюджетке 2-мәрте, ауылдық округтердің бюджеттеріне 3-мәрте өзгерістер енгізілді және 2022 жылға арналған аудандық және ауылдық округтер бюджеттерінің орындалуы туралы есебі қаралды;
- 2024-2026 жылдарға арналған аудандық және ауылдық округтерінің бюджеттері бекітілді;
- Аудан әкімдігіне қарасты: аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің және аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің 2022-2023 жылдары атқарған жұмыстары мен алда тұрған міндеттері жайлы есептері тыңдалды;
- Сегізінші сайланған Отырар аудандық мәслихатының «Әлеуметтік мәдени даму және депутаттың этикасы мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссиясының құрамына өзгеріс енгізіліп төрағасы қайта сайланды;
- Балтакөл, Ынталы, Ш.Қалдаяқов, Отырар, Ақкөл, Самырат елді мекендерінің дамыту және құрылыс салу схемалары бекітілді;
- Отырар аудандық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының жаңа құрамдары жасақталып, сайланды;
- «Отырар ауданының құрметті азаматы» атағын беру туралы шешімі қабылданды.
Регламенттің 38-тармағына сәйкес ағымдағы жылдың қаңтар айында Өзімнің бастауыммен ауданымыздағы барлық 13-ауылдық округтердің жергілікті қоғамдастықтың жиындарында, ауыл тұрғындарының алдында мәслихаттың атқарған жұмысы, оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы есебі берілді.
Аталған есепте тұрғындар тарапынан түрлі өзекті мәселелер көтеріліп, олардың барлығы хаттамаға енгізілді.
Тұрғындардың өтінішіне сәйкес: ауыз су, ағын су, каналдарды жөндеу, көшелерді асфальттау, аяқ жол салу, жарықтандыру, білім беру ұйымдары мен денсаулық сақтау ұйымдары ғимараттарының жөндеу жұмыстары және оларды материалдық жабдықтармен қамтамасыз ету, тұрғындардың малдарына шауып жатқан қасқырлар туралы, шыбын-шіркейлерге қарсы дәрілерді шашу және басқа да түрлі мәселелер бойынша тиісті мекемелерге жалпы саны 25 депутаттық сауалдар мен хаттар жолданды. Жолданған депутаттық саулдардың арқасында көптеген мәселелер өз шешімін тауып жатса, басқа да бір қатар мәселелердің шешімін табуға бастама болды.
Мәслихат депутаттарының атынан жолданған барлық депутаттық сауалдарға келер болсақ, 2023 жылдың наурыз айынан бастап ағымдағы жылдың наурыз айы аралығында жалпы саны 40 депутаттық сауалдар жолданып, оларға тиісті жауаптары алынды.
Мәслихат төрағасының жеке қабылдаулары әр аптаның сәрсенбі күні болып бекітілген. Алайда келемін деуші тұрғындарға әрдайым есігім ашық. Барлық ауыл тұрғындарын аптаның қай күні болсын қабылдап келемін.
2023 жылы тіркелген арыз-шағымдардың саны 18. Оның ішінде 3 өтініш тиісті салаға жауапты мекемеге жолданған. Қалған 15 өтініш қанағаттандырылды.
Мәслихат аппаратының қызметі туралы айта кетсек, өздеріңізге белгілі өткізіліп жатқан сессияларымызды осы аппарат қызметкерлері сапалы ұйымдастырып келуде. Мәслихат аппаратында 5-мемлекеттік қызметшілер және 3-келісім шарт негізіндегі қызметкерлер еңбек етуде.
Аудандық мәслихат төрағасының құзыретіндегі мәселелер бойынша 2023 жылы 61 өкім шығарылды. Оның негізгілері аудандық мәслихаттың сессияларына дайындыққа байланысты уақытша комиссияларды құру, аппарат қызметкерлерінің еңбек демалысы мен іс-сапар шығындары және біліктілік арттыру оқуларына қатысты.
Депутат жұмысының ең маңыздыларының бірі - ел мүддесіне қатысты кезек күттірмейтін мәселелерді дер кезінде көріп, уақытында көтере білу. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей ауылдарды көркейтуге, көгалдандырып, абаттандыруға халықты жұмылдыра отыра аудан әкімдігімен бірлесе аудандық мәслихаттың депутаттары белсенді ұйымдастырушылық жұмыстарды атқаруда.
2023 жылы сегізінші шақырылымдағы Отырар аудандық мәслихаты депутаттарының алдында ауқымды жұмыстар мен міндеттері тұрды. Біз оларды шешу үшін бар күшімізді жұмылдыра отырып, жақсы жұмыс атқардық деп есептеймін. Алайда! алда әлі атқаратын жұмыстар көп. Олардың ең бастылары аудан әкімдігімен бірлесе отырып, тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін бар күшімізді салу, шаруаларды ағын сумен қамтамасыз ету, тұрғындарды жұмыспен қамту, жастарымызға барынша қолдау көрсету, мүгедектер мен аз қамтылған отбасыларға аса маңыздылықпен қарау, тұрғын үймен қамту, ауылдарды абаттандыру, жол құрылысы мәселелерін шешу және басқа да түрлі өзекті мәселелер мен тұрғындардың ұсыныстарын ескеріп, осы жұмыстарды бірге атқаруымыз керек.