Осакаровка кенті 2026 жылғы 16 қыркүйек
сағат 15:00
Отырысты төрағалық еткен: Осакаров аудандық мәслихатының депутаттық өкілеттіктер, этика, адамгершілік және құқықтық тәртіп мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы – Ғалия Нұрсолтан.
Қатысқандар:
1. Какенов Нурлан Сагадатович – аудан депутаты, тұрақты комиссия мүшесі;
2. Степанова Ольга Николаевна – аудан депутаты, тұрақты комиссия мүшесі;
3. Абдоллаев Сырымбет Сымбатович – аудан депутаты, тұрақты комиссия мүшесі.
Шақырылған:
Саккулаков Канат Келгенович – Осакаров аудандық мәслихатының төрағасы.
КҮН ТӘРТІБІ:
Қарағанды қаласының тұрғыны Михаил Николаевич Анастасияди Осакаров аудандық мәслихатының төрағасы К.Қ. Сакқұлақовқа қатысты қоғамдық ықпал ету шараларын қолдану туралы өтінішін қарау.
ТЫҢДАЛДЫ:
Ғ. Нұрсолтан: Құрметті депутаттар! Сіздердің қарауларыңызға Осакаров аудандық мәслихатының депутаттық өкілеттіктер, этика, адамгершілік және құқықтық тәртіп мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы отырысының күн тәртібіндегі мәселе ұсынылады. 2026 жылғы 4 қыркүйекте «E-Otinish» ақпараттық жүйесі арқылы Қарағанды қаласының тұрғыны М.Н. Анастасиядиден өтініш келіп түсті. Өтініште Осакаров аудандық мәслихатының төрағасы К.Қ. Сакқұлақовтың 2026 жылғы 27 тамызда Қарағанды облыстық мәслихатының құрылыс, ТКШ және экология мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысына Zoom Cloud Meetings платформасы арқылы бейнеконференция форматында қатысуы барысында өз кабинетінде электронды темекі шеккені және басқа адаммен сөйлескені көрсетілген.
Өтініш беруші аталған әрекеттерге байланысты "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 21 бабының 4 тармағына сәйкес - қоғамдық ықпал ету шараларын қолдануды сұраған.
Осыған байланысты күн тәртібіндегі мәселені қарауға көшеміз.
Сөз Осакаров аудандық мәслихатының төрағасы Саккулаков Канат Келгеновичке беріледі.
Саккулаков К.К.: Құрметті тұрақты комиссияның төрағасы, құрметті комиссия мүшелері! Осы факті бойынша түсініктеме бергім келеді. Иә, аталған факт орын алды. Мен электронды темекі шеккенімді растаймын. Бұл жағдай күн тәртібіндегі мәселелер арасындағы үзіліс кезінде болды. Мен отырыс үзілістен кейін басталады деп ойлап, бейнеконференция камерасының қосылып тұрғанын байқамадым. Мен аталған отырыс барысында темекі шегуге әдейі ниеттенген жоқпын. Бұл жағдай әдеп нормаларын саналы түрде бұзу ниетінен емес, менің тарапымнан кеткен немқұрайлылық салдарынан орын алды. Депутаттың қоғамға үлгі болатын мінез-құлық танытуы, заңнамада және мәслихаттың тиісті актілерінде белгіленген әдеп нормаларын сақтауы тиіс екенін толық түсінемін.
Осы жағдайға байланысты комиссия мүшелерінен, мәслихат аппаратынан және сайлаушылардан шын жүректен кешірім сұраймын. Өз тарапымнан орын алған кемшілікті мойындаймын және оған өкініш білдіремін.
ТАЛҚЫЛАНДЫ:
Тұрақты комиссия мүшелері өтініште көрсетілген мән-жайларды, ұсынылған материалдарды және отырыс барысында берілген түсініктемені талқылады.
Талқылау барысында депутаттар мен мәслихат төрағаларының қызметінде әдеп нормаларын, мінез-құлық мәдениетін сақтау, азаматтарға және әріптестеріне құрметпен қарау, сондай-ақ депутаттық мәртебеге сай тиісті мінез-құлық таныту маңызды екені атап өтілді.
Сонымен қатар тұрақты комиссия өтінішті қарау барысында заңнама талаптарын және мәслихат регламентінің нормаларын басшылыққа ала отырып, өтініште көрсетілген мән-жайларды объективті, жан-жақты және бейтарап бағалау қажеттігін атап өтті.
Тұрақты комиссия Қарағанды қаласының тұрғыны М.Н. Анастасиядидің өтінішін қарауға қабылдап, ұсынылған материалдар мен К.Қ. Сакқұлақовтың түсініктемесін назарға алды.
КОМИССИЯ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Қарағанды қаласының тұрғыны М.Н. Анастасиядидің өтінішінде көрсетілген мән-жайлар назарға алынсын.
2. Осакаров аудандық мәслихатының төрағасы К.Қ. Сакқұлақовқа депутаттық әдеп нормаларын сақтамауына байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қоғамдық айыптау түріндегі қоғамдық ықпал ету шарасы қолданылсын.
3. Осакаров аудандық мәслихатының төрағасы К.Қ. Сакқұлақовқа алдағы уақытта депутаттық әдеп нормаларын, мінез-құлық талаптарын және мәслихат отырыстарын өткізу тәртібін қатаң сақтау ұсынылсын.
4. Осы шешімнің қабылданғаны туралы өтініш берушіге белгіленген тәртіппен хабарлансын.
ДАУЫС БЕРУ ҚОРЫТЫНДЫСЫ:
«Жақтап» – 4 депутат.
«Қарсы» – жоқ.
«Қалыс қалған» – жоқ.
Шешім бірауыздан қабылданды.
Ғ. Нұрсолтан:
Құрметті депутаттар! Осакаров аудандық мәслихатының депутаттық өкілеттіктер, этика, адамгершілік және құқықтық тәртіп мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы отырысының күн тәртібіндегі мәселе қаралды.
Отырыс жабық деп жарияланады.
Тұрақты комиссия төрағасы Ғ.Нұрсолтан