2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша депутаттық корпус 11 депутаттан тұрады, оның ішінде 9 депутат «AMANAT» партиясының өкілдері (82%), 1 депутат «Ақ жол» партиясынан (9%), 1 депутат «Республика» партиясынан (9%).
Әйелдердің (45%) және жастардың (18%) өкілдігі, сондай-ақ депутаттардың орташа жасы (44 жас) халықтың әртүрлі топтарының мүдделерін ескеруге, қаланың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша салмақты шешімдер қабылдау үшін кәсіби тәжірибе мен белсенді азаматтық позицияны біріктіруге мүмкіндік береді.
Мәслихат қызметінің негізгі нысаны — заңдармен оның құзыретіне жатқызылған мәселелер шешілетін сессия болып табылады. Сонымен, 2025 жылдың басынан бері қалалық мәслихат депутаттары 14 сессия өткізді, оның ішінде 4-еуі — кезекті және 10-ы — кезектен тыс сессиялар. Мәслихаттың кезектен тыс сессияларының едәуір саны жергілікті бюджет мәселелеріне, соның ішінде өзгерістер енгізу мен шұғыл шешімдер қабылдауға жедел ден қоюды көрсетеді.
Сессия барысында барлығы 73 шешім қабылданды, оның ішінде 5-еуі — әділет органдарында тіркелген нормативтік-құқықтық сипаттағы шешімдер. Тіркеуден бас тарту жағдайлары болған жоқ, бұл шешім жобаларын алдын ала құқықтық дайындаудың сапалы екенін көрсетеді. Сессиялардың жұмыс жоспары толық көлемде орындалды, барлық мәлімделген мәселелер қаралды.
Есепті кезеңде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік, өкілді орган қызметін ішкі ұйымдастыру және басқа да мәселелерді қамтитын реттеудің негізгі параметрлері бекітілді.
Атап айтқанда, кондоминиум объектісін басқаруға және ортақ мүлікті күтіп ұстауға жұмсалатын шығыстардың ең төменгі мөлшері белгіленді (айына 1 шаршы метр үшін 35,26 теңге), бұл көппәтерлі тұрғын үйлерді күтіп ұстау мәселелерін ретке келтіруге және есептеулерге бірыңғай тәсілді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді; шетелдіктер үшін туристік жарна мөлшерлемелері (0%) бекітілді; мәслихаттың әкімшілік мемлекеттік қызметшілерінің қызметін бағалаудың жаңа әдістемесі қабылданды; тұрғын үй және әлеуметтік көмек көрсету тәртібіне, сондай-ақ сайлау комиссиялары мен ведомствоаралық сипаттағы консультативтік-кеңесші органдардың құрамын қалыптастыруға қатысты мәслихаттың қолданыстағы шешімдеріне өзгерістер енгізілді.
Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолдану кезіндегі салық мөлшерлемесін 4 пайыздан 3 пайызға дейін төмендету туралы шешімді ерекше атап өту қажет, бұл шағын және орта бизнесті қолдаудың қосымша құралы болып табылады және кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыруға бағытталған.
Аталған шара қалада алғаш рет қабылданды, осыған байланысты ағымдағы жылы оның кәсіпкерлік қызмет қарқынына және жергілікті бюджетке түсетін түсімдерге әсерін талдау жоспарлануда. Талдау нәтижелері бұл шараның тиімділігін бағалауға және төмендетілген салық мөлшерлемесін одан әрі қолданудың орындылығы туралы шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Мәслихат қызметінің негізгі бағыттарының бірі бюджетті бекіту және нақтылау болып табылады. Өткен жылы қалалық бюджетті нақтылау 4 рет жүргізілді: 3-еуі — әкімнің бастамасымен және 1-еуі — депутаттардың бастамасымен. Барлық нақтылаулар қалыптасқан үнемдеуді қайта бөлуге және қаражатты бірінші кезектегі міндеттерді шешуге бағыттауға байланысты болды.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің мәслихаттар алдында есеп беруін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, мәслихат сессиясында Лисаков қаласы әкімінің, Октябрь кенті әкімінің және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің есептері тыңдалды. Оның барысында депутаттардың сұрақтарына түсініктемелер берілді, бұл бағдарламалардың іске асырылуына кешенді баға беруге және алдағы жұмыстың басым бағыттарын анықтауға мүмкіндік берді.
Мәслихат сессиялары Facebook әлеуметтік желісі арқылы онлайн-трансляцияны қамтамасыз ете отырып, ашық форматта өткізілетінін атап өткен жөн. Бұл формат халықтың сенім деңгейін арттырады, азаматтардың тартылуын кеңейтеді және жедел кері байланыс алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, сессияға енгізелетін барлық шешім жобалары бекітуге дейін мәслихаттың тұрақты комиссияларында алдын ала қарастырылады.
Мәслихатта 2 тұрақты комиссия жұмыс істейді. Есепті кезеңде 9 жоспарлы және 12 бірлескен отырыс, соның ішінде көшпелі отырыстар өткізілді. Олардың барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік қорғау, құқықтық тәртіп, денсаулық сақтау, білім беру және салық саясаты салаларына қатысты мәселелер қаралды. Көшпелі отырыстар тәжірибесі депутаттарға нысандардың жай-күйін орнында бағалауға және қабылданатын шешімдердің объективтілігін арттыруға мүмкіндік берді.
«Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның 6-бабына сәйкес тұрақты комиссиялар өз бастамалары бойынша және қалалық мәслихаттың шешімімен жыл сайын тұрақты комиссиялардың құзыретіне жататын маңызды және әлеуметтік маңызы бар мәселелерді талқылау үшін депутаттардың, атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің және азаматтардың қатысуымен осы комиссиялардың кеңейтілген отырыстары түрінде көпшіліктік тыңдаулар өткізеді.
Заңнамаға сәйкес және қалалық мәслихаттың шешімі бойынша тұрақты комиссиялар жыл сайын қала бюджетінің үш жылдық кезеңге арналған жобасын талқылау бойынша жария тыңдаулар өткізеді. Бұл қала тұрғындарына бюджеттің қалыптасу принциптерімен танысуға, ұсынылған іс-шараларды шығыс бөлігіне қосудың орындылығын бағалауға, сондай-ақ өз ұсыныстарын енгізуге мүмкіндік береді. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері, өз кезегінде, халықты мазалайтын түйткілді мәселелерді естіп, оларды бюджетті қалыптастыру кезінде ескеруге мүмкіндік алады.
Мәселен, өткен жылдың 19 желтоқсанында 123 адамның қатысуымен көпшілікпен тыңдаулар өтті. Отырыс аясында қала тұрғындарының 2024 жылы түскен және жұмысқа қабылданған өтініштері мен ұсыныстары бойынша есеп берілді. Көтерілген мәселелердің едәуір бөлігі 2025 жылы іске асырылды. Олардың қатарында — қалалық ауруханаға баратын жол бойына көше жарығын орнату, екі балалар ойын алаңын салу, сондай-ақ Горняков және Комсомольская көшелерінің қиылысындағы бағдаршам объектісін ауыстыру.
Сонымен қатар, төрт мәселе қосымша пысықтауды талап етеді және ағымдағы (2026) жылға ауыстырылды. Олар: дренаж жүйесін жөндеу, қалалық аурухана жанындағы тұрақты кеңейту, жаяу жүргіншілер жолын салу және 7-шағын аудандағы балалар алаңын жөндеу.
Бұдан бөлек, азаматтардың екі жаңа өтініші іске асыруға қабылданды: №3 өрт сөндіру бөлімі мен 1А шағын ауданының №71 үйі арасына жарық орнату және 6-50 үйінің жанындағы қараусыз қалған учаскеде қосымша автотұрақ жабдықтау.
Осылайша, 2025 жылға жоспарланған барлық жұмыстар қаралып, азаматтардың жаңа ұсыныстары жұмысқа қабылданды, бұл ашықтықты қамтамасыз етуге және қалалық инфрақұрылым жобаларын іске асырудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Көпшілікпен тыңдаулар барысында тұрғындар қала үшін өзекті мәселелерді айтып, қала әкімі мен мемлекеттік органдардың басшыларынан егжей-тегжейлі жауаптар алды.
Барлық мүдделі азаматтардың қатысуын және пікір білдіруін қамтамасыз ету мақсатында іс-шара туралы ақпарат ол басталғанға дейін бір ай бұрын БАҚ-та, әлеуметтік желілерде және қалалық мәслихаттың ресми сайтында орналастырылды. Залдың фойесінде жазбаша сұрақтар мен ұсыныстарды жинауға арналған жәшік орнатылды.
Облыс мәслихаттары арасында бюджетті қарау жөніндегі тұрақты комиссияларының көпшіліктік тыңдауларды ұйымдастыру мен өткізу бойынша тәжірибесі тек Лисаков қалалық мәслихатында ғана бар екеніне назар аударамын.
Заңға сәйкес, депутат мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру, халықты әлеуметтік қорғау және сайлаушылар белгілеген өзге де мәселелерге қатысты депутаттық сауалдар жолдауға құқылы. Есепті кезеңде 44 депутаттық сауал жолданды, оның ішінде: 12 сауал қала әкімінің атына, 4 - ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасарына, 1 - ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министріне, 1 - Қостанай облыстық мәслихатының депутатына, 2 - Октябрь кентінің әкіміне, 14 - қала әкімінің орынбасарларына, 6 - ТҮКШ бөлімінің басшысына, 4 - қаланың мемлекеттік мекемелері мен кәсіпорындарына («Ұста плюс» – 1, Лисаков қалалық ауруханасы – 1, СЭС – 1, полиция бөлімі – 1).
Назарларыңызды аударып, «ҚР-дағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» ҚР Заңының 21-1-бабына сәйкес, депутаттық сауалға жауап ол түскен күннен бастап бір айдан кешіктірілмейтін мерзімде берілуі тиіс екенін еске салғым келеді. Аталған норма міндетті сипатқа ие және сөзсіз орындалуға жатады. Өйткені жекелеген мемлекеттік органдар тарапынан депутаттық сауалдарға жауаптарды уақтылы бермеу бойынша заңнаманы бұзу фактілері орын алуда.
Есепті кезеңде азаматтардың өтініштерімен жүйелі жұмыс жүргізілді. Барлығы 94 өтініш түсті, оның ішінде:
Қарау нәтижелері бойынша:
оң шешілді — 58,
құзырет шегінде түсініктемелер берілді — 36.
Есепті кезеңде азаматтарды 110-нан астам жеке қабылдау өткізілді, оның ішінде партиядағы қабылдаулар (79) және өтініштер бойынша жеке қабылдаулар (68). Барлық өтініштер заңнама талаптарына сәйкес қаралды.
Халықпен кері байланысты қамтамасыз ету мақсатында қала тұрғындарымен, еңбек ұжымдарының өкілдерімен (білім беру, денсаулық сақтау мекемелері), қоғамдық бірлестіктермен және бастамашыл топтармен кездесулер өткізілді. Кездесулер барысында жергілікті маңызы бар мәселелер, соның ішінде абаттандыру, коммуналдық қызметтердің сапасы, көлік, коттедждердегі дренаж жүйесінің жай-күйі, медициналық қызмет көрсету, әлеуметтік қолдау және басқа да мәселелер талқыланды.
Депутаттық корпустың басым бағыттарының бірі — азаматтарды әлеуметтік қолдау, сондай-ақ қайырымдылық және демеушілік жобаларға қатысу. Өз өкілеттіктерін өтеусіз негізде жүзеге асыратын депутаттар тұрғындарға жәрдемдесіп, әлеуметтік маңызы бар бастамаларды қолдайды.
Мәселен, есепті кезеңде депутаттар балаларға арналған мүгедектер арбасын сатып алуға қолдау көрсетті, мектеп-лицей оқушыларына «RED FEST» робототехника байқауына қатысу үшін демеушілік көмек берілді, мектеп жабдықтарын Қостанай қаласына және кері тасымалдау ұйымдастырылды. Сондай-ақ еңбек қызметі мәселелері бойынша құжаттарды ресімдеуге және мұқтаж азаматтарға коммуналдық қызметтерді төлеуге көмек көрсетілді. Бұдан бөлек, 10-шы Халықаралық роботтар, бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестиваліне қатысушылардың жол жүру және тұру шығындарын жабу үшін қаржылық қолдау көрсетілді.
Жануарларды күтіп-ұстау мәселелеріне ерекше назар аударылды: панажай салынып, ашылды, иттерді орналастыруға арналған вольерлер дайындалып, жабдықталды. Панажай Жоғарғы Тобыл көшесінде, ПХО ғимараты мен техникалық қызмет көрсету станциясының арасында орналасқан. Шығындардың жалпы сомасы 3 500 000 теңгені құрады.
Сондай-ақ өткен жылдан бастап «Хатико» панажайына ай сайын 100 000 теңге мөлшерінде демеушілік көмек көрсетіліп келеді.
Көркемсурет мектебін қолдау аясында «Көрме» көрмесіне қатысу үшін 100-ден астам картинаны Қостанай қаласына жеткізуге және кері қайтаруға көмек көрсетілді, сондай-ақ іс-шараға қатысуды қамтамасыз ету үшін балаларды, оқытушылар мен ата-аналарды тасымалдауға автобус берілді.
Қаланың сәулеттік келбетін жақсартуға көмек көрсету жеке бағытқа айналды. Жеңіс саябағының кіру аркасын сәндік жарықтандыру бойынша 180 000 теңгеге, жол айрығындағы «Бәйтерек» монументіне — 550 000 теңгеге, сондай-ақ мешітке — 1 050 000 теңгеге жұмыстар атқарылды.
Қалаға тарту ретінде депутат қалаға кіреберістегі «Добро пожаловать» стелласын реконструкциялау жұмыстарын жүргізді. Дизайны әзірленіп, сырлау және монтаждау жұмыстары орындалды, жарықдиодты жазуларға тапсырыс берілді. Жылдың жылы мезгілінде орнатылатын смарт-теледидар сатып алынды, ол қала тұрғындары мен қонақтарына инфрақұрылым объектілерін іздеу үшін қаланың интерактивті картасын пайдалануға, сондай-ақ қала өмірі туралы әлеуметтік бейнероликтерді көруге мүмкіндік береді. Жобаның жалпы құны 4 250 000 теңгені құрады.
Бұдан бөлек, депутаттар тұрақты негізде атаулы көмек көрсетуге қатысады: «Мектепке жол» акциясы аясында балаларды мектепке дайындау, Жеңіс күніне орай қарт адамдарға азық-түлік себеттерін беру, дәрі-дәрмек сатып алу, аз қамтылған отбасылардың балаларын жаңа жылдық тәтті сыйлықтармен құттықтауды ұйымдастыру және өзге де әлеуметтік қолдау шаралары.
Көрсетілген қолдау мен көмек үшін қала тұрғындары депутаттарға жеке де, әлеуметтік желілер арқылы да шынайы ризашылықтарын білдіруде.
Қаланың айналма жол айрығында орнатылған «Киіз үй» арт-объектісін іске асырғаны үшін қала кәсіпкерлеріне, соның ішінде кәсіпкер-депутаттарға ерекше алғыс айтқым келеді. Жоба ландшафтық дизайн элементтерін және жасыл желектерді автоматты суару жүйесін қолданумен орындалды. Арт-объект кәсіпкерлер мен депутаттардың («Спецстальконструкция» ЖШС, «Дон Мар» ЖШС, «Имсталькон» ЖШС, «Лисаковский ЖБИ» ЖШС, ЖК Старков) қалаға жасаған тартуы болды.
Сондай-ақ жыл бойы сенбіліктерге, «Таза Қазақстан» экологиялық акцияларына, «Балалар ғажайыпқа сенеді» қайырымдылық аукционына және т.б. шараларға қатысты.
Мәслихатта «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясы жұмыс істейді, оның жетекшісі Афанасий Леонидович Кан болып табылады. 2025 жылы Фракция 5 отырыс өткізіп, сайлау алдындағы науқан кезінде түскен сайлаушылар аманаттарының 100% орындалуын қамтамасыз етті, олар толық көлемде орындалды.
Депутаттар әлеуметтік желілерді кері байланыс құралы ретінде белсенді пайдаланады, бұл қоғамның ашықтығы мен хабардарлығын арттыруға көмектеседі.
Сондай-ақ депутаттар Қазақстан халқына Мемлекет басшысының Жолдауын талқылау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қатысады, «Акцент» телевидениясында сұхбат беріп тұрады.
Билік органдарының ашықтығы мен есептілігін арттыру мақсатында 2016 жылдан бастап мәслихат жанында Лисаков қаласының Қоғамдық кеңесі жұмыс істейді. Жаңа кеңес өз міндеттеріне 2025 жылғы ақпанда кірісті. Екінші шақырылым қатарынан Қоғамдық кеңестің төрағасы Игорь Витальевич Неявко болып табылады. Қоғамдық кеңестің өкілеттік мерзімі — үш жыл.
Қоғамдық кеңестердің өкілеттіктері айтарлықтай кеңейді, бұл мемлекеттің ашықтығын және оның азаматтық қоғам алдындағы есептілігін арттыруға ықпал етеді. Депутаттық корпус бюджет саясаты және әлеуметтік сала мәселелері бойынша Қоғамдық кеңес мүшелерімен өзара іс-қимыл жасау позициясын белсенді қолдайды.
«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңды орындау мақсатында мәслихат аппараты мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында (МО ИРБП) орналасқан Лисаков қалалық мәслихатының ресми интернет-ресурсын ақпараттық толықтыру жұмысын жоспарлы және тұрақты негізде жүзеге асырады. Сонымен қатар, мәслихат аппараты қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге тұрақты мониторинг жүргізіп, ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамаға сәйкес ресми интернет-ресурсты толықтыру жұмыстарын жүзеге асырады.
Мәслихаттың, оның тұрақты комиссияларының, депутаттар мен Қоғамдық кеңестің қызметі туралы ақпарат Лисаков қалалық мәслихатының ресми сайтында, KAZKENES бірыңғай порталында орналастырылады, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде жарияланады.
Жалпы алғанда, Лисаков қалалық мәслихатының 2025 жылға арналған жұмыс жоспары толық көлемде орындалды. Депутаттық корпустың жұмысы әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге, биліктің ашықтығын арттыруға және халықпен өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталды.
Тұрғындары үшін маңызды мәселелерді біз алдағы мәслихат жұмыстарында назарға алатын боламыз.
Осы бағыттағы жұмыс жалғасын табады.