
Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл
Қызылорда облысында ол кезде 1 облыстық, 1 қалалық және 8 (кейінірек, оңтайландыру кезеңінде 1 ауданның қысқаруы себепті-7) аудандық мәслихаттар-депутаттар жиналысы болды.
Елбасының 2014 жылғы «Қазақстан жолы – 2050: БІР МАҚСАТ, БІР МҮДДЕ, БІР БОЛАШАҚ» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстан-2050» Cтратегиясында міндет етіп қойылған елімізді әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосуға бағытталған кешенді іс-жоспар белгіленді және онда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің бірқатар қағидаттары мен стандарттарын енгізу міндеті қойылды.
Елбасы Жолдауда әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру жолындағы жұмыстардың ұзақ мерзімді 7 басымдығын белгілеп көрсетті. Біздің аймақта осы басымдықтардың бірқатары бойынша жұмыстар табысты жүзеге асырылуда және әрі қарай да жалғаса беретін болады. Олардың ішінде 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту, үш ауысымдағы мектептер мәселесін шешу, барлық ауылдық елді мекендерді денсаулық сақтау ұйымдарымен қамту, инновациялық-индустриялық кәсіпорындар қатарын көбейту, т.б. бар.
Сонымен қатар, Жолдауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегия-ны қалыптастырудың және оны іске асыруды жалғастырудың аса маңызды міндет екені атап өтілді. «Әкімшілік реформа қажетсіз қағазбастылық пен құжат айналымының қолайсыз үдерісіне айналмауға тиіс. Халық алдында есептілігін арттырып, нәтижеге деген жауапкершілігін күшейте отырып, жергілікті жерлердегі басқару органдарына көбірек дербестік берілу керек» дегені мейлінше қолдаулы идея. Осы орайда «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген өзгерістерге сай жергілікті мәслихаттардың халық алдында есеп беруі көзделіп, ол біздің облыста жүйелі жүзеге асырылуда. Осы есеп беру жиналыстарына елді мекендер халқы бұрынғыдан да белсендірек қатысып, осы шараның уақтылы әрі дұрыс қабылданғанына және оны тұрақты да жүйелі өткізуге тілектестіктерін білдіруде.
Барлық мемлекеттік органдар қатарында жергілікті өкілді органдар да Елбасының биылғы халыққа Жолдауын, ондағы көзделген міндеттерді басшылыққа ала отырып, өздерінің жұмыс жоспарларына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізетін және заңмен белгіленген өз құзыреттері шегінде тиісті шешімдер қабылдайтын болады.
Елбасы Жолдауда көзделген міндеттерді жүзеге асыру үшін барлық саяси партияларды, қоғамдық бірлестіктерді, барша қазақстандықтарды 2050 Стратегиясының басты мақсатына жету жөніндегі жұмысқа белсене қатысуға шақырды. Сырбойылықтар Елбасының ұсынысына бірауыздан қолдау көрсетіп, Жолдауда көзделген тапсырмаларды орындауда «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып, ортақ іске жұмыла кірісуде.
Б.Қ.Еламанов,
V шақырылған облыстық мәслихат хатшысы(2012-2014жж)
ҚР Парламенті Сенатының депутаты
Депутат болу үлкен мәртебе, сонымен бірге үлкен жауапкершілік жүктейді
Сайлау баламалы негізде, азаматтардың ерекше белсенділігі жағдайында өткендігін атап өткім келді. Сол жолы облыстық мәслихатқа сайланған депутаттар, менің әріптестерім деңгейлері жоғары, өзіндік ұстанымдары, әр мәселеге өзіндік пікірі бар азаматтар екенін әрдайым көрсетіп отырды. Сессияда қаралатын әрбір мәселе бойынша қызу талқылаудан кейін шешім қабылданатын. Сол кездегі менің депутат әріптестерім - Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қ.Бисенов, қазіргі Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты М.Бақтиярұлы, сол кезден бері үздіксіз халық қалаулысы болып, облыстық мәслихат депутаты мандатына ие болып келе жатқан «Бабас» серіктестігінің төрағасы Н.Ерманов, «Рза» серіктестігінің төрағасы С.Имандосовтар болды.

Сессияда болған бір жағдай есімде. Сессияда облыста спорттың даму жағдайы қаралып жатқан. Біраз сын, ұсыныстар айтылды, біраз кемшіліктер бар екені сессияның шешімінде атап көрсетілді. Сессияға қатысып отырған облыс әкімі сессияның күн тәртібіне өзгеріс енгізуді ұсынды. Бірақ депутаттар мәселені талқылаудың алдында бекітілген күн тәртібіне өзгеріс енгізуге келісім бермей, облыс әкімінің ұсынысын қабылдамады. Жалпы алғанда сол кездегі облыс әкімі С.Нұрғисаев депутаттар пікірімен санасып, әріптестік, келісім жағдайында жұмыс жасауға тырысатын.
Сайлаудан кейін де біздер сайлаушыларымыздан қол үзбей, жүйелі түрде олармен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, жұмыс жасайтынбыз. Әр сессия сайын бір депутаттың атқарып жатқан жұмыстары жайлы есептері тыңдалатын.
Әрине, депутат болу үлкен мәртебе, сонымен бірге үлкен жауапкершілік жүктейді. Әр депутат өзіне дауыс берген сайлаушыларынан қол үзбей, сенімдерін ақтауы керек. Сонымен бірге сессияларда мәселе талқылау, шешім қабылдауға белсенді қатысулары қажет. Солай болғанда өкілді органдардың беделі жоғары, ал сайлаушылардың белсенділігі артары сөзсіз.
Д.Ақмағамбетова,
II шақырылған облыстық мәслихат депутаты
Депутат болу үлкен жауапкершілік жүктейді
2003 және 2007 жылдары Қазалы ауданының № 6 «Аранды» сайлау округінен ІІІ және ІV шақырылған облыстық мәслихатқа депутат, ал облыстық мәслихаттың алғашқы ұйымдастыру сессияларында Тексеру комиссиясының төрағасы болып сайландым, сөйтіп 2003-2011 жылдары осы депутаттық қызметтерді атқардым. Сайлау округы қамтитын 20 елді мекенде болған кездесулерде сайлаушылар тарапынан айтылған шешімін табуды қажет ететін орынды өтініштер мен ұсыныстар маған аманат болып, үлкен жауапкершілік жүктеді

Сол кезеңде республика бойынша келешегі жоқ елді мекендердің тізімі жасалып, олардың дамуына, басқа да мәселелеріне бюджеттен қаржы бөлу тоқтатылған екен. Таңқаларлығы, сол тізімге аудандағы ірі елді мекендер, бұрын кеңшар орталықтары болған Түктібаев және Майдакөл ауылдары енген болып шықты. Бұның дұрыс еместігін қанша дәлелдегеніммен, оған мән беретін басшы табылмады. Сол кездегі облыс басшысы облыс әкімдігінің отырысында «ол мәселе адам жіберіліп зерттелді, тізімнің дұрыс екендігіне қорытынды жасалынды»,- деді. Қорытынды жасаған адамның кім екенін сұрағанымда, оның атын айтпады. Сосын мен, «оны айтқан адамның өзінің келешегі жоқ»,- деп реніш білдіріп, отырыс залынан шығып кеттім. Бірақ ізінен қалмай жүріп, сол екі ауылдың аталған тізімнен шығарылуына көз де, қол да жеткіздім. Қазір, сол «келешегі жоқ» деп айдар тағылған Майдакөл ауылында дербес ауылдық округ ашылды.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы талан-тараж бен егесіздіктің салдарынан ауданда көптеген елді мекендер электр қуатынсыз қалды. Менің өтінішіммен облыс бойынша мемлекеттік мүлік және жекешелендіру басқармасының мамандары ауданға барып, 300 (үш жүз) километрден астам электр желісінің бағаналарымен, бойындағы подстанцияларымен қоса із-түзсіз жоқ болғаны жөнінде анықтама әкеліп берді. Сол анықтама негізінде ҚР Парламентіне, облыс басшыларына хат жазылып, мәселе біртіндеп шешіле бастады. 9 жыл бойы жарық көрмеген Аранды, Тасарық, Лақалы, Отгон, Шәкен елді мекендеріне электр қуаты берілді. Аранды ауылына барғанда, жергілікті тұрғындар «ауылға электр жарығын қосқанда, 9 жасар бала үйінен қорқып қашып шықты» деп айтқаны әлі есімде. Кейіннен Шилі, Жұбан, Жалпақ, Сағыр, Жаңаарық елді мекендеріне де электр қуаты берілді. Ал шалғайда орналасқан Ажар елді мекеніне электр желісін тарту тиімсіз, қымбатқа түсетін болғандықтан, оған жел қуатымен жұмыс істейтін электр стансасын құруға ұсыныс жасадым. Ондай электр стансаны Германияда семинарда болғанда арнайы сұранып барып, көріп танысқан едік. Көптеген кедергілер жасалғанымен, ақыры Ажар елді мекеніне жел электр стансасы орнатылды. Алайда, ол қондырғының жұмысы біз ойлағандай болмады.

Оны сол кездердегі басшылық пен тиісті мамандардың кәсіби деңгейлерінің төмендігінің көрсеткіші болды десем, артық айтқандық болмас. Сол кезде электр қуатын өндіруге жел күшін пайдалану қажеттігіне біздің берген ұсыныстарымызға мән бермеген басшы-лықта болған кейбір азаматтар қазір республика бойынша бұл жұмысты Елбасы бастап қолға алып жатқанда өздерін қалай сезінеді екен деп ойлаймын.
Сол кездері бірсыпыра елді мекендерде ауыз су мәселесі қиын жағдайда болды. Бұрынғы скважиналардың суы тоқтаған, суы бар жерінде ащы болатын. Орталықтандырылған су құбырларын тартуды мәселе етіп айтуға да болмайды, оған қаражат жетіспейтіні анық, шешуге көп уақыт қажет. Осы мәселемен де нақты айналысуға тура келді. Нәтижесінде Шәкен, Аранды, Тасарық, Лақалы, Қаукей елді мекендерінде скважиналар қазылып, су тұшытатын қондырғылар орнатылды. Елдің мұқтаждықтары осылай, біртіндеп шешімін таба бастады. Осы айтылғандардың барлығы қазіргі кезде түбегейлі шешілген, адам өмірінде күнделікті қажетті мәселелердің сол кезеңде қаншалықты шешуі қиын проблема болғанының бір мысалы еді.
Мәселелерді шешуді жеделдету үшін, әсіресе ауылдық елді мекендерге электр қуатын беру, К-2 қашыртқы су жүйесін іске қосу, аяқсумен қамтамасыз ету, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерін салу, автомобиль жолдарын салу және жөндеу қажеттіліктеріне көздерін жеткізу үшін бірнеше рет салалық басқарма басшыларын ауданға ертіп апарып көрсеткеннен кейін, олардан қолдау таптым. Оларды орындау үшін облыста салынатын әлеуметтік нысандардың аудандар бойынша жинақталып жасалған кезектілік тізімінде нақты жағдай объективті түрде ескерілді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде ауданда қордаланған мәселелерді ретімен шешуге ықпал етіп, көп жұмыс жасалғаны көпшілікке аян, оны ешкім жоққа шығара алмайды деп ойлаймын.
Мәслихат депутаты болу деген қызметтік лауазымға иелік ету емес, себебі ол - жергілікті мемлекеттік басқару органындағы оны сайлаған халықтың өкілі. Мәслихат (сессия, комиссиялар) отырыстарында түк үндемей де отыруға болады. Бірақ үнсіз отырсаңыз сайлаушылардың аманаты, ауданның мүддесі облыстағы басқа аудандардың көлеңкесінде кейін шегеріле береді. Маған қазақтың «жыламаған балаға емшек қайда?!» деген мақалы депутаттың ел алдындағы парызын өтеуі үшін айтылған сияқты болып көрінеді де тұрады.
Депутаттар арасынан азаматтардың кейбіреуі депутаттық мәртебеге өз кәсібінің ілгері жүруі үшін, жеке мүддесіне жәрдем береді деген мақсатта ұмтылған сияқты көрінеді. Ол да қажет ұмтылыс шығар, айыптауға болмас. Бірақ сайланған депутат өз округіндегі елдің тұрмыс-тіршілігінің, дамуының басқалардан кенже қалмауына жауапкершілігін сезініп, сол үшін күресу қажет деп есептеймін.
Ж.Шарипов,
ІІІ, ІV шақырылған облыстық мәслихат депутаты.
06.02.2014 жыл.
Мәслихат - қоғамдық тұрақтылықтың бір тірегі
Мен бұрынырақ та, Кеңес дәуірінде бірнеше мәрте түрлі деңгейдегі Кеңестерге депутат болып сайланған болатынмын. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері облыстық мәслихаттың кейінгі төрт шақырылымында Қазалы ауданының № 4 «Сұлутам» сайлау округі бойынша депутат болып сайландым.
Алғаш ІІ шақырылған облыстық мәслихатқа депутат болып сайланған кезімнен бастап депутаттар мені облыстық мәслихаттың Өндіріс және шаруашылық салалары, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы етіп сайлады, яғни айтқанда өзімнің депутаттық міндеттеріммен қатар тұрақты комиссияның жұмысын үйлестіріп отыру қоса жүктелді. Депутаттар да, оның ішінде тұрақты комиссиялар төрағалары да бұл міндеттерді өздерінің негізгі қызметімен қатар, бұрынғыша айтқанда қоғамдық негізде және үлкен жауап-кершілігіне қарамастан ақысыз атқаратынын ескерсек, бұл оңай шаруа емес.

Депутат ретінде өзімнің сайлауалды бағдарламамның орындалу барысы жайлы есеп беру мақсатында сайлаушыларыммен тоқсан сайын және Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларын халық арасында түсіндіру жұмыстарымен айналысатын ақпараттық-насихаттық топ мүшесі ретінде кездесулер өткіземін. Тұрақты түрде белгіленген кестемен сайлаушыларды қабылдау жүргізіп, олардың мұң-мұқтажына, ұсыныс-талаптарына назар аударып, көтерген мәселелерін тиісті атқарушы органдарға жеткіземін және олардың орындалуын қадағалап отырамын. Қабылдауға келіп, көмек сұраған азаматтардың сұраныстары да әртүрлі болып келеді. Көп реттерде бастапқыда жеке мәселелерінің жайын көтеріп, егер ол орындалмайтын болса, арагідік кейбіреулері тіпті қоғамдық тұрақтылыққа нұқсан келтіретін әрекет жасауға немесе ұйымдастыруға баратынын емеурінмен жеткізіп, қоқан-лоқы жасайтын. Сол бір қиындау кезеңде облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, облыстың, ауданның атқарушы органдарымен бірлесе үйлесімді іс-шаралар ұйымдастырып, халық арасында ықпалды түсіндіру жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде шеттен шығар оқиғалар болған емес. Кейін мұндай ерекше жағдайлар біртіндеп тыйылды және сайлаушылар сұраныстарында жеке бас мәселелерінен гөрі көше, ауыл, ауданға, тіпті облысқа қатысты келелі мәселелер жиірек көтерілуде.
Құрылып жатқан құқықтық қоғамға тезірек бейімделу үшін күнделікті қажеттілікке байланысты заңнаманың халық арасында түсіндірілуінің арқасында, қазіргі сайлаушы бұрынғыдай емес, заңға сауатты, заң тілімен сөйлеп, сұрағы мен талап-тілегін тек заңнамаға сүйеніп қоятын дәрежеге жеткен. Сайлаушы талабына сай болу үшін депутат та заңнаманы жете меңгеруі тиіс, әйтпесе абайсызда қолайсыздыққа ұрынуы бек мүмкін. Жалған уәдемен, сүйей салды жауаппен халықты уақытша алдандырудың күні келмеске кеткен.
Қазіргі сайлаушы депутаттың басты міндетінің бірі - сайлаушылар мен атқарушы билік арасында дәнекерлік жасап, қабылданған шешімдердің орындалуын қадағалау екенін жақсы ұғынған, олардың тарапынан көп жағдайда қойылатын талаптары осы деңгейде болуда. Бұл да болса халықтың жаңа нарық заманына бейімделіп, тіршілік жасап, әл-ауқатының біртіндеп болса да жақсарғанын, азаматтық санасы деңгейінің өскендігін байқатса керек. Бірден көзге көріне бермейтін осындай қыруар шаруаның жүзеге асуына және қоғамдық тұрақтылықты сақтауда мәслихаттардың да елеулі рөл атқарғанын тағы бір мәрте атап өте отырып, төрт шақырылым қатарынан облыстық мәслихатқа депутат сайлаған сайлаушыларыма және қайнаған өмірдің ортасында болуға жазған тағдырыма ризамын.
С.Имандосов,
ІІ-V шақырылған облыстық мәслихат депутаты
Депутат қай қоғамда да - Депутат
Мен 1965 жылдан бастап Тереңөзек, Сырдария, Жаңақорған аудандық Кеңестері атқару комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы міндеттерін атқара жүріп, 27 жылдай аудандық Кеңестердің, 20 жылдай облыстық Кеңестің депутаты болған едім. Еліміздің тәуелсіздігі тұсында Жалағаш ауданының әкімі, облыстық тәртіптік Кеңестің төрағасы мемлекеттік қызметтерін атқарып, зейнет демалысына шыққаннан кейін ІV шақырылған Қызылорда облыстық мәслихатына депутат болып сайландым.
Ең алдымен, айтайын дегенім, депутат болып сайлану қай кезде де халықтың үлкен сенімі және оның елдің алдында да, басқару органдарының алдында да жауапкершілік жүктейтіні анық.
Депутаттыққа кандидат болып ұсынылу сәті, сайланушының халықпен кездесу кезеңдерінде еңбегінің бағалануы, әрі қарай қойылатын талап, міндеттер мен сайлануың жүрек тербенісімен қатар қызметіңе, еңбегіңе деген шабыт сезімін тудырады.
Бұрынғы Кеңес сессияларында да аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жоспары мен бюджеті қаралып бекітілетін. Қазір жергілікті атқарушы органмен қатар жергілікті өкілді орган – аумақтың (облыстың, ауданның, қаланың) халқы сайлайтын және сол халықтың еркін білдіретін, оны іске асыру үшін қажетті шаралар белгілейтін, оның орындалуын бақылайтын сайланбалы мәслихат жүйесі қалыптасты.

Облыстық мәслихат облыс аумағында Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңы негізінде жергілікті басқаруды дербес жүзеге асыруы депутаттарға абыройлы да жауапты міндеттер жүктейді. Облыс әкімдігі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес облыстың даму бағдарламасының және облыстық бюджеттің жобасын әзірлеп, мәслихаттың бекітуіне ұсынады, мәслихат алдында өзіне жүктелген міндеттердің орындалуы бойынша есеп береді. Ең бастысы – Қазақстан Республикасының Президенті облыс әкімін облыстық мәслихаттың келісімімен тағайындайды. Облыс әкімдігінің дербес құрамы мәслихат сессиясының шешімімен келісіледі. Міне, осы айтылғандардың өзі жергілікті өкілді орган – мәслихаттарға қаншалықты міндеттер мен жауапкершілік жүктелетінін көрсетсе керек. Демек, мұның барлығы халық қалаулыларына деген жауапты абырой, бедел, құрмет екенін сайланатын депутаттар мақтан етуге тиісті.
С.Далдабаев,
ІV шақырылған облыстық мәслихат депутаты,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері
Бесінші шақырылған Қызылорда облыстық мәслихаты лайықты жұмыс атқаруда
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 13 маусымдағы Заңымен «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) енгізілген бірқатар өзгерістер мен толықтырулар қатарында Заңның 8-бабына енгізілген «1-1. Мәслихаттар жылына кемінде бір рет халық алдында мәслихаттың атқарған жұмысы, оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы есеп береді. Мәслихат депутаттары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес халық алдында жауапты болады» деген тармақты атап өтуге болады. Заңның осы тармағын жүзеге асыру мақсатында облыстық және қалалық, аудандық мәслихаттар бірлесе үйлесімді жұмыс жасап, есеп беруді өткізудің жергілікті қоғамдастықтар жұмысына тиімді болатын жағын ойластыруы қажет. Сондай-ақ, халықтың хабардар болуы үшін мәслихаттың және оның тұрақты комиссияларының жұмысы жайлы жергілікті ақпарат құралдарында арнайы мақалалар жариялаудың да артықтық етпесі анық. Міне, осы мақсатта бесінші шақырылған облыстық мәслихат өзінің атқарған жұмысы және тұрақты комиссияларының қызметі туралы осы мақаланы оқырмандар назарына ұсынады.
Бесінші шақырылған Қызылорда облыстық мәслихатының бірінші сессиясы 2012 жылы 20 қаңтарда өтті, Заң бойынша мәслихат осы уақыттан бастап өз жұмысын бастаған болып есептеледі. Облыстық мәслихатқа 29 депутат сайланған. 1 сессияда негізінен ұйымдастыру мәселелері қаралды, атап айтқанда, Уақытша Регламент бекітілді, 1 сессия төрағасы, мәслихат хатшысы сайланды, 4 тұрақты комиссия белгіленіп, олардың төрағалары мен мүшелері сайланды, «Нұр Отан» партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясы тіркелді, кезекті сессия төрағасы сайланды.

Облыстық мәслихаттың хатшысы болып депутат Б.Қ.Еламанов сайланды. Облыстық мәслихаттың:
Экономика, қаржы және жергілікті басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болып Қ.Әжібеков, мүшелері болып Қ.Бисенов, И.Тілеп, А.Тайманов, Т.Шаутай, Ә.Ергешбаев, Т.Жұқашев;
Әлеуметтік және мәдени мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болып А.Әлназарова, мүшелері болып А.Тоғызбаев, Р.Байназарова, Қ.Ысқақ, Ө.Жүсіпов, С.Алшынбаев, А.Оңғарбаев;
Өндіріс және шаруашылық салалары, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болып С.Имандосов, мүшелері болып Қ.Әбішев, А.Шоманов, А.Ералиев, Т.Әлімқұлов, О.Қарақожаев, С.Әлішев;
Жастар ісі, құқық қорғау, спорт және туризм мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болып Н.Ерманов, мүшелері болып Қ.Дабысов, К.Үйреков, Ж.Сыздықов, С.Сейтханов, Ү.Балатаев, О.Байділдаев сайланды.
Өткен 2 жыл ішінде депутаттық орнынан түсу туралы жеке өтініштеріне байланысты 2 депутат (облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалған А.Әлназарова - 2013 жылғы 18 ақпанда, қызмет бабымен облыс аумағынан тыс жерге тұрақты тұруға кеткен С.Әлішев – 2013 жылғы 21 тамызда) депутаттық өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатты, олардың орнына сәйкесінше, 2 депутат (М.Кәрім – «Қазгермұнай» БК» ЖШС бас директоры, А.Арысбаев – «Қазақстантеміржолы» ҰК» АҚ Қызылорда филиалының бастығы) жаңадан сайланды. А.Әлназарованың орнына Әлеуметтік және мәдени мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып депутат А.Тоғызбаев сайланды.
Қазіргі бар депутаттардың жеке құрамында: 1 әйел, 28 ер адам бар, олар түгелдей «Нұр Отан» партиясына мүше және жоғары білімді, оның 1-і ғылым докторы, 3-і ғылым кандидаты. Депутаттардың барлығы дерлік мекеме, ұйым басшысы, оның 17-і жеке кәсіпкерлер.
Заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес 2013 жылы бесінші шақырылған облыстық мәслихаттың 23 (2012 жылы – 13, оның 5-і кезекті, 2013 жылы – 10, оның 4-і кезекті) сессиясы өткізіліп, оларда жалпы саны 174 шешім қабылданған, оның 119-ы облыс өміріне қатысты мәселелер бойынша, ал қалған 55-і облыстық мәслихаттың ішкі жұмысын ұйымдастыруға қатысты шешімдер.
Жыл ішінде өткізілетін 4 кезекті сессияда депутаттар мен тұрақты комиссиялардың ұсыныстары негізінде бекітілетін жұмыс жоспарына сәйкес облыс өміріне қатысты күрделі мәселелердің жайы қаралады. Әдетте, төртінші тоқсандағы кезекті сессияның жұмыс жоспарына алдағы жылға арналған облыстық бюджетті бекіту мәселесі қойылады. 2 жылға жуық мерзімде өткізілген 14 (2012 жылы - 8, 2013 жылы – 6) кезектен тыс сессияның басым көпшілігінде облыстық бюджетті нақтылау мәселесі қаралған.
Облыстық мәслихаттың кезекті:
2012 жылғы 28 наурыздағы 3-ші сессиясында «Облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жайы және оны қолдау шаралары туралы» облыстық мәслихаттың 2010 жылғы 31 наурыздағы № 212 шешімінің орындалу барысы туралы»;
2012 жылғы 28 маусымдағы 6-шы сессиясында «Облыстың денсаулық сақтау саласының жайы және оны жақсарту шаралары туралы» және «2011 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есепті бекіту туралы»;
2012 жылғы 16 тамыздағы 9-шы және 2013 жылғы 21 тамыздағы 19-шы сессияларында «Облыс әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерінің орындалуы туралы есебі туралы»;
2012 жылғы 6 желтоқсандағы 12-ші сессиясында «Облыс бойынша мектеп алдындағы даярлық пен балабақшалардың жағдайы және оларды жақсарту шаралары туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының 2009 жылғы 2 қазандағы № 180 шешімінің орындалу барысы туралы»;
2013 жылғы 10 сәуірдегі 16-шы сессиясында «Облыстың техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің жайы және оны жақсарту шаралары туралы» облыстық мәслихаттың 2010 жылғы 8 қазандағы № 247 шешімінің орындалу барысы туралы»;
2013 жылғы 10 шілдедегі 18-ші сессиясында «Облыстағы жергілікті автомобиль жолдарының жайы және оны жақсарту шаралары туралы» және «2012 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есепті бекіту туралы» мәселелер қаралды.
Кезекті сессияда қаралатын жоспарлы мәселені әзірлеу үшін құрамында депутаттар, мәселеге қатысты атқарушы органдар, сондай-ақ тиісті мекемелер басшылары мен мамандары бар облыстық мәслихаттың Уақытша комиссиясы және қала-аудандарда жергілікті өкілді және атқарушы органдармен келісілген жұмыс топтары құрылады.
Құрамында Уақытша комиссия мүшелері бар жұмыс топтары елді мекендерде зерттеу-зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қорытындысында қала-аудан бойынша анықтамалар дайындалады және ол облыстық мәслихат аппаратында жинақталып, депутаттарға таныстырылады. Зерттеу қорытындылары бойынша мәслихат хатшысы мен Уақытша комиссия төрағасының, сол аумақтан сайланған депутаттардың және тиісті атқарушы органдар басшыларының қатысуымен қала-аудандарда көпшіліктік тыңдаулар өткізіліп, талқылаулар қорытындысымен әзірленген анықтамалар қайта пысықталады.
Сессияның күн тәртібінің жобасы және оған енгізілген мәселелер бойынша шешімдер жобалары тұрақты комиссиялардың отырыстарында, содан кейін тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында алдын-ала талқылаудан өткізіледі, талқылау қорытындысында мақұлданған мәселелер ғана сессияның күн тәртібінің жобасына енгізіліп, сессия қарауына ұсынылады.
Сессияда қабылданған шешімдер оларды орындау үшін атқарушы органдарға жолданады және олардың орындалуы мәслихат тарапынан қадағаланып отырылады. Жоғарыда келтірілгендей, кейбір шешімдердің орындалу барысы мәслихат сессияларында, сондай-ақ тиісті тұрақты комиссиялардың отырыстарында қайта қаралуы мүмкін.
Облыстың өкілді және атқарушы органдары арасындағы келісімді жұмыстардың нәтижесінде екі жылда республикалық және облыстық бюджеттерден тиісті қаржылар қаралып, бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстары жүргізілді. 2012 жылы 10 мектеп, 6 балабақша, 15 емхана мен дәрігерлік амбулатория, 1 клуб, 2013 жылы 23 білім беру (19 мектеп, 4 балабақша), 16 денсаулық сақтау (3 емхана, 11 амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт), 8 мәдениет саласының нысандары пайдалануға берілді. Сонымен қатар, облыстық бюджеттен тиісті қаржылары бөлініп, білім беру саласы бойынша алдағы уақытта құрылысы жүргізілетін: Арал ауданында 9 нысанның, Қазалы ауданында 12 нысанның, Қармақшы ауданында 11 нысанның, Жалағаш ауданында 1 нысанның, Сырдария ауданында 1 нысанның, Шиелі ауданында 4 нысанның, Жаңақорған ауданында 4 нысанның, Қызылорда қаласында 4 нысанның, сондай-ақ, денсаулық сақтау саласы бойынша 19 нысанның, мәдениет, спорт, туризм салалары бойынша 22 (барлығы 38) нысанның жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде.
Төртінші шақырылған облыстық мәслихат депутаттарының облыста салынатын әлеуметтік нысандар құрылысын келісілген кезектілікпен жүргізуді реттестіру жөніндегі ұсынысы негізінде Қызылорда облысы әкімдігінің 2010 жылғы 21 мамырдағы № 785 қаулысымен «Қызылорда облысы бойынша құрылысын салуға жататын білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарының кезектілік Тізбесі» бекітілген. Бесінші шақырылған облыстық мәслихат депутаттарының ұсынысы негізінде 2012 жылғы 19 қыркүйекте облыс әкімдігінің № 576 қаулысымен оған өзгерістер мен толықтырулар енгізілді және облыста әлеуметтік нысандар құрылысы осы Тізбе бойынша салынуда.
Білім саласы бойынша. Мектепке дейінгі ұйымдар саны 508-ге жетті, оның 269-ы (142 мемлекеттік, 1 ведомстволық, 126 жеке меншік) балабақша, 239-ы (231 мемлекеттік, 8 жекеменшік) шағын орталық. Оларда 33605 бала тәрбиеленуде. 1-6 жастағы балалардың мектепке дейінгі ұйымға қамтылуы 2012 жылы 37,8 %, 2013 жылы 41,8 %, 3-6 жастағы балалардың қамтылуы 2012 жылы 75,2%, 2013 жылы 80,9 % болды.
2013 жылы техникалық және кәсіптік білім беретін колледждерде маман-дар даярлау жүйесін оңтайландыру, олардың материалдық-техникалық базасы мен кадрлық әлеуетін шоғырландыру арқылы колледждерді мамандықтар бағытына қарай салаландыру жұмыстары жүргізілді. Осының нәтижесінде бірнеше оқу орындарында қатар даярланатын 9 мамандық бойынша мемлекеттік тапсырыс қысқарып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті 13 жаңа мамандық ашылды.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы серпінді ірі өндіріс орындарының техникалық және кәсіптік білімді мамандарға сұранысының ұзақ мерзімді болжамы жасалды. 2014 жылы оқу орындарын салаландыру процесін жалғастыра отырып, мемлекеттік тапсырысты 10 пайызға дейін арттыру, облыстың еңбек ресурстарының теңгеріміне сәйкес мемлекеттік тапсырысты орналастыруда құрылыс және тау-кен өндірісі бағытындағы мамандықтарға басымдық беру, жаңадан 7 мамандық бойынша, 2015 жылы 3 мамандық бойынша мамандар даярлау көзделуде.
Денсаулық сақтау саласы бойынша. Бұрын жұмыс жасаған 32 ауылдық аурухананың оңтайландыру кезінде жабылып қалған 23-інің ішінен «Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2013-2014 жылдарға арналған Жол картасы» аясында қайта ашуға мүмкіндіктер жасалып, 2013 жылғы шілде айынан бастап 9-ы (Арал ауданының Қамыстыбас ауылында, Қазалы ауданының Бозкөл, Қожабақы ауылдарында, Қармақшы ауданының Көмекбаев, ІІІ Интернационал ауылдарында, Жалағаш ауданының Қаракеткен, Аққыр ауылдарында, Сырдария ауданының Аманкелді ауылында, Жаңақорған ауданының Талап ауылында) қайта ашылды, ал 4-і (Шиелі ауданының Сұлутөбе ауылында, Жаңақорған ауданының Келінтөбе, Бірлік, Қожакент ауылдарында) 2014 жылы ашылатын болады және тәулік бойы жұмыс жасайтын ауруханаларды тиісті құрал-жабдықтармен жабдықтауға жергілікті бюджеттен тиісті қаржылар қарастырылды.
Балаларға арналған сурдологиялық көмекті жетілдіру мақсатында 2013 жылдан бастап жергілікті бюджеттен тиісті қаржы қаралып, 17 штаттық бірлікпен сурдологиялық кабинет ұйымдастырылды, қазір ол жұмыс жасауда.
Халыққа түнгі, демалыс және мереке күндеріндегі жедел стоматологиялық көмек 2013 жылдың қаңтар айынан бастап қаржысы қаралып, «Стомед Сервис Плюс» ЖШС арқылы көрсетілуде.
Ауыл шаруашылығы саласын қолдау мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттерден 2012 жылы 3 млрд. 862 млн. теңге (оның ішінде егін шаруашылығына 2455,0 млн. теңге, мал шаруашылығына 1407,3 млн. теңге), 2013 жылы 5 млрд. 496 млн. теңге (оның ішінде егін шаруашылығына 3049,9 млн. теңге, мал шаруашылығына 2446,9 млн. теңге) бөлінді.
2012 жылы құны 304,4 млн. теңгелік 3 жоба (дәнді дақылдар тұқымын жоғары себу кондициясына жеткізетін құны 139 млн. теңгелік германиялық жабдық, Арал және Қазалы аудандарында жылдық қуаттылықтары 610 тонналық 2 балық өңдеу зауыты) іске қосылды.
Автомобиль жолдары саласы бойынша облыстық және аудандық маңыздағы 2251 км жолдардан жақсы жағдайда 661 км (29,4 %), 690 км (30,6 %) жол қанағаттанарлық, 900 км жол (40 %) төмен жағдайда. Осы жолдардың жағдайын көтеру мақсатында жолдарға күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттен бөлінетін қаржыны арттыру көзделуде, сонымен қатар бірқатар аудандық маңыздағы жолдарды облыстық маңыздағы жолдарға өткізу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Облыста бюджет қаржысының мақсатты әрі тиімді игерілуін бақылау мақсатында құрылған облыстың тексеру комиссиясы өткен 2 жыл ішінде облыстық бюджеттің атқарылуы бойынша мәслихат сессиясында 2 рет есеп берді. Облыс бюджеті бойынша 2012 жылы мемлекеттік қаржылық бақылау органдары тарапынан жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын 479 мекеме мен кәсіпорынға бақылау жүргізілген. Жыл көлемінде жүргізілген бақылау іс-шаралары нәтижесінде жалпы сомасы 29032 млн. теңгенің қаржылық бұзушылықтары анықталған. Осыған сәйкес облыстың бірқатар басқармаларында бюджет қаржысын мақсатты пайдаланбау фактілері бойынша облыстық мәслихатқа ұсынымдар жасап, ол мәселе мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырыстарында қаралды және қаржылық бұзушылықтарды болдырмау бойынша атқарушы органдарға тиісті ұсыныстар берілді.
Мәслихаттар құзыретіне Заңмен жүктелген мәселелердің бірі – жергілікті бюджетті және оның атқарылуы туралы есептерді бекіту болып табылады. Облыстық мәслихаттың 2011 жылғы 6 желтоқсандағы 47-ші сессиясында бекітілген «2012-2014 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне 2012 жыл ішінде 9 (1 рет - кезекті, 8 рет - кезектен тыс сессияларда) рет, ал 2012 жылғы 6 желтоқсандағы 12-ші сессиясында бекітілген «2013-2015 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне 2013 жылы 8 (2 рет - кезекті, 6 рет - кезектен тыс сессияларда) рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осы нақтылаулардың нәтижесінде 2012 жылға арналған облыстық бекітілген бюджет 78 977 749 мың теңгеден жыл соңында нақтыланған бюджетте 122 760 631,1 мың теңгеге дейін өсті, ал 2013 жылға арналған бекітілген бюджет 118, 5 млрд. теңгеден нақтыланған бюджетте 141,8 млрд. теңгеге дейін өсті.
Алдағы жылға арналған облыстық бюджеттің жобасы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес ағымдағы жылдың 15 қазанына дейін облыстық мәслихатқа беріледі. Облыстық мәслихат аппаратына түскен облыстық бюджет жобасы дереу депутаттарға таныстырылады, содан соң тұрақты комиссиялардың бюджет жобасын талқылау бойынша отырыстары өткізіледі.
Алдағы жыл бюджетінің жобасын тақылауға арналған тұрақты комиссия отырыстарында әрбір басқарма басшысы тиісті бюджеттік бағдарлама бойынша қысқаша түсіндірме жасап, оның алдағы жылға межеленген қаржыландыру жобасының жайын баяндайды, депутаттардың сұрақтарына жауап береді. Депутаттардың қатысуымен осылай талдау жүргізіліп, жан-жақты талқылау өткізу барысында бюджет жобасындағы кейбір параметрлер бойынша қаржыландыру межесінде кейбір артық-кем тұстар назарға ілігеді. Тұрақты комиссия осындай жағдайларда тиісті бюджеттік бағдарлама әкімшісіне облыстың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен ойласа отырып, оларды ретке келтіру жөнінде нақты ұсыныстар жасап, мәселені қосымша қайта қарау жөнінде келіседі. Міне, осылай талқыланып, пысықталған ортақ шешім ғана өміршең болатындығын практика көрсетуде және ондай бюджетпен жыл ішінде жұмыс жасау аса қиындық тудырмасы анық. Және облыстық бюджет жобасы бойынша тұрақты комиссия отырысында талқылауды осылай ашық та жариялы түрде өткізудің түсініктілігін, тәжірибелілігін, сондықтан пайдалылығын бірқатар депутаттар да, атқарушы органдар басшылары да білдіруде.