Қордай аудандық Қоғамдық кеңестің 2025 жылдағы 9 айда атқарылған жұмыстарының есебі

Қордай аудандық Қоғамдық кеңестің 2025 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстарының есебін назарыңызға ұсынамыз.

Қоғамдық кеңестің жұмыс жоспарына сәйкес үстіміздегі жылдың 9 айында 8 отырыс өткізіліп, барлығы 20 мәселе қаралып, шешімдер шығарылып, ұсынымдар берілді, жобаларды қарау кезінде заңнамалық мерзімдер  сақталды.

Атап айтқанда, үстіміздегі жылдың 18 ақпанында өткен бірінші отырысында  аудандық  Қоғамдық  кеңестің жаңа төрағасы, хатшысы сайланып  және аудандық Қоғамдық кеңестің жаңа құрамы таныстырылды. Сонымен қатар, Қоғамдық кеңестің Ережесі бекітілді.

21 ақпанда екінші отырыста 2025 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған  іс-жоспары бекітіліп, кеңес мүшелеріне нақты тапсырмалар берілді.

Үшінші отырыс 27 наурызда өткізілді, отырыста 5 мәселе қаралды. Күн тәртібінің бірінші мәселесі бойынша аудандағы денсаулық сақтау мекемелерінің халыққа көрсетіп жатқан қызмет сапасын зерделеу жұмыстарының нәтижесі қаралды.

Екінші мәселесі - жергілікті полиция қызметінің аудан көлемінде қоғамдық тәртіп пен қылмыстың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстары қаралды.

Үшінші мәселе - ауыл шаруашылығы және көктемгі егіс-дала жұмыстарына дайындық барысы қаралды.

Төртінші мәселе бойынша  Масаншы ауылдық округі әкімі аппаратының мемлекеттік  көрсетілетін қызметтер бойынша жұмыстарының есебі мен бесінші мәселе - халық тұтынатын азық-түлік тауарларының бағасын  тұрақтандыру бойынша атқарылған  жұмыстарды зерделеудің нәтижесі қаралып, отырыс нәтижесінде тиісті шешімдер қабылданып, ұсыныстар берілді.

Төртінші отырыс 23 сәуірде өткізіліп,  күн тәртібінде 2 мәселе қаралды. Бірінші мәселе – ауданның әлеуметтік және сауда объектілерінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша  атқарылған жұмыстары туралы. Отырыс барысында кеңес мүшелері тарапынан өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойылып, нақты жауаптар алынды.

Екінші мәселесі бойынша Қордай ауданы Қаракемер ауылының тумасы, Ұлы Отан соғысының батыр жауынгері Әбіл Нүсіпбаевты Қазақстан Республикасының «Халық қаһарманы» атағын беру мәселесі қаралды. Қаралған мәселелер бойынша аудандық Қоғамдық кеңес ұсыныстар беріп,  нақты шешімдер қабылдады.

Мамыр айының соңында бесінші отырыс өткізілді. Атап айтқанда, аудандағы мемлекеттік  мектепке дейінгі мекемелердің Қазақстан Республикасы  мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты бойынша  атқарылған жұмыстары және ауылдық округ әкімдерінің (Кенен а/о, Отар а/о) әлеуметтік-экономикалық дамыту бағытында атқарып жатқан жұмыстарының есебі қаралды.

Кезекті алтыншы отырыс  23 маусымда  өтті. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – қазіргі таңда аудан шаруалары үшін ерекше маңызға ие аудандағы су ресурстарын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы ұйымдарын сумен қамтамасыз ету туралы өзекті мәселе қаралды.

Отырыс барысында кеңес мүшелерінің тарапынан «Қазсушар» мен аудан шаруалары арасындағы келісімшарт мәселелері және басқа да өзекті жағдайларға қатысты бірқатар сын-ескертпелер айтылды. Өз кезегінде РМК «Қазсушар» ЖФ «Қордай» өндірістік бөлімшесінің басшысы Мақсұт Ершібұлов қазіргі таңда Қырғыз Республикасынан келетін су көлемі келісімге сай емес екенін атап өтті. Осыған байланысты шалғай ауылдарда су тапшылығы сезіле бастаған. Қазір – суармалы кезеңнің ең белсенді шағы, сондықтан жедел шаралар қабылдау қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, жақын күндері Қайнар ауылы жанында орнатылып жатқан қуатты су сорғыш қондырғылар іске қосылатынын, бұл да бірқатар шаруаларға көмек болатынын алдыға тартты.

Сонымен қатар, кеңес мүшелері өз кезегінде кейбір шаруалар өз жерінен құдық бұрғылап, ауыз суды пайдаланып жатқанын сынға алды. Бұл құдықтардан алынатын су негізінен ауыз су болғандықтан, мұндай жағдай жалғаса берсе, болашақта аудан бойынша ауыз су тапшылығы туындауы мүмкіндігі атап көрсетілді.

Отырыстың соңында тиісті ауыл округі әкімдері мен аудан әкімдігінің ауылшаруашылығы бөлімімен бірге сумен қамтамасыз ету және қолда бар су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері бойынша тығыз байланыста жұмыс атқару, тәлімі жер мен суармалы жерлерге жер асты суларын пайдаланушылардың ауыз су қорына әсері барын және заң талаптарына сәйкес рұқсат құжаттарының бар жоғын анықтау, оларды тұрақты бақылауға алу ұсынылды.

Кеңестегі екінші мәселе – балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруды зерделеу қорытындысы қаралып, бірқатар кемшіліктер де назарға алынды. Атап айтқанда, жатын бөлмелердегі матрастардың тым жұқа екені анықталды, оларды толық ауыстыру, жазғы бассейнді құтқару құралдарымен толық қамтамасыз ету,  әкімшілік ғимарат, жатын бөлмелер, монша және басқа да нысандарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет екені айтылды.

Отырыс барысында қаралған үшінші мәселе – Қордай ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің 2025 жылға арналған, сондай-ақ 2024 жылдың өтпелі құрылыстарының жүзеге асырылу барысы мен сапасы, көрсетілген мемлекеттік қызметтердің мерзімдері және түскен арыз-шағымдар туралы болды. Қазіргі таңда, аудан бойынша бірқатар ауылдық округтерде құрылыс жұмыстары белсенді жүргізілуде. Зерделеу қорытындысы көрсеткендей, ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанына қарамастан, бөлім тарапынан кеткен кемшіліктер де бар. Оларды жою бойынша нақты ұсыныстар берілді.

Жиын соңында төртінші мәселе Қоғамдық кеңестің 2025 жылдың ІІ жартыжылдығына арналған жұмыс жоспары бекітіліп, күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша тиісті шешім жобасы көпшілік талқысына ұсынылып, қабылданды.

Тамыз айында кезекті жетінші отырысы отырысы өтті. Отырыста үш мәселе қаралды, атап айтқанда «Жамбыл облысы әкімдігінің  білім басқармасы Қордай ауданының  білім бөлімінің жаңа оқу жылына дайындық мәселелері туралы», «аудан әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі коммуналдық мемлекеттік мекемелерінің 2025 жылдың 7 айдағы бөліммен көрсетілген мемлекеттік қызметтері бойынша атқарған жұмыстары туралы» және «Қордай ауылдық округі әкімінің әлеуметтік-экономикалық дамыту бағытында 2025 жылдың 7 айдағы атқарылған жұмыстары мен көрсетілген мемлекеттік қызметтері бойынша есебі» тыңдалып, нәтижесінде нақты шешімдер қабылданып, тиісті ұсыныстар берілді.

Сегізінші  отырыс 23 қыркүйекте өткізіліп,  күн тәртібінде бір мәселе Жамбыл облысы электр жүйесі ЖШС «Қордай АЭЖ», «Қазақтелеком» Қордай ауданы бойынша сату бөлімі, Қордай газ шаруашылықтарының 2025 жылға бекітілген тарифтері бойынша ақпараттары және атқарылған жұмыстары қаралып, тиісті шешім қабылданды.

Үстіміздегі жылдың 16 мамыр күні ауданға Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің  аграрлық саясат жөніндегі комиссия төрағасы А.Карентаев бастаған топ келіп, ауданның ауылшаруашылығы жағдайымен танысты. Облыстық Қоғамдық кеңес құрамында 4 адамды аудан әкімінің орынбасары Ж.Бақаев қабылдады.

Онда салаға қатысты бөлім басшылары бірге болды, Қордай ауданы әкімдігінің ауылшаруашылығы бөлімі – Ғ.Оспанов, Қордай ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі – Ғ.Сейдекеш, Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасына қарасты «Ветеринария қызметі» бөлімі – А.Мәрсінбай өз жұмыстары туралы ақпарат берді. Соңында «Эко Чикен» ЖШС-нің басшысы Т.Сәрсенбаевтың құс өсіру кооперативімен танысты.

Сонымен қатар, 23 маусым дүйсенбі күні Қордай ауданына Облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Д.Бықыбаев бастаған топ «Таза Қазақстан» жалпы ұлттық акциясы аясында «Қоғамдық эко-бақылау» республикалық акциясын облыстың барлық аудандарында жоспарға сәйкес жүргізу мақсатында түске дейін «Мәдениет және тілдерді дамыту» бөлімі мен «Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» бөлімі қызметкерлерімен зерделеу жұмыстарын жүргізіп, көрші Шу ауданына шығарып салынды.

Тамыздың 28 күні Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің Төралқа мүшесі А.Төлебаев,  мүшелері С.Сейітбеков, Рымқұлов Е аудан әкімінің орынбасарлары Б.Сахатов, Ж.Бақаевпен кездесіп, аудан әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің жұмыстарына қоғамдық мониторинг жүргізді.

Жадынама аясында, кәсібін дамытуды көздеген азаматтар қабылдауға келіп, олардың түрлі мәселелері тыңдалды. Атап айтқанда, Сарсенбаев Талғат, жұмыс орны СПК «Қордай корм», ЖК «Достық», кәсіпкер Тлекмет Сымбат, ЖШС «Шұғыла» Ермеков Ерсайын, Қордай ауылындағы «Дезстанция». Аудан кәсіпкерлерін қабылдаудағы негізгі мақсат – олардың қызметіндегі кедергілерді азайту. Жалпы, жеке кәсібін ашып, өз ісін кеңейтемін деген азаматтарға қашан да қолдау мен көмек керек. Себебі, заңнамалардағы өзгерістер, нормативтік құжаттардағы толықтырулар секілді үдерістерді әрдайым назарда ұстау қиынға соғатыны белгілі.

«Ауданының экономикалық әлеуеті зор. Мақсат – кәсіпкерлердің мәселелерін тыңдап, оларға нақты көмек көрсету. Бұл сапардың нәтижелері облыстың тұрақты дамуына ықпал етеді»,- деп атап өтті Арқабек Төлебаев.

      Қабылдауға келген кәсіпкер азаматтар кәсібін кеңейтуді мақсат еткендер қосымша қолдау, әкімшілік кедергілерді жою бойынша сауалдарына жауап алды.

Әрмен қарай, облыстық Қоғамдық кеңес делегациясы аудандағы кәсіпкерлік қызметтің нақты жағдайын бағалау мақсатында бірқатар нысандарды аралап келіп, аудандық Қоғамдық кеңестің тамыз айында жоспарланған кезекті отырысына қатысты.

Қыркүйек айының 16-17 күндері облыстық Қоғамдық кеңесінің Төралқа мүшесі А.Төлебаев, кеңес мүшесі Р.Ағыбаев және  облыс әкімдігінің ветеринария басқармасы басшысының орынбасары О.Көкей бастаған азаматтар ауданның ветеринария бөліміне кезекті қоғамдық мониторинг жүргізді. Жұмыс барысында аудан әкімі Бегзат Болатбековпен кездесіп, көтерілген сұрақтар төңірегінде сөз қозғап, аудан басшысына туындаған мәселелер бойынша бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Өз кезегінде Бегзат Сейсенқұлұлы Қордай ауданы бойынша ветеринария саласында қолға алынып жатқан шаралар турасында сөз етіп, өз ой-пікірлерімен бөлісіп,  кеңес мүшелері тарапынан айтылған ұсыныстарды  назарға  алатынын  ескертті. Әрмен қарай, облыстық Қоғамдық кеңес делегациясы аудандағы ветеринария саласындағы нақты жағдайын бағалау мақсатында бірқатар нысандарды аралады.

Сонымен қатар, қоғамдық азаматтарды қабылдауда Қордай ауылының тұрғындары және ветеринария мамандары болды. Қоғамдық қабылдау барысында ветеринария саласына қатысты тұрғындар тарапынан бірқатар өзекті сұрақтар көтеріліп, кеңес делегациясы оларға тиісті түсіндірмелер берді.

Қоғамдық мониторингтің бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес, 2025 жылғы 25 қыркүйек күні Қордай аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы  және кеңес мүшелері Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына қарасты Сортөбе ауылдық ауруханасына қоғамдық бақылау жүргізді.

Мониторинг барысында аурухана басшысы Т.Апаева кеңес мүшелеріне жаңа медициналық мекеменің мүмкіндіктері мен мемлекеттік қызмет көрсетуге дайындығы туралы жан-жақты ақпарат берді. Оның айтуынша, аурухана іске қосылған сәттен бастап тұрғындарға сапалы, қолжетімді және толыққанды медициналық қызмет көрсетуге барлық жағдай жасалған.

Бақылау барысында Сортөбе ауылындағы жаңа аурухана қазіргі заман талабына сай салынған. Ғимаратта дәрігерлер мен орта буын медициналық қызметкерлерге арналған кең және жарық бөлмелер, емдеу-диагностикалық кабинеттер заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Құралдардың басым бөлігі шет мемлекеттерден әкелінген, олар заманауи диагностика мен емдеу әдістерін қолдануға мүмкіндік береді.

Мекемені сапалы кадрлармен қамту да назардан тыс қалмаған. Бүгінде дәрігерлер мен медбикелер штаттық кестеге сай қабылданып, қажетті дайындықтан өткізілуде. Бұл – ауыл тұрғындарының алғашқы медициналық көмекті өз елді мекенінен алуға мүмкіндік алатынын білдіреді.

Қоғамдық кеңес мүшелері мекеменің жағдайына оң баға беріп, құрылыс сапасы, құрал-жабдықтардың жарақтандырылуы мен ішкі инфрақұрылымның стандартқа сәйкестігін атап өтті. Мониторинг қорытындысы бойынша кеңес мүшелері денсаулық сақтау басқармасына және тиісті органдарға аурухананың лицензиясын жедел рәсімдеуді және медициналық мекемені тез арада ашып, тұрғындарға қызмет көрсетуге кірісуді ұсынды.

Ағымдағы жылдың 26 қырүйегінде облыстық Қоғамдық кеңестің комиссия  төрайымы Сұлушаш Сатбекқызы Құрманбекова  Қордай ауданына жұмыс сапарымен келіп, аудан әкімінің орынбасары Д.Сүгірбаймен кездесіп, дене шынықтыру және спорт саласының даму барысымен танысты. Аудандық Қоғамдық кеңес төрағасымен бірге олар бірқатар спорт нысандарын аралап, жаттықтырушылармен және жауапты мамандармен кездесті.

Қоғамдық кеңес мүшелері өз тарапынан бірқатар ұсыныстар берді. Атап айтқанда, спорт нысандарының аумақтарын абаттандыру, балалар мен жасөспірімдердің спортпен қамтылу деңгейін арттыру, жаттықтырушылардың біліктілігін жетілдіру сынды мәселелер назарға алынды.

Жұмыс сапары соңында кеңес мүшелері жаттықтырушылармен кездесіп, саладағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Қордай ауданында бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім білдірілді.

Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаты  Т.Сәрсенбаев, аудандық депутаты К.Дургаловамен бірге «Қайнар» ауылының жолын жөндеу жұмыстары бойынша қоғамдық тыңдау жүргізілді.

Қоғамдық кеңес қарауына ұсынылған нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қарау  бойынша  15  құжат тапсырылды, олар Қордай аудан әкімдігінің жер қатынастары бөліміне – 2, Қордай ауданы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне – 7, Қордай ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік  бағдарламалар бөліміне – 1, аудандық мәслихатқа – 4,  аудан әкімдігіне – 1, ұсынымдар берілді.

Қоғамдық кеңестің қарауына жеке тұлғалардан келіп түскен арыз–шағымдары қаралып, өтініштері қанағаттандырылды.

Аудандық Қоғамдық кеңес атқарылған жұмыстары туралы аудандық қоғамдық – саяси «Қордай шамшырағы» - «Кордайский маяк» газетіне            12 мақала жарияланды.

 Сонымен қатар, республикалық «KazKenes», Қордай аудандық мәслихатының сайттарында, Қордай аудандық Қоғамдық кеңестің Фейсбук және Инстаграм парақшасында жарияланды.

     

 

Аудандық Қоғамдық

кеңес төрағасы                                                                Н.Молдабеков

 

Дата публикации
07 октября 2025