Ағымдағы жылдың 5 желтоқсанында Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы Р.С. Қалишевтің төрағалығымен Көкшетау қалалық мәслихатының 24 кезектен тыс сессиясы өтті. Сессияға Көкшетау қаласының әкімі Б. Ғайса, мәслихат депутаттары, қала әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік мекемелердің басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Депутаттар бірауыздан дауыс беріп, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат - Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы Талғат Тұрлыбекұлы Жүнісовты ұсыну жөнінде шешім қабылдады.
Сессияда Көкшетау қаласының бюджеттерін нақтылау мәселелері қаралды, Көкшетау қаласында жолаушылар мен багажды тұрақты қалалық автомобильмен тасымалдау маршруттарына сараланған тариф, жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығаруға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті сатып алу туралы шарттардың жобалары келісілді, сондай-ақ ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген азаматтардың жекелеген санаттарына тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін көтерме жәрдемақы және әлеуметтік қолдау беру туралы шешім қабылданды.