Қалалық мәслихаттың бюджет, экономика және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының есебі
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес мәслихат өз өкілеттігі мерзіміне тұрақты комиссиялар құрады, олардың төрағалары мен мүшелері өз депутаттарының арасынан сайланады.
Тұрақты комиссиялар сессияның күн тәртібі бойынша мәслихатқа ұсыныстар енгізуге, оның ішінде, сессияда жергілікті атқарушы органдар басшыларының есептерін тыңдауға, өздерінің қарауына жатқызылған мәселелер бойынша қорытындылар беруге құқылы.
2022 жылдың 1 желтоқсанына дейінгі мерзімде 13 тұрақты комиссия отырысы өткізілді. Онда 98 қаулы қабылданды.
Бұл отырыстарда келесі мәселелер қаралып, тиісті қаулылар қабылданды:
Қаражал қаласының және Жәйрем, Шалғы кенттерінің бюджеттерін нақтылау мәселелері бойынша 7 рет тұрақты комииися отырысы өткізілді. Барлық жүргізілген нақтылаулар, бірінші кезекте, қалыптасқан үнемдеуді қайта бөлумен және қаражатты өңірді дамытудың бірінші кезектегі мәселелерін шешуге бағыттаумен байланысты болды.
Тұрақты комиссиялардың қарауына енгізілетін мәселелерді дайындау барысында, құрамында мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың мамандарынан жұмыс тобы құрылып, қалалық мәслихатқа объективті анықтамалар мен ақпараттар беріледі.
Қазақстан Республикасының бюджет кодексінің 78 бабының 1-тармағына сәйкес жергілікті бюджеттің жобасы мәслихаттың бейінді тұрақты комиссияларында қаралады.
Комиссия отырыстарында қаралған маңызды мәселелердің бірі – қалалық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі.
Өткен аптада өткен отырыста экономика және қаржы бөлімі ұсынған 2023-2025 жылдарға арналған Қаражал қаласы бюджетінің жобасын қарап, талқыға салған болатынбыз. Тұрақты комииссия отырысында бюджеттік бағдарламалар әкімшілері өз бюджеттерін таныстырып, қорғаған болатын. Шешім жобасы Ұлытау облысының 2023-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ескере отырып әзірленген.
Бюджеттік жоспарлау кезінде депутаттардың бірқатар ұсыныс – бастамалары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты; орта, техникалық және кәсіптік білім беруді; автомобиль жолдарын дамыту; ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету; экологиялық қауіпсіздік және т.б. салаларда енгізілген.
Депутаттық корпус Қаражал қаласының қоғамдық кеңесімен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Қоғамдық кеңес мүшелерінің қалалық мәслихаттың барлық сессияларына міндетті түрде қатысуы, сондай-ақ депутаттардың Қоғамдық кеңес отырыстарына қатысуы жұмыс тәжірибесіне енгізілген.
2023 жылға арналған бюджет шығыстарының негізгі бөлігі мемлекеттік әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындауға, оның ішінде: халықты жұмыспен қамтуға; тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға бағытталған.
Қала әкімдігі ұсынған бюджет жобасын қарау бойынша қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиялары жүргізген жұмыстардың қорытындысы бюджеттік бағдарлама әкімшілері өздеріне жүктелген міндеттерді орындау үшін қаржылық ресурстармен толық қамтамасыз етілгендігінен хабар береді.
Қаражал қаласы бюджетінің 2022 жылға атқарылуын бағалау нәтижелерін назарға ала отырып, тұрақты комиссия келесіні ұсынады:
1) жергілікті бюджеттің тиімді және сапалы орындалуын және қаржылық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету;
2) аймақтың әлеуметтік-экономикалық мақсаттарына ең үздік және тиімді қол жеткізу қажеттілігін негізге ала отырып, тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу;
3) квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерді пайдалану тиімділігін арттыруды қамтамасыз ету;
4) салық органдарының қала бюджетіне өткен жылдардың салықтарын төлету мәселелері жөніндегі жұмысын жандандыру.
Бюджет қаражатын игеру барысына мекеме басшылары, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері тікелей жауапкер екендігін естеріңізге сала кетейін.